Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың тиімді жолдары [Основы начального образования]

Автор статьи : Багдат Г.
Организация : БҚО, Шыңғырлау ауданы, Амангелді негізгі орта мектебі
Должность : Бастауыш сынып мұғалімі
Дата : 11.01.2022
Номер журнала : 02-15-2022
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға қажетті қағидаттарды айқындап берді. Жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді, еңбекке етуге бейім, кәсіби дағдысы дұрыс, жоғары жауапкершілікті азамат болуы тиіс. Ең бастысы – әділетті және адал ұрпақ атану қажеттігін айрықша атады. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз. Заманауи білім талаптарына жауап беретін ұрпақ мектеп партасында отырған оқушылардан қалыптасады. Бұл ретте білім саласына артылар жауапкершілік аз емес. Қазір білім берудің парадигмасына сай оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру басты талап. Яғни мектеп жасындағы балалардың алған білімін өмірде қолдану қажеттілігі басты орынға шығып отыр. Мұны біз функционалдық сауаттылық дейміз. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшудегі басты мақсатымыз да осы. Оқушылардың білімін арттыру, алған білімінің нәтижесін анализдеу халықаралық көрсеткіштер арқылы көрініп отырады. Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру қазіргі таңда оқыту жүйесіне қойылып отырған әлеуметтік сұраныс талаптарымен сай келу үшін бастауыш сыныптардан бастап оқушының оқу, жазу сауаттылығын, жаратылыстану ғылымындағы сауаттылығын, математикалық сауаттылығын, компьютерлік сауаттылығын, денсаулық мәселесіндегі сауаттылықты, құқықтық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған арнайы жұмыс арқылы оң нәтижелерге қол жеткізуге болады. Функционалдық сауаттылық қалыптастырудың тиімді әдістері:
  1. Мән беріп оқыту технологиясы
  2. Диалогтік оқыту
  3. Сұрақ-жауап әдісі
  4. Ойын түрлері
  5. Блум жүйесі
Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылықтарын қалыптастырудың психологиялық және педагогикалық негіздеріне келер болсақ, бастауыш сынып оқушыларының психологиялық ерекшеліктері ескерілуі керек. Оқу, жазу сауаттылықтарын қалыптастыруда, ең алдымен, кіші мектеп жасындағы балалардың ойлау мен сөйлеуі маңызды орын алады. Бұл орайда Ж.Аймауытов, Б.В.Беляев, Е.И.Пассов, Н.И.Жинкиндердің ойлау мен сөйлеу секілді күрделі психикалық құбылыстар туралы ой-пікірлері талданады. Ой ұйымдасқан сөйлесім үдерісіне айналуы үшін адам өзіне қажетті үлгіні, ойды дәл бейнелейтін сөзді таңдап алатын іштей сөйлеудің кезеңдерінен өтуі тиіс. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда іштей сөйлеу мен сөйлесімнің мәнін назарға алу олар орындайтын жаттығулар мен тапсырмаларды іріктеуде маңызды рөл атқарады. Оқыту үдерісінің нәтижелілігі бастауыш сынып оқушысының физиологиялық, психологиялық негіздерін терең білу мен барлық оқу әрекетін соған негіздеуге байланысты болады. Оқыту үдерісінде пәндік білім, білік, дағдыларды, яғни құзыреттіліктерді меңгертуде балалардың жас кезеңдеріне сәйкес пайда болатын жетекші әрекеттерге назар аударылды. Бастауыш сыныптан мектептің орта сатысына өту кезеңінде балалардың өзін қоршаған адамдармен қарым-қатынасы жаңа арнаға түседі: даралық сезімдері бас көтеріп, өзін-өзі тани бастайды. Білім беруде бұл мәселелер ескеріліп отыруы тиіс. Бастауыш мектеп кезеңі оқушылардың оқу, қарым-қатынас, еңбек секілді жетекші әрекеттер негізінде жалпы және ерекше қабілеттерінің дамуымен сипатталады. Оқу әрекетінде олардың жалпы интеллектуалдық қабілеттері қалыптаса бастайды. Сабақта функционалдық сауаттылықты қалыптастыру үшін пән мұғалімі оқушының назарын аудару үшін сабақ кезінде әртүрлі тақырыптық, пәнаралық, сыныпаралық байланыс орнатып, қызықты әңгімелерді сахналық көрініс ретінде өтуді ұйымдастыра білуі қажет. Сонымен қатар, түрлі көрнекілік құралдарын қолдану, сұрақ-жауап, талдау, жинақтау, ажырату, тақтаға жазу, айтқан ойды мысалдармен дәлелдеу, сөздікпен жұмыс, проблемалық мәселелерге жауап беру, нақтылы және жалпылама тапсырмалар беріп, шағын шығармашылық жұмыстарды орындату, оқушының бірін-бірі сынауы, өзіндік пікір білдіруі, баяндама жасауы, ғылыми зерттеу жазып қорғауы, алуан түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануы керек. Осындай әдіс-тәсілдерді түрлендіріп, жүйелі түрде пайдаланып мұғалімнің шәкірттері өз бетімен жұмыс істеуге тез үйренеді. Орта буын оқушыларының арнайы ереже дәптерлері, альбомдар, сөздіктері, канспектілері, хронологиялық кестелері болуға тиіс. Сонымен бірге, шығармашылық дәптері бөлек болғаны дұрыс. Оған оқушы өздеріне ұнаған мақал-мәтелдерді, афоризмдерді, шешендік сөздерді де жазып алып жүруге баулу керек. Осы ретте, шығармашылыққа жақын кейбір оқушылар сол дәптерге  әңгіме, мақала, күнделік, пікір жазып үйренуіне мүмкіндік туады. Бастауыш сыныптарда оқушылар сандық өрнектермен арифметикалық амалдарды орындаумен шектелсе, алгебра, геометрия, тригонометрия әлеміне енген сайын басқа жаңа талаптар қойылады. Бастауыш сыныптарда 0,1,2,3,4,5,6,7,8,9 және «+», «-», «*», «/» секілді таңбалармен қатар І,V, X, M, L, C тәріздес Рим цифрларын білумен шектелеміз. Ал енді алгебрада латын, грек әріптерін үйренуге тура келеді. Міне, осы әріптерді дұрыс жаза және оқи білу математикалық сауаттылық білдіреді. Мұғалім оқушыны математика пәнінің қыр сырына үйрету үшін оған математикалық сауаттылықты сақтау жөнінде күнделікті қатаң талаптар қойып, орындалуына мұқият зер салуы керек. Сонда оқушы математикалық өрнектерді оқуда, жазуда және сызбаларды сызуда сауаттылық көрсетіп, тәртіпке бейімделеді де, есептерді де алгаритм немесе логика бойынша тез,  сауатты шеше алады, сабаққа да ынтасы арта түседі. Сауаттылық қызметі – алған білім, білік, дағдысын күнделікті іс – әрекетте пайдалану біліктілігі. Оқушылардың танымдық әрекет амалдарын меңгеруін есепке алып, алгоритмдік есептерден эвристикалық типтегі есептерге көшу кезінде оқу-зерттеулік есептер көбейе түсетін өзара байланыс түрі өте тиімді. Математикалық сауаттылықтың дамуы оқушының жалпы сөйлеу мәдениетін дамытып, қазіргі қоғамда тұлғаның ұтымды сөйлеу коммуникацияларын қалыптастырады. Жаратылыстанулық бiлiм, білік, дағды қалыптастыру бастауыш мектепте «Дүниетану» пәні арқылы жүзеге асырылады. «Дүниетану» пәнінде кiрiктiру ұстанымы «адам – табиғат – қоғам» ретiнде ғана емес, «адам – заттар», «адам – қоғам», «адам – табиғат әлемі», «адам – адамдар», «адам – отбасы», «адам – оның шығармашылық әрекеттерi», «адам – туған елінің тарихы», т. б. арқылы да жүзеге асады. «Дүниетану» пәнін оқыту үдерісі кiрiктiру ұстанымына негізделсе, бастауыш сынып оқушысы «адам – табиғат – қоғам» жүйесіндегі өзара байланысты ұғынады, экологиялық мәдениеттің қарапайым білік, дағдыларын игереді, өзінің табиғаттағы әлеуметтік өмірдегі, қоғамдық ортадағы орнын түсініп, жеке тұлға ретінде өзін-өзі, өзінің мүмкіндіктері мен қабілеттерін сезінетін болады. «Дүниетану» пәнінің 1-сыныптан бастап ұғымдардың қалыптасып, бірте-бірте дамуы тұрғысында оқытылуы қажет. Ендеше, дүниетануды оқытуда функционалдық сауаттылық қалыптастырудың келесі шарттарын анықтайды, ол оқушыларда сұлулықты көру мен түсіну, бағалау және оны қолымен ұстау, тәжірибе жасау біліктілігін дамыту шарттары болып табылады. Егер осы шарттар бастауыш сыныпта орындалғанда оқушының функционалдық сауаттылығы қалыптасады. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын тиімді қалыптастыру қазақ тілін оқытудың тұлғалық-әрекеттік бағдарын күшейту нәтижесінде жүзеге асады. Өйткені сауаттылыққа оқушы өз әрекетінің иесі – субъект дәрежесіне көтерілгенде толық қол жеткізеді. Орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілінің оқыту сапасын көтерудің басты шарты ретінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру алынған жағдайда олар әрекеттік бағыт ұстанымына, оқушылардың коммуникативтік құзіреттерінің қалыптасуы ұстанымына, аутентикалық тұрғыдан оқыту ұстанымына, интерактивтік оқыту ұстанымына негізделуі қажет. Сонда ғана функционалдық сауаттылық оқушының қазақ тілін әлеуметтік сұранымға сай қолдану мүмкіндіктерін арттырады. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқыту – қазіргі заман талабы, өмірлік зор маңызы бар өзекті іс болып отыр. Орыс тілінде  білім беретін мектептегі «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнін оқытудың мақсаты – оқушылардың қазақ халқының көркем әдебиет туындыларымен, әдебиет теориясымен жүйелі түрде таныстырып, сол негізде оқушыларға жан-жақты тәрбие бере отырып, әдебиетіміздің үздік туындыларымен, көркем мәтіндерді оқыту барысында қазақ тілінде ауызша және жазбаша сөйлеу тілін дамыту, қазақ әдебиеті шығармаларын өз бетінше оқып, түсіне алуын қамтамасыз ететін тілдік негіз қалыптастыру. Еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруі бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын тиімді қалыптастыруда оқу бағдарламасындағы әрбір пәннің рөлі зор. Соның ішінде қазақ тілі мен әдебиетінің алатын орны ерекше. Осы ретте, оқушыға халықтың қоғамдық өмірін, арман-мүддесін танытуда, оларға идеялық-саяси, рухани-адамгершілік, этикалық-эстетикалық т.б. тәрбие беруде, дүниеге көзқарасын, мінезін, жалпы мәдениетін қалыптастыруда көркем әдебиетті қуатты құралдардың бірі ретінде пайдалану – әдебиет пәнінің басты мақсаты болып есептелсе, тіліміздің өзіндік қалыптасқан нормаларын, жалпы айтқанда грамматикасын үйрету –қазақ тілінің басты міндеті болып танылады. Мұғалімнің міндеті оқушының өзі түсініп, ізденіп оқуына, пәнді терең білуге бағыттау білімнің қажеттілігін түйсік арқылы саналы қабылдау. Болашақ азамат өз ұлтының асыл мұрасымен сусындау арқылы туған халқының тарихымен, мәдениетімен жете танысып, білімін кеңейтеді. Қазақ тілінің грамматикасын терең меңгерген оқушы, қоғамның кез келген саласында қиналмай жұмыс істеп, өзінің функционалды сауаттылығын көрсете алады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан жүктелетін міндет өте ауыр» деген болатын. Осы ғылым мен білімнің негізін тереңдету нәтижесінде ғана еліміз өзінің елдігін басқа елдер алдында көрсете алады. Ал ел тағдыры, оның келешекте кемелді ел болуы мектептің қандай негізде құрылуына байланысты болған. Қорыта келгенде, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту – бүгінгі заман талабы. Осы орайда, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін дұрыс үйрете білу өте маңызды. Педагогтің  сабақ өту шеберлігі, яғни шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастыруы, бұл заман талабынан туындап отырған мәселе. Өз мамандығын толық меңгерген жоғары деңгейлі оқытушының  алдынан шыққан оқушы – өмір айдынындағы өз жолын адаспай табады, азамат болып қалыптасады. Бұл ұстаз үшін абырой, яғни үмітінің ақталғаны, әрбір мұғалім осыған ұмтылса ұрпақ алдындағы қарыздың өтелгені. Мұғалімнің сабағының өн бойындағы негізгі мақсаты, оның негізгі мәнін естен шығармай, әрбір сәтті тиімді пайдаланғанда өз мақсатына жетеді. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
  1. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлтық іс-қимыл жоспары (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 маусымдағы № 832 Қаулысы).
  2. Оразахынова Н., Кенжебаева Г. М. - «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру жолдары» ғылыми мақаласы, 2012. –[ 42-47 б.].