Белсенді жастар өміріндегі қоғамдық ұйымдардың рөлі [Эссе]
Организация : "Әдістеме" журналы
Должность : Жауапты редактор
Дата : 23.05.2021
Номер журнала : 02-12-2021
Белсенді жастар өміріндегі қоғамдық ұйымдардың рөлі тақырыбында "Әдістеме" журналының тілшілерімен «Тәуелсіз ел жастары» Қоғамдық қорының төрағасы - Айткаримов Бауыржан Берікқанұлы мырзамен жүргізілген ақпараттық сұхбат үзіндісі.
Қоғамда жастар саясатын жүргізіп, білімді дамытуға үлес қосу аясында күндіз-түні жан салып, қызмет істеп жүрген мамандардың еңбегі көп елене де, айтыла да бермейді. Әйтпесе, олардың жұртшылықты ибалы ізгілікке үндеп, рухани-мәдени өмірімізді байытып жүрген еңбектері айтуға тұрарлық. Соның ішінде, еліміздің жастарын кәсіпкерлікке баулып, бағыт-бағдар беру жолында белсенді қызмет етіп келе жатқан «Тәуелсіз ел жастары» Қоғамдық қорының жұмысы туралы сөз қозғауды жөн көріп отырмыз.
- Бауыржан Берікқанұлы, «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қоры туралы айтып бересіз бе?
- Қоғам, 2015 жылы құрылған болатын. Студент кезімізден қоғамдық жұмыстарға белсене араластық. Университеттің жастар ісі жөніндегі комитетінде нұсқаушы болып еңбек жолымды бастап, осы күнге дейін қоғамдық өмірдің бел ортасында жүріп келеміз. 2013 жылы Алматы қаласындағы тұңғыш қазақ мектебі болған Ш.Уәлиханов атындағы №12 гимназияға үйірме жетекшісі болып жұмысқа орналастым. Сол кезде мұғалімдердің жағдайын түсініп, әсіресе, жас мамандардың мәселесіне назарымыз салып, көңіл бөле бастадық. Сонымен қатар, шәкірттерімізді түрлі байқауларға апарып жүргендіктен, қоғамдық ұйымдардың ұйымдастырған жобаларына жетіспей тұрған тұстарды аңғардық. Соларды көре келе өз жолымызды тапсақ деген ниетпен «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қоры өз жұмысын бастап кетті. Содан бері әртүрлі жобаларды ұйымдастырып келеміз.
- Білім саласында көптеген жобаларды жүзеге асырған екенсіздер. Бұл салаға келуіңіздің сыры неде?
- Қазіргі технологияның қарыштап дамыған заманында білімге ден қойып, ғылымға көңіл бөле алған ел ғана ел қатарында болады деп ойлаймын. Сондықтан да, білім саласына қатысты жобаларымыз – Қордың атқарар айнымас незігі бағыттарының бірі. 2015 жылы ең алғаш еліміздегі ақын балалардың мүшәйрасын өткіздік. Оған келу себебіміз, біз қазір шын таланттарды жағымпаздыққа, масылдыққа, жеңіл табысқа жетуге насихаттап кеттік. Мектеп қабырғасынан ода жазып үйренген бала ертең қалай елдің мұң-мұқтажын жырға қоса алады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жас ақындарды жинап, өлеңдеріне кәсіби мамандардың сынын естіртіп, жетекшілеріне шынайы шығармашылықты қалай дамыту керектігін жеткізу мақсатында шеберлік-сағаттарын ұйымдастырдық. Айналып келгенде осының бәрі білім саласының бір пұшпағы ғой. Міне, осы жобадан басталған жұмысымыз, тынымсыз тіршілікке айналғалы біраз болыпты. 2018-2019 жылдары аралығында «Үздік жас ұстаз» атты Республикадағы жас мұғалімдердің форумын өткіздік.
Жас ұстаздардың көшбасшылық қабілетін шыңдауға, олардың әлеуметтік мәселесіне шешуге арналған әртүрлі семинар-тренингтер атқарылды. Тіпті жас мұғалімдердің пәтер алуы үшін қазіргі "Отбасы банкі" мамандарын шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Ауылды жерде мұғалім болып жүрген жастардың шет елге шығып, білімін жетілдіру жолдарын ұсындық. Форум аясындағы талқылауларға сәйкес, жас мұғалімдердің өз-өздерін таба алмауы, мамандыққа кездейсоқ келуі, жұмысына қанағаттанбауы сынды мәселелерді анықтадық. Оның бір шешімі ретінде 2020 жылы «Жетістік практикасы. Жас маманнан хас маманға дейін» атты тұңғыш мұғалімдерге арналған мотивациялық кітапты жарыққа шығардық. Ол өз алдына бөлек әңгіме...
- Кітап жайлы толық айта кетсеңіз?
- «Жетістік практикасы. Жас маманнан хас маманға дейін..» жобасын Жоғары санатты заманауи ұстаз Қазбек Сағидолда мырзамен бірге жасадық. Кітаптың ішінде елімізде білім саласының шыңына шыққан майталман ұстаздар мен бүгінгі заманның жетістікке жеткен жас мамандарының сұхбаттары берілген. Атап айтқанда Қазақстанның Тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Төреқызы Миразова, Абай университетінің ректоры Такир Оспанұлы Балықбаев, Білім саласының құрметті қызметкері Рахима Бөлекбайқызы Сакеновадан бастап, бүгінгі білім саласының жас буыны Нұрмұхамед Досыбаев, Шәкәрім Сейсембай, Жігер Телюқанов сынды озық ойлы азаматтар өз жетістіктерінің құпиясымен бөліседі. Сонымен қатар, кітапта әлемдік деңгейдегі пайдалы ақпараттардың сілтемелері берілген.
- Әлеуметтік желілерден «Іскер ұстаз» клубы туралы таныспыз. Бұл жоба жұмысы туралы не айта аласыз?
- Алматы қаласы Білім басқармасы басшысы Жылқыбаева Ляззат Әуезханқызының қолдауымен «Іскер ұстаз» жас ұстаздар клубын құрдық. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қадрлық резерв жобасы аясында іске қосылған жобаның маңызы зор. Себебі, қазіргі таңда ұрпақтар сабақтастығы деген ұғым тасада қалып бара жатыр. Міне, осы идеялар төңірегінде іскер, жас мамандардың басын қосып, аға буынның тәжірибесін алып, білім саласында қызмет етер еңбекқор жастар легін қалыптастырсақ деген асқақ арманымыз болды. Осының бәрін іске асыра алсақ бастаған ісіміздің жемісі деп білеміз. Жоба аясында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Абай өлеңдерін оқу эстафетасын жас мамандар арасында ұйымдастырдық. «Жас мұғалімнің бір күні» қалалық бейнебайқауын өткіздік. Білім басқармасы басшысымен жас мұғалімдердің тұрақты кездесуі сынды жобалар іске асып келеді. Алдағы уақытта жас мамандардың идеяларын ортаға салатын «жобалар» жәрмеңкесін өткізуді жоспарлаудамыз.
- Білім саласында жобалар жасап жүрген азамат ретінде, қазіргі білім жүйесі жайлы не айтасыз?
- Мамандығым – педагог болғандықтан, бұл салаға кездейсоқтықпен келіп отырмағанымды айтқым келеді. Бүгінгі еліміздің білім жүйесінің беталысын үнемі бақылап отырамын. Педагог ретінде субъективті пікірімді айтатын болсам, қазір құндылықтар өзгерді. Пандемия жағдайы білім жүйесін үлкен сынаққа алды десек артық айтқандық емес. Карантин кезінде үй жағдайындағы білім алу шәкіртпен бірге ұстазға да, ата-анаға да оңайға соққан жоқ. Таным, түсініктер өзгеріп кетті. Формациялардың ауысу кезеңінде кез-келген уақытта күйзелістер болатыны анық. Соған қарамастан, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетов мырза қоғаммен ашық түрде диалогқа келіп, жиі түсіндіру жұмыстарын жүргізуі, қоғам белсенділерімен үнемі байланыста болуы - күйзелісті еңсеруге ықпал етті. Еліміздің түкпіріндегі әрбір педагогтың жанын түсінуге тырысқан саясаты, жалақыны көтеріп, шынайы талаптарды қоюы - білім жүйесіне келген серпіліс болғанын көріп отырмыз. Әрине, бағдарламадағы қателіктер, оқулықтағы кемшіліктер, тағы басқа көптеген мәселелер қоғам белсенділерінің тарапынан айтылып келеді. Менің мақсатым сынау емес, сынға ілінген тұстарды ретке келтіруге әрекет жасау. Еліміздің білім жүйесіне тамшыдай болсын үлес қосу. Сол жолда еңбек ете бермекпіз!
– Әңгімеңізге көп рақмет!
– Сізге де уақытыңызды бөліп, бізді тыңдағаныңызға зор алғысымды білдіремін!
Әңгімелескен Адина Әлімбайқызы