Білім беру мекемелерінде білім сапасын басқару тиімділігін арттырудың негізгі бағыттары [Эссе]

Автор статьи : Асель А.
Организация : Кенжекөл ЖОМ
Должность : Магистрант, Мұғалім
Дата : 14.05.2020
Номер журнала : 01-10-2020

Қазақстан Республикасы жалпы білім беру жүйесін жетілдірудің жаңа кезеңіне аяқ басты. Мақсат бұл саланы дамыту Тұжырымдамасында сипатталғандай «...білім жүйесі Қазақстанды дамыту талаптарына сәйкес ретке келтірілуі тиіс». Негізгі ресурсы жоғары білікті кәсіби мамандар болып табылатын экономика саласын дамыту білім беру ісін жаңа сатыға көтеруді талап етеді. Ұлттық білім беру жүйесін әлемдік стандарттарға сәйкестендіру күллі білім беру мекемелерінде сапаны басқарудың жалпыға ортақ принциптерін қолдануды қажет етіп отыр. Сапаны басқарудың жалпыға ортақ жүйесі – бұл персоналдардың қатысуына негізделіп, сапаны арттыру, тұтынушылар талаптарын қанағаттандыру арқылы ұзақ мерзімді табысқа жетуді көздейтін кез келген ұйымды басқаруға деген принциптік жаңа көзқарас. Білім сапасы мен оны бағалаудың бірыңғай стандартталған жүйесі мен білім беру сапасын басқарудың жалпыға ортақ жүйесі республикамызда енді ғана қалыптасып келеді. Осыған байланысты білім сапасын бағалау саласында қолданбалы зерттеу ісі дамып келеді. Қазақстанның жоғары оқу орындары мен колледждерінде сапаны басқару жүйесі ендіріліп, тәуір нәтижелерге қол жеткізілуде. Бірақ, жалпы білім беретін мектептерде бұл процесс жекелеген сынақ әрекеттері деңгейінде ғана әрі өте баяу өтіп жатыр». Білім сапасын бағалау жөніндегі ұлттық орталықтың мәліметтері бойынша бүгінгі күні білім беру жүйесінде мынадай кемшіліктер орын алып отыр («Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасынан»): – бiлiм беру сапасын басқару компоненттерi бытыраңқы жұмыс iстейдi; – білім беру сапасын басқару ісінде мазмұндылық пен оперативтілік жетіспейді; – кешендiлігi мен толықтығы жағынан халықаралық стандарттарға сай келетiн бiрiздi статистикалық ақпараттық ағын әзiрленбеген; – бiлiм беру сапасын бағалауда объективтілiктi қамтамасыз етпейтiн рәсiмдердiң басымдығы; – бiлiм беру саласындағы құралдардың, әдiстердiң және бағалау қызметi технологияларының жеткiлiксiз әзiрленуi. Осылайша, объективті түрде қалыптасқан қайшылық белгілі болып отыр: Қазақстанды дамыту қажеттілігіне байланысты білім сапасына қойылып отырған өскелең талаптар бар да, білім беру ұйымдарында сапаны тиімділікпен басқарудың механизмі жоқ. Бұл проблеманы шешудің жолы оқыту сапасын басқарудың «Биоинформатика және синергетика» (бұдан әрі – БиС) аталатын технологиясын қолдану болып табылады. Аталмыш технологияның авторы педагог-психолог, Нұрсұлтан Назарбаев атындағы білім беру қорының жаңа технологиялар жөніндегі кеңесшісі Вассерман Федор Яковлевич. Оның бұл жаңалығы ҚР Интеллектуальдық меншік құқықтары жөніндегі комитетте 2008 жылғы 16 қыркүйекте 423-ші нөмірмен тіркелген. 2009 жылы 29 мамыр күні Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясында «Жалпы білім беретін мектепте оқытып-үйрету сапасын басқару технологиясы» атты тақырып бойынша диссертация қорғалды. БиС технологиясы сапаны басқарудың халықаралық бағытындағы көпшілікке кеңінен танымал TQM (Total Management) әдіснамасына сәйкес әзірленген технология. Ол жалпы білім беретін мектептерге бейімделіп даярланған. Баршаға мәлім ИСО 9000 стандарттар сериясы да халықаралық бағыттағы сол әдіснамаға (методологияға) негізделіп жасалғаны белгілі. Бұл технологиялардың және сапаны басқаруға байланысты қазіргі заманғы өзге де жүйелердің басты принциптері мыналар: – сапа – кез келген өндірістік және басқа да процестердің ажырамас элементі (дербес басқару функциясы емес); – сапа – бұл даярлаушының (білім беру жүйесінің) емес, тұтынушының (оқушы, ата-ана, өндіріс, жоғары оқу орыны, бизнес) талап ететін нәрсесі; – сапаға жауап беретін тұлғалардың нақты адрестері болуы тиіс; – сапаны іс жүзінде арттыру үшін жаңа технологиялар қажет; – сапаны мектептің күллі қызметкерлері күшімен ғана көтеруге болады; – нәтижені бақылағаннан процестің өзін бақылаған әлдеқайда тиімді; – сапа саласындағы саясат мектепке тән жалпы саясаттың бір бөлігі болуы тиіс. Бұл принциптерді жүзеге асыру үшін технологиялар сапаны басқарудың 3 арнайы линиясын жасақтаған: тәрбиеле, дамыту және оқытып-үйрету. Тәрбиелеу линиясы TQM принципі негізінде құрылған: «Сапаны мектептің күллі қызметкерлері күшімен ғана көтеруге болады». Бұл бағытты жүзеге асырудың педагогикалық компоненті оқушылардың сапа жөніндегі қызмет орынын (бұдан әрі ОСҚ) жасау арқылы өздігінен әрекет ете білуге және жауапкершілікке тәрбиелеу болып табылады. Бұл қызмет орынының құрылымы мектеп технологиясы мен саясатында қарастырылған сапа жөніндегі әр түрлі салаларды қамтиды. Оқушы комитеттерінің жұмысын сол салалармен үйлестіреді. Бұған оқушыларды белсенді түрде қатыстырады. ОСҚ жұмысына күн сайын мектеп оқушыларының 50 %-ы қатысады. Бұл линия қызметінің педагогикалық нәтижесі сол, мұнда оқушылардың оқу процесіндегі мотивациялық деңгейі жоғары болады. Ал мотивация оқытып-үйрету сапасы жөніндегі маңызды көрсеткіштердің бірі болып табылады. Дамыту линиясы да TQM принципі негізінде құрылған: «Сапа – тұтынушы талабы». Бұл бағытты жүзеге асыру үшін білім беру қызметіне деген тұтынушылар сұранысы зерттелді, халықаралық ұйымдар мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынымдары ескерілді және оқу процесіндегі оқушылардың мынадай білім-біліктері (компетенциялары) технологияларын дамыту стратегиясы қабылданды: – ақпараттық: ойлау жылдамдығы, еске сақтау ауқымы, логика, сөздік қор, творчество. – коммуникативтік: лидерлік, ұйымдастырушылық қасиеттерді, өздігінен шешім қабылдай білу қабілетін, коллективизмді дамыту. Бұл линия қызметінің психологиялық-педагогикалық нәтижесі оқушылар ұжымы синергизмінің жоғары деңгейі және олардың өзін өзі ұйымдастыру негізінде әр түрлі көлемдегі және күрделілігі әр түрлі деңгейдегі ақпараттарды өңдеуге әзірлігі болып табылады. Талап етілетін нәтижелерге қол жеткізудегі оқушылар синергиясының маңыздылығын «Синергетика» деген технология атынан да көруге болады. Оқытып-үйрету линиясы да технологияның TQM принципі негізінде әзірленген: «Қашан да нәтижені бақылағаннан процестің өзін бақылаған әлдеқайда тиімді болады». Бұл бағытты жүзеге асыруда технологиялық карта түзу процесі маңызды рөл атқарады. Ол 11 картадан тұрады. Әрбір карта сабақта оқытып-үйрету субъектілерінің өзара әрекет ету алгоритмі және нормативі ретінде түзіліп, нәтижеге тиімділікпен қол жеткізу, әр түрлі мақсаттар мен оқу міндеттерін жүзеге асыру үшін қолданылады. Атап айтқанда: жаңа тақырыптарды оқып-үйрену, білім – қабілет – дағды жүйесін игеру, творчествоны дамыту немесе пәнді тереңдетіп оқыту. Бұл линияның маңызды бір ерекшелігі «биоақпараттық» өлшеуіштерінің болуы. Бұл өлшеуіштер оқытып-үйрету процесіндегі ақпаратты белгі-символдармен кодтау қызметін игеру принципіне негізделген. Мұнда оқытып-үйрету сапасы деңгейін өлшеу оқытушының сараптамалық бағалауын қажет етпейді. Ол сапаны қатынас шкалалары бойынша мөлшерлейді. Технологиялық міндеттерді жүзеге асыруда «Биоинформатика» принциптерін қолданудың мәні оның атынан да көрінеді. Бұл линияның технологиялық нәтижесі сол, мұнда түрлі пән бойынша әрбір сабақта белгіленген оқытып-үйрету сапасы деңгейін 63 %-ға дейін жеткізуге мүмкіндік жасалады. Қазіргі кезде жаңа технологияның авторы оны қолданысқа ендірудің үлгі-жобасын әзірлеуде.