Төңкерілген сынып технологиясын қолдану арқылы оқушылардың өзбетімен оқуын басқаруын жетілдіру [Математика]
Организация : Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі
Должность : математика пәнінің мұғалімі
Дата : 09.01.2017
Номер журнала : 01-14-2022
Қазіргі таңдағы адам ақпарат саласында қарқынды өрлеу жағдайында өсуде. Осы орайда мектеп алдындағы тұрған мақсат - оқушыларды өмір жолында туатын сұрақтарға жауаптарды өз бетімен табуға үйрету; өздерінің іс-әрекеттерінің салдарын бағалап, олар үшін жауапкершілікті ала білу. Мұның өзі өмір барысында жиналатын білімнің негізі болатын өзін-өзі оқыту мен дамыту дағдыларын алуды, осы білімді шығармашылық күйде қолдана білуді білдіреді. Мектеп осы жағдайларда өз оқушыларының бойында ұтқырлық, серпінділік, сындарлылық қасиеттерін дамыта отырып, заман өзгерістеріне әзірлеуі тиіс.[1, 1-бет]
Қазіргі уақытта оқушыны пәндік біліммен қаруландырып қана қоймай, сондай-ақ оның бойына ынтымақтастық, көшбасшылық, әрдайым оқып-үйренуге ұмтылу, командада жұмыс істеу, келіссөз жүргізу және тағы да басқа көптеген дағдыларды сіңіре білудің маңыздылығын тәжірибе көрсетіп жүр. Сондықтан біздің алдымызда оқу үрдісінде оқушыны тек білім тұтынушы ретінде емес, білімді өз бетімен тауып, игеруге қабілеттін қалыптастыратындай жаңа инновациялық технологияларды қолданудың қажеттілігі мәселесі туындады. Біз өз тәжірибемізде оқушылардың қабылдау қабілеттері мен темпераменттерінің әртүрлілігіне қарай олардың жаңа материалды меңгеруге әртүрлі уақыт мөлшері қажеттілігін байқаймыз, нәтижесінде қабылдауы «баяу» оқушы тез қабылдайтын оқушыға қарағанда сынып-сабақтық жүйеде білімді толық меңгеруге мүмкіндігі болмайды. Жаңа материалмен танысуды үй тапсырмасы ретінде беру арқылы оқушыға ол бейне-материалды өз қажеттілігіне қарай кез-келген уақытта қарап, бірнеше рет қайталауына мүмкіндік тудыру - «төңкерілген сынып» технологиясы моделінің басты ерекшелігі. Сондай-ақ бұл өз кезегінде оқушылардың өз оқу траекториясын құра алуына, өз бетімен оқуға дағдылануға, оқуға деген жауапкершілігінің артуына ықпалдасады деп болжай отырып, мектебіміздің шығармашылық тобы мүшелері Кариева Г.Ж, Кушекенова К.Т, Мендыгалиева Г.М, Балғалиева Ж.Х сынды мұғалімдер «төңкерілген сынып» технологиясын қолдану арқылы оқушылардың өзбетімен оқуын басқаруын жетілдіру мақсатында іс-әрекетті зерттеу жұмысын жүргізді. Бұл іс-әрекетті зерттеу жұмысының мақсаты: «төңкерілген сынып» технологиясының оқушылардың жеке оқу траекториясын құру үдерісіне әсерін анықтау. Зерттеу фокусына алынған 10а сынып оқушыларын оқыту моделін «төңкеру» барысындағы мәліметтер мұғалімнің сабақ үрдісін бақылаулары және оқушылар мен ата-аналар жөніндегі ой-толғаулары мен шолулары негізінде жинақталды. Тақырыптың маңыздылығы төмендегі мәселелердің туындауымен байланысты:
- Тақырыпты оқытуға бөлінген уақыттың оны мейлінше тереңдетіп оқытуға жеткіліксіздігі;
- Сыныптағы оқушылардың жеке оқу траекториясын жасау мен дифференциалдау үрдісі альтернативті әдістің қажеттілігін көрсетуі.
Төңкерілген оқу әдістемесі жүзеге асыру барысында мұғалім ролі басқарушыдан нұсқаушылыққа ауысады да, оқушылардың өз оқу үрдісін басқаруына өз жауапкершіліктерін арттыруға ықпалдасатын ерекше оңтайлы ахуал тудыруға алып келеді. Сонымен қатар бұл технология тақырып бойынша электронды білім беру ресурстарының дамуына ықпал етеді. Іс-әрекетті зерттеу жұмысында «төңкерілген сынып» технологиясы 10 а сыныбында «Шеңберлердің теңдеулері» тақырыбы бойынша өткізілген сабақта қолданылды. Технология бойынша оқушыларға бір апта бұрын жаңа тақырып бойынша бейне-сабақтар, презентациялар берілді. Оқушылар өз беттерімен өздеріне тиімді уақыт аралығында жаңа тақырыпты өз беттерімен оқып, жұппен есептерді шығарып, бейнежазба дайындап келу қажет болды. Зерттеу міндеттері:
- «Төңкерілген сынып» технологиясын қолдануға негізделген сабақ жоспарын құру;
- Оқушылардың технологияны қолдану нәтижесіндегі жетістігін бағалау; критериилерін құру;
- Оқушылардың аталған технологияны қолдану барысындағы жетістікке жетуін зерттеу.
Зерттеу құралдары:
- «Төңкерілген сынып» технологиясы бойынша құрылған «Шеңбердің теңдеулері»- тақырыбындағы сабақ жоспары;
- Сабақтар бойынша жетістік критериилері;
- «Төңкерілген сынып» технологиясын қолдану барысы жөнінде сауалнама сұрақтары.
Мәліметтерді жинақтау:
- Тақырып бойынша әдебиеттерді зерделеу, талдау;
- Технологияны қолдануға арналған сабақ жоспарын, жетістік критериилері мен сауалнама сұрақтарын құру;
- Оқушыларға технология нәтижесін өлшеу мақсатында тест даярлау, мәліметтерді салыстыру;
- Оқушыларға жаңа тақырып бойынша бейнематериалдар, презентациялар даярлау;
- Сабақ барысында жетістік критериилері бойынша бағалау нәтижелерін жинақтау;
- Сауалнама нәтижесін жинақтау.
Зерттеу нәтижелері:
- Биылғы «дәстүрлі» сынып пен «төңкерілген» сынып оқушыларының ішкі жиынтық бағалау жұмыстарының нәтижелері.
- Өткізілген «Шеңбердің теңдеуі» тақырыбы бойынша «дәстүрлі» сынып пен «төңкерілген» сынып оқушылары тест нәтижелерінің қорытындылары.
«Төңкерілген сынып» технологиясын қолдану менің тәжірибемде оң нәтиже берді деп қорыта аламын. Оқушылар сабақ соңында жүргізген рефлексияларында жаңа тақырыпты алдын-ала мұқият дайындалған дәрістер мен бейнежазбалардың олардың сабаққа дайындалуға тиімділігін атап көрсетті. Ал тақырыпты терең меңгеруге және практикалық дағдыларын қалыптастыруға сынып уақытын пайдаланудың артықшылығы расталды. Оқушыларды сабақтың бір бөлігіне жауапты етіп, оқушылардың сабақ үстіндегі өз жауапкершіліктерін арттыруға мүмкіндік бердім. Бұл оқушылардың одан әрі ынтасын арттыра түсті. Осы технологияны қолдану арқылы жүргізілген сабақтағы қалыптастырушы бақылау нәтижелері «дәстүрлі» сыныпқа қарағанда 8%-ға жоғары болды. Бұл тәжірибені алда да жақсарта түсу үшін оқушылармен үнемі кері байланыс жүргізу арқылы оқушылардың өздерінің оқу траекториясын жасау үрдісіне жауапкершілігін арттыра түсудің маңызы зор. Өз кезегінде бұл мәселелердің оңтайлы шешілуі төмендегідей мақсаттардың орындалуының бірден-бір негізі:
- НЗМ-нің миссиясын жүзеге асырудағы басты мақсатты жүзеге асыру;
- Оқушылардың білімді өз-бетімен игеруіне қолайлы жағдай туғызу;
- Оқушылардың өз оқу траекторияларын құруға ықпалдасу;
- Оқушылардың оқуға деген жауапкершілігін арттыру.