Қыз тәрбиесі мектеп ішінде [Социальная педагогика]

Автор статьи : Қаламқас И.
Организация : "Еңбек ауылындағы мектепке дейінгі шағын орталығы бар №22 орта мектеп" КММ
Должность : информатика пәнінің мұғалімі , "Қызғалдақ" қыздар ұйымының жауапты мұғалімі
Дата : 30.03.2016
Редакционная коллегия: онлайн нұсқада ғана жариялауға рұқсат етілген

Адам адамға қарап, ағаш ағашқа қарай өседі деп білген қазақ халқы: қызым жақсы болсын десең, қылықтылармен ауыл бол,- дейтін халық даналығын берік ұстанып, қыз балаларды ес біліп, етек жая бастаған кезде -ақ өнерлі, текті, тәрбиелі адамгершілігі жоғары болсын деп тәрбиелейді.

Сол мақсатпен мектеп ішіндегі қыздар тәрбиесін 3 бағытқа бөлдім:

  1. жан сұлулық
  2. гигиеналық, тазалық
  3. қамқоршылық

Мектеп ішінде қыз балалардың мінез-құлқын тәрбиелеу бойынша жұмыс оларды нәзіктікке баулу, отбасындағы алатын орны, ептілік пен шеберлік қалыптастыру, сондай-ақ қыздардың сұлулық,әсемдік, жақсы қарым-қатынас сияқты ұғымдармен таныстыруға бағытталған. Тек қана рухани тұрғыдан емес қыздарымызды таза, әсем, жарасымды киім киіп, өздерін күтуге, шаш өруге, шаштарын соңғы сән үлгісімен өздеріне жарасатындай қиюға кеңес беру, үйрету ескеріледі.

Гигиеналық жағынан қыз балаларға жыныстық жетілу кезеңінде өздерінде болып жатқан физиологиялық және психоэмоционалдық өзгерістерді түсіндіріп, жеткізе білу. Бұл жұмыс қыз балаларға қамқорлық, ниет білдіру, жан жылулығын сезіндіру үшін және қыз баласына тән белгілі бір ұнату сезімін бастан кешіру кезінде түсініспеушілік болса, оған қыздардың мұңайып, өздеріне жамандық жасамауы үшін алдын алуға міндеттейді. Сонымен бірге өз құқықтарын біліп, өздерін қорғауға және мектеп оқушыларының, яғни өз міндеттерін дұрыс орындауға тәрбиелейміз.  Оқып-үйрену процесінің ерекшелігін және күрделілігін ескере отырып, қыз балалар тәрбиесінің табысты болуына төмендегідей қолайлы жағдайларды жасау керек:

1.Мектептегі жаймашуақ орта;

2.Мұғалімдер, сынып жетекшілері тарапынан тәрбиеленуші қыздарға құрмет пен сенім білдіру

3.Әрбір оқушы қыз баланың жан дүниесіне көңіл бөлу

4.Айналадағы адамдардың мүдделерін есепке алып, балалардың өзіндік пікірін айтуға қолдау көрсету;

5.Мәселелерді шешу барысында тәсілдер табу бойынша жеке мысалдарды өзіндік пікірін айтуға қолдау көрсету.

Әдемі қыз – көзге,

Әдепті қыз - көңілге жақын,-дегендей  қыз баланы салауатты өмір сүруге бағыттау, гигиеналық тазалыққа үйрету; - өтірік, өсек айтпайға үйретiп, дағдыландыру;

- өзiнiң қоғам алдындағы жауапкершiлiгiн терең сезiне бiлуге баулу;

- қоғам алдында өзін  ұстай білуді үйрету; - мейiрiмдiлiк, iзгiлiк, ақиқат, сұлулық, қағидаларын берiк ұстануға, үйрету;

- ұрлық және қыздар арасында болатын төбелестерді болдырмауға дағдыландыру

- Жауапкершілікке тәрбиелеу 

Бүгiнгi таңда бiлiмнiң мемлекеттiк стандартына сәйкес республика мектептерiнде бiлiм беру мен тәрбие мәселесінде қиындықтар туындауда. Оның басты себебi республика өзiнiң тәуелсiздiгiне ие болған жағдайда экономикалық, экологиялық, этномәдени ерекшелiктерiн ескере отырып, жастарды оқыту мен тәрбиелеу iсiн қайта құрудың аса қажеттiгi пайда болды. Оның үстіне, өтпелi кезеңдегi нарық қыспағынан жұмыссыздықтың етек алуы, рухани жұтаңшылыққа ұшыраған әрбiр отбасының экономикалық ауыр хал-ахуалы тәрбие мәселесiне керi әсерін тигiзiп отырғанын да ескермеуге болмайды. Ата-аналар күн көрiс қамымен базар жағалап немесе жұмыс iздеп, бала тәрбиесiне көңiл бөлмеуде, ал ол оқушы жастардың қараусыз қалуын туғызады. Бұл 11-13 жастағы қыз балалардың шылым шегуге, iшiмдiкпен, нашақорлықпен, жезөкшелiкпен айналысуға, ұрлық iстеуге, т.б. қылмыстық әрекеттерге топтасуға, қатiгездiкке алып келуде.

Сол себептен мектеп ішіндегі аз қамтылған, жартылай отбасы және қамқоршыдағы қыз балалардың ата-анасымен үнемі байланыста жүруіміз керек. Мектепте оқудан тыс уақытта қыздарға сәйкес келетiн, олардың қабілетi мен iшкi қажеттiлiгiн қамтамассыз ететiн iс-әрекеттердi ұйымдастыру көзделедi. Соған сай олардың қабілетiн ашуға мүмкiндiк туғызатын спорт, дене еңбегi, қол өнер, көркемөнер, техникалық шығармашылық т.б. iс-әрекетке үйрету үйірмелерi мен секциялар ұйымдастырылады. Әр оқушы кез келген үйірмеге, секцияға, клубқа өз жүрегiнiң қалауымен қатысып, өзiнiң жеке басына тән қасиетiн, яғни өзiндiк менiн басқаларға танытуға мүмкiндiк алады.

Мектепте ұйымдастырылатын iс-шаралар әр қыз баланың дүниетанымын қалыптастыру, өмір жайындағы түсінiгiн кеңейтудi көздеп, жеке басына тән қасиетi мен қабілетiн ескере отырып жүргiзiлуi керек.

Қорытындылай келе, қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөле отырып, ел дәстүрі мен ата-салтына үйрету әр отбасының, сонымен бірге мектептегі ұстаздардың, қоғам алдындағы борышы екенін естен шығармағаны жөн.