Жұбан Молдағалиев поэзиясындағы этноәлеуметтік атаулар көрінісі [Казахская литература]
Автор статьи : Бердігүл Д.
Организация : Қарағанды облысы Осакаров ауданы "№21 ЖББМ" КММ
Должность : мұғалім
Дата : 26.03.2022
Номер журнала : 02-15-2022
Организация : Қарағанды облысы Осакаров ауданы "№21 ЖББМ" КММ
Должность : мұғалім
Дата : 26.03.2022
Номер журнала : 02-15-2022
Казахская литература
Халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған өмір тәжірибесі, адами ізгіліктері мен рухани құндылықтары, қоғамның әлеуметтік сипаты, сөйлеу әдебі принциптері, аялық білімі, жалпы этнологиялық кеңістігі туралы түсініктері ұлтымыздың вербальды қазынасы - оның тілінде, тілдік құрылымында көрініс тауып, сақталып жинақталған.
Кеңес Одағы тұсында идеологиялық шектеулерге байланысты қазақ қоғамында ежелден қалыптасқан ру-тайпалық құрылым, геналогиялық, ата тек бастауларына қатысты ақпарат ескінің сарқыншағы, феодалдық-буржуазиялық идеологияның қалдығы деген біржақтама көзқарас болғандығы белгілі.
Еліміз егемендікке жетіп, тоталитарлық құрсаудан шыққаннан бері ата-бабаларымыздың бай рухани мұрасын, халқымыздың тілдік творчествасын жан-жақты зерттеуге, ғылыми тұрғыдан бағалап, саралауға мол мүмкіндіктер туды. Ал, шындығында, шежіре мен оған қатысты дәстүрлі этникалық әлеуметтік, геналогиялық бөлінісі, жалпы ата тек мәселесі - қазақ этносының ұжымдық ой-санасында, оған тән "ғалам бейнесінде" ежелден мықтап орныққан іргелі де концептуалды рухани базасы болып танылатын саяси-идеологиялық, мәдени сипаттағы кешенді категория.
Қазіргі кезеңде әлемде қалыптасып отырған геосаяси жағдайда халықаралық қауымдастық тарапынан елімізге, оның өткен тарихы мен мәдениетіне, тіліне деген қызығушылығы артып келеді. Тілде көрініс тапқан халықтың рухани құндылықтарын тану арқылы оның болмысын, табиғатын, өзін тануға жол ашылмақ.
Этноәлеуметтік атаулар жайлы зерттеуші-ғалым Ж.Ж.Жұмағұлова: "Қазақ тілі ру-тайпалық ұйымдасу ерекшелігін, жалпы қазақ халқының этникалық құрылымының таксономиялық деңгейлерін белгілейтін этноәлеуметтік дәстүрлі терминдер мен атауларға бай: ру, тайпа, жүз, арыс, алаш, үрім-бұтақ, ел, сүйек, тұқым, жеті ата, аталас және т.б. қоғамдық-ирархиялық қатынастар көрсеткіші ретінде қазақ халқының ғалам бейнесінде рухани-моральдық құндылықтар жүйесінде тұрақталған. Өз кезегінде аталған этнолексемалар мен өзге де ата, тек, тұқым, ел, жұрт т.б. сынды атаулар қазақ тілінің фразеологиялық, паремологиялық қорында, сөз оралымдарында, ақын-жыраулар шығармалары мен эпостық фольклор мәтіндерінде кең көрініс тапқан" [1,16], - дейді.
Шежіре, ата тек тарату, ру аралық таксономиялық деңгейді белгілейтін дәстүрлі этникалық әлеуметтік құрылым мен оның атаулары ақын-жазушылар шығармаларында ертеден бастап сөз болып, осы күнге дейін көбіне тарихшы-этнографтар тарапынан зерттеліп келеді. Атап айтсақ, Н.Аристов, Қ.Халид, М.Жүсіп, Ш.Уәлиханов т.б., кеңес дәуірінде М.Тынышбаев, Х. Әділгереев, С. Ибрагимов, М.Мұқанов, В.Востров, Х.Арғынбаев, С.Зиманов, С.Толыбеков т.б. сынды зерттеуші-ғалымдарды атай аламыз.
Тілшілер арасынан тиянақты түрде қазақ этнонимиясы, этникалық құрылымы атауларымен айналысқан С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, Ә.Қайдар, Т.Жанұзақов, Е.Қойшыбаев, Ә.Абдрахманова т.б. сынды ғалымдардың есімін атауға болады.
Қазақ этнонимдік жүйесі бастау алатын алып рухани арна, ата-бабамыздан сан ғасырлар бойы асқан ұқыптылықпен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып жеткен мол қазына ‒ ұлтымыздың төл шежіресі. Қазақ шежіресі ‒ халқымыздың бүкіл дүниетаным, болмыс-тіршілігімен, ұлттық-сана сезімімен біте-қайнасқан, жалпы айтқанда, кешенді де гуманитарлық сипаттағы зор мәдени феномен.
Қазақ халқы шежіресінің мәдени маңыздылығы мен орны жөнінде, оны тарихи, тілдік, әдеби т.б. бағытта зерттеу қажеттілігіне қатысты этнограф-ғалымдардың еңбегінде келтірілген ұлы қазақ жазушысы Ғабит Мүсіреповтың мына сөздерін келтірген жөн: "Қазақ, Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қуғыншы халық. Ол өмір бойы өзін іздейді, ата-бабасын іздейді, кешегі күнін іздейді, болашағын іздейді. Шежіре әр адамның жоғын тауып береді, ата-бабасының өрлігін, ерлігін, тектігін, өз мүддесін ұлт мүддесіне қатыстырған жандар екенін көрсетеді".
О да құдай саналды, жұртты алдады.
О да мені өлтірді, құрта алмады.
О да мені жегідей, жерімді отап,
О да салды денеме дыр таңбаны.
Таңба - таңба тәнімнің тыртықтары
Қатпарына қаншама сыр тықпады?
Шежіренің беттерін ашар о да,
Оқи алсаң кітаптай, сүртіп қанын( "Мен қазақпын" 7 бет).
Ақын Жұбан Молдағалиев поэзиясында кездескен шежіре сөзіне талдау жасамастан бұрын, "шежіре" терминологиясына қатысты кейбір атаулардың лексикографиялық анықтамаларына назар аударайық.
Шежіре ‒ дала даналығының көзі, өткен ғасырларды құжатталған, кумлятивтік маңызы зор рухани, мәдени мұра. Қазақ шежіресі сан-салалы тармақтарға бөлініп,өзіндік терминологияға бай келеді.
Соның ішінде біз тек ежелгі қазақ қоғамының іштей бөлініп, белгіленетін дәстүрлі атаулар жүйесіне алаш, жүз, руға талдау жасаймыз. Сондай-ақ шежіре лексемасын этноәлеуметтік терминологияға қатысы бар болғандықтан оның кейбір анықтамаларына тоқталамыз.
Онамст-ғалым Т.Жанұзақ шежіре сөзіне қатысты: "...шежіре деген атау мен ұғым негізгі басты тайпадан соңғы руға дейінгі аралықты қамтитын, сол таралымды ғана көрсететін нұсқа деп білуіміз керек сияқты. Ал рудан күні бүгінеге дейін ата қуып тарату ‒ әрбір адамның ата-бабасының, атасы мен әкесінің аты-жөнін ұрпақ дамуын көрсететін тектік кесте ғана. Сондықтан оны шежіре деуден гөрі тектік кесте деп атау дұрыс сияқты" [2,11], - деген ой айтады.
Шежіре сөзі "Қазақ Совет энциклопедиясында": "шежіре, қазақ шежіресі (араб. шаджрат - бұтақ, тармақ) - халықтың шығу тегін, таралуын баяндайтын тарих ғылымының тармағы" - делінген [3,265].
ҚТТС-де шежіреге "Шежіре зат. Тарихи оқиғаларды жазып отыратын жылнама. Ауысп. Көпті көрген, көп білетін адам" [ҚТТС 965], - деп анықтама берілген.
Шежіре сөзінің лексикографиялық анықтамаларын саралай келіп, ақын қолданған шежіре атауының мағыналық аясы: қазақ қазақ болып қалыптасқаннан бастап басынан кешірген қанша тарихи оқиғаларды, ру-тайпалардың тарихы, ел билеушілердің көсемдігі және батырлардың ерлігі сақталған мұра осы шежіреде екендігін көрсетеді.
Руым көп солардың аттарындай,
Мінезім бар таулардың қатпарындай.
Ән - жырым бар бабалар хаттарындай,
Әжімім бар бейнеттің таптарындай("Мен қазақпын"4 бет).
Қарап тұрып жүзіңе жайраңдаған,
Бір нәрсеге сүйінем, қайран қалам:
Жүзге, руға ұнталған көшпе халық
Мұнша өлкені қалайша сайраңдаған( "Мен қазақпын"26 бет).
Қырқысу түбі - құр құру,
Құл елін дәйім бүлдірді.
Бір емес, бүгін, қырық ру
Мекендеп отыр бұл жерді("Туған жер" поэмасы 209 бет)
Құл ғана емес, қыруар -
Дауқара, Беріш, Тана екен.
Жоқ екен тіпті рулар,
Тайпы елге тұтас бала екем("Туған жер (поэмасы)"213 бет).
Осы өлең жолдарында ру, жүз этноәлеуметтік атаулар кездеседі.
Міржақып Дулатовтың "Қазақ-қырғыздардың тарихын жазуға кіріскенде - "қазақ", "қырғыз", "алаш", "үш жүз" деген аттар қайдан шыққан, қазақ қырғыздың тегі кім, бұлар қашаннан бері өз алдына жұрт болған - біліміміз жеткенше алдымен шешетін жұмбақтың бірі осы", - деп айтқан сөздері осы күнге дейін өз маңыздылығын жойған жоқ [4,124].
С.Аманжолов бұл сөздің тарихи әдебиеттерде "орда" сөзінің баламасы ретінде қолданылғандығын, алайда қазақтар "жүз" сөзінің орнына "орда" сөзін ешқашан қолданбағандығы туралы пікір айтқан [5,188].
Жүз сөзінің шығу төркіні жөнінде пікір білдірген профессор Е.Жанпейісов белгілі түркітанушы А.Габеннің 1950 жылы Лейпцигте шыққан "Көне түркі грамматикасы" атты кітабынан немісше "глиед"(буын,бунақ,ұрпақ) деген мағына беретін түркінің "йуз" сөзін кезіктіріп, "Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз" тіркестеріндегі "жүз" зат есімінің "сустав, колено, звено(цепи)" мағынасындағы көне түркі сөзі екенін айтады.Ғалым бұл лексеманың кейбір түркі тілдерінде ғана емес, фин-угор тілдерінде де осыған ұқсас мағынада ұшырасатынын тілге тиек етеді[6,195].
Басқа да зерттеушілердің дені жүз этнотерминінің қалыптасу кезеңін ортағасырлармен байланыстырады.
Қорыта айтқанда, жүз сөзінің генезистік дамуына этникалық-тайпалық ұйымдастыру принципі мен кеңістік-территориялық, әкімшілік-экономикалық, шаруашылық ортақтығы қатар негіз болған, яғни бұл жерде, біздің ойымызша, ежелгі мәдени құбылыстардың тілдік санадағы синкреттілігімен айқындалады.
Ғалым Ж.Ж.Жұмағұлова өз еңбегінде ру туралы: "Ұлттық этножүйеде, қазақ халқының шежіресінде әлеуметтік және саяси тұрғыдан ру ең белсенді де көп қолданылатын таксономиялық бірлік атауы. Жоғарыда атап кеткендей, ру еуропалық, орыс тарихы ғылымында қалыптасқан "род", "имя рода", "родовое имя" классикалық терминдік ұғымдарымен қазақтың, жалпы көшпелі этностардың ру, сүйек этноәлеуметтік терминдерінің арасында сәйкестік жоқ екендігі белгілі"[1, 11],-деп көрсетеді.
Ру сөзінің этимологиясына назар аударсақ, көне түркі заманында бұл этнотериннің орнына boj лексемасының кең қолданыс тапқанын, сондай-ақ оның да көпмағыналы сипатқа ие болғандығын көруге болады.Мысалы: Boj- скопление людей, племя, род (boj кіm?(руың кім)).
Махмуд Қашқари сөздігінің қазақ тіліне шыққан нұсқасында да осы вариантты көреміз: Boj- бой; қауым, зәузат, тұқым-тұрағат, ру [7,123].
Академик Ә.Қайдар ру этнотерминінің этимологиясын ұр (ur) көне түркілік түбірмен байланыстырады да оның семантикалық мазмұнында потомство, "ұрпақ", "род" "тек, тұқым", "семья" "" ұрық " семаларын айырады[8, 11].
Дауқара ‒ Дәуқара Қарақожаұлы (шамамен 17 ғасырдың соңы - 18 ғасырдың ортасы) - батыр, би. Есімі байұлы тайпасы құрамындағы байбақты руының ұранына айналған. Дәуқара Еділ бойындағы қалмақтарға қарсы шайқастарға қатысқан. Ел арасындағы бір аңыздарда дене бітіміне қарай Дәуқара аталыпты делінсе, енді бірінде қарақалпақтар қоныстанған Шымбай - Дәуқара маңында көшіп-қонып жүргенде Дәуқара есімі қойылған дейді. Дәуқара батыр есімі батыс өңірінің ақын, жыраулары шығармаларында жиі айтылады[3,96].
Беріш ‒ шежіре бойынша, Кіші жүздегі байұлы бірлестігі құрамына енеді. Есенқұл,Қаратоқай, Жайық, Жаңбыршы, Себек, Бегіс, Есен аталарына таратылады[3,89].
Беріш этнонимі 10 ғасырда парсы тілінде жазылған авторы белгісіз “Худуд әл-Әлем” деген жағырапиялық еңбекте де кездеседі. Онда “Мерке — елді мекен, онда қарлықтар тұрады, оған саудагерлер де қатынайды. Бұл екі елді мекеннің аралығын үш қарлық тайпасы қоныстанған, олардың есімі бистан, хайм, бириш” деп жазылған.
Академик Ә. Марғұлан “Қазақтың жыр-аңыздары” атты кітабында 10 ғасырда Хазар хандығы негізінен екі тайпадан құрылған: "бірі — Хазароғлы, екіншісі — Берішоғлы"[9,89]. деп көрсетеді.
Тана — Кіші жүздің Байұлы бірлестігіне кіреді. Таналардың атауы Тана (Дон) өзені атауынан шыққан. Тана Кіші Жүздің Байұлысына кіріп, жетіге бөлінеді: Жиенбет, Ақымбет, Қалқаман, Қарақұнан, Асан, Шолан, Жолымбет, Қараман[3,145].
Қазақ қазақ болғалы
Кең дала көшіп-қонғаны.
Алты алаш ағайын
Бір - бірінің қорғаны.
Барға келер тоңғаны,
Байы болса - оңғаны.
Бөліп садақ жонғаны
Жауға жаулық болғаны ("Сейдахмет пен мұсаның айтысы" 14 бет).
"Алаш" бұл этнәлеуметтік мазмұндағы терминдік атауға қатысты қазақ тарихын, тілін зерттеушілер тарапынан көптеген пікірлер болғанымен, ғалымдардың шығу төркініне байланысты ортақ тұжырымға әлі де келе алған жоқ деуге болады.
Алаш атауын қазақ этнонимінің синонимі ретінде жазбаша деректерде қарастырған Қадырғали Жалаиридің "Жами - ат-тауарих" атты жылнамасында кездеседі.
Ш. Уәлиханов Қадырғали Жалаиридің шығармасына сүйеніп: Алаш мыңы сөзі жқнінде "Алаш мыңы" деп ертеде жалпы қазақ халқын атаған. Үш Алаш, Алты Алаш, Алты мың Алаш деген халықтың ескі атаулары сол халықтың нақтылы саны деген ұғым емес, ескі шежірелерде Алаш мыңы дейді де, артынша, халық, ел деп толықтырып отырады... Алаш мыңы - мыңдаған Алаштардың одағын, Алаш қоғамын бейнелейтін атау болса керек", - деп жазады [10,18].
Тілші-ғалым Р.Сыздық алаш сөзін ел, жұрт, байтақ, халық, қазақ елі, қазақ хауымы, сондай-ақ жау, жат т.б. мағынада қарастырады [11,29-30].
М.Тынышбаев алаш сөзін алшын тайпасымен байланыстырады да, "Алаша" этноатауынан көнерген деп қарайды [12,197].
Ал қазіргі кезде "алаш" сөзі өзінің аса көне, алғашқы әлеуметтік мәнінен арылып, еліміз егемендікке ие болғалы,қазіргі заман қазақ ақын-жазушы шығармаларында, көркем мәтінде, ортағасырлық мазмұндағы қолданысына жақын, бірақ қазіргі ақиқат болмысына сәйкес "қазақ халқы", "Қазақстан", "қазақ азаматтары", "Алаш азаматтары" т.б. мағынадағы қаратпа сөз ретінде кең қолданыс тауып жүр.
Түйіндей келгенде, ежелгі қазақ қоғамының әлеуметтік құрылым ерекшелігін белгілейтін тілдік бірліктер халықтың дүниетанымынан, ментальдік ерекшеліктерін білдіріп, ұлттың рухани, мәдени құндылықтар жүйесін этнопсихологиясынан хабардар етіп, маңызды кумлятивтік қызметке ие.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- Жұмағұлова Ж.Ж.Қазақ тіліндегі этноәлеуметтік атаулардың лингвомәдени сипаты.Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты.Алматы,2009.‒29бет.
- Жанұзақ Т. Ш.Уәлиханов еңбектеріндегі этнонимдердің лексика-семаникалық сипаты// Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ филологиясы мәселелері. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Алматы, "Арыс", 2004.‒236бет.
- Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. ‒Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010. ‒314бет.
- Дулатов.М. Шығармалары. - Алматы: Жазушы, 1991. ‒214бет.
- С.Аманжолов. Вопросы диалектологии и истории казахского языка.Алматы, Санат,1997.457стр.
- Жанпейісов Е. Этнокультурная лексика казахского языка. Алматы: "Ғалым", 1989. ‒348бет.
- Қашқари М. Түбі бір түркі тілі. («Диуани лұғат-ат түрк»). ‒Алматы: Ана тілі, 1993 .‒192 бет.
- Қайдаров Ә.Структура односложных корней-основ в казахском языке. ‒Алматы,1986, 389б.
- Марғұлан Ә. Ежелгі мәдениет куәлары. – Алматы: Қазақстан, 1966. – 212 б.
- Уәлиханов Ш. Таңдамалы. ‒Алматы, "Жазушы,1985.‒118б
- Сыздықова Р. Язык "Жами-ат-тауарих" Жалаири.‒Алматы,1989. ‒243стр.
- Тынышбаев М. Таңдамалы., Избранное.Алматы, "Арыс", 2001. ‒197бет