Мемлекеттік бюджетті қалыптастырудағы салықтардың рөлі [Экономика]

Автор статьи : Нурхат Т.
Организация : CLEVER білім беру орталығы
Должность : басқарушы директор
Дата : 16.02.2023
Редакционная коллегия: онлайн нұсқада ғана жариялауға рұқсат етілген

Ел экономикасы дамып, мемлекеттік бюджеттің кіріс көзі ұлғайған сайын салықтық түсімдердің де өсіп отырғаны байқалады. Себебі салықтардың экономикалық табиғаты өндіріске байланысты. Өндіріс бар жерде табыс бар, одан алынатын салықтар да бар. Сондықтан салық өндірістің дамуына барынша өз ықпалын тигізіп, өндірушілердің ынтасын арттыруға жағдай жасауы қажет. Мемлекеттің орталықтандырылған ақшалай қорын қалыптастырумен және пайдаланумен байланысты болып келетін бюджеттің жұмыс жасауы ерекше экономикалық нысандар - бюджеттің түсімдері мен шығыстары арқылы болып отырады. Олар құндық бөліністің жекелеген кезеңдерін білдіреді. Категориялардың екеуі де бюджеттің өзі сияқты объективті және олардың өзгеше қоғамдық арналымы болады: түсімдер мемлекетті қажетті ақшалай қаражаттармен қамтамасыз етеді, шығыстар орталықтандырылған ресурстарды жалпымемлекеттік қажеттіліктерге сәйкес бөледі. Бюджеттің түсімдері табыстар, бюджеттік кредиттерді өтеу сомалары, мемлекеттің қаржылық активтері сатудан түсетін түсімдер, қарыздар, ал оның шығыстары шығындар, бюджеттік кредиттер, қаржылық активтерді сатып алу, қарыздарды өтеу болып табылады. Түсімдер мен шығыстардың құрамы мен құрылымы нақты әлеуметтік- экономикалық және тарихи жағдайларда жүзеге асырылатын мемлекеттің бюджеттік және салықтық саясатты жүргізудің бағыттарына байланысты болады. Бұл ретте мемлекет белгілі бір жағдайларда кірістерді қалыптастырудың және шығыстарды жұмсаудың колайлы нысандары мен әдістерін пайдаланады. Қазақстан Республикасында корпорациялық табыс салығының қазіргі кезеңдегі ставкасы 30%, ал ауыл шаруашылығындағы өндіріс органдары үшін 10%. Шаруашылық субьектілер мен халықтар табысының бір бөлігін мемлекеттің орталықтандырылған қаржы көздеріне айналдыру салықтардың ұдайы өндірістегі қызметін көрсетеді. Бұл қызметтің іс-әрекетінің көлемін жалпы ішкі өнімдегі салықтардың алатын үлес салмағы арқылы көруге болады. Соңғы жылдардағы мәліметтер бойынша, Қазақстан Республикасының жалпы ішкі өнімдегі салықтардың үлес салмағы 20 пайыз шамасында. Қазақстан Республикасының шоғырландырылған бюджеттің кірістері Республикалық және муниципалдық бюджетті қоса алғанда 2018 жылы 13 275,7 млрд теңгені құрады, бұл 2017 жылғы кірістерден 22,8% - ға артық. 2018 жылы бюджеттің кіріс бөлігі 113,2% орындалды. Оңтайландырудың арқасында салықтық түсімдер (соның ішінде тауарларға, жұмыстарға, қызметтерге ішкі салықтардан, ҚҚС-дан түсетін түсімдердің өсуі) 25,9% - ға немесе 2 278,9 млрд теңгеге, 11 090,9 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл ретте салықтардың орындалуы 2018 жылға жоспарланған барлық түсімдердің 102,1% - ын құрайды. Салықтық емес түсімдер жоспарланғаннан 26,9% - ға немесе 50,2 млрд теңгеге жоғары болды, алайда олардың бюджеттің жиынтық түсімдеріндегі үлесі төмен деңгейде қалып отыр; 2018 жылы олар 1,8% - ды құрады. Нақты және жоспарлы табыстар арасындағы осындай елеулі айырмашылық бірінші кезекте жоғары инвестициялық табыспен байланысты. Осылайша, егер Ұлттық қорды басқарудан түскен инвестициялық табыс 2018 жылы 594,9 млрд теңгені құраса, 2018 жылдың тоғыз айындағы табыс 1 846,7 млрд теңгені құрады. Алайда, көрсетілген сома тіркелген инвестициялық кіріс емес, есепті күнгі портфельдің құнын қайта бағалау болып табылады. Сонымен бірге, 2018 жылы бюджет шығындары 2017 жылға қарағанда 1,127,8 млрд. теңгеге 11 364,1 млрд. теңгеге дейін төмендеді. Үкімет 2017 жылы елдегі банк секторын қолдауға 2,09 трлн теңге көлемінде «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ға біржолғы мақсатты аударымды жүзеге асырды және нәтижесінде шоғырландырылған бюджеттегі басқа шығыстар. 2017 жылы 103,7 млрд. теңгеден 2 334,29 млрд. теңгеге дейін өсті. 2018 жылы бюджет шығыстарының құрылымында 24,2% -ы әлеуметтік көмекке және әлеуметтік қамсыздандыруға (2,8 трлн. теңге), білім беруге – 17,1% (1,9 трлн. теңге), денсаулық сақтауға – 10,3% (1,2 трлн. теңге) жұмсалды. Борышқа қызмет көрсетуге өткен жылы 587,7 млрд теңге (2017: 458,9 млрд теңге) жұмсалды. Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарызы 2018 жылдың қазан айының басындағы жағдай бойынша 30,2 млрд. АҚШ долларын немесе 10 971,7 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, 2019 жылдың 31 желтоқсанына үкімет борышының лимиті 13 000 млрд теңге көлемінде белгіленді. 2018 жылғы 30 қарашада Нұрсұлтан Назарбаев "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. 2019 жылы республикалық бюджеттің кірісі 9 631,1 млрд теңге, шығындар – 10 335,0 млрд теңге, тапшылық – 979,0 млрд теңге (ЖІӨ 1,5%) көлемінде қарастырылған. 2019 жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт сомасы 2,45 трлн теңгені құрайды. Бюджеттің Ұлттық қордан берілетін трансферттерге тәуелділігін төмендету мақсатында 2021 жылдан бастап кепілдік берілген трансферттің мөлшері екі трлн теңге деңгейінде бекітілетін болады. Жаңа ережеге біртіндеп көшу мақсатында Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері кезең-кезеңімен төмендетілетін болады. 2018 жылы кепілдік берілген трансферт көлемі 2,6 трлн теңгеге тең болды, 2019 жылы трансферт көлемі 2,45 трлн теңгені, 2020 жылы – 2,3 трлн теңгені, ал 2021 жылы – 2,0 трлн теңгені құрайды. Есепті кезеңде таза бюджеттік несиелер 162,8 млрд. теңгені құрады, жоспар 156,8 млрд. теңгені құрады, ал қаржылық активтермен жасалатын операциялар бойынша теңгерім 119,8 млрд. теңгені құрады. Қорытындылай келе, 2018 жылға қарай ҚР КБ-нің профициті 1 628,9 млрд. теңгені құрады, ал 2018 жылға бюджетпен 55,4 млрд теңге көлемінде профицит салынды. Дамыған мемлекеттердің барлығында салыққа үлкен маңыз беріледі. Халық оған үнемі назар салып отырады. Салықтан қашқандарды ақпарат құралдарында жиі-жиі жариялап, әшкерелеу үрдіс алған. Өйткені, бюджет қаржысы, негізінен, салықтан түсетін кірістен құралатынын, ал, ол өзі өмір сүріп отырған мемлекетінің мүддесі екенін жақсы түсінеді. Салық — тәуелсіз еліміздің әл-ауқатын құрайды. Дәлірек айтқанда, денсаулық сақтау мен ғылым-білім беру салаларын дамытуға, әлеуметтік салаларды сауықтыруға, әскери-қорғаныс шығындарын өтеуге, агроөнеркөсіп кешендерін, тұрғын үй саясатын жүзеге асыруға, мемлекеттік қызметкерлердің шығындарын өтеуге, индустриалды-инновациялық бағдарламаны орындауға шағын және орта кәсіпті дамытуға бағытталады. Нур-Султан, Алматы мен Байқоңыр қалаларының бюджеті ерекше бекітіледі. Бюджет — республикалық және жергілікті болып екіге бөлінеді.Салық жүйесінің негізін — корпорациялық табыс салығы, қосымша құн салығы, әлеуметтік және табыс салығы құрайды. 2018 жылғы реслубликалық бюджеттің кірістері — 13 275,7 млрд теңгені құрады. Қазақстан Республикасының Конститутциясында Қазақстан азаматының кәсіппен айналысуға еркі бар екені ап-анық жазылған. Оның үстіне «Кәсіпкерлік туралы» Заңдар қабылданып, кәсіппен айналысуға қолайлы жағдайлар жасалған. Шағын және орта кәсіппен айналысқысы келетін азаматтарға арнайы салық жүйесі мен салық салудың жалпыға бірдей ортақ белгіленген тәртібіне сәйкес екі түрлі талап қойылады. Олар:

  1. Жеке тұлға — жергілікті әділет басқармасына тіркелуге міндетті емес.
  2. Заңды тұлға — тіркелуі керек.


Көпшілікке түсінікті болу үшін «Жеке тұлға» туралы, оған салынатын салық салу тетіктерін, қандай бухгалтерлік құжат керектігі төңірегінде түсінік бере кететін болсақ. Бұл кәсіпкердің күнделікті әрі ешқашан таусылмайтын маңызды проблемасы болып қала береді. Кәсіпкерге осы жүйе, яғни, «Жеке тұлғаға» салынатын салық салу жүйесі «Заңды түлғаға» қарағанда оңайлатылып ұсынылған. Жаңадан жеке кәсіп бастағысы келген азамат жеке бас куәлігі иә төлқұжаты мен салық төлейтін тіркелген нөмірі бар, оны растайтын куәлігін алып, Салық комитетіне келіп, жеке кәсіппен айналысатынын айтады. Салық қызметкері арнаулы салық режимінің белгіленген төртіптерінің біреуін таңдауды өз еркіңізге береді. Экономиканың көптеген маңызды секторлары үшін, әсіресе шағын және орта бизнес, аграралық сала, әлеуметтік сала үшін салық жүктемесі айтарлықтай төмендетіледі. Қолданысқа түскендігіне көп уақыт өте қоймаса да оның нәтижесі айтарлықтай. Оны осы салаларда жұмыс жасайтын субъектілер қатарының артқандығынан да аңғаруға болады. Мәселен, бір ғана шағын бизнес субъектілерін алар болсақ, елімізде олардың саны дерек бойынша 35844 болса, жаңа Салық кодексіне сәйкес бұл салаға арнайы салық жеңілдіктері жасалғаннан соң бұл көрсеткіш 80565-ке артқан. Бұл өсімнен бюджет түсімдерінің де артатындығы белгілі. Қазір салықтық есептеменің электрондық нысанына көштік. Бұл да Салық кодексі арқылы енгізілген жаңалық. Бұдан салық төлеуші мен мемлекеттік бюджет арасындағы қарым-қатынас барынша жетіледі. Салықтық әкімшілдендірудің сапасы жақсарып, бюджетке түсім артады. Салық кодексі – бұл қоғамдағы үлкен пікірталаспен дүниеге келген құжат. Ол алғашқы кезекте салық төлеушілер үшін өте қолайлы заң болып шықты. Салық кодексі қолданысқа енген алғашқы айлардың нәтижесін бағамдасақ, оны көпшіліктің қабылдауы да жаман болмаған сияқты. Байқасаңыз жаңа салық бойынша салықты адал және уақытында төлейтіндер үшін салықтық қарым-қатынас біршама жеңілдеді, салықтық салмағы азайды, ал салықтан жалтаратындар үшін керісінше, талап күшейді. Бұл қарапайым ғана мысалмен түсіндірілсе керек: жұмысы жақсы жүріп жатқан, салықты дұрыс әрі уақтылы төлейтін салық төлеушіні салық органдары текке мазаламайды.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

  1. Үмбетәлиев А.Д., Керімбек Ғ.Е. Салық және салық салу.
  2. Ермекбаева.Б.Ж., Салықтар және салық салу.
  3. Алиева.Б.Х., Налоги и налогооблажение.
  4. Сейдахметова.Ф.С. Налоги в Казахстане.
  5. Юткина.Т.Ф. Налоги и налогооблажение.
  6. Нурумов.А. Налоги Республики Казахстан и развитых стран.
  7. Найманбаев.С.М. Салықтық құқық.
  8. Ермекбаева.Б.Ж. Жалпы мемлекеттік салықтар.
  9. Аронов.А.В. Налоговая политика и налоговое администрирование.
  10. Скворцов.О.В. Налоги и налогооблажение.
  11. Ілиясов.Қ.Қ., Құлпыбаев.С. Қаржы.