Оқушылардың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру [Культурология]

Автор статьи : Бұрымды Т.
Организация : Ақтөбе қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі
Должность : Педагог-организатор-куратор
Дата : 21.05.2018
Номер журнала : 01-11-2021
Бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі - мектеп оқушыларының бойында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Оқытудың инновациялық үлгілерін пайдалана отырып, ауызша сөйлеуді жетілдіру тәрбие мен оқыту процесінде айрықша орын алады. Қазіргі таңда білім саласында оқушыны нақты, таза, айқын сөйлеуге ұмтылдыру міндеті күшеюде. Себебі, сөйлеу мәдениеті ауызша сөйлеудің жалпы тіл мәдениетіне қойылатын талаптармен қатар өзіне тән формалардың сақталуын талап етеді. Ал, болашақтың іргетасы оқушылардың тілдің әлеуметтік, қарым-қатынас рөлін күшейтуде рөлі үлкен. Оқушылардың бойында сөйлеу мәдениетін қалыптастыра отырып, адамгершілік қасиетін арттыруға, жеке бас тұлғасын ізгілендіруге, өзге ортада еркін сөйлеп көшбасшылық қабілетін арттыруға болады. Осы секілді ұстанымдар оқушының дамуы мен жетілуі үшін қажетті. Тәрбие - үздіксіз процес. Ол педагогика мен психологияның негізгі нысаны болып табылады. Мектептің тұтас әлеуметтік құрылымын құрайтын және ұдайы әрекет ететін фактор тәрбие болып табылады. Оқушылар білім алып қана қоймай, алған білімін өмірде ұштастыруы керек. Оқушыларды жан-жақты тәрбиелеуде сөз өнерінің ықпалы әлі күнге дейін өзінің маңыздылығын жойған емес. Бүгінгі дәуірдің талабына сай оқыта отырып, халқымыздың бойындағы асыл қасиеттерді сіңірту-тәрбиенің басты мақсаты. Оқушы бойында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру үшін мектеп пен ата-ана, оқушының ықпалы әсер етеді. Тәрбие бастауындағы осы үш ұғым етене байланысып жатыр. Шешен сөйлеу, ойды бұрмаламай, мәдениетті жеткізу адамдармен қарым-қатынасқа түскенде басым рөл атқарады. Сөйлеу қарым-қатынас мақсатында қызмет ететін сөйлеудің бөлігі. Сөйлеу – бұл тілдік құбылыс. Сөйлеу кезінде тілдің барлық бірліктері жұмсалады. Сөйлемнің әр түрі бар. Сөйлеудің дыбыссыз, сөзсіз, интонациясыз жасалмайтыны белгілі. Қарым-қатынастағы жетістік сөйлеумен психологияны, логиканы байланыстырып, тиімді пайдалана білуге байланысты. Тыңдаушыға ақпарат тек тіл арқылы жететіндіктен айтып тұрған адам үнемі жеңіске жете бермейді, берілген ақпаратты тез, әрі дұрыс таңдай алған тыңдаушы ғана дәлелді оймен кері жауап бере алады. Осы орайда көшбасшылық қасиеттерді талдауға зерттеу жүргізген Ицхак Пинтосевичтің «Әсер ет! Жетекшінің 7 өсиеті» атты кітабынан мысал келтіруге болады. Ицхак Пинтосевичтің айтуы бойынша «Шешен сөйлеу көшбасшылық қасиет пен өзіне деген сенімділікпен тура жалғасып жатқан дүние. Халық алдына шығып сөз сөйлеу үшін өзіне деген сенімділікті жоғалтпай, мақсатты жүзеге асыра сөйлеу қажет»[1.126 б.] екен. Сондай-ақ сөйлеу адамдардың басқадан ерекше қасиеті екендігін алға тартып, бала күннен қалыптасатындығын айтады және әдемі сөйлеуге кеңес береді. «Әрбір қарым-қатынастың мақсатына байланысты сөйлесім ерекшеліктері бар. Сөйлеудің негізгі белгілері сөйлеу әрекеті үстінде көрінеді. Оларға: 1) сөйлеуші мен тыңдаушының міндетті қатысы, яғни диалогтік белгі; 2) дайындықсыз еркін түрде жүзеге асуы; 3) тақырыптың әр алуандығы; 4) сөйлеу жағдаятының тәуелділігі; 5) дайын сөйлеу құрылымдарының болуы жатады. Қатысым эмоция мен сезімдерге толы адам қоғамында, адамдар арасында жүзеге асатындықтан, сөйлесімнің тек хабарды жеткізіп, сөйлеуші адаммен байланысты белгілерді жеткізбеуі немесе сөйлесім мазмұнында сөйлеушінің эмоциясы, белгілі құбылысқа қатысты жасалатын қорытындылары, көзқарасы қамтылмауы, берілмеуі мүмкін емес. Адам тілдік таңбаларды өзара түсінісу үшін ғана емес, тыңдаушының қызығушылығын оятып, оны әрекетке итеру үшін де қолданады. Яғни тіл бірліктері хабарды жеткізуші құралдар қызметін атқарып қана қоймай, тыңдаушыға ықпал, әрекетке итеруші құралдар ретінде де жұмсалады» [2, 24 б.] делінген. Сөйлеудің негізгі белгілерін толық сақтай отырып, оқушылардың бойында жеке тұлғалық қасиеттерді арттыру үшін сөздік қорды көбейтіп, дауысқа, әр дыбыстың функциясына мән беру керек. Қазақстан Республикасы Президентінің «Тілдерді қолдану мен дамыту» бағдарламасында Елбасы: «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деп айтады. Тіл мәдениетінсіз тұтас халық болып даму мүмкін емес. Біліммен ұштасқан тәрбие мәселесінде оқушылардың сөз саптауы алғаш орында қаралуы тиіс деп есептеймін. Бұл туралы педагогикалық сөздікте мынадай анықтама берілген: «Оқушылардың тіл мәдениеті – оқыту үрдісі мен адамдардың тілдік қарым-қатынасы негізінде жазбаша және ауызша тілді игеру деңгейі. Оған тілдің мағыналылығы, ойлылығы, байлығы, көркемдігі мен жалпытілдік нормалардың сақталуы тән»[3, 26 б.]. Педагогика саласының зерттеушілері оқушының тіл мәдениеті туралы бірнеше пікірлер айтады. Ш.Беркімбаева өз мақаласында былайша тұжырымдайды: «Қазақ мектептерінің өзекті мәселелерінің бірі оқушылардың тіл мәдениетін көтеру, сауатты жаза алатын, өз ойын айқын жеткізе алатын азамат тәрбиелеу...». Педагогика ғылымының докторы И. Нұғыманов пен 3. Қашқынбаева: «Оқушының жеке тұлға болып дамуы мен алған білімін іске асыруда сөйлеу тілін, әрекетін, сөйлеу мәдениетін, әдебін қалыптастыру педагогиканың қазіргі кездегі көкейтесті мәселелерінің бірі болып табылады»[4,5 б.] - дейді. Тіл мәдениеті дегеніміз – оқыту үрдісінде, отбасында, жалпы адамдардың өзара қарым-қатынасы негізінде жазбаша және ауызша тілді игеру деңгейі. Ойды дұрыс, түсінікті, анық, дәл, әсерлі әрі әдеби тіл нормасын сақтай, тіл тазалығын сақтай жеткізе білу шеберлігі. Сөйлеу өте күрделі, жеке адамдардың арасындағы өзара түсінісу, пікір, хабар, ақпараттармен алмасу мақсатында қызмет етеді. Сөйлеу процесі арқылы адам өзінің өмірге, қоғамға деген көзқарасын, білімін, тәжірибесін байытады. Ойдың қаруы-сөз екені белгілі. Сөз арқылы алуан түрлі ойлар туындайды, әрекетке түседі. Сөзді қабылдау мен ұғыну бір-бірімен тығыз байланысты процесстер. Сөзді дұрыс қабылдау, ұғыну зейінмен, түйсікпен байланысты. Қабылдау мен ұғыну, түсіну мен оны қорытып жеткізуде дауыс сазының өзі әртүрлі қызмет атқарады. Оқушылардың тілінде болатын кемшіліктердің себептері:
  1. Қоршаған ортаның әсері (Отбасы, мектеп, достар);
  2. Жекелеген оқушы тіліндегі кемшілік;
  3. 3. Сөйлеу дағдыларының жоқтығы;
  4. 4.Өзге ұлт мәдениетіне еліктеуден сөздің бұрмалануы т.б.
Сондай-ақ М. Балақаев, Т. Қоңыратбаев, С. Қирабаев, Ш. Беркімбаева, Н. Уәлиев тағы да басқа ғалымдардың зерттеулері бойынша оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамытуға мынадай себептер бар: 1. Көркем әдебиет оқуға деген оқушылардың қызығушылығының төмендігі. Тіл мәдениетіне жастарды тәрбиелеу көркем әдеби шығармаларын көптеп оқумен байланысты. Көркем әдебиетті аз оқитын адамның сөздік қоры аз болады, соған орай олардың сөйлеу мәдениеттілігі мен өз ойын логикалық баяндауы да төмен екендігі байқалады; 2. Мәдени орталықтарға бару, ол туралы пікірлесудің өте сирек кездесетіндігі; 3. Ата-аналардың балаларының тіл мәдениетіне жете мән бермеушілігі; 4. Тілдік ортаның әсері; 5. Тіл мәдениетін қалыптастыруды тек тіл сабақтарына міндеттеп, басқа пәндерді бұл мәселеден мүлдем бөліп тастаушылық; 6. Отбасы тәрбиесінде ұлттық педагогиканың, халық ауыз әдебиеті үлгілерінің тар шеңберде қолданылуы; 7. Мұғалімдердің көпшілігінің бұл мәселеге арнайы көңіл бөлмеуі т.б. «Тіл мәдениетіне жету жолы ұзақ әрі қиын» [5,27 б.] - дейді ғалым М. Балақаев. Осы айтылған бірнеше қиыншылықтарды төмендету мақсатында оқушылармен тілдік жаттығулар жасауды ұсынуға болады және сыныптан тыс оқылған кітаптарға талқылау жасап, әр оқушылардан өз ойын, пікірін сұрау. Осы жағдайда сыныпта сөйлеуге, анық, нақты айтуға қабілеті төмен оқушыларды сөйлетіп, ойларын сұрау керек. Зерттеуші Рабиға Қаныбаева өз еңбегінде дикцияны, дауысты, тынысты сахнада қолданудың өзіндік ерекшеліктеріне тоқталып, бірнеше жаттығу түрлерін саралаған. Сөздің анық шығуына тілдің тікелей қатысын айтып, орфоэпиялық норманың бұжылтпай орындалуын қадағалайды. Е фонемасы. Тіл мен иектің шамалы алға жылжуынан пайда болады.Сөз басында бас буынның бірінші дыбысы боп келгенде е дыбысы айтылуында ие болып естілуі мүмкін.
Жазылуы Айтылуы
ертең иертең
ел иел
Бірінші буын ерін дауыстыларынан келгенде екінші буындағы е айтылуында ө-ге жуықталады.
Жазылуы Айтылуы
күрек күрөк
жүрек жүрөк
Ы фонемасы. Екі ерін бір-біріне жуықтап, тіл мен иектің жоғары көтерілісіне пайда болады О фонемасы. Ерін дөңгелектену арқылы жасалады. Сөздің сазын келтіріп айту әсіресе шаршы топ адына шыққандарға қойылады. Сөздің жеке тұрғандағы дыбысталуы мен мен сөйлеу үстіндегі айтылуы әрдайым бірдей бола бермейді. Бұл келтірілген мысалдар арқылы әрбір тілдің өзіне тән дыбысталу ерекшелігін аңғарамыз. Ол ерекшелік сақталмайтын болса, сол тілдің табиғаты нұқсан келетіні даусыз. Дыбыстардың жіктелімін көрсетіп, атқаратын қызметіне орай жаттығу түрлерін негізге алады. Ерінді жаттықтыратын жаттығулар: - екі ерінді Ө әрпін айтқандай алға қарай ұмсындырыңыз, бұл жаттығуды жасағанда тіл және тіс өз қалпында болуы керек; - тісті көрсетпей, езу тартыңыз;  - алдымен тек жоғары тісті көрсетіңіз, төменгі тісті төменгі ерінмен жауып тұрыңыз. Енді осы жаттығуды керісінше жасап көріңіз; - екі еріннің қалыпты жағдайын сақтап тұрыңыз да, сонан соң ерніңізді әуелі сәл жоғары, төмен қозғаңыз; - енді екі ерінді сүйірлеп алып, әуелі оң жаққа, сонан соң сол жаққа бұрып көріңіз. Иек қозғалмасын [6, 43 б.]. Дыбыстау мүшелеріне ерін, тіс, иек, тіл, кішкене көмей, көмей жататынын ескертіп, осы тілдік аппараттарды қолдану арқылы дикцияны тәрбиелеуге болатынын көрсеткен. Жеке тұлғаның сөйлеу әрекеттерінің ерекшеліктері: басқа адамның сөйлеу тілін қабылдауы, өзінің ойын, пікірін, ішкі әсерін, күйзелісін білдіруі, тыңдаушысына табиғи әсер етіп, сендіруге, өзінің туралығын дәлелдеуге ұмтылуы. Бұл іс әрекеттің бойында есте сақтау, ойлау, эмоциялық, еріктік процестері бірге жүреді. Сөйлеу әрекеті адаммен өмір бойы бірге болады. Осы тұрғыда қалыптасушы тұлға ретінде, оқушылардың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру мақсатында өз ойында еркін әрі тіл тазалығын сақтай отырып мәдениетті жеткізу. Пікір алмасуда тыңдау, есте сақтау қабілеті, қарым-қатынасқа түскен адамға жағымды әсер қалдыру. Жеке тұлғаның қоғамда өз орнын алуында сөйлеу мәдениеті басты орын алады. Ал оның қайнар сөзі сонау ауыз әдебиетінен бастау алады. Мәдениет туралы түсінікке әр ғалым әр түрлі анықтама береді. «Мәдениет, оқу-ағарту, ғылым, өнер т.б. рухани өмір табыстарының жиынтығы»[5, 25 б.], – дейді тілші-ғалым М.Балақаев. Мәдениеттің өзі екіге бөлінеді: материалдық және рухани. Соның ішінде рухани мәдениетке жатады: а) ойлай білу мәдениеті – өмірге талдау жасап қиындықтардан арылу жолын таба білу, ақылға салу, жасампаздыққа жеткізу; ә) педагогикалық мәдениет – ұзақ жылдар бойына жинақталған ең озық іс-әрекет, білім, үйрену нәтижесі; б) тіл мәдениеті – коммуникативтік қарым-қатынас кезінде тілдік тәсілдерді дұрыс ұйымдастырып, белгілі бір тәртіппен жүйелі қолдану; в) сөйлеу мәдениеті – тілдік тәсілдердің ширау, жетілу дәрежесі. Сөйлеу мәдениеті - үлкен қасиет, мазмұны жағынан терең, ұтымды, әділетті, көркем, ғылыми, бай, халық тілі. Сөз қолдану мәдениетін арттыратын негізгі шаралардың бірі – тіл тазалығы. Сөйлеу мәдениеті жетілмейінше, ақыл-ой мәдениетіне жету қиын. Қандай адам болмасын, ой-өрісінің, білімінің, мәдениеті мен рухани дүниесінің қаншалықты екені оның жазған жазуынан, сөйлеген сөзінен байқалады. «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал»,– деп ұлы Абай тегін айтпаған. Ана тілінің мол байлығын игерген, құдіретін түсінген, күшіне тағзым етіп, бас иген. Мәтінді мәнерлі, әсерлі жеткізу үшін қажетті материал көркем әдебиет болып есептеледі. Сондықтан, оқу техникасы фонетикамен, грамматикамен, орфоэпиямен, орфографиямен, стилистикамен ұштасып жатады. Яғни: - көркем әдебиетпен жиі шұғылдану; - шығармаларды, өлеңдерді көп оқу; - оларды терең таалдау; шығармалар арқылы көрерменмен тілдесіп, сырласу; - сөз әрекетін ашу; - сөз туғызу. Сөйлеу техникасы өз дауысыңды толық меңгеруге байланысты. Сөйлеу шапшаңдығы, интонация, пауза, дикция маңызды рөл атқарады. Сөйлеу мәдениетіне тәрбиеленудің жолға қойылуы – бүгінгі қоғамдық-әлеуметтік сұраным талабынан туындап отырған мәселе. Осы орайдағы негізгі шарттар – сабақтарда өзін-өзі дамыта отырып, пікір талас барысында сөз мәдениетін заман талабына сай деңгейде дұрыс қолдана білу іскерліктерін жетілдіру маңызы. Қазіргі таңда сөйлеу мәдениетін оқытуда оқушының өзіндік ізденістеріне негіздей отырып білім алуына және біліктерді меңгеруіне қажетті жағдайларға молырақ мүмкіндік беру мәселесі беріледі. Осы орайда оқушының өздігінен ізденуіне, түрлі жағдаяттарды қарсыласының жауабына сай етіп және оның лингвистикалық дүниетанымының кеңеюіне жол ашатындай оқушының ойлау қабілетін әр қырынан өздік әрекеті арқылы тану жолымен меңгертіледі. Оқушылардың сөйлеу мәдениетін жоғары деңгейге көрсету мақсатында дидактикалық, әдістемелік ұстанымдар арқылы іске асыру қажет. Осы бағыт-бағдар бойынша оқушылардың бойында сөйлеу мәдениетінің бастапқы негізін қалыптастыруға болады. Оқушылардың тіл мәдениетін жақсартуда біржақты ата-ана емес, мұғалім, психологтар, қоршаған ортасы әсер етеді. Мектептегі сыныптан тыс үйірмелер арқылы оқушылардың рухани, мәдени дамуын кұшейтуге болады. Әрбір үйірменің мақсаты ретінде сөйлеу мәдениетін жақсарту дееп қосымша алуға болады. Себебі әрбір үйірмеде оқушы пікір алмасып, сұрақтар қойып талдау жасайды. Көрсетілген бағыттар бойынша мынадай міндеттер жүктеледі: - сөйлеу мәдениетін негіздерін меңгерту; - сөз қолданудың ұлттық дәстүрлерін жаңғырта отырып, сөз әдебінің нормаларын меңгеру; - шешен сөйлеуге төсемді әлеуметтік-тілдік дағдыларын қалыптастыру. Осы міндеттерді орындау арқылы оқушылардың рухани тәрбиесін, ұлттық рухын, тіл мен білімін дамытуға жол ашылмақ. Білім мен тәрбие мәселесі қазіргі күнге дейін өзінің өзектілігін жойған емес, себебі ол үздіксіз процесс. Тәрбие мен білім бірігей жұмыс жасай отырып, көп ізденісті, көп уақытта талап етеді. Бұрынғы мәдениет пен қазіргі мәдениетті салыстырсақ бәрінің аумағында толық тәрбие түсінігі жатыр. Мемлекеттік негізгі бағдарламаларға сәйкес жаңа ақпараттар мен технологияларды пайдалана отырып, оқушы өзінің рухани, ұлттық болмысын жоғалтпауы керек. Қоршаған ортада оқушылар өзін еркін ұстап, айқын пікір алмаса алуы үшін сөйлеуге машықтану, әрбір сөз мәнін түсініп, табиғатын тануға ұмтылу, айтылған әрбір сөзге мән беру, тілдік сөз қорын байыту, мәнерін жетілдіру қажет. Қазіргі таңда оқушылырдың ауызекі сөйлеу дағдыларын дамыту бүгінгі күннің басты талабы болып табылады. Тіл дамыту тіл үйретудегі қарым қатынас құралын іске асыру оқушылардың тілін дамыту лексикалық және грамматикалық тұлғаларды меңгерту, оларды сөйлемде қолдану дағдыларын қалыптастыру. Сөз, сөз тіркесі, сөйлем арқылы тілдік әрекетке жетелеу болып табылады. Сөйлеу үшін жеткілікті, белсенді қоры болуы керек. Себебі сөздік қоры мол адам өз ойын екінші адамға жеткізуге қиындық тудырмайды. Оқушылардың сөйлеу тілдерін дамыту үшін бағыттармен жұмыс жасап, негізгі тілдік ерекшеліктерді бойына сіңірту, рухани тәрбие мен білімді ұштастыру педагогтың парызы. Қорытындылай келе, оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруда олардың сөйлеу әуендеріне, сөз нақышына келтіріп сөйлеуіне қатты назар аударуда жоғарыда көрсетілген бағыттардың рөлі үлкен. Әдебиеттер: 1. Пинтосевич Ицхак. Влияй! 7 заповедей лидера.-Москва: Издательство «Э», 2016. –288 с. 2. Ерназарова З.Ш. Сөйлеу тілі синтаксисінің прагмалингвистикалық аспектісі. – Алматы, 2001. -194 б. 3. Педагогический словарь. М.: Изд-во Акад. Пед. Наук, 1960. - 774 с. 4. Мейірманқұлова Т. Отбасы және тәрбие / Т. Мейірманқұлова // Ұлт тағлымы. - 2001. - № 7.- Б.5. 5. М. Балақаев. Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту. – Алматы, «Мектеп»,1989. -96 б 6. Тұранқұлова Д. Жоғары оқу орындары театр өнері факультеттерінің студенттеріне арналған оқу құралы. – Алматы: “Білім” , 1998. -208 б