Жаңа буын оқулықтары бойынша тілдік дағдыларды дамыту [Педагогика]

Автор статьи : Тасбике А.
Организация : №9 орта мектеп-гимназиясы
Должность : қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім
Дата : 08.11.2016
Номер журнала : 03-13-2021

«Егер сен болашақтағы өзгерісті байқағың келсе, сол өзгерісті уақытында жаса» деген үнді халқының тарихи тұлғасы Махатма Гандидің ілімін негізге ала отырып, оқушы бойындағы қабілетті жетілдіріп, оқушыларды болашаққа жетелеп, жақсы істі бастағалы отырмыз.

Қазіргі жаһандану заманында барлық экономика мен мәдениет салаларында жаңаша үрдіс пайда болды. Соған орай білім беру үдерісіне де жаңалық енді.                                          Заман талабы – жан-жақты дамыған, функционалды сауатты тұлға тәрбиелеу. Ол үшін оқу жоспары мен оқыту әдістеріне өзеріс енгізуге тура келді. Біздің алдымызда тұрған оқулық осы қажеттілікті толықтырудың бірден-бір құралы десек те болады. Дәстүрлі сабақтан алшақтап, жаңаша сабақ құруға негіз болатын құрал. Жаңа технологиялардың бәрін бір арнаға тоғыстырып жасалған бұл оқулық заман сұранысы. Тіл мәдениеттің бастауы десек, еліміздің өркендеуі үшін Қазақстан жерінде тұратын әр азамат еліміздің тілін біліп және оны құрметтеуі тиіс. Алдымен, тілді үйреніп, сол тілде ойлап, сол тілде сөйлейтін азамат даярлау басты мақсат. Міне, сол сұраныс бойынша қолымызға тиген деңгейлік оқулықтар қазақ тілінің мәртебесін көтерер құралдың бірі. Тілді оқыту оңай іс емес екені айқын. Оқушы сүйсіне отырып, құлшыныспен оқуы үшін нақты көрсеткіштер қажет.

Тілді деңгейлік үйрету сабақтаса бір жүйемен жүргізіледі. Білім мазмұнында лексикалық тақырыптар әлеуметтік-тұрмыстық, оқу-еңбек, әлеуметтік-мәдени аялар арқылы оқушыны әлеуметтендіруге бағытталады. Қазақ тілін деңгейлеп меңгерту сөйлесім әрекетінің тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым, тілдесім бес түрі бойынша кешенді жүргізіледі. Осындай жұмыстардың үнемі, жүйелі түрде жүргізілуі негізінде оқушылардың тілдік қарым-қатынасқа түсу аясы кеңіп, оқушылардың функционалдық сауаттылығы артады. Оқулықтардағы, жұмыс дәптерлеріндегі тапсырмалардың ерекшелігі оқушыларды шығармашылыққа баулиды. Тілді меңгертудің тиімділігін арттыру мақсатында оқу материалдары қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді болып жіктеліп ұсынылған. Мұғалім кітабында тақырыптар толық талданып, сабақтар бойынша жүргізілетін оқу-әдістемелік жұмыстар нақты көрсетіліп берілген. Сабақ тақырыптан бастап, әр тапсырманы түсіндіре отырып, сатылап берілген. Онда қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ойтолғаныс, бекіту, бағалау, үйге тапсырма, рефлексия бөліктері таратылып түсіндіріледі. Сонымен қоса, дидактикалық тапсырмалар жинағы да берілген.

Мұғалімге шабыт беретін түрлі жағдаяттар. Ең алғаш жұмысты бастағанда біраз аңырып, қиналғанымыз да болды. Өйткені, оған бірнеше нәрсе себеп болды: ең алдымен, жаңаны бірден түсіну қиынға соқты. Оның идеясы мен негізгі мақсаты салған беттен түсініксіз болды да, сәл абдырап қалдық. Бірақ зерттей келе, берілген көмекші құралдарды пайдалана отырып, мәселенің шешуін де таптық. Екіншіден, мектебіміздегі пән мұғалімдерінің көбінің деңгейлік курстан өтпегені де бір себеп болды. Қанша дегенмен, дәстүрден ауытқу сәл қиынға соқты.

Әйтсе де, біз ұстаздар қауымы қашан да тығырықтан шығар жолды өзіміз табуды үйренген халықпыз. Сондықтан түсінбедік деп қол қусырып отырмай, барынша білек сыбанып іске кірістік. Ең алдымен, көңілге қонымды болғаны – оқулықты оқушылар мен ата-аналардың қабылдауы болды. Оқулықтағы әр тақырып, әр тапсырманы оқушы үлкен ықыласпен, қызығушылықпен орындап отырды.

Оқулықтың тағы бір ерекше тұсы, әр тақырыптан кейін жағдаяттық тапсырмалардың берілуі. Өйткені, оқушылар өмірмен байланыстырыла берілген тапсырмаларды асқан қызығушылықпен орындайды.

Осы аталған оқулықты тәжірибеге қосып, жұмыс істегенде алғаш сәл тосырқау болды. Оның негізгі себебі, оқулықтың тілдік дағдыға бөлінуі еді. Орыс тілді мектептерде қазақ тілін оқытуды сөйлесім әрекетінің тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым және тілдесім дағдылары бойынша жүргізілуі тиімді болып саналды. Салған беттен түсіне алмасақ та, аты аталып, түсі түстеліп берілгендіктен ары қарай алып кеттік.

Оқулықтағы әр тақырып, әр тапсырманы оқушы үлкен ықыласпен, қызығушылықпен орындап отырды. Оқушылар оқу дағдыларын жетік меңгеріп қана қоймай, өз бетінше жұмыс істеуге төселіп кетті. Тіпті, қиын деген тақырыптардың өзі оқушының білем деген талпынысына кедергі бола алмады. Берілген тапсырмалардың бір жүйеге тоғыстырылып, бір мақсат көздегенінің арқасында аса қиынға соқпады. Өз ойын айту, өз жобасын қорғау, өзі оқып қана қоймай өзгеге үйрету сияқты жұмыстарды қызыға орындады. Сабақтың дәстүрліден өзгерек өтуін ойынға балаған бастауыш сынып оқушылары әр тапсырманы асқан ыждағаттықпен мұқият орындауды үйренді. Олар өз бетінше талпынып, білгенін ортаға салды. Әсіресе, өзге ұлт өкілдерінің сұрақтарға қазақша жауап беруге тырысқанының өзі де тілге деген қызығушылықтарының артқанының белгісі деп көрсетемін. Бұл орайда оқулықты пайдаланудың тиімді болғанын баса айтқым келеді.

Оқулықтарға тоқталар болсам, ең алдымен, оқулықтың безендірілуі оқушының жас ерекшеліктеріне сай. Оқулықтың сыртқы беті көкейге қонымды, артық сөзді қажет етпейтін терең мағыналы екендігін көрсетіп тұр. Аты айтып тұрғандай әр деңгейге сатыға жоғарылаған сайын, жеңілден ауырға, қарапайымнан күрделіге ауысудың бір көрінісі байқалады. Тілдік дағдылар шиыршық әдісімен берілген. Берілген сөздер мен сөз тіркестері бір жылда бернеше рет қайталанып келіп, оқушының сөздік қорын дамытады, әрі білімін нығайтады. Ал сыныптан сыныпқа өскен сайын тақырыптардың да спиральді өсуі байқалады. Оқушының деңгейінің жоғарылағанына байланысты тілдік мақсат та күрделене түседі.

Міне, осыдан көретініміз тақырыптар қарапайымнан күрделіге ауысуы арқылы бір тақырыптың бірнеше модульге кеңейтілуі оқушының тақырыпты толық меңгеріп, түсініп, ойын еркін жеткізе алуына мүмкіндік туғызады. Осы орайда айта кететін жайт, бұл оқулықтардағы тақырып бойынша жағдаяттық тапсырмаларды орындай отырып, оқушылар функциональдық тұрғыдан сауатты тұлғаға айналады. Жас ерекшеліктеріне сай келетін сөйлемдерді пайдалана отырып, оқушы тілдік қарым-қатынас құра алады.

Әр дағдыға бөлек берілген тапсырмалар арқылы сабақты ықшамдауға мүмкіндік туды. Оқушының бір сабақтың өзінде бірнеше дағдысының дамуына үлес қосамыз. Әр дағдыға жеке тоқталар болсам, 1-сынып оқулығы жас ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып құрылған.

Жалпы алғанда, оқулықтың бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне байланысты құрылғаны оқушыға да, оған көмектесетін ата-анаға да, мұғалімге де көптеген жеңілдіктер береді. 1-сынып оқулығындағы қарапайым аң атауларының, түрлі іс-қимылдардың ойыншықтар арқылы, ойын түрінде берілуі, бала ойының, қиялының негізінде құрылуы тақырыпты түсінуге үлкен ықпалын тигізді. Бастапқы орта, бастапқы жеңіл игерімдерде тақырыптың таңдалуы, суреттермен көркемделуі, тапсырмалар легінің қарапайымдылығы оқушының пәнге деген қызығушылығын туғызса, мұғалімді сапалы жұмыс істеуге итермелейді.

Тіл үйренуді жаңа бастаған 1-сынып оқушысы оқулықты танысудан, амандасудан бастайды. Тақырып бойынша соңғы сабақты «Сәлем - сөздің атасы» деген мақалмен қорыту арқылы оқушыларды кішіпейілдікке, мейірбандыққа, адамгершілікке баулиды

«Бұл – менің отбасым» тақырыбында оқушылар білімдерін тереңдетіп, өз отбасы туралы толығырақ мәлімет беруге тырысады. Яғни, отбасы мүшелерінің саны, олардың кім екендігі және олардың мінезі мен немен айналысатындығына дейін түсінік беруге үйренеді. Отбасы мүшелеріне қысқаша сипаттама беріп машықтанады. Мұнда да тапсырмалар легі көбіне тәуелдік жалғауына негізделген, тек сәл күрделірек І, ІІ, ІІІ жақты толық алып орындауды үйретеді. Осы модульді аяқтағанда автор «Ағадан –ақыл, ападан - өнеге» деген мақалды келтіріп кетеді. Бұл - отбасы татулығын насихаттау. Қазіргі заманның негізгі қағидаларының бірі.

Осы тақырып 3-ші сыныпта одан әрі күрделене түседі. 1-2 сыныптарда тақырып 4 сағаттың көлемінде өрбісе 3-сыныпта 2 тақырыпты құрайды, яғни, 1-ші тақырып «Менің отбасым. Отбасы мүшелерінің жұмыстары», 2-ші тақырып «Атам ауылда тұрады». 3-ші сыныптың 1-ші тақырыбында оқушылар отбасы мүшелеріне сипаттама бере отырып, олардың атқаратын қызметтеріне де тоқтала кетеді. Отбасының әр мүшесінің мамандығы, қызмет орны туралы мәліметтер береді. Бұл тақырыптың негізгі идеясын автор «Әке - асқар тау, Ана – мөлдір бұлақ, Бала – жағасындағы құрақ» мақалымен көрсетеді. Келесі 2-ші тақырып: «Атам ауылда тұрады». Мұнда ата мен әжеге ерекше тоқталып, етістіктерді қолданып әңгімелей білуге баулиды. Ата мен әжені отбасы мүшесі ретінде қарастыра отырып, қазіргі қоғамдық-әлеуметтік жағдайға сәйкес, ауылда тұратындығын айту арқылы олардың әлеуметтік статусын көтеру мәселесі қозғалған. Қазіргі жаһандану заманында бір-біріне қолғабыс қылу, үлкенге құрмет көрсету, ата мен әжені сыйлау секілді моральдық қағидаларды насихаттау осы тақырыптар аясында айқын көрінеді. Ауылдағы жұмыс түрлері, ауыл қызықтары туралы тілдесе отырып, ұлттық құндылықтарымыз да тілге тиек етіледі. Тақырыпты «Ата – бәйтерек, Бала - жапырақ» мақалын келтіре отырып аяқтаймыз.

«Мен азық-түлік дүкеніне барамын» айдары бойынша сабақта оқушылармен дүкеншілер мен зат сатып алушылар болып рөлге бөлініп ойнап, сөздік қорларын байытты. «Мультфильм көремін» айдарында оқушылармен бірге «Тігінші мен ай» мультфильмін көре отырып, мультфильм желісін баяндауға төселді. Осы тұста оқушылар өздеріне ұнайтын мультфильмдер мен кейіпкерлері туралы қысқаша баяндап та кетті. Ал, Алдар Көсенің байға он тақия тігіп бергенін көргеннен кейін байдың сараңдығы мен Алдар Көсенің тапқырлығы оқушыларға әсер етті. «Үйірмеге барамын» айдары бойынша оқушылар өздерінің жекелеген жетістіктерін көрсетті. Бұл кей оқушылардың сынып алдында беделін де көтеріп тастады.

«Отбасы мүшелерінің сүйікті істері» модулін өткенде оқушылар өздерінің отбасындағы әр мүшесіне жеке-жеке сипаттама беріп шықты. Оны біз «Қонақта» айдарымен белгіледік. Сонымен қоса, «Оның әпкесі -сатушы» тақырыбы бойынша сабақ үстінде оқушылар сатушылар мен сатып алушылар рөлінде ойнап мыңға дейінгі сандарды оқып, оны сөйлемге қосып айтуды үйренді. Бұл жұмыстың оқушыларды қызықтырғаны сондай келесі сабақта оқушылар өздерімен сататын тауарларын алып келіп, шағын жәрмеңке ұйымдастырды. «Сенің сүйіті тағамың қандай?» тақырыбында оқушылармен бірге ас мәзірін ұйымдастырып, берілген тағамдардан тамақ дайындау жолдарын үйрендік. Оқушы өзі іс-әрекеттің басында болғанда ғана, сабақтың тиімді өтетіні анық. Оларға өз интуициясына сүйеніп жұмыс істеуге мүмкіндік бере отырып, тілді үйренуге жол ашуға болады. Ойын баласы ойнай отырып өсетіндіктен, әр сабақты осылай ойынмен түрлендірсе, баланың қабылдауына оңай тиеді.

Жалпы алғанда, оқулықтың оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты құрылғаны оқушыға да, оған көмектесетін ата-анаға да, мұғалімге де көптеген жеңілдіктер береді. пайым аң атауларының, түрлі іс-қимылдардың ойыншықтар арқылы, ойын түрінде берілуі, бала ойының, қиялының негізінде құрылуы тақырыпты түсінуге үлкен ықпалын тигізді. Бастапқы орта, бастапқы жеңіл игерімдерде тақырыптың таңдалуы, суреттермен көркемделуі, тапсырмалар легінің қарапайымдылығы оқушының пәнге деген қызығушылығын туғызса, мұғалімді сапалы жұмыс істеуге итермелейді.

Ең алдымен, көңілге қонымды болғаны – оқулықты оқушылар мен ата-аналардың қабылдауы болды. Оқу жылы аяқталған шақта ата-аналар мен оқушылар арасында сауалнама жүргізген кезде ата-аналар бір ауыздан оқулықтың жақсы әсер қалдырғанын, осы оқулықтың заман талабына сай екенін және болашақта аталған оқулықпен жұмыс жалғастыруды қолдайтынын айтты.

Мұғалімнің табысты еңбек етуі үшін ресурстардың да қолжетімді болғаны өте қажет. Оқушыға құр суретті көрсетіп қана қоймай, өз қолымен жасауы да оқушының қабылдауы үшін ыңғайлы.

Оқушыны бағалауда да біз ұжым болып өзімізше, басқаша жасауды ұйғардық. Әр дағдыдағы тапсырмалардың ерекшелігін, оқушының да жұмыстануындағы басымдылықты назарымызға ала отырып, әр дағдыны бөлек бағалаймыз деп шештік.

Осы бағалау парағын толтыра отырып, оқушының қандай дағыдыны жетік меңгергені, неге көңіл бөлу керек екендігі айқын көрініп отырды. Бұл оқушы үшін де, мұғалім үшін де тиімді болды.

Сөз соңында айтарым, оқулықтың жалпы берілуі, безендірілуімен қатар тапсырмалар легі оқушының қызығушылығын арттырады. Кей кездері 45 минуттың қалай өтіп кеткенін де байқамай қалып жатамыз. Оқушылардың жұмыстарды аса үлкен ықыласпен орындауына оқулық пен қосымша дидактикалық материалдардың септігі тиді. Оқытудың тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым және тідесім дағдылары оқушылардың қазақ тілінде өз ойын еркін жеткізе білуіне мүмкіндік туғызды.

Сөзімді аяқтай келе өз атымнан ұсыныс бере кетсем бе деймін:

  • аталған деңгейлік оқулық келесі оқу жылында оқу жүйесіне толықтай енгізілсе;

  • бастауыш сынып тақырыптарына сай дидактикалық материалдар таратпа түрінде шығарылса;

  • орта буын және жоғары сынып оқушылары үшін оқулыққа көмекші құрал ретінде оқушы анықтамалығы қоса берілсе.

Оқулықтың мазмұнына сай дидактикалық материалдарының болғаны баланың қабылдауына оң әсерін тигізеді. Әрі оқыған білімін ары қарай бекіту үшін де ыңғайлы.