Жалпы адамзаттық құндылықтар - рухани дамудың көзі [Самопознание]

Автор статьи : Мадина И.
Организация : "Маяковский атындағы орта мектебі" КММ
Должность : өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі
Дата : 22.01.2018
Издатель : Индира Т., корреспондент
Номер журнала : 01-11-2021

Бүгін жаһандық мағынада бүкіл әлем адамның абыройы тұрғысынан маңызды бір сынақтан өтіп жатыр. Еш күмәнсіз, адамзат тарихы адам құндылығының аяқ асты болған, абыроймен өмір сүрудің қиындатылған кезеңін басынан өткеруде. Зорлық-зомбылық пен террорлық оқиғалар белең алған, қылмыс пен азғындық әрекеттер жылдам артып отырған дүниеде адами құндылықтарға жараспайтын оқиғаларға жиі кездесіп жатамыз. Жоқ жерден себепсіз соғыс шығару, терроризм, күш қолдану, азап көрсету, зұлымдық, отаршылдық, нәсілшілдік, әділетсіздік, теңсіздік, кемсітушілік, еңбекті бағаламау, аштық, жоқшылық сияқты адам атын қорлайтын жаһандық мәселелер бүгінгі қоғамның деңгейін көрсететін мысалдар. Әлемдік жаңғыру кезеңінде артып отырған рационализациялаумен бірге материалдық тұрғыдан маңызды табыстарға қол жеткізілді. Әсіресе, технология саласында тіркелген дамулар адам өмірін маңызды көлемде жеңілдетті. Алайда, жаңғыру материалдық тұрғыдан өте үлкен жеңілдіктер мен мүмкіндіктер ұсынғанымен қатар, адам мен табиғатты отарлау, соғыс қаупі, қоршаған ортаны ластау, адамзатты рухсыздандыру көптеген проблемаларды да өзімен бірге ала келді. Адамзат баласы білім мен технология саласында қарыштап дамығанымен, адам абыройын қорғау мен жоғарылатуда алға баса алмай келеді. Сол  себепті мәңгілік құндылықтарды адам бойына қалыптастыруымыз        керек. Өз бойында адамгершілік құндылықтарды дамытудың өзі білім болып саналады. Ақиқат, дұрыс әрекет, тыныштық, сүйіспеншілік, қиянат жасамау сияқты адамгершілік құндылықтарды жете түсінгісі келетін кез келген адам, осы құндылықтарды іс жүзінде қолданып, оларды адал ниетпен және ақ пейілмен таратса, сол адамды нағыз білімді адам  деп  атауға болады. [1]

Жалпыадамзаттық құндылықтар және адам тұлғасының құрылымы ішкі үйлесімділікке қол жеткізу үшін адам ойы, сөзі, ісі адами тұлғаның мынадай аспектілеріне сәйкес келетін жалпыадамзаттық құндылықтарға сай болуы тиіс: Қиянат жасамау – рухани деңгей; Ақиқат – интеллектуалды деңгей; Сүйіспеншілік – адамгершілік деңгей; Тыныштық – эмоциялық деңгей; Дұрыс әрекет – физикалық деңгей. Жалпы философия тарихында құндылық көрінісінің заңдылықтары туралы жалпы түсінік 19 ғасырдың ортасында пайда болды. Құндылық ұғымына тұңғыш филосиялық анықтаманы Р.Лотце мен Г.Коген берді. Құндылық - мәдениеттің құрамдас бөлігі. Мәдениеттің құрамдас бөлігі болуы себепті құндылық адамдардың өзін ұстауын реттейді, олардың шынайы тәртібін айқындайды. Мәдениет құндылықтары, тиісінше, материалдық және рухани болып бөлінеді. Құндылықтардың мазмұны қоғамның мәдени жетістіктерімен шарттастырылған. Құндылықтар әлемі, сөздің кең мағынасында, мәдениет әлемі деген сөз. Ол адамның рухани қызмет аясы, оның санасының дұрыстығын айғақтаушы, адамның рухани байлығының өлшеуші іспетті. Құндылықтарды мүдделердің қарапайым жалғасы немесе бейнеленуі ретінде қарастыруға болмайды. Олар салыстырмалы өзінділікке ие. [2] Шынайы және алдамшы құндылықтар адамның өзінің солай деп таңдауына орай, құндылық қашанда белгілі бір қанағаттанарлық нәрсені білдіреді. Ал материалдық және рухани қажеттіктердің өтелуі тұрғысынан құндылықтардың бәрін қанағаттанарлық категорияға жатқызуға болмайды. Адамдардың немесе әлеуметтік топтардың қажеттіліктері, мүдделері жөне талғамдары әр түрлі болады. Сондықтан барлық құндылықтар салыстырмалы. Құндылық қатынас қанағаттанарлық немесе қанағаттанғысыз болып келуі мүмкін. Біреу үшін мынау, екінші үшін анау құнды. Олардың қайсысынікі дұрыс, қайсысы қателесіп тұрғанын релятивистік тұрғыдан оны ажыратып жатуда мағына болмайды. Шынайы деп — адамға пайда әкелетін, оның санасына жоғары адамдық қасиеттерді сіңіретін, адамдардың бақыты мен игіліктілігін қамтамасыз ететін, адамның тұрғасын ажарландыратын, адаммен қоғамның ілгерілей дамуын қамтамасыз ететін құндылықтарды айтқан жөн. [3] Қорыта айтқанда ақиқат, сүйіспеншілік, дұрыс әрекет, ішкі тыныштық, қиянат жасамау - бұл мәңгілік бес құндылық адамның ұлтына, нәсіліне, ортасына, дініне қарамайтын, уақытпен өзгермейтін құбылыс. Адамның руханияты мен мәдениетінің жиынтығы, яғни, ата, әжелеріміздің даналығы. Бүгінгі таңда рухани білім әлемге ауадай қажет болып тұр. Сондықтан әр адамның ақыл ойын жаңғыртып, санасын өзгерту керек, сонда әлем де жаңарып, өзгереді.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Нұрышева Г.Ж. Адам өмірінің философиялық мәні. – Алматы. 2001
  2. Мен – Адаммын, жеке тұлғаның рухани-адамгершілігін дамыту, Игенбаева. Б. Қ. Алматы – 2000
  3. «Самопознание» журналының жинағы, 2013 – 2014 жж.