Мектептегі әдістемелік жұмыстарды жетілдіру жолдары [Эссе]
Қазақтың талантты ақыны Мағжан Жұмабаев мектеп жайлы кезінде былай деп жазды: «Әрбір ел келешегіне негізді балаларын тәрбиелейтін, даярлайтын мектебінде салмақ. Бір елдің тағдыры – мектебінің құрылысына байланысты нәрсе. Бұл ескірмейтін игі сөз, өзгермейтін бір шындық». Бүгінде жаһандану заманында жас ұрпаққа әлемдік стандартқа сәйкес білім беру мәселесі республикамызда ғылыми-педагогикалық тұрғыда жинақталған тәжірибеге, отандық қол жеткен табыстарды саралай отырып, ұлттық ерекшеліктерді ескере, оқыту мен тәрбиелеуді жаңаша ұйымдастыруымен көкейкесті мәселе болып отыр. Бұдан туындайтын талап мектеп басшыларының мұғалімдердің шығармашылық өсуіне тиісті әдістемелік көмек көрсетуі болып табылады.
Білім беру мекемесіндегі әдістемелік қызметтің негізгі құрылымдық бөлігі әдістемелік бірлестік жұмысы болып табылады. Әдістемелік пән бірлестіктерінің негізгі міндеттері оқушылардың ақыл-ой, мәдени, адамгершілік мұқтаждықтарын қанағаттандыруға, бір немесе бірнеше пәндер бойынша оқу-тәрбие, әдістеме және эксперимент жұмыстарын жоғары кәсіби деңгейде дайындауға және өткізуге, әр түрлі сабақтар мен іс-шараларды өткізу әдістемесін жетілдіру мен оларды оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық қамтамасыз етуге, мұғалімдердің кәсіби педагогикалық біліктілігін көтеруге бағытталады. Педагогикалық ойлары мен пікірлері бір жерде тоғысатын кәсіби мамандар ұжымын және олармен кері байланыс жүйесін құра отырып, мұғалімдердің өзінің кәсіби біліктілігін және педагогикалық шеберлігін ұдайы көтеріп отыруға ынтасын арттыруда мектепте өткізілетін әдістемелік жұмыстардың жаңаша бағытта болуы, әдістемелік пән апталықтарының дұрыс ұйымдастырылуы маңызды.
Мектебімізде әдістемелік пән бірлестіктерінің жоспарлы, әр оқу жылында өткізілетін жұмыстарының бірі- пән онкүндіктерін өткізу тәжірибесімен бөлісуді жөн санадым. Дәстүрлі пән онкүндіктерінде тек ашық сабақтар мен іс-шаралар жоспарланады. Әдістемелік пән онкүндігі жоспарын жасау барысында негізгі іс-шара ретінде мектепішілік семинар өткізуді дәстүрге айналдырдық. Пән онкүндігі аясында мектепішілік семинар жоспарлап ұйымдастыру мектеп ұжымының жаңаша бағытта жұмыс жасауына зор ықпал етті. 2019-2020 оқу жылында қоғамдық-гуманитарлық пәндер бірлестігі онкүндігі аясында «Ұлы даланың дара тұлғасы» тақырыбындағы мектепішілік семинары жоғары дәрежеде өтті. Облыстық, аудандық деңгейде өткізілетін семинарларда мектебіміздегі барлық пән мұғалімдерінің іс-тәжірибесін тарату, тәжірибе алмасу мүмкіндігі бола бермейді, ал мектепішілік семинар осы мүмкіндікті әр пән мұғаліміне бере алды.
Мектепішілік семинар өткізу жоспары, мақсаты, бағдарламасы әдістемелік кеңесте пән бірлестік жетекшісімен бірлесе отырып талқыланып, бекітіледі. Мектеп ұжымына семинар бағдарламасы мен өтілетін мерзімі алдын ала хабарланады. Семинар бағдарламасына пән бірлестік құрамына кіретін пәндер бойынша ашық сабақтар, lesson stady, сыныптан тыс жұмыстар, пән мұғалімдерімен әдістемелік жұмысты жандандыру мақсатында коучинг, дөңгелек столдар жоспарлауға болады. Өткізілген шараларға талдау жасалып, кері байланыс беріледі.
Семинар ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай қоғамдық-гуманитарлық пән бірлестігінде өткізілді. Семинар бағдарламасына сай салтанатты түрде ашылуын ұйымдастыруды әдістемелік пән бірлестік жетекшісі Қ.Далибаева жүргізді. Қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, Қазақстан тарихы пәндері бойынша үздік ашық сабақтар көрсетілді, талдаулар болды. Пән сабақтарын талдау барысында тәжірибелі ұстаздардың жаңартылған білім беру мазмұнына сай сабақ өткізу әдіс-тәсілдері насихатталып, жас ұстаздардың шеберліктерін шыңдау жұмыстарына баса назар аударылды. Семинар ерекшелігі қазақ тілі пәні мұғалімі Б.Әскербекованың 11 сынып оқушыларымен өткізген буктрейлер шарасы болды. Мақсаты оқушылардың кітап оқуға ынтасын арттыру, ізгілікті, адамгершілікті дәріптеу. Буктрейлер- көркем шығарма туралы айтылатын шағын бейнетүсірілім, ол кинофильмге ұқсас, көзбен көру арқылы кітаппен таныстыру, насихаттау жүзеге асады. Буктрейлер мазмұнды, қызықты болды. Оқушылардың белсенділіктері жоғары бағаланды.
Мектептегі әдістемелік жұмысты жүргізуде,пән мұғалімдерінің жаңартылған білім беру мазмұнына көшу барысындағы кәсіби құзыреттіліктерін арттыруда мектеп тренерлерінің ролі маңызды. Сондықтан семинар барысында пән мұғалімдерімен коучинг ұйымдастырылды. Коучинг тақырыбы «Критериалды бағалау білім сапасын таразылаудың инновациялық үлгісі». Мектеп тренері Ж.Мухаметкалиева мен Д.Токтасынованың ұйымдастыруымен өткізілген коучинг пән мұғалімдеріне білім беру үрдісінде жүргізіліп отырған критериалды бағалау ерекшеліктері мен талаптарын орындау мәселелерінде кездесіп жүрген қиындықтарды бірлесіп шешуге көмегін тигізе алды.
Семинар барысында өткізілген ашық сабақтарда пән мұғалімінің интербелсенді әдіс-тәсілдерді қолдану, қысқа мерзімді жоспарды құру, АКТ мүмкіндіктерін, пән кабинеті ерекшеліктерін тиімді қолдану көрсеткіштері бойынша бағаланды. Семинар соңында жоспарланған барлық ашық сабақ, іс-шараларға талдау жасалып, әдістемелік кеңес шешімі бойынша мектепішілік марапаттауларға ие болды.