Кеңестік Қазақстанда латын қаріпіне көшу тарихы [Казахский язык]
Тарихта «мәдени революция» және «мәдени құрылыс» атауларымен қалған бұл іс-шаралар кешенінің маңызды бағыттарының біріне ұлттық-тілдік саясат немесе тіл құрылысы айналды. Қоғамның барлық салаларына қатаң бақылау орнатуға тырысқан билік Кеңес мемлекетінің және большевиктер партиясының саяси доктринасы мен мүддесіне жауап бере алатын жаңа ортақ жазу үлгісін іздестірумен айналысты. КСРО-дағы бұл процестің қиындығына Кеңес мемлекетіне Ресей империясынан мұра ретінде қалған тілдік кеңістіктің әр алуандығы және әр түрлілігі тікелей әсер етті. Кеңес Одағы құрылған уақытта оның құрамына кірген 130 халықтың ішінде тек 20-сы ғана біршама жүйелендірілген жазуға ие болды. Жазудың өзіндік графикасын дамыған әдеби тілдері бар орыстар, украиндықтар, дәрежеде орыс әліпбиін христиан дінін ұстанған 7 халықтың өкілдері (мордва, осетиндер, чуваштар, удмурттар, марийліктер, якуттар) қолданса, Балтық бойының халықтары (литвалықтар, эстондар, латвиялықтар) латын графикасын қолданды. Қалған халықтар көне ұйғыр, моңғол, көне еврей, араб графикаларының негізінде құрылған күрделі және жетілдірілмеген жазуларды пайдаланды. Алайда, алғашқы екеуін тек бірнеше «кіші халықтар» ғана қолданған болса, араб графикасында – 16 түркі-мұсылман халықтары, олардың ішінде қазақтар, өзбектер, татарлар, әзербайжандар, тәжіктер сынды көпсанды халықтар жазды.
Сонымен қатар, басқа да халықтар араб графикасын өз тілдеріне сай бейімдеумен айналысып, жазу үлгісін қалыптастыруға ұмтылды. Саяси доктринаға орай, большевиктер кириллицаны да, араб графикасын да дінмен, сондай-ақ еңбекші халықты қанап келген патшалық режиммен және Орта Азиядағы хандықтармен байланыстырып, олардан қол үзу жолдарын іздестірді. Сондықтан да, кеңестік қайта құрулардың бастапқы кезеңінде халықтардың жазуларын бірыңғайландыру және жаңарту мәселесінде әлемдік революцияның жеңісіне сенген партия басшылары интернационалды әліпби ретінде латын жазуын қолданысқа енгізуді жоспарлап, оған болашақтың жазуы немесе «революция әліпбиі» ретінде қарады. Осы себептен кеңес билігінің алғашқы жылдарында кириллицаны қолданған славян халықтарына латын жазуын енгізу мүмкіндіктері қарастырылды.
Алғаш ұсыныс білдіргендердің қатарында РКФСР Ағарту халық комиссары А.В. Луначарский, танымал ғалымдар Н.Ф. Яковлев, Н.В. Юшманов және т.б. тілтанушылар болды. Олар латын жазуын бүкіл Ресей территориясын мекен еткен халықтар үшін жаппай енгізу қажеттігі туралы өз ұсыныстарын алға тартты [2]. Алайда, алғашқы орыс латыншыларының бұл ойлары көпшілік арасында да, жоғарғы басшылық тарапынан да тиісті қолдау таппағандықтан, латындандыруды тәжірибе ретінде ең алдымен жазуы жоқ және жазуды реформалауды талап етіп отырған КСРО-ның «кіші халықтары» мен этностары үшін жүргізу қажет деп танылды. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Ресей империясының отар аймақтарында (Қырым, Кавказ, Қазақстан, Орта Азия) араб графикасын реформалаудың алғашқы талпыныстары жасалынғанымен, олар айтарлықтай нәтиже бермеген еді. Революциядан кейін кеңес билігінің қолдауын тапқан реформаторлар араб жазуын латындандыру ісіне бел шеше кірісіп, біртіндеп бұл қозғалыс мәдени революцияның негізгі өзегінің біріне айналды. Өйткені, кеңес басшылығы да, жаңадан құрылған кеңестік автономиялы республикаларының жетекшілері де өз жазуларын жаңартуға мүдделі болды. Латындандыруды араб графикасын кең қолданған КСРО-ның түркі халықтарынан бастау көзделді. Бұл үдерістің көшбасында Әзербайжан тұрды. Мұнда 1922 жылы С. Ағамалы-Оғлы басшылығымен латыншылардың арнайы комиссиясы құрылып, оның жұмысының нәтижесінде латын қарпінің негізіндегі әліпби құрастырылып шығарылды. Комиссия ұсынған әліпбиде әрбір дыбысқа жеке әріп сәйкес келіп, олардың баспа және қолмен жазылатын нұсқалары, атаулары және араб графикасына сай келуі көрсетілді. Көптеген талқылаулардан кейін Әзербайжан үкіметі әліпбидің жаңа жобасын бекітіп, 1922 жылы 21 шілдеде оны қолданысқа енгізумен айналысатын Жаңа түркі әліпбиінің комитетін құрды. Біраз уақыт бойы Әзербайжанда араб графикасы және жаңа латын әліпбиі қатар жүрді. Тек 1924 жылы 27 маусымда жаңа әліпбиі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Әзербайжанда енгізілген латын әліпбиі бүкіл одақ ауқымында кең талқылаудан өтті. Оның құрастырушылары оған қатысты КСРО-ның тек түркі тілдес халықтардың ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің пікірін білуге, өз тәжірибесімен бөлісуге тырысты. 1924 жылы С. Ағамалы-оғлы бастаған Жаңа түрік әліпбиі комитетінің арнайы делегациясы Симферополь, Ташкент, Уфа, Орынбор және Қазан қалаларына сапар шегіп, көптеген зиялы қауым өкілдерімен тіл құрылысы мәселелері бойынша талқылаулар мен пікір алмасуларды өткізді [24]. Сапар қорытындысы бойынша делегация мүшелері КСРО-ның бүкіл түркі халықтарының басын қосатын арнайы жиын өткізу қажет екендігіне көздері жетті. Осы мақсатта 1924 жылы РКФСР Ұлт істер жөніндегі халық комиссариатының жанындағы Шығыстану ғылыми ассоциациясы өз құрамында Түркі халықтары үшін латын шрифтінің ассоциациясын құрып, түркітанушылар съезін шақыруға бағытталған даярлық жұмыстарын бастап кетеді. КСРО-ның жекелеген республикалары мен облыстарында латындандыру үдерісі біртіндеп қарқын ала бастаған шақта, Қазақстанда керісінше, ХХ ғасырдың 20-жылдардың басында жаңа түркі емлесіне көшуге қарсылық таныту, оған сенімсіздікпен қарау байқалды. Қазақстанда, сондай-ақ одан тысқары жерде, ең алдымен Ташкент және Мәскеу қалаларында жауапты мемлекеттік қызметтерде, түрлі ғылыми мекемелерде, ағарту және білім, мәдениет және өнер салаларында, мерзімді баспасөзде еңбек етіп жүрген қазақ қайраткерлерінің латындандыру мәселесіне қатысты көзқарастары бірыңғай болмады. А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов сынды танымал қазақ ғалымдары бастаған «арабшылар» тобы ескі жазбада қалуды жақтап, оны жан-жақты жетілдіру және дамыту қажеттілігін қолдаған болса, ал Шығыс халықтарының Орталық баспасы басқармасының төрағасы, Шығыстану ғылыми ассоциациясының мүшесі Н. Төреқұлов, Қазақ АКСР Ағарту халық комиссариаты жанындағы академиялық орталықтың мүшесі, белгілі тілтанушы Т. Шонанов жетекшілігіндегі «латыншылар» тобы оқу-ағарту саласы үшін күрделі әрі қолайсыз, ескірген, қолдану аясы тар, баспа ісі үшін шығынды араб жазуының орнына заманауи латын қарпін енгізуді жақтады. Латын жазуына көшу жөнінде екі топ арасындағы қызу пікірталас алдымен ұлттық баспасөз беттерінде, әсіресе «Еңбекші қазақ» пен «Ақ жол» газеттерінде орын алып, артынан бірнеше арнайы басқосулар мен жиындарда жалғасты. Қазақ тілі, соның ішінде араб жазуын латындандыру мәселесі бойынша қазақ қайраткерлері арасында орын алып отырған қайшылықты көзқарастарды жойып, ортақ позиция мен пікірді қалыптастыру мақсатында Қазақ АКСР-нің Ағарту халық комиссариаты 1924 жылы 12-17 маусымда Орынбор қаласында Қазақ білімпаздарының І съезін ұйымдастырды. Бұл съезге Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов, М. Жолдыбаев, Н. Төреқұлов, А. Кенжин, Е. Омаров, Н. Залиев, М. Саматов, М. Мұрзин сынды қазақтың белді ғалымдары мен қайраткерлері қатысты. Сондай-ақ съезд жұмысына Қырғызстаннан арнайы шақырылған танымал ағартушы И. Арабаев та белсене араласты. Съезде арабшылар мен латыншылар арасындағы пікірталас пен тартыс өз жалғасын тауып, өткір сипатта өрбіді. Әр топтың өкілдері өз ойларын ортаға салды: А. Байтұрсынов бастаған «арабшылар» съезде «қазақ әліпбиін латындандыру идеясынан біржолата бас тарту қажет» деген пікір білдірген болса, Н. Төреқұлов латын қарпінің басымдықтарын негіздеуге күш салып, жаңа емлеге өтуді сатылап, жүйелі түрде жүргізу қажеттілігіне назар аударды. Съездің қорытындысында қазақ тілі мен әдебиетінің ғылыми жүйесі, әсіресе әліпби, орфография, терминология, оқыту әдістемесі, ономастика т.б. салалар бойынша маңызды қаулылар қабылданды. Съезд делегаттары латын графикасына көшу мәселесі және қазақ тілінің болашақтағы жазу үлгісі бойынша ортақ шешімге келе алмады. Қайта керісінше, съезд Қазақстан жағдайында тілдік реформаларды жүргізуден гөрі араб графикасының негізінде А. Байтұрсынов құрастырылған әліпбиді – «төте жазуды» қолдануды жалғастыру, оны одан әрі жетілдіру қажет деп тапты. Дегенмен, латындандыру мәселесі бұрынғысынша күн тәртібінде тұрды. Съезд қарарларының бірінде республиканың Ағарту халық комиссариатының Академиялық орталығына латын графикасына көшу мүмкіндігін тиянақты және жан-жақты зерттеу қажеттігі туралы ұсыныс айтылды. Осылайша, Орынборда өткен съезд жазба реформасына қатысты пікірталасты тоқтата алмай, І Түркітану съезіне дейін өрбіді. Орынбордағы Қазақ білімпаздарының І съезінде тиісті қолдау таппаған латыншылар латын жазуы артықшылықтарының жаңа дәлелдемелерін іздестіруге, жазба реформасын жүргізудің және Әзербайжанның тәжірибесін ұтымды пайдаланудың қажеттігін негіздеуге күш салды. Қазақ латыншыларының өкілі Н. Төреқұлов осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қазақ тіліне бейімделген латын әліпбиінің нұсқасын, сондай-ақ КСРО-да латын қарпіне өту мәселесінің тарихына қатысты шолуын 1924 жылы Мәскеуде жарық көрген «Жаңа әліпби неге керек» атты еңбегінде ұсынды. Бұл кітапша «латыншылар» мен «арабшылар» арасындағы пікірталастың жаңа толқының туындатты. 1924 жылы Түркістан республикасының Ағарту халық комиссариатында қызмет еткен Х. Досмұхамедов «Ақ жол» газетінде «Қазақ тіліне латын харфін алу мәселесі» атты мақаласын жариялады. Х. Досмұхамедов латын графикасына көшуге қарсы пікірде болғанымен, өз бетімен құрастырып шыққан латын әліпбиінің нұсқасын көпшіліктің назарына ұсынып, латын әріптері жүйесінің негізінде «әр дыбысқа жеке әріп» ұстанымын қатаң сақтау қиынға соғатыны туралы қорытындыға келді [25]. Кеңес тұсында қазақ тілін латын графикасына көшіруге қарсылық танытқан қазақ қайраткерлеріне сол кезде үстем етіп отырған идеологияның салдарынан түрліше күйе жағу үрдісі орын алғаны белгілі. Оның өз себептері де болғаны түсінікті. Өйткені, Қазақстанда латыншыларға идеялық қарсылас атанған арабшылардың басым бөлігі – А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Е. Омаров, Х. Досмұхамедов сынды Алаш қозғалысының белді өкілдері немесе олармен түрліше байланыста болған қайраткерлер еді. Тіл мәселесі бойынша баспасөз беттерінде де, түрлі алқалы жиындарда да орын алған пікірталастар мен тартыстарда латыншылар жаңа емлеге көшуге наразылық танытқан кертартпа іс-қимылдарды кеңес мемлекетінің мәдени құрылыс бағытында жүргізіп отырған саясатына қарсылық ретінде көрсеткісі келді. Латыншылар Қазақстанның ішінде сан жағынан аз болғанын және латын әліпбиін енгізуді қолдаған қайраткерлердің басым бөлігі Орталықта (Мәскеуде) қызмет атқарғандықтары туралы айта кеткен де орынды. Қазақ қайраткерлерінің жекелеген тобының тіл құрылысы, соның ішінде қазақ әліпбиіне негіз болатын жазба үлгісін таңдау мәселесінде кертартпа позицияны ұстануға субъективті себептермен қатар, объективті себептер де ықпал етті. «Латыншылар» мен «арабшылардың» тартысы қарқынды түрде жүріп жатқан шақта, КСРО басшылары Орта Азияда ұлттық-мемлекеттік межелеуді іс жүзіне асырды. Оның қорытындысы бойынша, Қазақ АКСР-не бұған дейін Түркістан АКСР-нің құрамында болған екі қазақ облысы – Сырдария мен Жетісу қосылып, ол өз территориясы мен халқы саны жағынан РКФСР-дың құрамына кірген түркітілдес автономиялы республикалардың ішінен ең ірісіне айналды. Сондықтан да, латын қарпіне көшу кезінде Әзербайжанның тіл құрылысындағы тәжірибесін үлгі ретінде пайдаланумен қатар, көптеген әлеуметтік-экономикалық және этномәдени факторларды ескеру шарт еді. Демек, латындандыруға қатысты туындаған қаржылық, ұйымдастырушылық, мәдени, кадрлық, әдіснамалық және басқа да қауіптердің көбісі негізсіз емес болатын. Оның үстіне, өз жазулары мен әліпбиі, дамыған әдеби тілдері жоқ КСРО-ның «кіші халықтары» және этностарымен салыстырғанда қазақтар араб әріптерінің негізінде түзілген, қолданысқа енген А. Байтұрсыновтың әліпбиін бірнеше жыл бойы ағарту және білім, баспа және баспасөз, оқулықтар жазу және оларды жарыққа шығару салаларында жан-жақты әрі табысты түрде пайдаланып келді. Осы себептен «латыншылар» Қазақстандағы «арабшылардың» қарсылығын басуда түркітанушылар съезіне үміт артқаны түсінікті. 1926 жылы 26 ақпанда Бакуде ашылған І Жалпыодақтық түркітану съезіне Солтүстік Кавказдың, Сібірдің, Якутияның, Татарстанның, Қазақстан мен Орталық Азияның ғылыми және қоғамдық ұйымдарының атынан 111 өкіл, сондай-ақ арнайы шақырту бойынша Ираннан, Түркиядан, Германиядан, Австриядан, Венгриядан, КСРО және Украина ғылым академияларынан, Шығыстану ғылыми ассоциациясынан келген 20 ғалым қатынасты. Съездің жұмысына тіл мамандарымен қатар, партия және кеңес органдарының, өнер, әдебиет, ағарту ісі мен білім беру саласының қызметкерлері белсене араласты. Бұл съезге Қазақстаннан Е. Омаров, Б. Сүлеев, Ә. Байсейітов қатысқан болса, ал Татарстанның шақыруымен келген А. Байтұрсынов съезд төралқалығына сайланды. Сонымен қатар, съезге Шығыстану ассоциациясының төралқа мүшесі Н. Төреқұлов Орталықтың өкілі ретінде қатысты. Бағдарламаға сәйкес делегаттар 17 мәжіліс барысында КСРО-дағы түркітану мен тіл құрылысының әр түрлі мәселелеріне арналған 38 баяндаманы талқыға салды . Съездің күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бастысы – түркі тілдес халықтардың жазуларын латын графикасына көшіру мүмкіндігін қарастыру еді. Бұл мәселе төңірегінде делегаттар арасында қызу пікірталастар орын алды. Съезде қазақ және татар делегаттары бірлесе отырып, түркітілдес халықтарға латын қарпіне көшудің және ортақ әліпбидің енгізудің қажеті жоқ деген ұстанымда болды. Съезде қазақ «латыншылары» мен «арабшылары», ең алдымен Н. Төреқұлов пен А. Байтұрсынов арасындағы талас-тартыс өз жалғасын тапты. 1926 жылы 3 наурызда сөз сөйлеген Н. Төреқұлов қазақ және татар делегаттарының араб жазуын реформалауға («ислахшылар»), бір-бірінен ерекшеленетін әліпбиді енгізуге күш салғаннан гөрі, КСРО-ның түркі тілдес халықтарын біріктіретін ортақ латын қарпін құрастыруға ат салысуға шақырды. Өйткені, «ескі жазба тарихта қалып, оның тарапынан сынға ұшырады». Келесі күні өткен мәжілісте Н. Төреқұловтың оппоненті А. Байтұрсынов былай деді: «Біз әліпбиді өзгерту туралы мәселені ол жоқ болған жағдайда немесе сәтсіз жасалынған кезде ғана қоя аламыз. Алайда, әліпби бізде бар, сондықтан бізге басқа әліпбиге көшу қажет емес. Егер біздің әліпби нашар болған жағдайда, бұл өз алдына жеке мәселе, алайда, екі әліпбиді салыстыра отырып ешкім нақ осы латын әліпбиі ерекше бір артықшылықтарға ие екендігін дәлелдеп бермеді... Бүгінде біз, қазақтар, озық жазу емлесіне ие болып отырмыз». Оның пікірінше, латын қарпіндегі қазақ тілінің жетік әліпбиін құрастырып шығу көп күш пен уақыт талап ететіндігіне назар аударды, мұндай әліпби құрастырылған кезде қазақ тілінің фонетикалық жазу емлесі қаншалықты дұрыс көрініс табатындығына күмән білдірді. Съезге Қазақстан атынан қатысқан Б. Сүлеев пен Ә. Бәйсейітов бұл пікірталасқа араласпай, өз ойларын ашық айтуға ұмтылыс танытпады. Съезден кейін Н. Төреқұлов «Советская степь» газетінде жарияланған мақалалардың бірінде жоғарыда есімі аталған екі қайраткердің пассивті позициясын сынап, олардың орнына Қазақстаннан басқа білікті тіл мамандарын жіберу керек еді деген пікір айтты . Съезге қатысушылардың басым бөлігі КСРО-ның түркітілдес халықтары үшін ортақ жаңа әліпбиді және жазуы жоқ халықтар үшін латын жазбасын енгізу идеясына қолдау көрсетті. Съезде баяндама жасаған көптеген ғалымдар мен қызметкерлер бұл көшу кезінде қиындықтар болатындығын атап өткенімен, олар араб графикасынан гөрі латын әліпбиіне басымдық беретінін айтты. Қазақ және Татар республикасы өкілдерінің қарсылығына қарамастан, съезге қатынасқан 131 делегаттың ішінен 101-і жаңа емлені қабылдау қажет деп дауыс берді. Дегенмен, съезд қабылдаған қарарда «жекелеген түркі-татар республикалары мен облыстарында жаңа емлені енгізу және бұл шараны жүзеге асыру жолдары әрбір халықтың және республиканың өз ісі» деп танылатындығы жайлы айтылды. Сонымен қатар, съезд барысында латын әліпбиін енгізу бойынша бүкіл одақ көлемінде жеке және арнайы орган құру қажеттілігі жөнінде де ұсыныстар алға тартылды. Бұл органды съезден кейін құру жоспарланғанымен Әзербайжан қайраткерлерінің шұғыл түрде істі өз қолына алуына байланысты Әзербайжанның жаңа әліпби комитетіне ұлттық республикалардың бірқатар өкілдері кіргізіліп, ол болашақта Бүкілодақтық жаңа түрік әліпбиінің Орталық Комитетінің өзегін құрады. Осылайша, Н. Төреқұлов бастаған қазақ латыншыларының үміті ақталып, І Түркітанушылар съезді КСРО-дағы латындандыру үдерісіне жаңа қарқын берді. Бакуде съезд аяқталғаннан кейін Қазақстанда латын қарпіне өту мәселесін баспасөзде талқылау қайта жанданды. Бұл талқылауға қазақ қайраткерлерімен қоса орыс тілді қызметкерлер де тартыла бастады. Орталық баспасөзде тіл және латын әліпбиі мәселесі жөнінде Н. Феоктистовтың, П. Михеевтің және тағы басқалардың мақалалары жарық көрді [26]. Латындандыру мәселесінде кенже қалып қойған Қазақстанда 1926 жылы «Қазақ латын әліпбиінің қоғамы» құрылып, оның басшылығына Т. Шонанов тағайындалды [27]. Соған қарамастан латын қарпіне өту ісінде айтарлықтай ілгерілеу байқалмады. А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Е. Омаров жетекшілігендегі «арабшылар» тобы бұрынғысынша араб графикасының негізіндегі қазақ әліпбиін қорғап, баспасөз беттерінде латын қарпіне өтудің қажетсіздігін дәлелдеуді жалғастырды. Бұл уақытта Орталықта жауапты қызметтерде болған қазақ қайраткерлері латын графикасының негізіндегі жаңа түркі әліпбиіне көшу ісіне бел шеше араласады. Олардың қатарында Н. Төреқұловпен қатар, РКФСР БОАК Төралқасы хатшысының орынбасары, Ұлттар бөлімінің меңгерушісі С. Асфендиаров, РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары Т. Рысқұлов, кейіннен РКФСР БОАК Төралқасының мүшесі Ә. Досов кірді. 1926 жылы 12-24 сәуір аралығында ІІІ шақырылған КСРО Орталық Атқару Комитетінің ІІ сессиясына қатынасу үшін келген ұлт аймақтарының өкілдерімен ұлт және тіл мәселесі бойынша С. Ағамалы-оғлы және КСРО ОАК Ұлттар Кеңесінің хатшысы С. Асфендиаров арнайы кеңес өткізді. Бұл кеңесте түркі халықтарының жаңа емлеге көшіруге жауапты болатын орталық органды құру қажеттілігі мойындалып, тиісті шешім шығару үшін қосымша арнайы жиын ұйымдастыру көзделді. Бұл бағыттағы жұмыстардың қорытындысы ретінде Жаңа түркі әліпбиінің Бүкілодақтық комитетін (ЖТӘ БК) құру мәселесі 1926 жылы қазан-қараша айларында БКП (б) XV конференциясында талқыға салынады. КСРО Орталық Атқару Комитеті жанынан латын қарпіне көшу комитетін құруға Татарстанның, Түрікменстанның, Қырғызстанның және Қырымның өкілдері қарсы шықты. Өзбекстанның делегаттарына келетін болсақ, олар екі жақты пікірде қалды. Комитетті құру идеясына Әзербайжан, Башқұртстан, Бурят-Моңғолия және Дағыстан өкілдері қолдау білдірді. Партия конференциясына қатысушылар латындандыру үдерісінің ауқымын, республикалар мен облыстар арасында бірыңғайлықтың жоқтығын ескере отырып, латын қарпіне көшуді орталықтандыруды жүзеге асыру қажет деп таныды. Сонымен қатар, конференцияда болашақ комитеттің орналасу жері (Мәскеу немесе Баку) бойынша да талқылау жүрді. Латын графикасында кітаптарды жарыққа шығару мәселесі де өткір пікірталастарды тудырды. Себебі, ол уақытта бүкіл КСРО-да латын тілінде кітап шығаратын баспа тек екі қалада – Мәскеу мен Бакуде ғана болды. Дегенмен, Әзербайжан қайраткерлері бастаған «латыншылардың» талаптары мен ұмтылыстарына қарамастан партиялық конференцияда ЖТӘ БК құру туралы шешім қабылданбады. Одақ орталығында латындандыру үдерісіне қатысты орын алып отырған оқиғалар Қазақстанға әсер етпей қоймады. 1926 жылы 10 желтоқсанда Қазақ АКСР-нің астанасы – Қызылордада латын әліпбиіне өту мәселесі бойынша арнайы кеңес өтеді. Бұл кеңесте де қазақ «арабшылары» мен «латыншылары» арасындағы өткір пікірталас өз жалғасын тапты . Екі жақ тағы да ортақ шешім мен ымыраға келе алмай тарады. Бұл кеңестен кейін де 1926 жылдың аяғында – 1927 жылдың басында Қызылорда қаласында Қазақ АКСР-нің Ағарту халық комиссариаты мен «Жаңа әліппешілер қоғамы» ұйымдастырған бірнеше жиын өтеді. Олар да «латыншылар» күткен нәтижеге алып келмеді. «Латыншылардың» бастамасымен 1927 жылдың басында Қазақстанда Жаңа қазақ әліпбиі бойынша үкімет комитеті құрылады. Оның төрағалығына Қазақ республикасы үкіметінің басшысы Н. Нұрмақов тағайындалынып, мүшелігіне жауапты қызметкерлер кірді [28]. Дегенмен, бұл комитет жеке орган мәртебесіне ие болмай, үкіметтің жанындағы уақытша комиссия міндетін ғана атқарды. Бұл уақытта Мәскеуде қызмет еткен қазақ қайраткерлері түркі-татар зиялыларымен бірігіп, ЖТӘ БК-ін құруға бағытталған істерге белсене ат салысады. 1927 жылы 13 ақпан С. Ағамалы-оғлы бастаған латыншылар КСРО Орталық Атқару Комитетінің ІІІ шақырылымының ІІІ сессиясына қатынасу үшін келген ұлттық республикалардың жауапты қызметкерлерінің басын қосып, арнайы кеңес өткізеді. Кеңеске қатынасқан қайраткерлердің басым бөлігі ЖТӘ БК-ні құру қажеттігі туралы ұсынысқа қолдау білдіріп, осы мәселені шешу міндеті жүктелген ұйымдастыру комиссиясын құрады. Комиссияның төрағалығына – С. Ағамалы-оғлы, хатшылығына – Ю. Назиров, мүшелігіне – С. Асфендиаров, Ф. Қожаев, Б. Күлбешеров, Н. Айтақов және С. Диманштейн сайланды. Сонымен қатар, бұл комиссияға ЖТӘ БК-нің алғашқы пленумы шақырылғанға дейін барлық тиісті өкілеттіліктер берілді. 1927 жылы 28 ақпанда БКП (б) Орталық Комитетінің Ұйымдастыру бюросының мәжілісінде ЖТӘ БК құру туралы мәселе талқыға салынып, бұл мәселе бойынша сөз сөйлеген БКП (б) Орталық Комитетінің Үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі В. Кнорин, жауапты қызметкерлер – С. Асфендиаров, Т. Рысқұлов және басқа да қайраткерлер түркі тілдес халықтардың латын графикасының негізінде құрылған жаңа емлеге көшу жұмыстарына басшылық жүргізетін Орталық Комитетті құру қажеттілігін негіздеп берді. Талқылаудың қорытындысында мәжіліс Бакуде Жаңа түркі алфавитін енгізу бойынша Бүкілодақтық комитет құру туралы қаулы қабылдайды. Бұл қаулыға сәйкес комитет төрағалығына С. Ағамалы-оғлы тағайындалып, комитет мүшелері түркі тілдес автономиялы республикалар мен облыстардың өкілдерінен құрылуы тиіс еді. Комитеттің ұйымдастыру жұмыстарына жетекшілік жүргізу үшін құрамына С. Ағамалы-оғлы, Н. Айтақов, С. Асфендиаров, С. Диманштейн, Ф. Қожаев, Ю. Назиров, К.