Мектеп жасына дейінгі балалардың тілдік дағдысын қалыптастыру [Дошкольное образование]
Организация : №31 "Күншуақ" МДҰ
Должность : Тәрбиеші
Дата : 29.09.2017
Номер журнала : 01-07-2017
Тіл – ұлт ерекшеліктерінің бірі, ұлт мәдениетінің бір формасы, тілде әрбір халықтың ұлттық дәстүрінің, сана сезімін, ойлау тәсілінің, мінез - құлқының белгілері бейнеледі. Тіл мәдениетін меңгеру – адамның сәби шағынан іске асатын, келе - келе біртіндеп жетіліп отыратын нәрсе. Олай болса, тілді отбасында, қоғамдық мекемелерде, мектепке жүйелі жүргізілетін тәрбие процесінде іске асады. «Балалар бақшасындағы тәрбие бағдарламасында»: «Баланы сөйлеуге үйрету, тілін дамыту мәселесі барлық сабақта жүзеге асырылады, бағдарламаның ең көлемді бөлімі ана тілі және айналадағы дүниемен таныстыру»,-делінеді. Мектеп жасына дейінгі балалардың жақсы сөйлей білуін бағдарлау, сөздік қорын дамыту, ой - өрісін кеңейту жұмысында өте мұқият қарау қажет. Ол үшін әр тәрбиеші, әрбір бақша меңгерушісі бағдарламада берілген материалдарды ыждағаттықпен оқып, үйренуі керек. Осыдан соң тәрбиеші қандай тақырыпты, қай кезде, қалай, қандай мақсатта, қай сабақпен байланыстыра өткізу керектігін анықтай отырып, әр сабаққа қажетті материалды балаларға қойылатын нақты сұрақтарды көрсетіп жоспарлайды. Тәрбиеші қай кезде нені өтуге болатынын іріктеп алып жоспар жасайды. Бақылатын көрсету, әңгімелесу кезінде баладан сұрап, өзіне айтқызу, оларды жиірек сөзге қатыстыру ісіне көңіл бөлу. Тіл дамыту сабақтарында көзделетін негізгі мақсат – баланың сөздік қорын байыту, сөйлем құрап айтуға, әңгімелей білуге үйрету. Баланы сөйлеуге үйрету, тілін дамыту, ой - өрісін кеңейту жұмысында бір топтағы әр баланың сөйлеу дәрежесін байқап, анықтау керек. Сонда ғана оқыту - үйрету ісінде неге көңіл бөлуге болатыны айқындалады. Баланың сөздігі балаларды жекелей бақылау негізінде, нақтылы, көрнекі материалдарға сүйене жүргізіледі. 1). Әңгімелеу, әңгіме құрастыру (өзі көріп білген жайттар туралы, сурет мазмұнын, оқылған шығарманың мазмұнын әңгімелету). 2). Сөзді түсініп айту дәрежесін байқау. Ол үшін балаға таныс және таныс емес заттарды көрсетіп сұрау, әңгімелесу. А) Балаға бірнеше таныс заттар мен ойыншықтарды көрсетіп (суреттен немесе заттың өзін) сұрап, түр - түсін, атын, пішінін, қайда, не үшін жасалатынын айтқызу. Ә) Бөлмедегі 10 - 15 затты бір орынға қойып, соның ішінен бір заттың атын тәрбиеші сөзбен айтады, бала затты танып әкеліп, түр - түсін, пішінін айтады. Б) Балаға күн сайын жиі пайдаланатын заттарды (сабын, тәрелке, орамал, щетка т. б.) суреттен көрсетіп, оның атын, қажеттілігін, неден жасалғанын айтқызу. В) Бөтелке (шөлмек), қайық, үтік, шар, доп сияқты пішіні ұқсас заттарды көрсетіп, олардың не екенін, не үшін қажеттігін, сапасын, неден жасалғанын, ұқсас жақтарын сипаттау. Қазіргі заманда бала тілінің кеш шығуының бірден- бір себебі деп қазіргі заманғы дамыған түрлі технологияларды оның ішінде күнделікті өзіміз ұстап жүрген түрлі смартфондарды айтуға болады. Ата-аналардың балаларға қарауға уақыты жоқтығы соншалық, тіпті жұмыстарынан қолдары босамай , «тек осы үндемей отырсыншы», деп қолдарына телефон ұстатқызып қойып отырады.
Осы мәселелерде сараптай келе, 3-5 жастағы бала тілінің кеш дамуының себептері деп осыларды көрсетуге болады. Ендігіде бұл проблеманы шешу жолдары қандай болмақ? Ата- ана баласына әрқашан бос уақыт таба білу керек. Баласымен ересек адамдарша ақылдасып, баланың пікірін сұрай білу керек. Баламен емін-еркін отырып « сен қалай ойлайсың?» -деп сұрақ қою қажет. Ешқашанда балаға «сөйлеме», «үндеме»,- деп айтуға болмайды. Баланың танымын алғашқы күннен бастап дамытуда оқыту мен тәрбиелеудің негізін қалыптастырудың құралы –ойын әрекеті. Ойын дегеніміз жас ерекшелігіне қарамайтын адамынң көңіл күйін көтеретін ойландыратын үрдіс. Ойын арқылы бала өзінің психологиялық ерекшелігін қалыптастырады. Кез келген бала ойнағанда құрдастарымен қарым қатынасқа түседі, олармен сөйлеседі, пікір алысады. Бала жалғыз ойнағанның өзінде ойыншықтармен сөйлесіп, қиялдағы қатысушылармен әңгімелеседі. Тәрбиеші ойын әрекетін ұйымдастыруда өзі жетекші бола отырып, балаларды ойнай отырып ойлануға бағыттайды,заттың атын немесе қасиетін есінде сақтап қалуға жол ашады,қиялын дамытады. Мысалы:«Аз,көп»,«Жақсы жаман»,«Қыс,жаз»,«Жоқ,иә»,Он саусақ»,«Моншақ»,«Мен бастайтын,сен аяқта»,«Жалғастыр»,«Не артық?»,«Есіңде сақта» т.б. ойындарды атап көрсетуге болады. Қорыта айтқанда балалардың ана тіліндегі дыбыстарды анық айтып, дұрыс сөйлей білуге балабақшада берілер тәрбиенің ықпалы зор. Қазіргі заман талабына сай оқу - тәрбие үрдісін ұйымдастыру, яғни әр баланы жеке тұлға ретінде қабылдап, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді ойына, бойына шақ әдеби мұралармен сусындатып тәрбиелеу, тәрбиешінің алға қойған міндеті. Айналадағы дүниені, табиғатты бақылап түсіндіріп әрдайым жаңа сөздермен, сөздік қорын толықтырып отыру қажет деп есептеймін. Жоғарыда айтылған мүмкіндіктерге сай балалардың сөйлеу қабілеттерін тереңдетіп, шығармашылық қабілеттерін дамытуда айтқан әңгімесіне, өзі құрастырған қысқа әңгімелеріне бағыт - бағдар бере отырып, тіл байлығын, сөздік қорын дамытуды басты назарда ұстау керек деп ойлаймын. Баланы өз баламыздай жақсы көріп, білгенімізді олардың санасына құю, жеткізу тәрбиешінің алға қойған мақсаты. Сол мақсатқа жету үшін талмай, қажымай еңбек етуге міндетіміз.