Педагогикалық әдіс–тәсілдер білім сапасын арттырудың басты құралы [Химия]
Білім беру жүйесін инновациялық технологиялармен жабдықтап, білім берудің халықаралық талаптарын меңгерудің маңызы айрықша. Танымал ғалым, педагог, философ, профессор Джон Дьюидің: «Егер біз бүгін балаларымызды кешегідегідей оқытатын болсақ, онда біз оның ертеңін ұрлаймыз» деген ойына негізделе отырып, оқушы бойындағы қабілетті жетілдіріп, оқушыларды болашаққа жетелеп, жақсы істі бастап отырмыз. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған орай мұғалім алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды, тілдерді меңгеру, оларды тиімді қолдану міндеті тұр. Білім мазмұнының жаңаруымен қатар критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарды қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Заманауи мұғалім оқыту стратегиясының барлық мүмкіндіктерін қолдану үшін түрлі педагогикалық тәсілдерді құрамдастыруда әртүрлі арсеналы болу қажет. Білім беру стратегиялары барлық сыныппен, топта жүргізілетін жұмыс, жеке жұмыс және білім алушылармен кері байланыстан тұрады. [1,28-бет] Қазіргі таңда әр ұстаздың алдына қoйып отырған басты міндеттерінің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетiлдiрiп отыру және жаңа педагогикалық технологияларды меңгеру. Оқыту процесінде пайдаланылып отырған әртүрлі әдіс-тәсілдер мен жаңа технологиялар өз нәтижелерін беруде. Олар баланың жеке қасиетін аша отырып, оның танымдық қабілетін қалыптастыру және білімін кеңейтуге, тереңдетуге жағдай жасап отыр. Ұстаз болу үшін ең басты мәселе – оқыту әдісін дұрыс таңдау. Жаңа педагогикалық технологиялар білім алушының жеке тұлғалық күшін арттырып, шығармашылық ойының дамуына ықпал етеді. [1,40-бет]
Әдіс-тәсіл түрі | Мақсаты | Тиімділігі | Қолданылуы |
«Миға шабуыл» (әдіс) | Қандай да болмасын ақпарат (мәлімет, проблема, сұрақ) туралы бар білгендерін жазбаша немесе ауызша ой салу. | Оқушыға сұрақ қою, проблеманы зерттеу арқылы ой-өрісін дамытады, ойын еркін жеткізеді. Пікірлерінің еркін айтылуы, ешқандай сынға ұшырамау керек, қағазға түсіріліп, талқылау жұмысы болады. | Жаңа сабақ бастар алдында осы әдіс бойынша сұрақ қою арқылы жаңа сабақтың тақырыбын ашуға болады. |
«Сұраққа жетіп ал» әдісі А.Ж.Егізбаев бойынша | Оқушының өз бетінше жұмыс жасау дағдысын қалыптастыру, сұрақ қою дағдыларын дамыту. | Өз бетінше ойлап, ақпаратты меңгере алады. Ақпаратпен ықыласпен жұмыс жасайды. Мәтінге, әңгімеге сұрақ қояды, тұжырымдайды. Сыныптастарының жауаптарын ықылас қойып тыңдайды және сұрақтар қояды. Таным әрекеті үрдісінде қарым-қатынас шеберлігі дамиды. Оқушылар оқығандары бойынша бір-біріне сұрақ қояды және талқылайды. | Мәтінді толық немесе бір бөлігін оқыту (мәтіннің күрделілігіне, оқушылардың даму ерекшелігіне қарай) оқылған мәтіннің мазмұнына әр деңгейлі сұрақтар қою. 1-ші доп – сұрақ қояды, 2-ші доп сол сұраққа жауап береді. |
«Джигсо» әдісі Элиот Аронсон бойынша | Берілген тақырыпты топ ішінде талқылап, әр түрлі тәсілдермен топтық жұмыс жасау. Басқа топтарға өкілдерді жіберіп, өз жұмысы туралы топта талқылау, идеялармен бөлісу, ынтымақтастықты дамыту. | Ынтымақта бірлікте жұмыс жасауға, білгенін жолдастарымен бөлісуге, тақырыпты ортаға салып талқылауға, түйінді ойды саралауға жетелейді. | Көлемді мәтін төрт бөлікке бөлінеді оқушыларда төрт адамдық шағын топтарға бөлініп («бастапқы топ»), 1-ден 4-ке дейін нөмірленеді. Осыдан кейін олардың әр-қайсысы өз нөміріне сәйкес мәтіннің бір бөлігін ғана оқиды. Содан кейін топтар құрамы өзгертіліп, жаңа топтар («сарапшылар тобы») тобы құрылады, сарапшылар топтарында оқушылар өз нөмірлері бойынша жинақталады: мәтіннің № 1 бөлігін оқыған оқушылар 1 топқа т.с.с. Өкілдер басқа топтарға барып, өз жұмыстарын таныстырады, топтық талқылау жүреді. |
«INSERT» әдісі | Оқылған мәліметті түртіп алу жүйесі бойынша таным түсінігін қалыптастыру. | Жаңа материалмен таныса отырып, түртіп алу жүйесімен мәлімет жинайды, саралайды, бағалайды. | Тапсырманы оқып, түртіп алу жүйесі бойынша жұмыс жасалады:W- білемін; + жаңалық; - білмеймін; ?- білгім келеді; кесте жүйесі бойынша жұмыс жасайды. |
«Кластер» әдісі | Идеялар мен ақпараттардың арасындағы байланыстарды жинақтау, тұжырымдау. | Тақырыптардың байланыстары туралы сұрақтар құрастырып, оларға жауап іздейді, идеяларды жинақтайды. | Тұжырымды ойларын қарталарға түсіріп, топтық жұмыс қорғалады (постер) |
«Фишбоун» әдісі (постерде) Жапондық профессор Исикава бойынша | Жаңа мәліметті, идеяларды сұрақ-жауап арқылы жаза отырып, қорытынды ойларын жинақтау. | Берілген мәлімет бойынша өздері сұрақ қойып, жауабын топтық жұмыста талқылауға, ой қорытуға белгілі бір қорытындыға келуге жетелейді. | Постерге балықтың қаңқасы суретін салып, басына тақырып жазылады. Денесінің жоғарғы жағындағы қанаттарға идеяның себептері, төменгі қанаттарға идеяның салдары жазылады. Түйінді ой құйрығына жазылады. Кейін ауызша, жазбаша кері байланыс беруге болады. |
«Үштік» әдіс (Ойлан, жұптас, бөліс) | Оқушылар ойына келген жауаптар немесе идеяларды барынша көп жазу арқылы, кейін өз идеяларымен бөлісу. | Оқушылардың есте сақтау қабілеті (мұқият тыңдалым) сақталады. Өз ойын ашық айта алады. Оқушылардың оқылым, айтылым, тындалым, жазылым дағдылары қалыптасады. | Сынып бойынша тапсырманы оқиды. Оқушылар бірнеше жұптан бөлінеді:бірінші оқушы оқиды немесе айтады, екінші оқушы тындайды, үшінші оқушы түртіп алады, кейін өз пікірін айтады. |
SWOT - талдау | Оқушының бір мәселе бойынша ойлау, талдау, салыстыру қабілетін дамыту. Өз пікірін ашық айту. | Сабақты қорытындылау барысында және кері байланыс беруге қолданылады. | Бұл әдісті қолдану барысында мәселенің жағымды, жағымсыз жақтарына сараптама беріледі, мүмкіндіктері бағаланып, қауіп-қатерлері туралы нақты дәлелдер келтіріледі. |
«Кейс – стади» әдісі | Нақты болған немесе ойдан шығарған жағдаятты талдау, болжау. | Оқушылардың есте сақтау қабілеті сақталады. Мәселелерді шешуге, баламасын анықтауға, мақсаттарын айтуға, талдауға мүмкіндік береді. | Жұмысты жүргізу үшін бір жағдаят ұсынылады, оны бөліп-бөліп кезекпен оқиды, немесе айтады, қалғандары талдау жасап, өз ойларын ортаға салады. |
«Кинометафора» әдісі Харизма бойынша (Н.Баринов) | Оқушының ой-өрісін, ойлау қабілетін дамыту. | Оқушының логикалық ойлау қабілеті дамиды. | Бір мәселе бойынша бейнесюжеттен үзінді көрсету арқылы баланың өз ойын, ой-пікірлерін білуге болады. |
«Бес саусақ» әдісі | Оқушының бір-біріне бес саусақтай бірігуіне ықпал ету. | Бас бармақ – басты мәселе Балалы үйрек – бірлесу Ортан терек – ойлану Шылдыр шүмек – шынайылық Кішкентай бөбек – көңіл-күй ахуалы | Балалар параққа алақандарын қойып, оны жиегімен қаламмен айналдырып өтеді. Осыдан соң олар сабақ туралы мынандай сұрақтарға жауап беріп, салынған саусақтарына жазады: 1.«Бас бармақ»- басты мәселе. Бүгінгі сабақта ең құнды мәселе не болды? 2. «Балалы үйрек»- бірлесу. Қалай жұмыс жасадым, кімге көмек бердім, кімді риза жасадым? 3. «Ортан терек»- ойлану. Мен бүгін білім мен тәжірибе алдым? 4. «Шылдыр шүмек»-шынайылық. Сабақмаған ұнадыма? Неліктен? 5 «Кішкентай бөбек»-көңіл-күй ахуалы. Мен сабақта өзімді қалайша сезіндім? |
«Сұрақ ілмегі» әдісі | Оқушының ойын ашық білдіруіне дағдыландыру. | Оқушы сабақтың қай бөлігін немесе тақырыпты түсінбеген болмаса сабақ төңірегінде ойландырып жүрген сұрақтарын ашық айтады. | Бұл әдісті жазбаша немесе ауызша өткізуге болады. Сұрақ қою арқылы баланың сабақты қалай меңгергенін немесе меңгермеген жерлерін білуге болады. Керісінше бала өз ойын ашық жазып іліп кетуіне болады. Түрткі болу, сынақтан өткізу немесе қайта бағыттау техникаларын пайдаланады. |
«Эйлер шеңбері» әдісі А.Ж.Егизбаев бойынша | Тақырып бойынша негізгі идеяларды жинақтап, саралау. | Идеялар жинақталып, сараланады | А-4 параққа, шағын постерге Эйлер шеңбері сызылып, кезекпен идеялар талқыланып, жазылады. Не?Қалай? Неге? Нәтиже? деген Мәселер бойынша идеялар сараланады. |
«МИКС» жаттығуы А.Ж.Егизбаев бойынша | Идеяларды жинақтап, түйіндеу, кері байланыс жасау. | Идеяларды жинақтау, түйіндейді. Әр топ шығармашылық көзқарас білдіреді. | Тақтаға түйінді 9-10 тірек сөздер жазылады. 1-ші топ – өлең шығару, 2-ші топ – эссе жазу, 3-ші топ – суреттеу, 4-ші топ – сахналық көрініс, 5-ші топ – бір әннің мелодиясына салып, топпен орындау. |
«Желпуіш» әдісі Саймон Браунхилл бойынша | Идеяларды жинақтау, жазбаша кері байланыс беру | Идеялар талқыланады, жинақталады | А-4 түрлі түсті параққа желпуіш жасалынып, әрбір бөлігіне кезекпен идеялар жазылады, кейін талқыланады. |
Қорытынды. Жалпы қорыта айтқанда, аталған әдіс - тәсілдерді сабақта тиімді қолданысқа енгізсеңіз, баланың танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал етеді, оқушылар оқудың қызықты жеңіл өтетіндігін, ұжымда бірлесіп жұмыс жасауға үйрететіндігін, білімнің тереңдігі, әрі тиянақтылығы артатындығын баяндайды. Яғни,білім алушы өз ой-пікірін ашық еркін айтады, бір-бірін тыңдауға үйренеді ұжымда ынтымақтастық атмосферасы қалыптасады. Сондықтан басқа кез-келген пәндер осындай әдістерді пайдаланса, тиімді болатындығын айтуға болады. Осыдан кейін ғана жан-жақты дамыған, болашағы айқын, бағдары анық, бәсекеге қабілетті рухани бай тұлға қалыптастыра алатынымызға сеніміміз мол.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- «Интербелсенді оқу әдістемесін мектепте қолдану» Оқу құралы /Әлімов А.Қ., Астана, 2014ж. «НЗМ» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы.
- «Ел және мұғалім» газеті, №5 (0014), 10 ақпан, 2017 ж.
- Ү. Бөлекбаева. «Ұстаздық ізденістер» Алматы, 2007 жыл
- Қазіргі сабақты жобалау және ұйымдастыру. «Өрлеу» біліктілігін арттыру ұлттық орталығы. Шымкент, 2014 жыл
- Жаңа жоба-жаңашылдық бастауы. Алматы, 2012 жыл