Оқушыларға көркем әдеби шығарманы оқытудың тиімді жолдары [Казахский язык]
Организация : Әди Шәріпов атындағы №16 жалпы білім беретін мектеп
Должность : Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Дата : 27.04.2020
Номер журнала : 01-10-2020
Ақпараттар ағыны өлшеусіз мөлшерде жылдам әрі тез қозғалыспен әлеуметтік қалыпқа енгеніне біршама уақыт болды. Ақ-қараны ажыратып үлгермеген оқушы қызылды-жасылды жарнамасы «мен мұндалап тұратын» ғаламторға әуес, бағынышты күй кеше бастағаны бүгінде қалыпты жағдайға айналғандай. «Заманына қарай адамы» деген түсінік қуатталып, адам баласы сол заман ағынымен өзгереді, болып жатқан құбылыс бағытына ойысады. Бұл – заңдылық. Осы тұста мектеп оқушыларының көркем әдеби туындыларды оқуға құлықсыз болып, ыңғай танытпайтындығын ата-аналар қауымы мен педагогтар жиі айтуда. Қай заманда болмасын әдебиет пәні адамзатты тәрбиелеуші, адам баласын ізгілікке жетелеуші күш ретінде қарастырылды. Әр парағында даналықтың ізі жатқан тәрбиелеуші фактор өз қызметін атқара алмай жатқандығына не себепкер болып отыр? Көркем әдеби шығарманы оқушыларға оқытудың тиімді жолдары қандай? Кейінгі сұраққа жауап іздестірсек, алғашқы сұрақтың жауабы табылды деуімізге толықтай негіз бар. Ендеше, екі сұрақтың аражігін ажырату үшін Әди Шәріпов атындағы №16 жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушыларымен жүргізген тәжірибемді бөліскенді жөн санадым.
«Әдебиет – жан дүниені, он екі мүшені, алпыс екі тамырды, түгелдей жайлап, еш уақытта да көзге көрінбейтін сезім қылдары арқылы ақыл иесі - адамды өз ырқына жетелей алатын қасиетті дүние. Оны оқытудың қызықтығы да, күрделілігі де осында жатса керек. Басқа пәндерге қарағанда сезім, эмоция, шабыттану, қиялдау, армандау, еліктеу, әр түрлі психологиялық рең осы пәнде ерекше көрінеді» - деп әдіскер ғалым Қ.Бітібаева «Әдебиетті тереңдетіп оқыту» атты еңбегінде әдебиет пәнін оқытудың күрделі тұстары мен ерекшелігін атап өтеді [1, 65б]. Оқушы тұлғасы қашанда бәсекелестікке, жарысуға қызығушылық танытады. Жарыс – баяу жүргенге қозғау салатын, қозғалыстағы оқушыны үдете түсетін оқу үдерісіндегі ерекше әдіс болып табылады. Сондықтан сыныпта «Кітап оқып жарысайық» атты байқау ұйымдастырдым.
Бұл байқау ұйымдастырудағы мақсатым оқушылардың көркем әдеби шығарманың тілін түсінуге, кейіпкерлердің іс-әрекетін талдау арқылы патриоттық - адамгершілік қасиетке жетелеу және терең ойлана білетін, ана тілінде шешен сөйлейтін оқушы тұлғасын қалыптастыру. А3 нұсқасындағы параққа оқушылар тізімін және оқылатын әдеби шығарманың атауын жазып, әр оқушы көркем туындыны оқып болған соң өзінің тұсына «оқылды» деген белгі қояды. Жарыстың мақсат-міндетін таныстырғанымда Абай атамыздың жиырма үшінші қара сөзіндегі: «Жақсыға салысып жақсы болады-дағы. Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда неше ат бар деп сұрар, артыңда неше ат бар еді деп сұрағанның несі сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі қуаныш?» деген ат бәйгесіндегі көрініске негізделген түсініктерді айта келе, «Бәйге басталар тұста тұяғымен жер тартып, ауыздығын қарш-қарш шайнап, желмен жарысуға дайын тұрған сәйгүліктер көк аспанды шаң-тозаң етіп, ілгері суырылып шығуға тырысады. Осы тұста кейбір аттар шаң – тозаңның арасында көрінбей, кейін қалады. Сендер де тұяғымен жер дүниені дүбірлеткен тұлпардың бірісіңдер! Кімнің шаңның арасында, кімнің оқ бойы озып, алдына қара салмас жүйрік болатындығын мына кестедегі іс-әрекеттер көрсеткішінен көретін боламыз. Қазақта: «жігіттің жұмсаған күшін сұрама, тындырған ісін сұра» деген нақыл сөзі бізді қамшылай түседі ғой деп ойлаймын» деп оқушыларға жігерлендіру сөздерін айтып, қызықтыра түстім (жүйріктер қатарынан көрініп, көп шығарма оқуға тырысқан оқушыларға арнайы сыйлықтар табысталады).
Қазақ танымында «тұлпарды қамшымен айдама, жеммен айда» деген ойлы сөзі бар емес пе?! Және де терең батпаққа түсіп кеткен жылқыны ешкім шығара алмай жатқанда бір үйір жылқы сол маңнан кең даланы тасырлатып өте шыққанда батпақтан шыға алмай тұрған жылқының кісінеп, үйіріне қосылу үшін ешкімнің көмегінсіз батпақтан шыққандығы жөніндегі аңыз аралас оқиға бар екендігі бәрімізге белгілі. Бүркіттей қанаттанып, тұлпардай құйын қуып шабысқа енуі үшін оқушыға ынта керек. Ынта қызығушылықтан пайда болатын, білмекке ұмтылған іс-әрекеттің бастауы. «Баланың ынтасын арттыру үшін оқытылатын нәрседе бір жаңалық болуы керек» - деп Жүсіпбек Аймауытов нақтылап көрсетті [2, 53б]. Ал ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай он бесінші қара сөзінде: «Әуелі - пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен» деп қызығу мен ынтаны терең философиялық түсінікпен түсіндіреді [3, 117б] .
Бүгінгі таңда мұғалімдерде көркем туындының оқиға желісін баяндауда көркем, айшықты тіл жетіспеушілігі байқалады. Мұғалімнің шешен әрі оқиғаға сай эмоциясы мен бет-әлпетін, дене қимылын өзгертіп баяндауы сан түрлі құбылысты ерекшелеп, оқушыға ерекше сезім сыйлайды. Айтар болсақ, жазушы Дулат Исабековтың «Бекет» атты шығармасындағы ағалы-інілі балалардың арасындағы оқиғаны: «...Ағасы бардың – жағасы бар» демей ме дана халқымыз. Анасы о дүниелік болғанда Бекеттің сазарып, анасын жоқтап, көзінен бір тамшы жас байқамауы інісі үшін ауыр қайғының салмағын одан әрі ауырлата түсті. Мейірімі мен жылылығы бір басынан артылмаған ағасының бұл кейпін көрген інісі тасбауыр деп жұдырығын ала жөнелген болатын. Алайда інісін интернатқа оқуға жіберіп, шығарып салып тұрған Бекетті інісі қаусыра құшақтап, көзіне тік қараса, ағасының жанарынан моншақтай жас домалап бара жатқандығын көргенде еңкілдеп жылауға аз-ақ қалады. Қайғы мен мұңды, қуаныш пен шаттықты жанын шүберекке түйгендей қымтап, сездірмеуге тырысуы ағасының жер бетінде ең мейірімді жан екенін айқындап көрсеткендей» деп баяндағанымда кейбір оқушының көзіне жас алып отырғанын байқадым. Оқушыны көп сөзділікпен жалықтырып алмас үшін мұғалімнің нақты әрі көркем сөйлегені жөн. Аталған жағдай орын алмаса кері әсерін беруі әбден мүмкін. Егер әдебиет пәнінің мұғалімі айшықты, тілі жатық, шешен сөйлемесе біз сөз етіп отырған мақсат жүзеге асуы қиын. Сондықтан мұғалімнің кітап оқып, ізденісте болғаны абзал. Бұл бүгінгі таңда мұғалімдер тарапынан орын алатын өзекті мәселенің бірі. Шығарманың шиеленіскен тұсына келгенде жарыстың ережесін тағы бір қайталап өтіп, өздерің аяқтарсыңдар деп ұсыныс білдіргенімде оқушылар наразылық білдіріп, жалғастыруымды өтінді. Әрине, бұл ретте кітапханадан кітап алып, сананы саялайтын көркем ойдың пайда болуы автордың шығармаға арқау болған тақырыбы мен идеясы оқушының кейіпкер іс-әрекетін таразылап, кейіпкер болып мұңайып, шаттануынан пайда болатындығы қарапайым түрде түсіндірілді. Келесі сабақтың бес минутын оқылған шығарманы талдауға арнадық. Оқылатын шығарма қызықтырылып берілсе, оқушының білмекке деген ұмтылысы күрт жоғарылайтынын байқадым. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл үрдісті таудан аққан бұлақтай, теңіз толқынындай тербетілген мұғалімнің көркем әдеби тілде сөз сөйлеуі іске асырады деп білемін. Сұрақ-жауап, пікір алмасу кезінде: «Жазушы нағыз ағалық махаббатты суреттеген екен», «Бекет – ағалардың қандай болуы керек екендігін үйрететін жігіт», «Күштілікке, қайсарлыққа жетелейтін шығарма» деп оқушылар таласып өз пікірлерін білдіріп жатты. Шығарманы талдау барысында ескеретін мәселе – оқушының өзіндік пікірін айтуға негізделмейтін таптаурын сұрақтардан аулақ болғанымыз жөн. Біз сөз етіп отырған үрдістің түпкі мақсатын Алаш зиялысы М.Жұмабаев былай түсіндіреді: «Баланы өздігінен ойлай білуге баулу қажет. Өйткені ойлай білетін жан шын мағынасындағы адам» [4, 112б]. Білім беру үдерісіндегі 4К моделі: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге бағытталған қасиеттерді бір арнада тоғыстыруды назарда ұстағанымыз жөн. Және де оқушылардың шығарманы қаншалықты меңгергендігін https://quizizz.com , https://kahoot.com сайты арқылы тест тапсырмасын орындату үлкен әсер берді. Бүгінгі күні оқушыларды АКТ арқылы кітап оқуға қызықтырудың белсенді әдісі болып отыр. Ең бастысы, қоңырау арасында оқушылардың көгілдір экрандағы шоу-бизнестің жеңілтек әңгімесін емес, тест сұрақтарын жобалау мен шығармадағы кейіпкердің іс-әрекетін өзара талқылап, баға беруге ұмтылған диалогтарын естігенімде қатты қуандым десе де болады. Осы тұста сыныптасының тарапынан «фасилитация» ұғымының жүзеге асқандығын атап өткім келеді. Себебі адамды орта тәрбиелейді. Есек пен аттың ақыры бір болса, мінездес болады демекші, суырылып алдыға шыққан оқушылар үлгерімі төмен өзге оқушыларға ықпал еткендігі байқалды.
Көркем туындыны оқыған оқушыда психологиялық темпераменттеріне сәйкес іштей мынадай сұрақтар туындауы мүмкін. Бұл көркем туынды менің қандай қасиеттерімді дамытады? Бұл шығарма пәнді терең оқуға қалай әсерін тигізеді? Нәтижесін қалай байқауға болады? Әдетте мұндай құбылыс флегматик, меланхолик оқушыларда орын алады. Егер оқушы бір көркем туындыны оқып, шығарманы талдау барысында қажетті дағдыларды қолдана алмай, мұғалімнен қолдау таппаған жағдайда білім алушының кітап оқуға деген сүйіспеншілігі жоғалып кетуі әбден мүмкін.
Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-бет» атты шығармасын талдап, талқылау үшін сыныпта «Шалқар» радиосында «Әдебиет майданы» атты жоба ұйымдастырдық. Оқушылар бір істі дамытып жасауы үшін оларға оңтайлы бағыт-бағдар берумен қатар мұғалімнің өзі істеп көрсеткені абзал. Мұндай әдіс сыныпта алғаш рет ұйымдастырылып тұрғандықтан жүргізуші болып аталған жобаны өзім жүргіздім. Радиоға бір оқушы ұялы телефонмен қоңырау шалу керектігін түсіндірдім. Сыныптан тыс жерде тұрып «Әдебиет майданы» жобасына қоңырау шалған оқушы аталған шығарманың идеялық қуатын таразылауға тырысты. Тікелей байланыс болғандықтан оқушы мүдірмес үшін қандай сұрақ төңірегінде сөйлейтіндігін алдын ала ақылдасып, оқушының сөз саптауы айшықты болсын деп қанатты сөздер мен тұрақты тіркес, мақал-мәтелдерді сөздік қорына қоса айтуын өтіндім. Бұл көркем, айшықты сөйлеудің бағыттарын қарастыратын, оқушының ізденіс жұмысына бағдар берген мұғалім жұмысының көзге көріне қоймайтын деталды тұстары болып табылады. Сыныптағы оқушылар жобаның қонағына (оқушыға) қызыға сұрақ қойып, өз көзқарастарын білдірді. Қажет жерінде жақын арадағы даму аймағын құру мақсатында жетелеуші және ой қозғаушы сұрақтарды қойып, оқушы бойында сенімділік қасиетін арттыру үшін мұғалім тарапынан аталған қадамдар жасалды. Қоңырау шалған оқушыда табанда тауып сөйлеу қабілеті мен ұялы телефонмен сөйлеу мәдениетті артты деп білемін.
Нәтижесінде сынып ішінде ортақ мақсатқа бағытталған орта қалыптасты. Бұл оқырмандық көзқарастың дамуына септігін тигізеді. Типографияға еркіндік берілген заманда қолына қалам ұстағанның бәрі жазушы немесе ақын болып табылмайтындығын, көркемдік пен ұлттық құндылық талаптарына сай емес шығарманы талғап оқитын талғамның пайда болуы оқушының оқырмандық көзқарасты дамытудағы алғашқы баспалдағы болып табылады. Оқушылар өздігінен кітапханадан кітап алып, кітапханашымен байланыс орнатты. Кітап жетіспеген және электронды нұсқада кітап оқуға ыңғай танытқан оқушыларға http://kazneb.kz/, https://kitap.kz/, https://kk.bookmate.com/ сайты арқылы туындыны іздеу жолдары түсіндірілді. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес көлемі шағын әрі орта әңгіме, повесть жанрынан бастағанымыз жөн болды деп білемін. Көлемді шығармаға ат басын бұрмас бұрын әңгіме жанрының көпірінен өткеніміз абзал. Оқу үдерісі жеңілден ауырға емес, жеңілден күрделіге бағыт алуы керек. II тоқсан басынан соңына дейін оқушылар 10 көркем туындыны оқыды. Оқылған шығармалар тізімінде Оралхан Бөкейдің «Бәрі де майдан», Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы ұстаз», «Құс жолы», «Бетпе-бет», «Шыңғыс ханның ақ бұлты», Дулат Исабековтың «Гауһартас», «Сүйекші», «Тіршілік», «Бекет» , Сафуан Шаймерденовтың «Ит ашуы» атты туындылары алынды.
М.Жұмабаев айтпақшы: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға /қазақ жанына/ үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады». Серттесудің жолын кітап оқыған жастар ойластырады. Көркем шығарманы оқу арқылы патриоттық рухты шыңдап, ойлы жастарымыз ізгіліктің нәрін сезсе, кітап данышпаннан әрі сауал, әрі жауап іздесе ұрпағымыз нар жүгін көтеретін, тайынбай серттесуге тұрарлық қасиетті болады деп сенемін.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- Бітібаева Қ. Әдебиетті тереңдетіп оқыту. – Алматы: «Мектеп», 2003ж.
- Аймауытов Ж. Алты томдық шығармалар жинағы. Тәрбиеге жетекші. 5 т.– Алматы: «Ел-шежіре», 2013ж.
- Құнанбайұлы А. Сен де бір кірпіш дүниеге... – Алматы: «Рауан» , 1994ж.
- Жұмабаев М. «Көп томдық шығармалар жинағы», 3 т. – Алматы: «Жазушы», 2003ж.