Рухани жаңғыру және прагматизм [Эссе]
Елбасының 2017 жылғы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында: Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді» деген болатын. Қазіргі таңда жас тәуелсіз мемлекет ретінде дамудың жолы ретінде тұңғыш Елбасы прагматизмді алға қояды. Прагматизм -не? Тарихқа шолу жасайтын болсақ, прагматизм терминін мәдени айналымға ХІХ ғ-дың 70-жылдары америкалық философ Ч.С. Пирс (1839 — 1914) енгізген еді. Прагматизмді таза АҚШ-тың философиясы деп түсінуге болады, ол күні бүгінге дейін АҚШ қоғамында ықпалға ие болды. Прагматизм себепке қарағанда мақсатқа айырықша мән беруімен ерекшеленеді. Олардың ойынша адам мақсат үшін өмір сүретін нәрсе. Прагматизмнің негізгі ұстанымдары: білім шындықты меңгерудің құралы, шындықты өзгертуге болады; нақты тәжірибе бәрінен маңызды, ереже мен ұстаным екінші орында; сенім мен түсініктің рас-жалғандығы оның әкелген нақты игілігіне байланысты; ақиқат идеяның табысты түрі, нәтижеге ие ететін, мақсатқа жеткізетін сана қозғалысы; теория әрекеттің болжалды қорытындысы, ол да құрал. Оның құндылығы әрекетті табысты ете алуына қатысты; адамның шындықты түсіндіруі шындықтың адамға пайдасы мен игілік өніміне байланысты; әрекет ережеден маңызды, ол қатып қалған ережені үздіксіз бұзып отырады; ұғымның мәні оның нәтижеге ие етуі, ақиқаттың құны оның қысқа уақытта, аз шығынмен, өте мол табысқа жеткізуі(1). Міне, осы ұстанымдарды ұстана отырып, сананы өзгертудің бір жолы – прагматикалық ойлау жүзінде іс-әрекет ету керек. Елбасы өз мақаласында ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылықты, үнемшілдікті алға тартады. Қоғамымызда және қазақтың дәстүрлерінің өзі тозығы жеткен сарқыншақтарға толы, жиі орын алатыны мерекелер мен басқосулар ысырапшылдыққа, әуесқойлыққа жол беріп жатады. Ұлы Абайдың өзі: «Бес нәрседен қашық бол- өсек, өтірік,мақтаншақ, еріншек, бекер малшашпақ» дейді. ХІХ ғасырдың өзінде жазылған бұл арнаудағы прагматизмдік ұстаным әлі де болса өзектілігін жойған жоқ. Сонымен, прагматик ол кім? Прагматик адам-үйренуден жалықпайды, өзін-өзі тәрбиелейді. Кез келген істі ақылға салып, ұтымды жолын ойластырады. Қолда бар ресурсты ұтымды пайдаланып, нәтижеге қол жеткізуге тырысады. Қазақстан КСРО тарағаннан кейін дамуы үшін алға жылжудың бағытын таңдауы керек болды. Еліміз КСРО дәуірінде тоталитаризмді, социализм мен либерализмді басынан өткерді. Сан алуан ақпаратқа толы жаһандану дәуірінде еліміздің жарқын болашағы мен дамыған экономикасы, әлеуетті, бәсекеге қабілетті жастары үшін прагматизм бағытын таңдау ең ұтымды шешім болып отыр. Елбасы сөзімен айтқанда: «Бұл – заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады»(2). Кеңірек айтқанда, ұлттық салт-сананы сақтай отырып, сананы заманға сай өзгертуді, бұрынғы кертартпа ойлардан арылып, тозығы жеткен дәстүрлерді артқа қалдыруды ұсынады. Сонымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы прагматизм қазіргі прагматик тұлғаларды тәрбиелеуге шақырады және нәтижеге қол жеткізуді мақсат етеді. Қолданылған әдебиеттер тізімі:
- Уикипедия — ашық энциклопедиясы. https://kk.wikipedia.org/wiki/
- ҚР Президентінің ресми сайты. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы. 2017 жылғы 12 сәуір. https://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/press_conferences/memleket-basshysynyn-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru-atty-makalasy