Жалпы unix жүйесі туралы негіздеме [Английский язык]

Автор статьи : Алмас О.
Организация : Зияткерлік технологиялар институты
Должность : ағылшын тілі және информатика пәні оқытушысы
Дата : 26.01.2021
Номер журнала : 01-11-2021

UNIX операциялық жүйесінің (ары қарай – Жүйе) тарихи дамуы 1969 жылдан бастап бастау алады. AT&T Bell Laboratories[1] корпорациясының лабораториясында жұмыс істеген Кен Томпсон (Ken Thompson) мен Денис Ритчи (Dennis Ritchie) бос уақыттарында өздерінің ортақ ынталығымен әр түрлі тапсырмаларды орындай алатын көп қолданушыларға арналған операциялық жүйені жоғарғы бағдарламалаудың «С» тілінде жазып шығарады. Жүйені лаборатория көлемінде өз ерікті тексерулерден өткізіп, оның ыңғайлылығына және қажеттілігіне көз жеткізген соң, таныс университеттеріне ұсыну арқылы бергендерін алып тарата бастаған. Арада өткен он жыл ішінде, жүйенің елге танымал және сұранысты болып кетуі – оның тәуелсіз тегін таралуында. Яғни, өткен ғасырдың 80-ші жылдарында жүйенің бірден әйгілі болуы осында жатыр. Кез-келген компьютердің жаңа жүйелерін жасаумен айналысатын құрастырушылар, дәп осы кезеңнен бастап аталмыш жүйені негізгі платформа ретінде жұмыстарына қолданысқа ала бастады.

Жүйе айналасында белсендене түскен алып-сату шаралары әр түрлі тәуелсіз топтар мен компаниялардың арасында жабық, әрі құпия түрде өндірілетін қосымша және толықтаушы бағдарламаларды құрастыру жарысын бастап жіберді. Сан алуан университеттер мен зерттеу орындарында жұмыс істейтін, өз еріктерімен ізденіс жүргізетін бағдарламашылар көптеген қызықты идеяларының арқасында UNIX жүйесін негізге ала отырып, жаңа функциялар туғызатын бағдарламалар шығарып жатты.

Тәжірибелік оқулық тақырыбының негізіне сәйкес сол кезеңде құрастырылған жүйелердің арасынан GNU жобасын ажыратып, тарихи дамудың осы бағытына ауысамыз. 1983 жылдың 27 қыркүйегінде GNU жүйесін құрастыра бастаған Ричард Мэттью Столлман (Richard Matthew Stallman), осы бағыттың негізгі ізбасары болып табылады. UNIX емес "GNU is Not Unix" – деген түсініктен шығарып алынған GNU операциялық жүйесі атауының өзі тіптен бөлек платформа деп сипатталады. Дегенмен, тарихи деректердің қалай дамып келе жатқанын көріп отырмыз.

Ары қарай, 1991 жылы Фин студенті Линус Торвальдс (Linus Torvalds), UNIX жүйесі мен GNU жобасының жетістіктерін жинақтай отырып, Linux ядросын құрастырып шығарады. Сол кезеңдегі құнды жүйелермен салыстырмай, қазіргі заманның еркін таратылатын операциялық жүйелерімен теңестіретін болсақ, GNU/Linux ең танымал, әрі мүмкіндігі жоғарылардың біріне жатады.

UNIX тәріздес операциялық жүйелері деп аталатын – Linux операциялық жүйе ядросының нақты және біріңғай атауы жоқ. Linux ядросы тегін таратылатындықтан, оның әр түрлі қажетті мақсаттарға арналған нұсқалары көп. Сондықтан, атқарылатын жұмыс бағыттарына сәйкес керекті бағдарламалық бөлшектерді құрайтын жинақтары сан алуан.

Бастапқы кезеңінде Linux жүйесі тек, қызығушылық танытатын іздемпаздармен ғана құрастырылатын. Артынан, бұл жүйенің қолдану өрісі өрлеген сайын, ірі-ірі компаниялар да ынталана түсіп, елеулі үлестерін қоса бастады. Тәуелсіз лицензия[2] негізінде таратылатын бұл бағдарламалардың ауқымды үлесі компьютер қолданушыларына тегін жеткізіледі.

2014 жылы Зияткерлік технологиялар институтының мамандарымен жүргізілген статистикалық сараптау мәліметтері бойынша, Linux жүйесі смартфондар (Android әлем саудасының 64,1 % құрайды), ғаламтор серверлері (60 %), ең қуатты суперкомпьютерлер (93,8 %), дата-орталықтар, нетбуктар (32 %) және әлем деңгейіндегі үй компьютерлері арасында тұрақты 3-ші орынды иеленіп келеді.

Linux жүйесін жетілдіру жұмысы дамыған сайын, оны роутерлерге, модемдерге, ретрансляторларға, теледидарларға, ойын құралдарына кеңінен орнатып келе жатыр.

Қазіргі кездегі қашықтық білім беру жүйелерінің басым көпшілігі Linux платформасындағы серверлерге орнатылады. Зияткерлік технологиялар институтының барлық қашықтық білім беру порталдары да Linux негізінде қызмет атқаруда.

Кеңінен тараған дистрибутивтік жинақтардың ішіне келесілерді жатқызуға болады: deb-based (Debian, Mint, Ubuntu), RPM-based (RedHat, Fedora, Mageia, OpenSUSE), source-based (Slackware, Gentoo), pacman-based Arch Linux.

[1] Bell Laboratories (Bell Labs – деген атауымен де танымал, бұрынғы атаулары – AT&T Bell Laboratories, Bell Telephone Laboratories) – телекоммуникациялық, электрондық және компьютерлік жүйелерді зерттеумен кәсіптенетін бұрынғы американдық, қазіргі кезде франко-американдық ірі корпорация ретінде танымал. Негізгі орналасқан жері – Мюррей Хилл (Нью-Джерси, Америка Құрама Штаттары).

[2] Тәуелсіз лицензия (ағыл. free license) – тегін орнатуға, таратуға, өзгертуге және жетілдіруге мүмкіндік беретін төрт негізді құрайтын құқық түрі.

Қолданылған әдебиет:

  1. А.А. Оскенбаев, WordPress Start. Linux операциялық жүйесінің негіздері: Тәжірибелік оқу құралы, - Алматы: Зияткерлік технологиялар институты, 2021.