Ыбырай Алтынсарин шығармашылығының көп қырлылығы [Основы начального образования]
Әр заман, тарихи әр кезең әлеуметтік құбылыстар өздерінің дарынды өкілдерін жарыққа шығарып отыратыны мәлім. Олар халқының мұқтажын көре біліп, халқының игілігі үшін бар күш- жігерін аямай жұмсаған ардақты азамат ретінде халық тарихынан орын алып отырған. Мұндай азаматтардың игілікті дәстүрлері ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып, елдің тарихи, мәдени өміріне елеулі ықпал еткен.Солардың біреуі емес, бірегей- Ыбырай Алтынсарин болды.
Ыбырай Алтынсарин ұрпақ тәрбиесіне арналған шығармаларды көп жазды.Сол шығармалар арқылы тіршіліктің өзекті мәселелерін көтеруге бет бұрды. Ол қазақтың жазба әдебиетінің, әдеби тілінің негізін қалаушылардың бірі болды.Әдебиетке тың тақырыптар, озық ойлар әкелді. Шиеленіскен тартысты, соны бейнелер арқылы бұрын болмаған жанр арқылы әдебиетті мазмұн жағынан, түр жағынан байытты.
Ыбырай Алтынсариннің жемісті еңбек етіп, едәуір жақсы шығармалар қалдырған саласының бірі - проза болды. Ыбырайға дейін шын мәніндегі көркем проза қазақ жазба әдебиетінде қалыптасқан жоқ еді. Ол жаңа үлгідегі көркем прозаны қалыптастырушы болды.
«Ең парасатты проза – дәл және қысқа жазылған проза» деген А.С.Пушкиннің пікірі өте орынды деп ойлаймын.[4. 128б.] Ыбырай әңгімелерін жанр жағынан үш топқа бөлген. Оның бірі – новелла, екінші тобы – ертегі, аңыз – үлгісінде жазылған әңгіме, үшіншісі – шағын көлемді мысал үлгісіндегі өнеге сөздер.
Бұл ретте – «Новелла – бұрын соңды көз көріп, құлақ естімеген тамаша оқиға туралы шындыққа сыйымды әңгіме» деп Гете айтса, Зейнолла Қабдолов – «Әңгіме –шағын көлемді эпикалық түрдің айрықша үлгісі» деген екен.
[2. 134б.][3. 7б.]
Мазмұны жағынан Ыбырай әңгімелері өз кезеңінің келелі мәселелерін қамтыды, әділдікке, адамгершілікке, ізгілік пен мейірімділікке, талаптылық пен білімділік секілді ізгі қасиеттерді игеруге шақырды. Нағыз күшті, нағыз құдіретті проза – жинақы проза. Жинақылық – мұқият мықтының ісі, онда айтпауға болмайтын шындық қана қалған деп жазған ғалым – К.Паустовскийдің пікірін айта кеткен жөн деп ойлаймын.[1. 50-51б.]
Ыбырай Алтынсарин өлең жазса да қысқа әңгімелер жазса да шынайы өмірмен, халық тұрмысымен байланыстыра отырып жазған. Демек, Ыбырай әңгімелері қарапайым жазылған әрі нақты өмірмен байланысты. Әңгіме жанрының талаптарына толық сай келеді, ағартушының ойы айқын көрінеді. Қысқа әңгімелеріндегі көтерілген мәселелердің өміршеңдігі сол кез үшін және бүгінгі өмірде тәрбиелік мәні зор.
Әңгімелерінің идеясы - еңбекті сүю, қадірлеу, жақсы мінез- құлыққа бағыттау, халқын сүю, перзенттік парыз тағы басқалар.
Оның «Бай баласы мен жарлы баласы», «Қыпшақ Сейітқұл», «Киіз үй мен ағаш үй", "Надандық", "Лұқпан Хакім" тағы басқа бірсыпыра шығармалары қоғамдық өмірдің әр алуан жақтарын суреттеуге арналған. Бұл еңбектерінде жазушы өз дәуірінің елеулі мәселелерін көтеріп, еңбекші халықтың қоғамдық санасын оятуды, тәрбиелеуді мақсат етеді.Озық ойларының жемісі - әңгіме оқушысын еңбек етуге, өмір сырын ұғына түсуге бағыттайды.
Ол халық- ағарту ісіне арнаған әдеби туындыларында оқу- білімді насихаттаудың ұтымды әдісінің қажеттігін көрсетті. Білімнен кенже қалған халық үшін ғылым мен техниканың жетістіктерін насихатттай алатын қысқа көлемдегі поэтикалық шығармалардың айрықша ұтымды екенін, әсерін терең сезінді. Қазақ жастарын білім алуға, мәдениеттің жаңа дәстүрлерін игеруге шақырды.
Ыбырай өзінің педагогтық мақсатына лайықтай жазған тәрбиелік мәні жоғары көптеген шағын әңгімелерін, өлеңдері мен ауыз әдебиеті үлгілерін, сондай-ақ орыс педагогтары мен айтулы орыс қаламгерлерінен аударған шығармаларын оқулыққа енгізген болатын. Бұл шығармалардың тақырыптық – идеялық мазмұнынан біз Ыбырайдың ұстаз – тәрбиеші ретінде алдына мақсат етіп қойған адамгершілік мәселелерін көреміз.
Ыбырай Алтынсарин қазақ арасына әуелі Европаның білім – ғылымның көзін ашқан бір аяулы жан болды. [5. 9-10б.]
Демек, Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығының көп қырлылығы осыған дәлел болады.
Ол өз заманының бет алысын анық аңғарды, халық өмірін жаңа арнаға салуда қазақ әдебиеті тарихында әңгіме жанрын қалыптастырушы тұңғыш қаламгер еді.
Өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген кемеңгер, суреткер, ең маңызды мәселесін көтеріп, жаңалық жаршысы бола білген халқының абзал азаматы. Ол өз әңгімелерінде өмір құбылысын, адам әрекетін ешқашан дағдыдан тыс әсірелеп суреттеп, шындықтан алшақтамайды. Өмір мәселелерін суреттеуде айқын мінезді образдарды, кейіпкерлерді шынайы өмірге тән әрекеттер арқылы бейнелеуді мақсат тұтты. Ұғымға жеңіл, әсерлі, қарапайым тілмен идеяны айқын берді, тақырыпты дұрыс таңдауы және қорытуы - өте ықшам әрі түсінікті. Ыбырай өз дәуірінде қазақ халқына керекті еңбек түрлерін, озық оқу үлгісін, адамгершілік қасиеттің тамаша қырларын өз туындыларында жарқырата ашып көрсетті.
Мұхтар Әуезов: «Сөз өнері сөйлеу емес, сөзбен сурет салу» деген болса, Ыбырай өз туындыларында сөзден өрнек сала білді.
Мысалы:
- Ауыстыру (метафора)
Сен – жас ағашсың («Бақша ағаштары»)
Ауыстыру дегеніміз сыртқы немесе ішкі бір ұқсастығына қарап бірінің орнына екіншісінің қолданылуы.
- Алмастыру (метaнимия) ... бір арбалы келіп («Аурудан аяған күштірек»)
... қисық өсерсің («Бақша ағаштары»)
- Әсірелеу (гипербола)
... жаным көзіме көрініп тұр («Аурудан аяған күштірек»)
- Теңеу
... суы мұздай, шыныдай жылтылдап, қазандай тасты деуінің өзі әңгімелерінің идеялық қуатын көрсетеді.
Бұдан біз Абай мен Ыбырайдың ақындық, ағартушылық еңбектері бірін- бірі толықтырып, үндесіп жатқанын байқаймыз. Олардың бұл үндестігін терең зерттеп дәлелдеген ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов болды. Абайдың қол жазбаларының ішіне Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларына жасалған аудармалар қоса кірумен бірге, Ыбырай өлеңдері де үнемі бірге көшіріліп жазылып жүруші еді». [6. 251б.]
Қазақ әдебиеті тарихында табиғат лирикасы жанрының туындап қалыптасуына Алтынсарин зор үлес қосты. Орыс ақыны, А.С.Пушкиннің табиғатты жырлау дәстүрін Алтынсарин қазақ әдебиетіне алғаш рет батыл енгізіп, жаңа сипатты поэзияның қалыптасуына жол салды. Бұл шығармаларында Абай мен Алтынсарин бүкіл адамзатқа ой салып, адамгершілікке шақырады, ізгілікті ту етіп көтереді.
Ыбырай Алтынсариннің қаламынан туған аудармалар, өлеңдер, әңгімелер, мысалдар, этнографиялық очерктер мен ертегілер оқырман жүрегіне жол тапты. Оның шығармаларының тақырыбы да әр алуан. Ыбырайдың шығармаларын оқи отырып, халық өмірін жаңа арнаға салуда білім мен тәрбие мәселесі қатар жүру керектігіне назар аударғанын көруге болады.
Қорытындылай келе, ұлы ағартушы қандай шығарма жазса да туған халқына, оның келешегіне сенгенін көреміз.Оның артында қалдырған мұрасы аса бай және сан алуан. Шығармалары қысқа мазмұнды, балалардың түсінуіне жеңіл. Аз сөзге көп мағына сыйғызу, мақал-мәтел мен афоризмдерді орынды қолдану, әр әңгіменің тағылымдық мәніне ерекше көңіл аударуға негізделген ерекшеліктерін байқаймыз. Сондықтан да Ыбырай Алтынсаринді балалар әдебиетінің негізін салушы дейміз.
Халқымыздың ұлы перзенті, қазақ жерінде оқу-ағарту ісін жүзеге асырған зиялылар көшбасшысы, тұңғыш халық ағартушысы қоғамда өзгерісті жасау жолында талмай күресіп, ел игілігі үшін жан аямай еңбек етудің үлгісін көрсеткен, ХІХ ғасырдың екінші жартысында шолпан жұлдыздай жарқырап әлем көгіне шыққан, ұлт тарихында аты мәңгі өшпейтін кемел тұлға – Ыбырай Алтынсарин қоғамдық ой – пікірдің өркендеу тарихына үлкен орын алған педагог, демократ.
Өнегелі өмірі, тынымсыз ізденісі, жан-жақты таланты арқылы танылған Ыбырай Алтынсариннің мазмұнды да мағыналы әсем лирикалық өлеңдері, қысқа да әсерлі әңгімелері қазақ әдебиетінің тарихында өшпес орын алатыны даусыз.Ұлы ағартушының ізденіске, күреске толы өмірі барша мұғалім мамандығын таңдаған қауымға үлгі, күнделікті соғылатын қоңырау іспеттес.