Қызықты химия тәжірибелері [Химия]

Автор статьи : Самал Д.
Организация : М. Дауленов атындағы мектеп интернаты
Должность : химия, биология пәндерінің мұғалімі
Дата : 15.09.2018
Издатель : Молдир Д., Автор
Номер журнала : 01-09-2018

Оқушылардың  химия  пәніне деген қызығушылығын арттырып, дүниетанымдық көзқарасын дамыту үшін  әртүрлі тақырыптарда кештер, үйірмелер, сайыстар өткізіп отыру пән мұғалімінің  басты мақсаттарының бірі. Оқушылармен  өткізілетін химиялық кештердің бір  бөлімі қызықты тәжірибелерді көрнекі көрсетуге арналады.

Қызықты тәжірибелерді көрген оқушыда қызығушылықтан әртүрлі сұрақтар туады. Одан әрі сол сұрақтың жауабын табуға ынталанады. Нәтижесінде оқушының химия пәніне деген қызығушылығы артып, ынтасы дамиды. Қызықты тәжірибелердің «кілтін» немесе мәнін бірден айтудан  гөрі оқушылардың өзіне ойландырып айтқызған дұрыс. Тәжірибе жасайтын оқушыларды таңдап алудың да өзіндік ерекшеліктері бар. Тәжірибе жасайтын оқушы өзінің сөзімен, іс-қимылымен оқушыларды шын мәнінде «сиқыршы» тәрізді тартатындай болуы тиіс. Сондай тәжірибелердің кейбіреулері беріліп отыр. Сондай-ақ үй жағдайында жасап көруге болатын қызықты тәжірибелер де беріліп отыр.

ЕСКЕРТУ: Кез-келген тәжірибені жасау кезінде техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұмытпаймыз!!! Ауыртпай жасалған «операция»

Үстіне ақ халат киген оқушы тәжірибе  үстелінің жанына келіп, балаларға қарап: « Қазір мен сіздерге адамның денесін ауыртпай операция жасауды көрсетпекпін. Операцияның жасалуы да , жазылуы да тез. Бір батылдау  біреуің осында келуіңді сұраймын.»- деп шақырады. Жанына келген  оқушының білегіне «спирт» жағады да, операция пышағын дезинфекциялағыш  сұйықтан алып оның білегін ары-бері кескен болады. Қолдан «қан» шығарады. Артынан қолдың қанын сүрткен болып, суланған таза шүберекпен сүртеді. Қолы жазылады, «қаны » тазарады. Бұл қызықты «операция» отырғандарды таңқалдырады. Бұл  тәжірибедегі  қолданған «спирт» 5 пайыздық темір (ІІІ) хлориді ерітіндісі, ал дезинфекциялағыш зат калий роданиді болған  еді. Қан болып қызарған зат ол темір роданиді болған. ҒеСІ3+3КСNS=Fe(CNS )3+ 3KCI

Сіріңкесіз жағылған от. Кішкене әйнектің үстіне калий перманганатын салып, оның үстіне бірнеше   тамшы күкірт қышқылын  тамызады. Бұл қоспаны темір қаңылтырға салады. Осы қоспаның айналасына ағаш жаңқаларын салып қояды. Одан кейін бір түйір мақтаға спирт сіңіреді де саусақтың арасына қысып қояды, басқа адамдар байқамай қалатындай етіп ұстайды. Қажетті кезінде мақтаны ошақтың  үстіне жақындатып қысып қалады. Ол қоспаға тиген  кезде от алып, ағаш жана бастайды. Оттың жануы себебі спирттің Мп2О7 де қуатты тотығуынан болады.

Отсыз түтін. Тәжірибе жүргізуші : « Отсыз түтін жоқ, бұлтсыз жауын жоқ »- дейді. Міне, осы мақалды химия жоққа шығарады. Қараңдар, мен қазір отсыз түтін  шығарамын. – деп екі таяқшаны бір –біріне  жақындатады. Сонда будақтаған қою ақ түтін пайда болады. Содан кейін түтін шығу себебін сурап немесе түсіндіреді. Мүсәтір спиртіне батырылған таяқшаны концентрациялы тұз қышқылына батырылған таяқшаға  жақындатып тигізгенде будақтаған ақ түтін пайда болады. Онда мынадай реакция жүзеге асады: NH4OH+ HCI=NH4CI+ H2O Будақтаған  ақ түтін- аммоний хлоридінің майда түйіршіктері. Бұл тәжірибені цилиндрде де жасауға болады не екі ерітіндіге батырылған мақталарды тиістіру арқылы түтін түзілетінін  көрсетуге болады.

Шақпақ қантты қалай жағуға болады? Егер бір түйір шақпақ қантты спиртшамның жалынына ұстаса , ол балқып  көмірленіп күйе бастайды, бірақ  жанбайды. Ал қант балқыған кезде   үстіне темекі күлінен сеуіп жіберсе , қант от алып , әдемі көкшіл жалынмен   дыбыс шығарып жана бастайды. Оның құпиясы мынадай:       « Темекі күлінде шамалы литий тұзы болады, ол қанттың тотығуын тездетіп  жандырады, яғни катализатор рөлін  атқарады.»

Резиналы жұмыртқа. Жұмыртқаның қабығы кальций карбонатынан тұратынын бәріміз жақсы білеміз.  Сірке   суын пайдалана отырып, жұмыртқаны қабығынан қалай тазалауға болатынына көз жеткіземіз. Ол үшін бір шикі және бір піскен жұмыртқаны аламызда  екі стақанға салып, сірке суымен толтырамыз. Жұмыртқа  қабығынан көпіршіктер бөлініп шығып жатқанын байқауға болады, ол бөлініп жатқан көмірқышқыл газы. 2-3 күн өткен соң жұмыртқаны  алып  суық  суға шайып көретін болсақ, шикі жұмыртқа резина тәрізді массаға, ал піскен жұмыртқа қоймалжың массаға айналады. Яғни төмендегі реакция жүзеге асады. CaCO3+2CH3COOH=(CH3COO)2Ca+CO2 +H2O

Құмнан шыққан жылан. Ас содасы мен қант ұнтағын (сахарная пудра) араластырамыз,  әйнектің бетіне құмды  саламызда тегістеп  оған спирт  (изопропанол) құямыз да үстіне   араластырған қоспаны  салып от тамызамыз.   Біраз  уақыттан соң   құмнан   ирелеңдеп   жылан   тәрізді  зат  шыға бастайды.

Көпіршіктер жасау. Сұйық  сабынның 20 мл алып , оған марганцовка   ерітіндісін   және сутегінің  асқын   тотығын құйып араластырамыз. Көпіршіктердің көлемі   ұлғая   береді.

Майшамды үрлемей өшіру. Ас  содасынан 1-2 қасық  тарелкаға  салып, оған сірке суынан құямыз. Көмірқышқыл  газы бөліне бастағанына көз жеткізуге болады. Жанып тұрған майшамға жақындатсақ майшам өшеді, себебі көмірқышқыл газы ауадан ауыр болғандықтан ыдыста жиналады және ол жануды қолдамайды.

Крахмалды анықтау. Ыдысқа  суық  су   құйып оған нанның бір тілімін  саламыз, оны кайтадан алып суға  йод ерітіндісіне тамызамыз, біраз уақыттан соң су кара түске дейін өзгереді. Бұл дегеніміз крахмалдың бар екенінің белгісі.

Шырпы неге жалындап жанады? Стақанға сутегінің асқын тотығынан аздап құямыз да оған калий перманганатының біраз түйірлерін саламыз. Быжылдап газ бөлінгенін байқаймыз, ол бөлінген оттегі газы. Дәлелдеу үшін шала жанған немесе сөніп бара жатқан шырпыны стақанға жақындатамыз, шырпы лапылдап жанады. Ал оттегі жануды қолдайды.

Жанартаудың атқылауы. Әйнектің бетіне аммоний бихроматының біраз мөлшерін төмпешік тәрізді үйіп саламыз да оны сіріңкемен жағамыз. Қарайып жана бастаған аммоний бихроматы жанартау атқылаған тәрізді бейнеге енеді де жан-жағына шашырай бастайды.

Ерітіндінің түсін өзгерту. Суға зеленканың бірнеше тамшысын тамызамыз, жасыл түсті ерітінді пайда болды. Оған сутегінің асқын тотығының бірнеше тамшысын қосамыз. Оның үстіне күйдіргіш натр немесе кәріз тазалағыш сұйықтықтың бірнеше тамшысын тамызамыз. Біраз уақыттан соң ерітінді түссізденеді. Бұл әдісті киімге түскен дақтарды кетіруге пайдалануға болады , бірақ сілтінің орнына аммиак ерітіндісін пайдаланамыз.

«Бағдаршам» жасау. Бұл тәжірибе ерітіндінің түсін тез өзгертуіне байланысты «бағдаршам» деп аталады. Алдымен калий перманганатын суға аз мөлшерін ерітеміз, қантты суға ерітеміз, екі ерітіндіні бір-біріне қосамыз да үстіне  сілті немесе кәріз тазалайтын сұйықтықтан құямыз. Таңқурай түсті ерітінді алдымен көк түске сосын жасыл түске соңынан сары түске өзгереді. Неге? Себебі: Калий перманганаты қантты сілтілік ортада тотықтырып, марганец  диоксиді түзілді.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. А. Мырзабаев. Н. Тұрбекова. Химиядан кластан тыс жұмыстар және танымдық ойындар, 1993
  2. А. Мырзабаев. Химияның қызығы, 1963 А. Мырзабаев. Химиядан кластан тыс жұмыстар , 1964
  3. Интернет материалдары