Тәжірибедегі рефлексия [Математика]

Автор статьи : Акгуль А.
Организация : ММ"Мичурин орта мектебі"
Должность : Математика пәнінің мұғалімі
Дата : 20.11.2017
Редакционная коллегия: онлайн нұсқада ғана жариялауға рұқсат етілген

Мектеп тренерінің «Тәжірибедегі рефлексия» жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының кәсіби даму бағдарламасы курсынан есеп

«Қазақстан республикасында орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында мұғалімдердің оқыту тәжірибесін жетілдіру қажеттілігінің маңызы арта түсуде. Осыған орай мұғалімдердің тәжірибесін арттыру және қолдау көрсету мақсатында қазақстан республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары бойынша біліктілігін арттырған мұғалімдердің (бұдан әрі – мектеп тренерлері) әлеуетін пайдалану қарастырылған. Осы мақсатта «Педагогикалық шеберлік орталығы» жекеменшік мекемесі «Тәжірибедегі рефлексия» жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының кәсіби даму бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) әзірледі». Міне,осы бағдарлама негізінде мектеп тренері ретінде мектеп мұғалімдері өз курстарын бастап кетті. Курстың мұғалімдер үшін тиімділігі зор. Біріншіден, жаңа бағыттағы бағдарлама идеяларымен жан жақты таныса алады, екіншіден, курс мектепте өткізілетіндіктен, басқа жаққа барып іздеудің қажеті жоқ. Сондықтан мұғалім үшін уақытты ұту жағынан өте тиімді. Курстың өз дәрежесінде өтуі үшін мектеп басшылығы тарапынан қолдау көрсетіліп, жағдай жасалынып отыр. Тыңдаушылар әртүрлі пәннің мұғалімдері болғандықтан, негізгі мақсат мұғалімдерді жаңа әдіс-тәсілдермен таныстыру, тәжірибеде қолдануға үйрету.

Бағдарламаның мақсаты: Педагогика кадрларына оқушылардың шығармашылық, зерттеу, сын тұрғысынан ойлау, логикалық ойлау және проблемаларды шешу дағдыларын дамытуға көмектесетін педагогикалық әдіс-тәсілдерді меңгерту. Бағдарламаның міндеттері: 1)Мұғалімдердің бойында төмендегідей дағдылардың қалыптасуын қамтамасыз ету: • оқыту үдерісін жоспарлау; • оқушыларды оқу үдерісіне тарту; • АКТ құралдарын тиімді қолдану; • оқушылардың сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамыту; • оқушыларды тиімді түрде жүйелі бағалау; • өзінің оқыту үдерісі туралы рефлексия; 2)мұғалімдерді үздіксіз кәсіби дамуға дайындау. Осы мақсат пен міндетті алдыға қоя отырып, курс өзінің қызықты да қиын жұмысы арқылы мүғалімдердің жүрегіне жол таба білді. Бекітілген жоспарға сәйкес тыңдаушылар жаңа әдіс-тәсілдерді меңгере отырып, оқушыларды шынайы өмірге дайындаудың маңыздылығына мән бере бастады. Өздері барлық жұмыстарды өз қолдарымен істеп, оқушының орнына өздерін қойды. Сабақ үстінде сырттағы адамдардан интервью алып, кинометофора әдісін қолдану арқылы фильм дайындады. Ал бұл мұғалімдер үшін қызықты әрі тың дүние болды. Сондай-ақ , күнделікті топқа бөлудің ерекшелігі, әртүрлілігі, сергіту минутының өзінің оұушы үшін маңыздылығы, өз жауабын өзі бағалай алуы , топтық жұмыс, жұмыстардың эстетикалық тұрғыдада өзіндңк ерекше болуына мән берілуі, кері байланыстың тиімділігі курстағы әр сессияның ерекшеленуіне үлес қосты. Әріптестерім тарапынан « бір күн сабақтан қалсақ, талай дүниеден құр қалады екенбіз» деуі осы курсқа берілген баға деп түсінемін. Мен әр мұғалімнің мүмкіндіктерін, қабілеттілігін және өзін-өзі іске асыруын дамыту мақсатында бірінші бетпе-бет кезеңінің 3 апта 3 күні «Тәжірибені түрлендіру. Қуатты педагогикалық құралдар: талантты және дарынды балаларды оқыту» тақырыбын өттім. Сабақтың мақсаты мен одан күтілетін нәтижелері SMART аббревиатурасына сәйкес, Блум таксономиясына сүйеніп, жеңілден күрделіге қарай жүйеленіп құрылды және мақсатты жүзеге асырғанда нәтижені көруге болады. Мақсаты: Мұғалімдерге сыныптағы барлық оқушылардың оқу қажеттіліктерін анықтауда көмек көрсету, талантты және дарынды оқушыларға арналған зерттеу нәтижелерін назарға алу, түсініктерін анықтауды ойластыру, инклюзивтік тәжірибеге сүйенетін тәсілдер ұсыну, оқу бағдарламасы мен оқу стратегияларын «тереңдету» туралы идеялар енгізу. Таланттылар және дарындылармен жұмыс басталды. Осыдан күтілетін нәтиже: Қабілеттілігі әртүрлі оқушылар бірлескен тапсырмаларда қолданатын әртүрлі дағдыларды айырып танып, көмектесуге жету үшін дарындылықты анықтау тәсілдеріне көштім. Аудиторияда жағымды психологиялық ахуал орнату және мұғалімдер бір-біріне сәттілік тілеп, қоян-қолтық араласып, сабаққа белсене қатысуын қамту мақсатында «Сәттілік» тренингін жүргіздім. Сабақтың тақырыбын ашу мақсатында мұғалімдердің қажеттіліктеріне және мүдделеріне жүгіну арқылы ғана қызығушылығын оятуға болатынын ескеріп, ойландыруды, уәж тудыруды көздеп, АКТ-ы пайдаланып, «Одаренные дети» бейнеүзігін көрсеттім. Осы бейнеүзік мұғалімдерге ой салды ма? Бейнеүзіктен алған ақпараттар мұғалімдердің талантты және дарынды балаларды оқытудағы көзқарастарын жақсы жағына, дамуына қарай өзгертті ма? деп бұл бейнеүзікті таңдау кезінде өте көп ойландым. Мұғалімнің оқып үйренуге деген ынта-ықыласы, ниеті мен зауқы болмаса, оқу нәтижесінің мардымды болуы екіталай. Француз жазушысы Анатоль Франс кезінде «тамақ тек зор тәбетпен ішкенде ғана сіңеді» деген екен. Уәж тудыру немесе қызығушылықты ояту тура осы білімге, үйренуге, білуге деген «тәбет». (Оқытудағы интербелсенді әдіс-тәсілдер, А.Қ.Әлімов, 57 бет). Өзінің кәсіби тұрғыдан дамып, тәжірибесін жетілдіріп отыруды көздейтін мұғалімге бұл бейнеүзік қызықтырып және ой салды деп ойлаймын. Мұндай ой түюдегі себебім, өз құрдастарымен салыстырғанда дамуы, тапсырмаларды орындауы жоғарырақ деңгейдегі мұғалімдерге сонда, сабақ беретін мұғалімнің деңгейі қандай болуы керек? деген сөздерді айтып, өздерінің бұл тұрғыда қай деңгейде екендіктерін саралап, ойланып қалды. Бұл бейнеүзікті дұрыс таңдағаныма қуанып қалдым, өйткені мұғалімдер үйреншікті емес нәрсеге кезіккенде үйренуге ынталы болатындығын байқадым. Сабақтың тақырыбын бірден ашып айтты. «Бумеранг» тәсілі арқылы сұрақтар құрастырып, өздері осы тәсілдің ережесіне сәйкес жауап берді. Сыни тұрғыдан ойланып, құрастырылған сұрақтар... Дарынды балалар дегеніміз кімдер? деген сұрақтар төңірегінде қызықты пікірталас өрбіп, ортақ келісімге келіп, дарынды оқушы дегеніміз - бірнеше қабілеттіліктері жоғары деңгейде дамыған оқушылар деп топ болып анықтады. Өз айтқан ойларын Мұғалімдерге арналған Нұсқаулықтың 73 бетінен тауып оқып беріп, жаңа дағдыларын дамытты. Талантты балалар дегеніміз кімдер? сұрағын қойғанда, мұғалімдерден нені естігім келеді? деп ойландым, өйткені бұл дамытуға ынталандыратын және ойландыратын сұрақ болуы керек. Бұл сұрақты болашақта талантты балалардың қандай ерекшеліктері бар? деп мүмкін өзгертуін сұраймын. «Анағұрлым жоғары нәтижелерге қол жеткізе алуы үшін орта буын деңгейінде қандай тәсілді қолданады? cұрақ ой салып, талантты және дарынды балаларды оқытуда өзінің жұмыс тәжірибесіне басқа көзқарас қырынан қарағанда ғана шын мәнінде оның жақсы немесе нашар екенін байқай алды. Бұл құнды пікірлер мені қуантты өйткені, мұғалімдердің бұрынғы тәжірибелері көмектесті деп ойладым. Сұрақтарға жауап бере отырып, тақырыптың қай бағытта өрбитінін түсінген олар кейбір назардан тыс қалған мәселелерді аңғарып, бұл іске басқа тұрғыдан қарау қажет екен деген қорытындыға келді. Мұғалімдер мен бүгін дарынды оқушының рөлінде болып, тақырыпты талдасам ертең сабағымда қажет, өз қажеттіліктерімді қанағаттандыратын білім аламын деп қызығушылық танытты. Мен қандай ой түйдім? Түйінді идеялар жауапкершілігімді екі есе арттырып, жүректен шыққан сөздер маған түрткі болды. Мен осы тақырыптың мұғалімдер үшін өзекті екенін, жауапкершілікпен, белсенді жұмыс істеу қажеттілігін сезіндім. Бұл тақырып бойынша мен не білемін? Не білгім келеді? Бұл білім маған қалайша қажет болады? деген сұрақтарға жауап іздеп, кері байланыс жасауды көздедім. Талантты және дарынды оқушылар туралы Кембридж бағдарламасының түйінді идеясын Н.Теплов «Қабілеттілік сияқты дарындылық та туа бітпейді, ол дамуда өмір сүреді» десе, ал қазақ ғұламасы М.Әлімбаев өзінің ой-толғамында «Талант табиғаттан, талап өзіңнен»,- деп сәйкесінше түйіндейді. (Coogle Chrome браузері, sabaktar.kz, республикалық әдістемелік сайтынан алынды). Дарынды оқушылар тәкаппар, өз қабілеттерін мақтан тұтады және олар басқа оқушыларды менсінбейді деп сыни тұрғыдан ойланатын ой айтты. Дарынды оқушылардың басқа оқушыларды менсінбеу себебін дәлелдеу мақсатында дарынды оқушылар өзі сияқты дарындылармен бірге оқыса, өзін басқалармен салыстырып бағаланады да ол өзгереді деп ойды өрбітті. Дарынды оқушылар қабілеттерінің деңгейлері бірдей оқушылармен жұмыс істесе оң нәтижеге яғни, «таң қаларлық жетілдіруге» алып келеді деді. Ал жай мектепте оларға ерекше көңіл аудару керектігін мойындады. Сонда не істеуіміз керек? деген проблемалық, сыни тұрғыдан ойландыратын сұрақ туындады. Оларға маңызды тапсырмалар беру керек және олардың дарындылығын дамыту үшін қолдау көрсетіп, ойлануларына мәжбүр ететін тапсырмалар беру керек деген пікірталас барысында тамаша тұжырымдар айтылды. Мұғалiм оқушының талантты немесе дарынды екенін қалай анықтайды? Дарындылықты анықтау мектепте жиі кездесетін мәселелердің бірі. Дарындылықты анықтау үшін «Кластер» тәсілін пайдаландым. Бұл тәсілді пайдаланудағы себебім, өздерінің мектептегі байқағандары мен Кембридж бағдарламасының түйінді идеясын қосып, дарындылық деңгейі мен дәрежесін анықтау туралы қарастыру еді. Дарындылықты анықтауға байланысты күрделі мәселелер көптеген сұрақтарды туындатты. Солардың бірі дарындылықты салыстырмалы түсінік ретінде қарастыруы болды. Мұғалімдер көшбасшылық танытатын оқушыны дарынды оқушыға жатқызатыны, генетикалық факторларға байланыстылығын айтты. Дарынды оқушылардың жетістіктерін анықтайтын тестілерге сүйенгеннен гөрі өз ара араласып, мүмкіндіктері әртүрлі оқушыларды бақылау секілді әдістерді қолдану тиімді екендігі талданып, айтылды. «Кластер» тәсілін пайдалана отырып, өздерінің мектептегі бақылаулары мен Нұсқаулықтағы теорияларды салыстырып талдай отырып, дарынды оқушылардың ерекшеліктерін жіті қарап қорытындылады. «Кластер» тәсілі өз идеялары мен ақпараттардың арасындағы байланыстарды айқындауда осы тапсырманы орындауға арналған өте тиімді тәсіл екендігін байқадым. Мұғалімдер топта осы тәсілмен талдай отырып, дарындылықты анықтаудың жолдарын іздеп тапты. Топта он бір бастауыш мұғалімдерінің қажетін қанағаттандыру мақсатында талантты және дарынды бастауыш сынып оқушыларына арналған тапсырманы дайындап үйренуі қажет деген оймен «Үш торай» слайдын көрсеттім. Мақсатым: Мұғалімдерді соның ішінде әсіресе, бастауыш сыныптың мұғалімдерін инклюзивтік қағидат негізінде талантты және дарынды аудиал, визуал, кинестетик оқушыларды анықтап осыны ескеріп таныстырылымды жасап, талдап, проблемасын шешуге дағдыландыру, табыс критерийі арқылы бағалау болды. Мұғалімдердің АКТ-ы пайдаланып, іздену сәтінен көрініс. Оқушылардың ерекшеліктері аудиолар ақпаратты есту мүшесі арқылы қабылдайтынын, визуалдар айналасында жүзеге асып жатқан құбылыстарға терең үңіліп, ақпаратты көздері арқылы қабылдаса, ал кинестетиктер қоршаған ортаны ерекше сезініп, ақпаратты қимыл-қозғалыс арқылы, ал қойылған сұраққа қысқа да, нұсқа жауап беретінін ескерсе білім сапасының артатын түсінді. Үйдің суретін кірпіштен салынғанын визуалдар, ал қасқырдың қулығына қарсы торайдың әрекетіне кинестетиктердің ерекше мән беретінін терең түсініп, дарындыларға тапсырма дайындап және оларды ажыратып, нәтижеге жетті. Талантты және дарынды балармен жұмыста мұғалімдердің тәжірибе жүзінде білім алуын жетілдірудегі мақсатым, биология пәнінен үлгі ретінде кеңейтілген тапсырма құрастырып, ары қарай өз беттерінше талдау жасату болды. Онда түймедақ гүлінің өмірдегі алатын орнын толық анықтау қажет болды. Мұғалімдер пән бойынша топқа бөлініп, теорияларға сүйеніп, тәжірибе жүзінде өз беттерінше күрделендірілген, кеңейтілген тапсырмаларды дайындады. Мұнда түймедақ гүлінің емдік қасиетін талдап, ол қасиеті барлық адамдарға пайдалы ма? деген проблемалық сұрақтарды талдады. Содан кейін пән бойынша әр топ интернет материалдарын пайдаланып, креативті идеялары бар постерлерді жасады. Мұғалімдер проблема туындатып тіл мамандары «2000 теңге кімге бұйырады?», физиктер дәлелдеу үлгісін көрсететін «Ойлау жылдамдығы», география пәні бойынша «Шығармашылық ойлау» қиындық деңгейі жоғары сұрақтар сияқты әртүрлі тапсырмалар дайындады. Постерді қорғағанда, идеяларын қорытуға келгенде мұғалімдердің ерекшеліктері, бейімділіктері әр түрлі болғанын байқадым. Мұғалімдер күрделендірілген тапсырмаларды дайындағанда оқушылардың жас ерекшеліктеріне де мән берді яғни, өзінің іс-тәжірибесінен дәлелдемелер келтірді. Мұндағы мақсатым, проблема шешкенде бұрынғы білімде білмейтінді анықтау үшін күрделендірілген тапсырмаларды дайындауға дағдыландыру еді. Мұғалімдер осы тапсырмаларды өз постерлерін қорғап, орындай отырып, үнемі өз-өздерін жетілдіріп отырды. «Ересек балалар зейіндерін тиімдірек шоғырландыра алған. Бұл зерттеу біздің селективті зейінімізге еске сақтаудың белсенді сипаты айтарлықтай әсер ететіндігін анықтады. Осындай оқыту нәтижесіндегі қорытынды-тапсырмаларды балалар үшін тартымды, қызықты және оларға сәйкес келетіндей етіп жасау маңызды» (Мұғалімдерге арналған Нұсқаулық, 78 бет). Мұғалімдерге әр сессияда қолдау көрсетіп, қажетті білімді алғаннан кейін кері байланыс жүргізіп, формативті бағалауды жүзеге асырдым. «Басбармақпен» бағалаған кезде тапсырманың сапалы жерін ажыратып айтты. Байқағаным, кемшілігін тауып, оны сапалы жақсартудың жолдарын айту қиынға соқты. Осы жұмыстың қай жеріне өз үлесіңізді қосар едіңіз дегенде барып, мұғалімдер өзінің түсінігінен туындаған жаңа көзқарастарын айтты. Жақсартудың жолдарын айту үшін, болашақта сыни ойландыратын ауызша дискуссиялар ұйымдастырамын. Мысалы, бастауыш сынып мұғалімдері «Ара мен шыбын» деген тапсырманы түсіндіріп жатқанда, шыбын ара сияқты еңбекқор болуы үшін қалай өзгеруі, не істеуі керек? деп проблемалық сұрақты қойып, пікірталас ұйымдастырамын деді. Біз олардың ойлауларына жетелеу үшін қолдан келгеннің барлығын жасауымыз керек. Бұл айтылған сөз көптеген мұғалімдерге тың ой салды. Формативті бағалауда ең тиімді тәсілдердің бірі - табыс критерийін мұғалімдермен бірігіп құру. Жақында эксперттің жоғары деңгейдегі тәжірибесі маған көп көмегін тигізді. Мен бағалаудың ара жігін өте анық ажыратып алдым. Тағы да мен табыс критерийін барлық топтан жалпы сұрап, олардың айтқанын өзім тақтаға жазатын едім, енді өз ісінің маманы, шебер эксперттің тәжірибелік көмегінің арқасында мен енді бір топқа «жоғарғы деңгей», екінші топқа «орташа деңгей» балының т.с.с. критерийлерін құрастырғызып, талдау кезінде стандартқа сәйкес келсе бірден тақтаға іле беремін. Маған бұл идея өте ұнады, қажетті көмек бергені үшін шексіз алғысымды білдіремін. Әрбір мұғалімнің қалай жұмыс жасағанын анықтауға, жақсартатын жағын айтуға келгенде көпшілігі қиналады. Мұнда себебі, басты сұрақ қалай жұмыс жасап, оқу мазмұнын қандай дәрежеде игергенін бағалау қажет. Сол себепті өздерінің қалай дамығанын білуі үшін оларға бірін-бірі бағалау жұмысын тапсыру орынды деп ойлаймын. Төрт сессияда да жұмысты орындау барысында табыс критерийі бойынша бағалау қажет екен деген тұжырым жасадым. Оқыту үдерісін мақтауға ерекше мән бергенде мұғалімдердің тапсырмаларды орындау қабілеттеріне деген үлкен сенімі артады. Сабақ жайлы ой-толғанысымды қорытындыласам, болашақта қажетті кері байланысты алу үшін нақтылайтын сұрақтарды көбірек қамтимын. Дарынды балаларды оқыту адам капиталын дамытудың құралы.