Пандемия жағдайында өндірістік оқыту тәжірибесін өткізу [Технологий образования]

Автор статьи : Азиз Д.
Организация : И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі
Должность : Арнайы пәндер оқытушысы
Дата : 23.05.2021
Издатель : Гульмира М., Автор
Номер журнала : 02-12-2021

Пандемия жағдайында оқытушылар алдында цифрлық сауаттылықты дамыту, сабақты онлайн форматта өткізудің тиімді жолдарын іздеу сияқты мәселелер туындады. Әрбір инженер-педагог өз бетінше білімін жетілдіруге аса қатты мән беретіні рас, ал әлемдегі орын алған жағдайға байланысты барлық білім ордалары қашықтықтан оқуға көшкелі аталған мәселе өзектілігі арта түсті. Қызылорда қаласындағы И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық техникалық жоғары колледжі студентттері 2020 жылдың 16 наурызынан қашықтықтан оқыту жүйесіне көшірілді. Арнайы пәндерді онлайн форматта оқыту алғашында оңай соқпады. Ең қиыны – өндірістік оқыту тәжірибесін өткізу болды. «Теміржол жылжымалы құрамдарына техникалық қызмет көрсету, пайдалану және жөндеу» мамандығы боынша дәріс алатын студенттерге «Локомотивті басқару және техникалық қызмет көрсету» тақырыбында тәжірибесін өткізуді ұйымдастыру барысында студенттердің локомотивке техникалық қызмет көрсету жайлы теориялық білімдерін іс жүзінде пайдалана алуына мүмкіндік жасау, студентерді келешекте білікті, бәсекеге қабілетті маман болуына бағыттау, өз бетінше білім алуға бейімдеу, өз мамандығына деген сүйіспеншілігін арттыру және жауапкершілікке тәрбиелеу деген сияқты мақсаттар қойылады.

Болашақ техник-электромеханиктер локомотивті басқару принціптерін біледі деген нәтиже күтіледі. Қашықтықтан оқыту жағдайында жоғарыда аталған мақсаттарға қалай қол жеткізуге болады? Пандемия жағдайында студенттерді кәсіпорынға апару қиындыққа соғады. Бұл жерде өндірістік оқыту тәжірибесін алдын-ала әзірленген бейнесабақтар арқылы ғана өткізуге болады. Бейнесабақтарды «Экранная Камера», «Camtasia Studio», «Movavi Screen Capture», «Bandicam», «ISpring Free Cam» секілді үй жағдайында жасауға қолайлы бағдарламалардың көмегімен жасауға болады. [1] «Локомотивті басқару және техникалық қызмет көрсету» тақырыбында тәжірибесін өткізу үшін түсірілген бейнесабақты оқытушы алдымен кіріспе нұсқауы, яғни студенттің өзіндік жұмысының тақырыбын хабарлап, тапсырмалар беруден бастайды, әрі қарай бейнесабақта арнайы Қызылорда локомотив пайдалану депосына барып түсірілген бейнематериал көрсетіледі. Қызылорда локомотив пайдалану депосында түсірілген бейнесабақтың мақсаты – студенттерді локомотив бригадасының жұмысымен, локомотивті басқару тәртібі, локомотивке техникалық қызмет көрсету ережелері, циклдық жұмыстармен таныстыру. Бұл әдіс өз ретінде тәжірибені шынайы өмірмен байланыстыру және студенттердің нақты білім алуына септігін тигізеді. Бейнесабақта локомотивтің жұмыс тобының тепловозды қабылдауды талаптары, қызметтік нұсқаулыққа сәйкес өткізуін іс-жүзінде көрсетіледі. Машинист пен оның көмекшісі төмендегі жабдықтардың: тартым қозғалтқыштар мен қосалқы машиналардың, топтық ауыстырғыштардың, шапшаң әрекетті күштік және қосалқы тізбек сөндіргіштерінің, электропневматикалық және электромагниттік түйіспелердің, қорғау релесінің, жүрістік бөліктің және басқа механикалық жабдықтар бөлшектерінің, басқару тізбектерінің, автотоқтату құрылғылары мен құрал-саймандардың, құмсалғыш пен пневматикалық аспаптардың ақаусыз күйде екеніне көз жеткізуі тиіс. Құм қорын тексеріп, электрлі тізбектердің жиналуы күйін тексереді. Қабылдау кезінде локомотивтің жұмыс тобы қорғау құралдарының жұмыс күйін тексеріп, олардың куәландыру мерзімін, өрт сөндіру құралдарын, майлау материалдарының толық қамтылғанына көз жеткізеді. Басты және қосалқы резервуарлардан, майбөлгіштен, тоңазытқыштан суды ағызып, компрессор картеріндегі май деңгейін тексереді. Локомотивтің экипаж бөлігін тексеру кезінде барлық қажетті сіргелер мен сақтандыру қапсырмаларының орнатылғанына, буксалық тізгінде жарықтардың жоқтығына, қос доңғалақ құрсауларында кертіктер мен шұңғылдардың болмауына көз жеткізуі, тексеруін көрсетеді. Одан соң ағымдағы нұсқауда студенттердің өзіндік жұмысын орындауын қадағалау, қажеттілігіне қарай бағыт-бағдар, көмек беруге бағытталған тапсырмалар болады. Атап айта кететінім: оқытушы түсірілген бейнесабақты студенттерге алдын-ала жібереді де, онлайн сабақта оқушының жаңа тақырыпты өзі түсіндіріп беруіне мүмкіндік береді. Оқытушы студенттердің жауабын өздеріне өзара бағалауларына мүмкіндік беріп, қорытындылайды. Сонымен қатар, студенттердің алған білімін тексеру және жүйелендіру үшін https://docs.google.com/forms/ платформасының көмегімен тест сұрақтарына жауап беруді ұйымдастыруға болады. Googleforms плаформасы қашықтықтан оқыту жағдайында оқушылырдың теориялық білімін тексеруге өте тиімді әрі қолайлы құрал болып табылады, себебі тест сұрақтарына жауап беру үшін WhatsApp желісі арқылы сілтеме беруге болады, студенттер өз смартфондарынан жауап береді. Студенттерге рефлексия ретінде «Кәсіпорындағы онлайн-тәжірибелік сабақта мен не үйрендім?» деген тақырыпта эссе жазуды ұсынуға болады. Қорыта айтқанда, пандемия жағдайында қашықтықтан оқыту жүйесінде өндірістік оқыту тәжірибесін өткізу оңай шаруа емес, дегенмен мақсатқа жету үшін әрбір пән оқытушы ізденіс жасап, түрлі әдіс-тәсілдер қолданады. Жоғарыда аталған менің іс-тәжірибемде қолданылатын бағдарламалар, платформалар студенттерге онлайн форматта дәріс беру барысында жақсы нәтижелер көрсетті, сондықтан да тиімді деп айтуыма әбден болады.

Қолданылған әдебиеттер тізімі: Основные требования для записи видео уроков, «Әдістеме» журналы, № 01-10-2020, 25 бет.