Маңғыстау өлкесі - туризм аймағы [Туризм]
Маңғыстау - барлық туристік нарықта Қазақстанның табиғатына, ландшафтарына және ұлттық мәдениетіне үлкен қызығушылық білдіретін және Қазақсан Республикасының туристік саласын дамытуда үлкен мүмкіндігі бар аймақ болып табылады.
Маңғыстауда туризмді дамытудың басым бағыттарының бірі – өлкенің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын дамыту. Бүгінгі таңда осы сала қызметін тұтынушылардың әлемдік нарығында облыстың туристік ресурстарын белсенді насихаттаудың аса өзекті мәселелерін қарастыру керек.
Маңғыстаудың туристік әлеуеттерінің бірі – ол Каспий теңізі екені сөзсіз.
Каспий теңізі – Қазақстан, Ресей Федерациясын, Әзiрбайжан, Иран Ислам Республикасын және Түркіменстан – бес мемлекетті бiрiктiретiн су бассейні. Сондықтан Маңғыстау облысында теңіз туризмін дамыту жобасы мақұлданған болатын. Мамандардың айтуынша өлкеде туризмді дамытудың басым бағыттарының бірі - круиз (кемеге отырып саяхат жасау) және желкенді қайық спортын ұйымдастыру. Одан басқа, Қарт Каспийдің жағасындағы демалыс ұмытылмайтын әсер қалдыратынын да айта кету керек. Теңіз суы тәулік бойында сұр түстен жасыл түске дейін өзгеріп отырады.
Маңғыстаудың тамаша жерлерінің бірі- Қарақия ойпаты – әлемнiң ең терең ойпаттарының бірі. Шұңқыры улкен болып келетін, ең терең жері – әлемдік мұхит деңгейінен 132 метр төмен жатқан ойпат. Бұл жерде ойпаттың түбін Батыр деп аталатын көлемдi сор жауып жатыр. Сонымен қатар Шопан ата, Масат ата, Қараман ата, Шақпақ-ата, Бекет-ата, Темір баба киелі орындары, Форт-Шевченко мұражай қалалары, Үстірттегі Бозжыра шыңы, Марс тәріздес Көкесем жері, Көкала үңгір тауы, Шоманай таулары, Түпқараған жазығы, Сұлтан-үпі сайы, Қаракөл көлі т.б әлі құпиясы ашылмаған таңқаларлық жерлер көп.
Одан басқа, қазіргі кезде Туризм саласын дамыту институты «Кендірлі» демалыс аймағын дамытудың 2020 жылға дейінгі мерзімді қамтитын жүйелік жоспарын жасады. Болашақ демалыс аймағының сыртқы инженерлік инфрақұрылымын жасау үшін арнайы жобалар жасалып, оларды іске асыруға қатысты шаралар қолға алынды. Сондай-ақ туризм саласын дамыту жоспары аясында облыс орталығы Ақтау қаласын дамытудың да бас жоспары жасалған. Сол сияқты қазір салына бастаған «Жезқазған-Бейнеу» теміржолының құрылысы да еліміздің орталығы мен батыс өңірлерінің тікелей байланысына жол ашады деп күтілуде. Бұл жол аяқталған жағдайда Қазақстанның кез келген нүктесінен Ақтау портына дейінгі қашықтық ең кемі 600 шақырымға қысқарады. Яғни кез келген тауардың бір тоннасының тасымалдау құны кемі 600-750 теңгеге төмендейді. Ал бұл тасымалданатын тауардың бәсекелестікке қабілеттілігін арттырып, нәтижесінде Қытай, Еуропа және Кавказ елдері арасындағы жүк айналымының 50 пайызына дейін осы жолға қарай тартады деген болжам бар.
2017 жылғы 12 сәуірдегі Тұңғыш Елбасының «Рухани Жаңғыру. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынады. Аталған бағдарлама бойынша Елбасы туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысуды алғашқы орынға қойып, осы іс-әрекетті – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі деп атап өтеді. Оның түпкі ойы – туған жерге шынайы ықыласпен қызмет ете отырып, сол аймақтың мәдениетін, экономикасын, туризм саласын, әлеуметтік жағдайын жақсартуды мақсат етеді.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
- «Маңғыстау» энциклопедиясы. Алматы, Атамұра. 2008ж.
- https://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/press_conferences/memleket-basshysynyn-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru-atty-makalasy