Ғалым Ж.Қ. Таймағамбетов Жапон Императорының «Күншығыс, Алтын шуақ» орденімен марапатталды [Эссе]

Автор статьи : Сая А.
Организация : Назарбаев университеті
Должность : археолог, философия докторы (PhD)
Дата : 12.12.2019
Номер журнала : 01-11-2021

Жапония Үкіметі 2019 жылғы 3 қараша күні Жапон императоры Нарухитоның «Күншығыс, Алтын шуақ» орденімен марапатталған шетелдік азаматтардың тізімін жариялады. Марапатқа ие болған азаматтардың ішінде еліміздің танымал археологтарының бірі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ҚР Ұлттық музейінің жетекші ғылыми қызметкері Жәкен Қожахметұлы Таймағамбетовте бар. Аталмыш марапат Жапон императорының бұйрығымен тек Жапониямен достық қарым-қатынастарда көрнекті үлес қосқан шетел азаматтарына беріледі. Бұл уақытқа дейін арнайы марапатқа Қазақстаннан ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қосқанда 6 азамат қана ие болған. Марапат барысында Ж.Қ. Таймағамбетовтың Жапония және Қазақстан елдері арасында жылдар бойы атқарған ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстары, бірлескен археологиялық қазба жұмыстары, түрлі конференциялар, ғылыми дәрістері мен ғылыми басылымдары бойынша қосқан үлесін ерекше атап өткен.

Жәкен Қожахметұлы жапондық ғалымдармен қай уақыттан бері тығыз халықаралық байланыста, тарихқа қысқаша көз жүгіртсек... 1980 жылдардың басында жас ғалым Ж.Қ. Таймағамбетов Новосібірде білім алу барысында ғылыми көзқарасына Ресейлік (А.П. Окладников, А.П. Деревянко, В.Т. Петрин, Ю.П. Холюшкин т.б.) және алыс шетелдің ғалымдарымен байланысы өзінің ықпалын тигізгені рас. Оның қызығушылықтары тек Қазақстанның ежелгі тарихымен ғана шектелмей Сібір, Орталық Азия және Жапонияны қоса қамтыды. Дәл осы жылдары Жәкен Қожахметұлы Хоккайдо университетінің археологтары Саппаро – Хидеаки Кимура және Харуо Ойимен танысады. Олар Сібірдің палеолит тұрақтарының тас құралдарының коллекциясымен танысуға келген болатын. Бұл оның жапондық әріптестерімен алғашқы рет танысуы еді. Бұл таныстықтан соң олар халықаралық форумдарда жиі кездесіп, палеолит мәселелері бойынша жиі хат алмасып тұратын болды. Новосібірде кандидаттық және докторлық диссертациясын сәтті қорғағаннан кейін Ж.Қ. Таймағамбетов 1991 жылдан бастап ҚР ҒА Ә.Х. Марғұлан атындағы тарих және археология институтында 9 жыл көлемінде директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметінде өзінің еңбек жолын жалғастырады. Ал Жапония елінің өзге де ғалымдарымен Жәкен Қожахметұлы сол жылдардан бері тығыз байланыс орната бастайды. Кейін олар ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолы» атты халықаралық үш айлық жобасы бойынша Қытай елінде бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігіне ие болады. Далалық зерттеулер барысында «Асахи Симбун» және «Эн-Эйч-Кей» телерадиокешені журналисттерімен пікір алмасулар барысындағы ұзақ сұхбаттардың нәтижесінде ғалымның Жапония елінің көне тарихы мен жалпы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне деген қызығушылығы арта түсті. 2002-2014 жж. ол еліміздің алдыңғы қатарлы ЖОО бірі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарих, археология және этнология факультетін басқарады, ал 2014 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін де атқарады. Қай қызметте болмасын ғалым Ж.Қ. Таймағамбетов осы уақытқа дейін жапондық ғалымдармен халықаралық ғылыми байланыстарын еш үзген емес, нәтижесінде көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды. ҚР Ұлттық музейіндегі қызметі барысында ғылыми-зерттеу жұмыстары 2017 жылы бастау алып, арнайы келіссөздер жүргізіліп бірлескен Қазақ-Жапон археологиялық экспедициясы өз жұмысын бастады. Бүгінгі күні аталмыш экспедицияны Қазақстан тарапынан профессор Ж.Қ. Таймағамбетов, ал Жапониядан Нара қаласындағы Мәдени құндылықтарды ғылыми-зерттеу институтының профессоры Садакатсу Кунитаке басқаруда. Үш маусымдық далалық қазба жұмыстарының нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан аумағында тас дәуірінің бірнеше жаңа тұрақтары ашылды. Ж.Қ. Таймағамбетовтың басшылығымен археологиялық экспедициялардан бөлек, археологиялық артефактілерді қалпына келтіру, бірлескен конференциялар өткізу, ғылыми дәрістер оқу, түрлі шетелдік тағылымдамалар бойынша да екі ел арасында ауқымды жұмыстар жалғасын табуда. Бұл халықаралық байланыстардың нәтижесі болып 2019 жылы ҚР Ұлттық музейінде жапон тілінде тұңғыш рет жарық көрген «Қазақстандағы жоғарғы палеолит мәдениеті ескерткіштерін зерттеу» атты ұжымдық монография көпшілікке ұсынылып, тұсаукесер рәсімі өтті. Басылымның жарық көруіне профессор Ж.Қ. Таймағамбетов, жапондық археологтар С. Кунитаке, С. Моримото, С. Като, К. Шиба және т.б. өз үлестерін қосты. Міне жылдар бойы атқарылған ерен еңбектің нәтижесінде археолог-ғалым Жәкен Қожахметұлы бүгінде лайықты марапатқа ие болып отыр. Өмірінің 40 жылдан астам уақытын өзінің сүйікті ісіне арнаған кәсіби археолог, өз ісінің маманы жыл сайын ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар халықаралық археологиялық қазба жұмыстарына үздіксіз басшылық жасап келеді. Таймағамбетов Жәкен Қожахметұлы ғылымға деген сүйіспеншілігі, ізденушілігі мен еңбекқорлығы, өз ісіне адал болуының нәтижесінде елімізде Қазақстанның ежелгі тас дәуірін зерттеушілердің өзіндік мектебін қалыптастыра алды деп толық айта аламыз. «Күшіңе емес, адал ісіңе сен» - деген сөздердің астарын ғалымның өнегелі өмір жолынан айқын байқауға болады. Себебі адал өмір сүру ғана адамды шынайы бақытты етеді. 16 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Жәкен Қожахметұлын жоғары дәрежедегі марапатымен құттықтай отырып зор денсаулық, қуаныш пен шаттыққа толы ұзақ ғұмыр, отбасына амандық тiлеймiз. Бар күш-жігеріңіз бен мол тәжірибеңізді Тәуелсіз еліміз Қазақстанның мүддесі үшін аянбай жұмсай береді деп сенеміз!