Балалардың сенсорлық қабілетін дидактикалық ойындар арқылы дамыту [Дошкольное образование]
Организация : "Маяковский атындағы орта мектебі" КММ
Должность : Тәрбиешісі
Дата : 11.11.2019
Издатель : Индира Т., корреспондент
Номер журнала : 10-2020
Аннотация: Бұл мақала мектепке дейінгі жастағы балалардың сенсорлық қабілеттерін дидактикалық ойындар арқылы дамытудың әдістемелік тәсілдерін қарастырады. Зерттеудің мақсаты – сенсорлық тәрбиенің педагогикалық әлеуетін анықтау және оны іске асырудың тиімді жолдарын ұсыну. Мақалада танымдық әрекеттердің дамуының негізі ретіндегі сенсорлық тәрбиенің теориялық негіздері талданады, сонымен қатар оны жүзеге асырудың кезеңдік моделі (диагностика, жекелендірілген тапсырмаларды дайындау, ойын әрекетін ұйымдастыру, ата-аналармен жұмыс) сипатталады. Зерттеу әдісі ретінде талдамалық әдебиетке шолу, сараптама және педагогикалық бақылау қолданылды. Нәтижелер дидактикалық ойындардың баланың қабылдау, ойлау және ұсақ моторикасын үйлесімді дамытудағы тиімділігін растайды. Қорытындылай келе, жүйелі түрде ұйымдастырылған ойын әрекеті мектепке дейінгі жастағы баланың сенсорлық танымын толыққанды қалыптастырудың негізгі шарты болып табылады.
Кіріспе. Бала тәрбиесі әрқашан қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі болып келді, өйткені мемлекеттің болашағы білімді, тәрбиелі, жан-жақты дамыған жастардың қолында. Ал жастардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін бірден-бір бастапқы орта – балабақша болып табылады, ол баланың үйлесімді дамуын қамтамасыз етеді. Бала тәрбиесіндегі басты бағыттардың бірі ретінде сенсорлық тәрбиені қарастыруға болады. Сенсорлық тәрбие – баланың сезім мүшелері арқылы қоршаған әлемнің қасиеттерін (түс, пішін, көлем, салмақ, даам, иіс, дыбыс) қабылдау, тану және бағалау қабілетін дамытуға бағытталған педагогикалық үдеріс [1, б. 45]. Мектепке дейінгі кезең – бұл қабілеттің қарқынды қалыптасатын ең сезімтал кезең. Атап айтқанда, кішкентай балалар тобында (2-3 жастағы балалар) сенсорлық даму – олардың барлық танымдық белсенділігінің негізгі қозғаушы күші болып табылады.
Сенсорлық тәрбиенің теориялық негіздерін мектепке дейінгі педагогиканың аса көрнекті өкілдері – Ф. Фребель, М. Монтессори, О. Декроли, Е.Н. Тихеева, Л.А. Венгер т.б. жасаған [2, б. 112]. Олардың еңбектері сенсорлық танымның ақыл-ой дамуының негізі екенін, ал оны дамытудың негізгі құралы дидактикалық ойын екенін дәлелдейді. Бүгінгі таңда бұл тақырыптың өзектілігі баланың ақпараттық ортаға ерте кіруімен және виртуалды тәжірибелердің артуымен байланысты. Нақты сезімдік тәжірибенің жетіспеушілігі сенсорлық дамудың бұзылуына, қиялдың нашар дамуына, сөздік қордың тарылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан, дидактикалық ойындар арқылы сенсорлық қабілеттерді жан-жақты дамыту – заманауи мектепке дейінгі тәрбиелеудің маңызды міндеті болып табылады. Осы мақаланың мақсаты – мектепке дейінгі балалардың сенсорлық қабілеттерін дамыту үшін дидактикалық ойындарды тиімді пайдаланудың әдістемелік тәсілдерін талдау және жүйелеу болып табылады.
Негізгі бөлім. Мектепке дейінгі жастағы баланың сенсорлық дамуында бір-бірімен тығыз байланысты екі жақ ажыратылады. Біріншісі – қоршаған заттар мен құбылыстардың түрлі қасиеттері (түс, форма, өлшем, фактура) туралы түсініктерді меңгеру. Екіншісі – бұл қасиеттерді толық және нақты қабылдауға мүмкіндік беретін қабылдаудың жаңа әрекет түрлерін (сәйкестендіру, салыстыру, сұрыптау) меңгеру. Бұл үдеріс сенсорлық эталондарды игеру арқылы жүзеге асырылады. Сенсорлық эталондар деп адамзат тәжірибесінде қалыптасқан, қасиеттер мен қатынастардың негізгі түрлері туралы үлгілік бейнелерді (мысалы, геометриялық пішіндер, негізгі түстердің спектрі) айтады [1, б. 78]. Дидактикалық ойындар баланың нақты ойын әрекеті арқылы осы эталондарды танып, оларды өз тәжірибесінде пайдалану дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сәбилер тобында сенсорлық дамуды ұйымдастырудың тиімді моделі келесі бес кезеңнен тұруы мүмкін:
- Бастапқы диагностика және талдау. Бұл кезеңде балалардың сенсорлық дамуының бастапқы деңгейі анықталады. Мысалы, «Тура осындай ғимаратты сал» ойыны (түстерді сәйкестендіру), «Тап және көрсет» (формаларды тану), «Жануарларға үйге қайтуға көмектес» (өлшемдерді салыстыру) сияқты арнайы тапсырмалар арқылы баланың түстерді, формаларды, өлшемдерді ажырата алу қабілеті тексеріледі. Нәтижелерге сәйкес балалар даму деңгейі бойынша топтарға бөлінеді (төмен, орташа, жоғары), бұл жекелендірілген тәсілді қолдануға мүмкіндік береді.
- Жекелендірілген оқу-тарбиелік міндеттерді белгілеу. Әр топ үшін олардың қабілетіне сәйкес мақсаттар қойылады. Төмен деңгейдегі балалар үшін негізгі түстер мен формалармен таныстыру, қарапайым сәйкестендіру әрекеттерін орындау мақсат етіледі. Орташа деңгейдегі балалар үшін салыстыру, өлшемдерді сезгіштер арқылы (көзімен, қолымен) бағалау, бір белгі бойынша сұрыптау тапсырмалары күрделенеді. Жоғары деңгейдегі балалар үшін бірнеше белгі бойынша бір мезгілде талдау («үлкен қызыл шарды тап»), өз әрекетін сөзбен сипаттау, күрделі конструкторлық тапсырмалар қойылады.
- Дидактикалық ойындар мен жаттығулар кешенін іс-әрекетке асыру. Бұл іс жүзіндегі негізгі кезең болып табылады. Жұмыс «қарапайымнан күрделіге» принципі бойынша жүргізіледі. Түстермен танысу үшін түрлі-түсті қағаздар мен ойыншықтарды сұрыптау, сары түске боялған заттарды іздеу ойындары пайдаланылады. Форманы тану үшін әртүрлі саңылаулары бар «Сортировщиктер», геометриялық фигуралардан орнатулар жинау ойындары тиімді. Өлшемдік қатынастарды меңгеру үшін әртүрлі мөлшердегі пирамидалар, сақиналар, ойыншықтарды «үлкен-кіші» ретімен орналастыру ойындары ұйымдастырылады. Ұсақ моториканы дамыту сенсорлық дамудың ажырамас бөлігі болып табылады, өйткені қолдың жіңішке қимылдары ми қыртысының сәйкес бөлімдерін ынталандырады [3, б. 23]. Сондықтан, түймелермен, липучкалармен, баулармен жұмыс істейтін, кішкене бөлшектерді қозғауды талап ететін ойындар (мысалы, «Лего» үлгілері, мозайка) міндетті түрде қолданылады.
- Баланың қызығушылығын сақтау және ойын әрекетін әртараптандыру. «Бірнеше рет қайталау» тәсілі сәбилер тобында аса маңызды, өйткені жаңа материалды меңгеру жылдамдығы әр балада әртүрлі болады. Дегенмен, қайталау монотонды болмауы керек. Ойынның мазмұны өзгертілуі, жаңа материалдар енгізілуі, ойын жағдайлары күрделендірілуі мүмкін (мысалы, бастапқыда тек түсі бойынша сұрыптау, кейін түсі мен пішіні бір мезгілде есепке алу). Тәрбиешінің мақтау сөздері, ойын әрекетіне белсенді қатысуы, оң эмоционалды атмосфера жасау – баланың қызығушылығын арттырудың негізгі факторлары болып табылады.
- Ата-аналармен бірлескен жұмыс. Сенсорлық тәрбиенің тиімділігі отбасында жалғасуына тікелей байланысты. Тәрбиеші ата-аналар жиналысында сенсорлық дамудың маңыздылығы туралы ақпарат береді, ойын бұрышында ұсынылатын ойындармен таныстырады, үйде қолдануға болатын қарапайым дидактикалық ойындардың мысалдарын береді (мысалы, тағамның түсі мен пішіні туралы әңгімелесу, иісін сезу, әртүрлі фактурадағы маталардан сезімдік алаңша жасау). Бұл тұтас педагогикалық үдерісті тұтастырады.
Дидактикалық ойындарды қолданудың педагогикалық тиімділігі олардың танымдық, тәрбиелік және дамытушылық функцияларының кешенділігінде көрінеді. Бала тек түсті меңгеріп қана қоймай, сонымен бірге зейінін шоғырландыруға, өз әрекетін жоспарлауға, салыстыруға, қорытынды жасауға үйренеді. Ойын жағдайында қате жасау – бұл тәжірибе, ал табыс – ізденіске деген қызығушылық пен өзін-өзі сенімділікті арттырады. Сонымен қатар, бірлескен ойындар балалардың бір-бірімен сөйлесуіне, ынтымақтасуына, эмоцияларды бөлісуіне мүмкіндік береді, бұл әлеуметтік-коммуникативтік дағдыларды қалыптастырады.
Қорытынды. Сонымен, дидактикалық ойындар – мектепке дейінгі жастағы балалардың сенсорлық қабілеттерін дамытудың негізгі және ең тиімді құралы болып табылады. Олар балаға қоршаған әлемнің негізгі қасиеттерін танымдық және эмоционалдық қатынаспен, ойын формасында игеруге мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері сенсорлық дамудың жүйелі жұмысы (диагностика, жекелендірілген тәсіл, кезеңдік оқыту, отбасымен ынтымақтастық) баланың қабылдау сапасын айтарлықтай жақсартатынын, сезімдік сөздік қорын байытатынын, сөйлеу мен ойлау дамуына оң әсер ететінін көрсетеді. Ұсақ моториканы дамыту бір мезгілде жүргізілетін маңызды тағы бір бағыт.
Қорытындылай келе, әр тәрбиешінің алдында мектепке дейінгі жастағы балалардың сенсорлық тәрбиесін дамыту – бұл жауапты педагогикалық міндет болып табылады. Дидактикалық ойындарды ғылыми негізделген және жүйелі түрде пайдалану баланың жан-жақты дамыған, сыни тұрғыдан ойлай алатын, қоршаған әлемді сезімдік түрде бай бағалай алатын тұлға ретінде қалыптасуына негіз салады. Болашақ зерттеулер арнайы психологиялық-педагогикалық жағдайлары бар (мысалы, сенсорлық өңдеу бұзылыстары бар) балалар үшін сенсорлық ойындарды бейімдеу мәселелерін тереңірек қарастыруға бағытталуы мүмкін.
Әдебиеттер тізімі
- Идрисова, М.Ә. Мектепке дейінгі педагогика: Оқу құралы. – Қарағанды: «Гласир», 2011. – 283 б.
- Ф. Жұмабекова. Мектепке дейінгі педагогика. – Астана: «Фолиант», 2008. – 336 б.
- Венгер, Л.А., Пилюгина, Э.Г. Сенсорлық тәрбие және оны жүзеге асыру. – М.: Просвещение, 1989. – 190 с.
- Әдістемелік журналға мақала жариялаудың негізгі талаптары [Электронды ресурс] – https://adisteme.kz/rules.html