Ұлағатты есімге лайық жан [История Казахстана]
«Адамның адамшылығы - жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі-мұғалім. Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады деп В.А.Сухомлинский көрсеткенінідей ,ұстаз - қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық иесі. Ұстаз ... жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсені ұмытпайтын ... алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі ..., мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ .., жұрттың бәріне ... жақсылық пен ізгілік көрсетіп ... қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек»-деген екен Әл-Фараби бабамыз. Осындай қасиеттерді бойына жинай білген , өз ісінің хас шебері қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Қарайдарова Жанар Сералықызы . Жанар Сералықызы Темір ауданы Сарыкөл орта мектебінде 1992 жылдан бері еңбек етіп келеді. Өз табандылығы мен қайсарлығының арқасында 1994-2001 жылдар аралығында аудандағы ең жас директор бола тұра, мектебінің жетістіктерге жетуіне , шәкірттерінің озық болуы жолында еңбек ете білді. Бүгінгі ұстаз шәкірттеріне ғылым негіздерінен ғана мәлімет беріп қоймай , қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге де тәрбиелеп келеді. Ұстаз еңбегі шәкірт жетістіктерімен өлшенетін болса Жанар Сералықызының да шәкірттері өзгелерден оза шапты.Құмсай негізгі мектебінің директоры Тәжібаева Жанар Карибаевна, Шұбарши орта мектебінің директоры Нуржанова Әлия Маратовна сынды оқушылары ұстаз жолын жалғастырды. Жанар Сералықызының шәкірті - Құдайбергенова Таңшолпан Тілегенқызы «Ұлылық ұстаздан таралады» атты облыстық жас ақындар байқауында І орын иегері болып, ұстазының жетекшілігімен «Үкілі үміт» атты тұңғыш жыр жинағын шығарды. Бұдан өзге де көптеген шәкірттері аудандық, облыстық сайыстардың жүлдегерлері. Ұстаздық жолында айшықты қызметімен дараланған Жанар Сералықызының еңбегі аудан ,облыс, республика көлемінде еленіп марапаттауларға ие. Педагогтық шеберлік- дарынды талант емес, үйрену , іздену нәтижесі. Ұстаз талапшылдығы мен ұқыптылығы, еңбегі оны өзгелерден ерекше етіп тұрады. Көп мұғалімдерге үлгі болған, кез келген сәтте көмек қолын соза білген осындай ұстаз біздер, кейінгі буын үшін өнеге, үлгі екенін мақтанышпен айта аламыз.