Білім беру үдерісіндегі құзыреттілік ұстаным [Педагогика]
Елбасының биылғы Жолдауының әр тарауы қоғамдағы өзекті мәселелердің шешіміне бағытталған. Әсіресе, Президенттің білім және ғылым саласы жөнінде көтерген мәселесі қазіргі таңдағы күрделі мәселелердің бірі болып отыр. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын әрбір қадамын сенімді басқан мемлекетіміздің әлемдік қауымдастықтар қатарынан қалмай, болашақты оптимистік көзқараспен болжамдап, өзінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдей алатын, өркениетті даму жолындағы жаңа бағыттарын айқындаудың жолы деп білеміз. Әрине, біздің еліміз үдемелі индустриалды-инновациялық бағытта шарықтап, тез дамып келе жатқан елдердің қатарында. Елбасының осындай саясатын жете түсінген ел азаматы өзінің кәсіби біліктілігін үзбей жетілдіріп, озық технологияларды меңгеру жолында тынымсыз еңбек етуі тиіс. «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық», деп көрсеткен Елбасы Н.Назарбаев білім мен ғылымды жетілдіруде барлық мүмкіншіліктерді қарастырып, нақты шаралар мен бағдарламаларды жетілдіруді талап етіп отыр. [1; 1-5 б.].
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Білім беру реформасы табысының басты өлшемі – тиісті білім мен білік алған еліміздің кез-келген азаматы әлемнің кез-келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады,” – деп атап көрсеткен еді. Яғни білікті, білімді, бәсекеге қабілетті маман кәсіби жағынан ғана шебер болмауы керек, сонымен қатар өз елінің мәдениетін, салт-дәстүрін, мемлекеттік тілді де жақсы білуі керек. Бүгінгі күні көкейтесті болып отырған білімнің құзырлылық ұстанымын жүзеге асыру құралы ретінде педагогикалық технологиялар мен белсенді оқыту әдістерінің алар орны ерекше. Әрекетке негізделген технологиялық оқыту танымдық белсенділігі жоғары, өмірдің әртүрлі мәселелерінен хабардар, кез-келген тапсырманы орындауға қабілетті, қолынан іс келетін құзырлы азаматтарды қалыптастырады. В.Шепель компетенттілік ұғымына білім, біліктілік, тәжірибе, білімді пайдалануға теориялық-тәжірибелік дайыңдық ретінде анықтама береді. В.Ландшеер, П.Симонов, М.Чошановтардың түсіндірмесі бұл анықтамаға қайшы келмейді. Дегенмен, В.Симонов әлеуметтік даярлық туралы айтса, М.Чошанов көбінесе компетенттіліктің мазмұндық (білім) және процессуалдық (білік), ал В. Ландшеер компетенттілікті тереңдетілген білім деп түсіндіріледі. Ал психологиялық сөздіктерде "компетенттілік жеке тұлғаның қоршаған ортадағы адамдармен тиімді қарым-қатынас жасай алу қабілеті" деген түсінік берілген."Осы айтылғандарды қорытындылай келе компетенттілік ұғымына мынадай анықтама беруге болады: "Компетенция - оқудың және өздігінен білім алудың нәтижесінде қалыптасатын және адамның әлеуметтік мобильділігін анықтайтын, білім мен тәжірибеге, құндылықтар мен бейімділіктерге негізделген жалпы қабілеттіліктер. Демек, компетенттілік ұғымы "білім", "біліктілік", "дағды" сияқты ұғымдарды қамтиды. Алайда бұл білім, біліктілік, дағдының жай жиынтығы емес. Компетенттілік оқу нәтижелерімен қатар, оқушылардың шығармашылық іс-әрекеттері мен құндылық бағдарларының жүйесін де көрсетеді." Білім, білік, дағды қасиеті өзінің даралығымен сипатталып, өз бетімен жетілдіріліп отырған жағдайда ғана құзіреттіліктің негізі бола алады. «Құзырлылық» ұғымы жайлы Құдайбергенова К.С. «Құзырлылық табиғаты - тұлғаның өзіндік дамуында» атты еңбегінде былай деп көрсетті: «Құзырлылық ұғымы соңғы жылдары педагогика саласында тұлғаның субьектілік тәжірибесіне ерекше көңіл аудару нәтижесінде ендіріліп отырған ұғым. Құзырлылықтың латын тілінен аудармасы «competens» белгілі сала бойынша жан-жақты хабардар білгір деген мағынаны қамти отырып, қандай да бір сұрақтар төңірегінде беделді түрде шешім шығара алады дегенді білдіреді» десе, бұл жайлы Б.А.Тұрғынбаева «Мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін біліктілікті арттыру жағдайында дамыту» еңбегінде «...өзінің практикалық әрекет арқылы алған білімдерін өз өмірлік мәселелерін шешуде қолдана алуын – құзырлылықтар деп атаймыз» деп анықтаса, ресей ғалымы Н.В. Кузминаның көзқарасы бойынша «Құзырлылық дегеніміз – педагогтың басқа бір адамның дамуына негіз бола алатын білімділігі мен абыройлылығы деді» [2; 1-6 б.].
Әдіснамалық деңгейге соңғы кездері қолданысқа «құзырлылық» ұғымы еніп отыр. Ғылыми әдебиеттерде құзырлылық қайсыбір тапсырманы орындай алуға қабілеттілік, оқушының қалыптасып үлгерген жеке сапасы мен тәжірибесінің жиынтығы ретінде қарастырылады. Құзырлылық дегеніміз оқушының алған білімі мен дағдыларын тәжірибеде, күнделікті өмірде қандай да бір практикалық және теориялық проблемаларды шешу үшін қолдана алу қабілеттілігі. Педагогика ғылымында кәсіби құзырлылық еңбегінің жемістілігін анықтайтын білімі мен біліктілігінің жиынтығы, тапсырманы орындаудағы дағды көлемі, білім кешені мен кәсіби тұлғалық сапасы, кәсіби векторы, теориялық, білімдік және кәсіби дайындығының бірлігі, жоғары мәдениеттілікті талап ететін қызметтің күрделі түрлерін орындаудағы қабілеті деген мағынада ашылған. Құзырлылық - танымдық, пәндік - практикалық, тұлғалық тәжірибенің күрделі пайымдамасы. «Құзырлылық» ұғымының қазақ тіліндегі түсіндірмесі «жасай алу» деген мағынаны білдіреді. «Competent» сөзі французша «компетентті» «заңға сай», латынша «сай болу», «қабілетті», «талап қою», «жарамды», ағылшынша «қабілетті» деген мағынаны білдіреді. Психологиялық сөздіктерде бұл ұғымға қатысты «компетенттілік және тұлғаның қоршаған ортадағы адамдармен тиімді қарым-қатынас жасай алу қабілеті» деген түсінік берілген. Осы «компетенттілік» шетелдік түсіндірме сөздікте меңгеруші ретінде қарастырылған. «Компетенттілік» ұғымының мазмұны мынадай: Компетенттілік меңгерген, заңға сәйкес; Белгілі бір саланы білетін тұлға [3; 7 б.].
Компетенция – оқудың және өздігінен білім алудың нәтижесінде қалыптасатын, білім мен тәжірибеге, құндылықтар мен бейімділіктерге негізделген жалпы қабілеттері. Компетенцияның түйінді құраушысы біліктілік болып табылады. Оқытудағы компетенттілік тәсіл оқыту нәтижесі ретіндегі білім сапасын қамтамасыз етеді және білім мазмұнынан білім, біліктілік, дағдыға, щығармашылық іс-әрекет тәсілдері мен эмоционалдық құндылық қатынастар тәжірибесіне негізделген түйінді компетенттіліктерді бөліп қарастырайық. Түйінді компетенттіліктердің құрылымы төмендегідей бөлінеді: Өзіндік танымдық іс-әрекет саласындағы базалық компетенциялар. Олар: оқу, жазу, есептей алу, сөйлей алу, және түрлі жиындарда өз ойын басқаларға жеткізе алу, оқу іс-әрекетінің нәтижелерін талдай алу, әртүрлі ақпарат көздерінен білім жинақтап білуді меңгерту жатады (кітаптан, газет-журналдардан, теле-радиохабарлардан, интернеттен т.б.). Мәдени іс-әрекетіндегі компетенцияларға бос уақытын өзінің рухани және мәдени дамуы үшін пайдалана білу (көркем әдебиееттер оқу, түрлі лекциялар мен баяндамалар тыңдауға қатысу, олимпиадалар, байқаулар, конференциялар) жатады. Тұрмыстық саладағы компетенциялар: жеке гигиенаға, өз денсаулығын нығайтуға, отбасы тұрмысына қатысты мәселелер. Әлеуметтік еңбек іс-әрекеттері саласындағы компетенциялар – бұл оқу еңбегін ұйымдастыра білу дағдысы, ұжымдағы өзара қарым-қатынасы этикасы,өз мүмкіндігін бағалау, жауапкершілігік жүгін арқалай білу. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің ұлттық білім беру жүйесінің біздің еліміздегі білім беру жүйесінен айырмашылығы мынада: Оқытудың кіріктірілген мақсаттары пәндік мақсаттарға қарағанда басым; Оқытудағы іс-әрекетінің тәсілі қарапайым біліктілік пен дағдыларды ығыстырған; Оқытудың компетенттілік тәсілі қолданылады. Мектептегі білім беру сапасын бағалаудың жаңа жүйесіне көшу байқалады. Мұғалім мен оқушы арасындағы авторитарлық қарым-қатынастар оқу ісі әрекетіндегі бірлестікке, жұптастыққа айналған. Бүгінгі таңдағы елімізде жүріп жатқан экономикалық-әлеуметтік дамулар келешек ұрпаққа білім берудің мақсаттары мен мазмұнын түбірімен жан-жақты қайта ойластырылып, жаңа сапаға жету міндеттерін көздейді. Сондықтан білім беру саласындағы өзгерістер жеке тұлғаны қалыптастыруға, оқу үрдісіне тиімді әдіс-тәсілдерді іздестіруге, баланың шығармашылық, рухани, дене мүмкіндіктерін дамытуға, адамгершілік пен салауатты өмір салтын берік ұстануға бағытталуы тиіс. Мәдениеттанымдық құзіреттілік – адам мен қоғамның дамуындағы ғылымның рөлін түсіну, этномәдениеттілік құбылыстарды игеруге мүмкіндік беретін ұлттық ерекшеліктерін тани білу. Оқу танымдық құзіреттілік – оқушының зерттеу әрекеті мен өзіндік оқу-танымдық процесін қамтамасыз ететін кешенді құзырлылық. Коммуникативті құзіреттілік – адамдармен өзара әрекет пен қарым-қатынас тәсілдерін білу, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел тілінде қатынас дағдылары болуын қарастырады. Ақпараттық-технологиялық құзіреттілік – бағдарлай білу, білім мен ақпараттық технологиялар мен техникалық объектілердің көмегімен жеткізуді жүзеге асыра білу. Әлеуметтік-еңбек құзіреттілік-әлеуметтік қоғамдық жағдайларға нақты талдау жасай білу, шешім қабылдай білу. Тұлғалық өзін өзі дамыту құзіреттілік- өзінің мүмкіндігін нақты перспективалық жоспарлаумен салыстыра білу, өзінің өмірі мен ісіне жауапты қарау [4; 82-83 б.]. Білім беру процесін түйінді компетенттіліктерді қалыптастыруға бағдарлау. Компетенттілік дегеніміз – оқыту нәтижесінде алған білім мен біліктілікті тәжірибеде қолдана алу қабілеттігі. Оқытудың күтілетін нәтижелеріне бағытталған әдістемені былайша сипаттауға болады. Жеткен нәтиже мен жоспарланған нәтиже арасында алшақтық байқалса, онда оқыту нәтижесіндегі проблемаларды анықтау. Оқыту нәтижелерінің проблемалары оқу-тәрбие процесіндегі қандай кемшіліктерге байланысты туындады (бағдарлама дұрыс құрылған ба?, әлде әдістеме жеткіліксіз бе? Оқу-тәрбие үрдісі дұрыс ұйымдастырылған ба? т.б. Тәрбие процесіндегі кемшіліктер неге байланысты екенін анықтау.(кадр мәселелері, ғылыми-әдістемелік, материалдық техникалық қаржы, нормативтік-құқықтық және т.б.). Оқу-тәрбие үрдісіндегі проблемалар басқару жүйесіндегі қандай кемшіліктерге байланысты туындап отыратындығын анықтау. Мұғалімнің құзырлығын анықтау үшін Д.Б.Эльконин мен Г.В.Драгунованның зерттеу әдісін қолдану тиімді [5; 3-13 б.]. Қорытындылай келсек, оқушы құзыреттілігін қалыптастыру үшін әр ұстаз өзіне тиімді әдіс-тәсіл мен технологияны қолдана алады. Олай болса, қазіргі жаңа қоғамды демократизациялау жағдайында педагогтардың кәсіби компетенттілігі әлеуметтік-педагогикалық мәні өте жоғары мәселе. Сонымен, ұстаздық ұстанымдарымыз “құзыретті тұлғаны” дамыту, ізденісті маңдайға тигізіп, білімді санаға сіңіру, ұғымды түсінікке ұйытқы болғызу болып табылады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
- 1. http://archive.adiletgazeti.kz/
- Ж.Серікбаева Құзырлық–білім сапасын арттыру кепілі http://uadocs.exdat.com/
- Құдайбергенова К.С. Құзырлылық табиғаты-тұлғаның өздік дамуында. А.-2006 ж., «Принт-АСС», 7-бет 4. Шишов С. Понятие компетенции в контексте качества образования современная школ-1999, №1 стр. 82-83. 5. Лебедев О.Е. Компетентностный подход в образовании //школьные технологии 2004, № 5 стр.3-13.
Түйін Мақалада құзыреттілік, оның түрлеріне қатысты пікірлер мен көзқарастар қарастырылған. Зерттеу нәтижелерін оқытушылардың сабақ беруі барысында қосымша материал ретінде пайдалануға болады.
Резюме В статье рассматривается мнения и взгляды касающиеся термина и видов компетенции. Результаты исследования можно использовать как дополнительный материал при проведении занятий преподавателями.