Білімді ұрпақ — Мәңгілік ел тірегі [Эссе]
Организация : Алматы облысы Алакөл ауданы Жыланды қазақ орта мектеп-лицейі
Должность : Жоғары санатты тариx пәнінің мұғалімі
Дата : 15.03.2024
Номер журнала : 01-07-2017
«Кең далалы, кең пейілді қазақпыз, Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз. Қас тағдырдың қиқаңына көнбейміз, Ел намысын ешбір жауға бермейміз, Сертің осы, азат жігіт, азат қыз!»,
- деп, серке сөздің серісі, ұлтымыздың тіл жанашырларының бірі де бірегейі, қазақтың біртуар ақыны Қасым Аманжолов атамыз ата-бабаларымыздан қалған осынау ұлан-ғайыр атырапты жайлаған халқымыздың батыл рухты, қайсар да ержүрек мінезін, сақ заманынан қанына сіңген өжет бітім-болмысын сипаттай келе, қазіргі жас буынға еліне адал, анталаған жауға аяғын таптатпай жерін қорғар, бүгінімен емес, болашағымен өмір сүріп, ел ертеңін ойлар шыдамы берік, өрісі биік азамат болуын өсиет етіп қалдырғандай. Иә, ұлтымыз не көрмеді? Сонау Жоңғар заманының құйтырқы әрекеттерін, қатыгез істерін көріп, бертін келе кеңестіктердің езгісіне түсіп, аштық пен қорлықты, зорлық-зомбылықты, қан майдандағы жанкешті тірлікті басынан өткерді емес пе? Сол бір азапты кезеңде талай боздақтарымыздан, ел жыртығын жамаған қайраткерлерімізден айырылып та қалдық. «Ұлтым» деп еңіреген, «елім» деп еміреніп өткен қайталанбас тұлғаларымыз ел тарихынан орын алды. Сонау сақ заманынан қанымызға сіңген қайсарлық, өжеттік, өр мінез- талай арыстарымызды азапқа толы мұз құрсаудан суырылып шығуларына септігін тигізді. Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы бабаларымыз бастаған ұлт мүддесі үшін болған күрес бермен қарай Желтоқсан оқиғасымен жалғасын тапты. Сол кездегі Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сынды жалындаған жастардың, өжет ұл-қыздардың арқасында еркіндікке, теңдікке қол жеткіздік. Бұғаудан босап, шылбырымыз шешіліп, талай жылдар армандап келген тәуелсіздікті алдық! Бүгін, міне, сол тәуелсіздіктің арқасында ғасырлар бойы ата-бабаларымыз арман етіп, жанын аямай күрескен еркіндікке, асқақ арманымызға қол жеткіздік, соның арқасында болашаққа нық қадам басып, елімізді көркейту үшін айқын, ауқымды жоспар құрудамыз. Бұл Елбасымыз көрсетіп берген үлгілі дамудың өзіндік моделі, ел болашағының сара жолы-Мәңгілік ел ұлттық идеясы болып табылады.
Н.Ә. Назарбаев: «Мәңгілік Қазақстан» жобасы ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті»,-деп атап көрсеткендей бұл жол елімізді Мәңгілік елге айналдырып, соған бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол болмақ. Бұл жол халқымызды рухтандыратын, ар-намысын қамшылап, ерік-жігерін асыратын патриоттық жол. Ендеше оның міндеттерін жүзеге асыру ұрпақ тәрбиесін дамытудан бастау алуы керек. Бұл орайда білім ордалары мен әсіресе онда оқытылатын тарих пәнінің ролі ерекше болмақ. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына жолдауында «Біз Жалпыұлттық идеямыз-Мәңгілік елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы жолға айналдырдық. Мәңгілік Ел идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Төныкөк абыз «Түркі жұртының мұраты - Мәңгілік ел»деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиістіміз», - деп тарихшылар алдына үлкен тапсырма беріп, ел тарихын ұрпақ бойына аса жауакершілікпен меңгертіп, Мәңгілік ел болуға жол салуымыз керек екендігін атап өткен. Әрбір жас ұрпақ халқымыздың аты тарихтан өшпей, жалғасып, шарықтап дамуы үшін аянбай күресіп, тер төгуі қажет екенін сезуі тиіс. Сонда ғана тәуелсіздігіміз баянды болып, еркін дамыған, әлем таныған елге айналарымыз хақ. Тәуелсіздік! Бұл ұғым - біздер үшін, қаймағы бұзылмаған қазақ жұрты үшін ел тарихынан ойып орын алған, терең із қалдырған киелі де қастерлі ұғым. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев атап көрсеткендей: «Бұл-біздің барлығымыз мақтан тұтатын ортақ жемісіміз! Бұл-біздің шексіз сүйетін ұлы туындымыз!» Оны сақтап, қорғай білу, одан әрі дамытып, көркейту, әлем мойындаған Мәңгілік елге айналдыру бүгінгі жастардың міндеті болмақ. Сондықтан әр жасқа тарих тағылымын, ата-бабаларымыздың өткен жолын үлгі ете отырып, санасында ұлттық рухты, патриоттық сана-сезімді қалыптастыру басты парыз деп санаймын. Ал тарих пәні осынау стратегиялық маңызы зор Мәңгілік ел ұлттық идеясын жүзеге асыруға бағыттайтын сара жол болмақ. Қазіргі аумалы-төкпелі, сынағы мен қайшылығы көп заманда елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналар кез келіп отыр. Өткенімізден тағылым алмай мұндай қыйын-қыстау заманда алға жылжу мүмкін емес. Бабаларымыздың қалдырған әрбір ізі, ерлігі, қайсарлығы бізге сабақ, үлгі болады. Ендеше әр сабағымызда осыған баса көңіл бөліп, халық ерлігін насихаттау керек. Оқушылар бойында туған жерге деген елдік санасын, сүйіспеншілік сезімін қалыптастыра отырып, өз халқы мен Отанының бақыты үшін аянбай күресетін ұрпақ тәрбиелеу басты мақсат болмақ. Ол үшін:
- Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғай білуге үйрету;
- Әрбір жастың жүрегінде елімізге деген шексіз мақтаныш сезімін қалыптастыру;
- Халқымыздың ұлы істерінің арқасында қалыптасқан жасампаз Қазақстандық патриотизмді дамытып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу керек.
Ұлттық идея-ұлт тарихын терең білуден бастау алады. Сондықтан әр ұрпақ өзінің төл тарихын жан-жақты оқып, терең білуі тиіс. Тарихтың әр беті болашаққа үлгі, оған бағыт беретін бағдар шам десек те болады. Елбасымыздың ең басты мақсаты да ұлтымызды сапалық жағынан жоғары деңгейге көтеру болып отыр. Сол үшін Елбасы өзі бастап Арқа төрінен жаңа Астана бой көтерді, «Еуропаға жол», «Әлемдегі дамыған 50 және 30 ел қатарына қосылу», «Мәңгілік ел» сияқты өміршең саясатты атап көрсетті. Әр оқушы тарихты оқи отырып, осы ұзақ мерзімді өміршең саясаттың шынайы мағынасын терең ұғынуы қажет. Мұндай жарқын болмысты баянды етіп, Отанымызды Мәңгілік елге айналдыру біздің буын өкілдерінің білім-білігіне байланысты екенін еш естен шығармауымыз қажет. Бізге жүктелген сенімнің жүгі ауыр. Елбасымыз жастар бойынан ұдайы биікке ұмтылатын жігерлі, батыл, өжет, өр мінездің болуын, қоғам, ел мүддесін жоғары қоятын, жауапкершілігі мол құндылықтардың болуын талап етуде. «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін-білім»,-деп заманымыздың заңғар жазушысы М.О. Әуезов айтқандай Тәуелсіздіктің туын тіккен елімізді өркениетке бастайтындар білімді жастар болмақ. Ендеше бүгінгі ұстаздар әр шәкіртке Елбасымыз қойып отырған осы талаптарды дарытып, білім беруде жоғары әлемдік стандарттарға қол жеткізуге ұмтылып, әлемнің ең үздіктерінің бірі болуға қол жеткізуіміз керек. Бізден білім алған әр Қазақстандық: «Біздің мақтан тұтатын қасиетті тарихымыз бар, біздің сүйікті Тәуелсіз Отанымыз бар!» деп мақтанышпен айтып, оны көркейтіп, қорғау үшін әрқашанда дайын болуы керек. Себебі біздің мақсатымыз айқын, оған жету жолдары да нақты көрсетілген. Ол - «Мәңгілік ел», Тәуелсіз, Гүлденген Қазақстан!