Ұйқас — өлең үндестігінің кілті [Стихи]

Автор статьи : Алмас О.
Организация : Журнал редакциясы
Должность : Бас редактор
Дата : 29.08.2024
Редакционная коллегия: онлайн нұсқада ғана жариялауға рұқсат етілген

Ұйқас — өлең тармақтарындағы аяққы сөздердің дыбыстас естілуі, үндестігі. Жалпы ұйқас ырғақты күшейтеді, тармақ жіктерін ажыратады. Ұйқас өлең жолдарын бір-біріне келген дейді, өлеңнің шумақ, тирада сияқты бөліктерінің әрқайсысын бір бүтін етіп тұтастырады, соңдықтан әр шумақтың немесе әр тираданың ұйқасы, суреті өз алдына бөлек-бөлек болып келеді. Қазақ өлеңі, оның ішінде Абай өлеңдері де аяққы ұйқасқа құрылған. Абай өлеңдерінде ұйқастың қазақ әдебиеті теориясың айтылатын түрлерінің (қара өлең ұйқасы, шұбыртпалы, ерікті, кезекті, шалыс, егіз, аралас ұйқастар) бәрі бар. Абайдың ерен ақындық шеберлігі мен жаңашылдығының көрінісі — өлеңнің шумақты-шумақсыз құрылымына, сондай-ақ, шумақты өлеңдерінің неше тармақтан тұратындығына қарай ұйқас суретін құбылту - Ақынның 4 тармақты, 7-8 аралас буынды өлеңдерінің көпшілігі -а, -б, -а, -б суретті шалыс ұйқасқа құрылған. Мысалы:

  1. Желсіз түнде жарық ай, - а
  2. Сәулесі суда дірілдеп. – б
  3. Ауылдың жаны терең сай, - а
  4. Тасыған өзен күрілдеп. - б


Абайдың 4 тармақты бірөңкей 7 буынды немесе бірөңкей 8 буынды өлеңдері -а, -б, -а, -б және -а, - а, -б, -а суретті ұйқаспен жазылған. 6 тармақты, шумақты кейбір ұйқас өлеңдері -а, -б, -а, -б, -в, -в түрінде келеді, бұл да Абай шығармаларынан басталатын ұйқастың түрі:

  1. Ғашықтық іздеп тантыма - а
  2. Аз күн әуре несі іс? - б
  3. Өзіңнің қара артыңа, - а
  4. Өткен өмір бейне түс. - б.


Синтаксистік құрылымы мен композициялық құрылысы, ырғағы мен ұйқас суреті жағынан қазақ поэзиясына Абай әкелген соны дүниелер, оның сегіз аяқтары, яғни, 8 тармақты, шумақты 3 өлеңі. Бұлардың ұйқас суреті -а, -а, -б, -в, -в, -б, -г, -г. Мұндағы -а, -а, -в, -в, -г, -г ұйқасымен берілген тармақтар өзара бір-бірімен синтаксистік әрі мағыналық жұптар түзеді, Абай поэзиясындағы ұйқасқа қатыстырылған сөздер өлеңнің мазмұнына, ойына, стиліне тікелей қатысты болып келеді. Оның Абайдың 1923 ж. Қазан қаласында жарық көрген өлеңдер жинағының алғашқы ішкі екі беті сатиралық өлеңдерінде адамның мінез-құлығын жағымсыз жақтан көрсететін сөздердің бір тобы еліктеуіш, бейнелеуіш сөздер. Сондықтан ақын «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым»деген өлеңін бастан-аяқ қыртың, бұртың, тырқың, жырқың сияқты жағымсыз бейнелі сезердің ұйқасына құрады, жұртым, ұртың, құлқын деген мәнді, «бояусыз» сөздерді соларға ұйқастырады. Далпылдап, жалпылдап, бартылдап, барқылдап, шаңқылдап, тарқылдап «Болыс болдым, мінеки» деген өлеңінде, бос салақтап, бұтып-шатып, қудай атып деген сияқты бейнелі сөздер жағымсыз бейне жасау үшін ұйқасқа алынады. Тек жағымсыз бейнелерді жасауға ұйқасатын сөздерді таңдап алу - Абай шеберлігінің бір қыры. Мысалы:

  1. «Единица - жақсысы,
  2. Ерген елі - бейне нөл..,
  3. Единица кеткенде,
  4. Не болады өңкей нөл»

деген ойды бір өлеңінің өзегі еткен Абай орыстың «ноль» сөзін бейне етіп қазақ поэзиясына енгізеді де, оған ой екпінін түсіру үшін өлеңді бастан-аяқ осы сөздің ұйқасына құрады. Абай портрет жасауда да, пейзаж беруде де ұйқасты шебер пайдаланады. - ып (-іп, -п) жұрнақты өткен шақ көсемше тұлғасымен келген етістік ұйқастардың барлығы дерлік бейнелі қолданыстар, олар жазды күнгі ауыл суретін беруге (Ат, айғырлар, биелер Бүйірі шығып ыңқылдап, Суда тұрып шыбындап...), көбінесе, адамдардың қимыл-әрекеті арқылы олардың портретін жасауға қолданылады. Абайдың жалпы етістік тұлғаларын өлең ұйқасына алып бейне жасауға қатыстыруы бұрыннан келе жатқан поэтикалық амалды нығайтып, одан әрі дамытуы болса, екінші жағынан, оның өзіне тән қолтаңбасы. Өйткені, Абай пайдаланған етістік ұйқастар байырғы қазақ поэзиясындағы ашық райдағы тиянақты баяндауыштар емес (барады, алады, қалады сияқты), -ып жұрнақты тиянақты да, тиянақсыз да болып қызмет атқаратын көсемшелер, да шылауымен келген шартты рай тұлғасы (Жарқ етпес қара көңілім не қылса да, Аспанда ай менен күн шағылса да...), барыс септіктегі -у жұрнақты тұлғасы («Интернатта оқып жүр» деп басталатын өлеңінің ұйқастарын қараңыз), -мақ жұрнақты тұлғасы («Тотықұс түсті көбелек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» сияқты өлеңдерінің ұйқасына назар аударыңыз) болып келеді.

Өлеңнің көптеген шумақтары мен жеке бөліктерінің 1 ұйқасты (моно рифмалық) немесе әр түрлі ұйқасты болып келуінің оның композициясы мен ойдың берілу сипатына тікелей қатысы бар. Бір ұйқас тәсілі қазақ поэзиясында бұрын да қолданылып келген, бірақ, ол көбінесе, 7-8 буынды шумақсыз жыр өлшемінде қолданылған, ал, Абай бұл тәсілді 11 буынды 4 тармақты өлеңдеріне де енгізген және етістік бір айқаспен қатар, өзге сөз тұлғаларын да пайдаланған. Бір ұйқасты Абай әдейі қалайды, өйткені, ол ең алдымен ой тұтастығын жасауға көмектеседі.

Өлеңді шумақтарға топтастыруда ұйқас сурет - ең негізгі белгі. Абай өлеңдерінде тек 4 тармақты емес, 6 тармақты (алты аяқ), 8 тармақты (сегіз аяқ), 14 тармақты, кейде аралас тармақты болып құрылған өлеңдерінде ұйқас негізгі роль атқарады. Сонымен қатар, Абайда ұйқас - тирада деп аталатын өлең құрылымын жасауға қатысады. Тирада - бір өлеңнің тармақ саны әркелкі болып келген бөліктері. Бұндай бөліктердің ара жігін айыратын ұйқас болады. Мыс., ұйқасқан сөздеріне қарай «Қайғы шығар ілімнен» деп басталатын өлеңі 7 бөліктен тұрады: 1-бөлік 8 тармақты ұйқасатын сөздер: ілімнен, білімнен... мінімнен, 2-белік4тармақтықайда жоқ, пайда жоқ, 3-бөлік 10 тармақты дәулетке, келбетке... әлбетте, 4-бөлік 12 тармақты ұлықтап, қызықтап... құрықтап, 5- бөлік те 12 тармақты қансаңыз, салсаңыз... ол қарыз, 6-бөлік 10 тармақты бурыл шаш, топтан қаш... өлсең де аш, соңғы 7-бөлік 4 тармақты қайда жоқ, пайда жоқ тирадалар. Бұл өлеңнің әр бөлігінде тармақ сандары ғана әркелкі емес, ұйқас суреттері де әр түрлі: 8, 10, 12тармақты бөліктер -а, -а, -б, -а, -в, -а, -г, -а, -д, -а болып ұйқасса, 4 тармақты 2 бөлік -а, -б, -в, -б ұйқасымен келеді. Соңғы ұйқас суреті өте сирек, ол өз алдына жеке шумақ не тирада құрастырудан гөрі, тұтастың сынығы іспетті. Абайдың бірқатар өлеңі тирада құрылымымен келген. Ұйқасына қарай топтасқанда «Ғылым таппай мақтанба...» деп басталатын өлеңі 2-ақ бөліктен тұрады: біріншісі 43 тармақты 1 тирада болса, 2-бөлігі 34 тармақтан құрылған 1 тирада. Сол сияқты Абайдың «Бәтен елде бар болса...» деп басталатын өлеңі 17 бөлікке бөлінген, 17 тирададағы құрылған шығарма деп тануға болады. Мұндағы әр бөліктің жігін айырып тұрған - ұйқастырылған сөздер. Әр бөлік тирада болғандықтан, тармақ сандары әр түрлі: бірінде көп, бірінде өте аз. Тирадаға құрылған өлеңдердің қатарына «Сап, сап, көңлім, сап, көңлім», «Болыс болдым, мінекей»т. б. өлеңдері жатады.[1]

Дереккөздер

  1. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9