Халық күйлерінің тәрбиелік мәні [Музыка]
Организация : КМҚК "Балалар музыкалық мектебі" Доскей ауылы
Должность : домбыра пәнінің мұғалімі
Дата : 07.11.2017
Номер журнала : 02-08-2017
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру » атты бағдарламасында өткенімізге баға беріліп, ой елегінен өткізіліп, рухани даму бағытымыз айқындалған. Президент еліміздің рухани жаңғыруына халықтың дәстүрі мен ұлттық мәдениеті негіз болуы тиіс екенін көрсетті. Бұл дегеніміз кешегі мен бүгінгіні және ертеңімізді жалғастыру болып табылады. Сондықтан біздің міндетіміз Президентіміздің тапсырмасын орындай отырып, жолдауда айтылғандай жаңа заман көшіне ілесіп, өркениетті ел болу үшін ұлттық сананы сақтау мен өрістетудің нақты жолдарына ұмтылу, оны іске асыру. Алға қойылған міндеттерді негізге ала отырып, рухани даму, мәдениетіміз бен тарихымызды ауқымды ашып көрсете білу. Сонымен қоса санамызды рухани жаңғыртуға білімді болсақ қана жететініміз айқын. Сондықтан білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу керек. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін есімізде ұстап, ол әрқашан бірінші орында тұруы шарт екені көрсетілген. «Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» / Н.Ә.Назарбаев/ Президент сонымен қатар, жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беретін белсенді, білімді және дені сау азамат қалыптастыру міндетін қойған болатын, себебі бүгінгі өркениеттің даму деңгейі білімділік пен сауаттылық ұғымдарының мазмұны мен оны түсінудің сара жолдарын іздестіруді қажет етіп отыр. Білімді және білікті болашақты тәрбиелеу жолында мектептік білім беру жүйесін жаңа уақыт талабына орай жетілдіру, білім беру жүйесін өзіміздің ұлттық болмысымызға, негізге алынған ұстанымдарымызға сай құруды қажет етеді. Оның ішінде Эстетикалық тәрбие сұлулық, көркем мәдениет, дәуірлер мен халықтардың көркем құндылықтары, ұлттық және жалпыадамзаттық призма арқылы адамгершілік-рухани құндылықтар қалыптастыруды көздейді. Өнер құралдарының көмегімен дамудың қазіргі кезеңінде өзіндік санасы жаңа, анағұрлым жоғары деңгейдегі, тұжырымдамалы ойлауға, әлемді тұтас көре білуге, өзінің шығармашылық қызметінде ол туралы құндылықты түсініктерді іске асыруға, ұжымда өмір сүру білуіне, әлем мәдениетімен және адамдармен қарым-қатынаста өзін көрсете білуге қабілетті адам қалыптастыру бүгінгі күннің маңызды міндеті болып табылады. Осы орайда мектептен тыс қосымша білім беру саласының атқарар рөлі маңызды. Оның ішінде өнер және музыка мектептерінің жөні бір бөлек. Ертеден келе жатқан қазағымның қанына сіңген әуендерімен жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында, музыка және өнер мектебінде сабақ беретін мұғалімдердің еңбегі зор. Қолына енді ғана домбыра алған бүлдіршінге, алғашқы қадамды қазақтың халық әндерінен бастап, содан кейін халық күйлеріне көшіп оқытса, оқушының ішкі интонациясының өзі халықтық тұрғыда қалыптасатыны анық. Ал фортепианоның сүйемелдеуімен орындалатын қазақ композиторларының шығармалары бір музыка мектебін бітіріп шығуға жетерлік. Сонымен қатар халық күйлерінің ішінде де балаға орындатуға болатыны, болмайтыны да бар. Оны да ескеру керек. Мысалға, халық күйлері «Кеңес», «Көк дөнен», «Сары өзен», «Келіншек», «Жастар биі», «Бозінген» және т.б. халық күйлерін бастама ретінде оқушыға үйретіп барып, халық композиторларына көшу ең жақсы әдістемелік үрдіс. Сонымен қатар осы халық күйлерінің аңыздарын қарапайым тілмен айтып отырып орындатып көрсетсе, күйді түсінуге оқушының талпынысы күшейе түседі және сабақта сол аңызды айту арқылы біз баланы ұлттық тәрбие жолында оның мақсатын айқындаймыз. Ұлттық тәрбие- адам тұлғасын өз ұлтының, халқының лайықты өкілі, өз тілін, тарихын, адамгершілік, рухани, отбасылық, еңбек дәстүрлерін тасымалдаушы ретінде қалыптастырады, өскелең ұрпақты туған жеріне сүйіспеншілік рухында, үлкендерді сыйлауға, табиғатқа құнттылықпен қарауға тәрбиелеуге ықпал етеді. Сондықтанда күйлердің шығу тарихын білген өте маңызды. Оны білген оқушы күйдің ішкі сырын түсініп, мәнін білген кезде орындаушылық деңгейіде артатыны шындық. Ендеше бірнеше күй аңыздарына тоқтала кетуді жөн көріп отырмын. Мысалға, халық күйі «Тепең көк» күйінің аңызын келтірсек, ондағы аттың шабысы, желісі, ырғақтық көрінісі айқын болғандықтан оқушының сана¬сына сіңіру де оңайға түседі. Халық күйі «Тепең көк»: Ертеде бір кедейдің мал дегенде жалғыз көк аты болыпты. Өзі бәйгеге қосқанда алдына қара салмайтын жүйрік екен. Бірақ бір қасиеті, тері шықпаса мүлдем шаба алмайды, ол жақсылып тері шықса қандай жарыс болсада алдын бермейді. Аттың сыры иесіне мәлім демекші, сол елде үлкен ас болып, жан-жақтан небір сәйгүліктер келеді. Аста ат шабыс, жамба ату, балуан күрестері белгіленіп, озғандарына жүлде тағайындалады. Бұл жарысқа әлгі кедейде келеді. Көк тұлпарын жарысқа қосу үшін иесі бәйге басталмас бұрын қанжығасына екі дорба құмды өңгеріп, әрлі-бері желдіртіп, терін шығарып тепеңдетіп келе жатқанда елдегі бір домбырашы көріп, аттың сұлулығына, жүрісіне көңілі толып «шу жануар Тепең көк» деп күй тартыпты. Содан бұл күй ел арасында «Тепең көк» атанып кетіпті. Күйші бұл күйде тепеңдеп келе жатқан аттың шабысын суреттеген. (Т.Мерғалиев, С.Бүркіт, О.Дүйсен «Қазақ күйлерінің тарихы» 107-бет). Енді Сүгірдің «Телқоңыр» күйін әңгіме етейік. Сүгірден кейін бұл күйді жалғыз Төлеген Момбеков тартатын. «Телқоңыр» бағзы заманнан келе жатқан қазақтың қастерлі күйі. Нұсқалары көп. Әр өлкенің өз «Телқоңыры» болған десек, артық айтқандық болмас. Күйдің аңызы, азынаулақ ерекшеліктеріне қарамастан, ортақ нұсқадан өрбиді. Құлыны өлген биеге, енесі өліп жетім қалған құлын телінеді. Домбырашы күй тартады. Бие күйге иіп, бөтен құлынды бауырына алады, ақыры өз төліндей көріп кетеді. Міне, қысқашалап айтқанда күйдің шертетін хикаяты осындай. «Бозінген» туралы да жан-жақты сөз келтіріп оның аңызын айтып оқушыға жеткізу, «Кеңес» күйінің негізі, би -шешендердің күй тартып кеңес, яғни ақылды шешім айтулары, болмаса «Сары өзен» (Сары өзен деп қазақтар Қытайдағы Хуанхе өзенін атаған) күйінің атауы үлкен тарихты көрсетіп, сағынышқа толы. «Сары аттың сағынышы» күйінің шығуы. Ерте заманда той жасап жатқан бір қазақ ауылын жау шауып, мал-дүниесін талап, ер жігіттерін түгел байлап әкетіпті. Байлап әкеткен жігіттердің ішінде әрі күйші, әрі ат сыншысы Смет деген жігіт те бар екен. Алты айлық жерден аңдып келген жау Сметті елдеріне апарып, құл қылып жылқы бақтырып қояды. Арада бірнеше жыл өтеді. Бір күні Смет барған елдің ханы ұлы дүбір той жасап, алыс-жақындағы әнші-күйшілерді ордасына шақырып, ән салғызып, күй тартқызып мәре-сәре болып отырыпты. Бір кезде сырттан өте зарлы қобыз дауысы естіліпті. Қобыз даусын естіген хан нөкерлеріне: - Барып біліп келіңдерші, менің ұлы тойымнан қағыс қалған ол қандай өнерлі жан? — депті. Бір нөкер далаға жүгіріп шықса, қобызда күй тартып отырған ханның жылқышы құлы Смет екен. Нөкер ханға қайта келіп: - Хан алдияр, мұңлы күй тартып отырған жылқышы құлыңыз Смет деген жігіт екен, — деп мәлімдепті. Хан оған: - Тез, мұнда ертіп кел, өнерін көрейін, — депті. Нөкер Сметті ханның алдына алып кіріпті. Хан жігітке таңдана қарап: - Сені сыртта қобыз тартып отыр дейді ғой, қане, қобызыңды тартшы, бізде тыңдайық, — депті. Смет қобызын қолына алып, тізерлеп отыра қалып, әлгінде далада тартқан зарлы күйін тарта бастапты. Күйдің шексіз құдіретіне ұйыған хан оған таң атқанша күй тартырыпты да, таң атқан соң: - Рахмет, өнерлі жігіт! Бүгіннен бастап басыңа бостандық бердім. Өнерді бағаламай қор ету мен үшін үлкен қиянат. Жылқыларымның ішінен өзің таңдаған біреуін ұстап мін де, ел-жұртыңа барып өнеріңді дамыта бер. Өнер киелі, қасиетті нәрсе. Ол дос-дұшпанға бірдей қастерлеуге лайық, — деп ризалығын береді. Өнерінің арқасында құлдықтан құтылған Смет жылқыға барып, жылқы ішінде жүрген өзінің Сары атын ұстап мініп, ел-жұртына қарай тартады. Ол күн жүріп, түн жүріп күндердің бірінде өз елінің шекарасына барады. Шекарадан өтіп, жан-жағы жасыл нулы, сыңғырап аққан бір бұлаққа келгенде, астындағы Сары атты қоя беріпті. Тіпті атының көзінен ағыл-тегіл жас парлапты. Сонда сезімтал да сергек күйші әсерленгенінен қоржынындағы қара қобызын суырып алып, ат үстінде тұрып: - Е, жануарым-ай, туған жеріңді әбден сағынған екенсің-ау, мал екеш, мал болсаң да, туған жеріңді сен сағынғанда, мен қалайша бей-жай қалайын, — деп «Сары аттың сағынышы» деген күй тартыпты. Сөйтіп, өмірге «Сары аттың сағынышы» деген бір тамаша күй келіпті. /Айып Нүсіпоқасұлы,Темірбай Сымағұлұлы,«Қазақтың дәстүрлі ат үсті ойындары» кітабынан/ Осындай кішкене ғана халық күйлерінің аңыздарын келтіре отырып оны оқушыға үйрету, біріншіден, оқушының күйді орындаудағы түсінігі, сонымен қатар ырғақты бойына сіңіруі жақсы қалыптасады. Жалпы жан-жақты ақпаратпен қамтылған бүлдіршін шәкірттің болашағы да жарқын болары сөзсіз.Күйді оқушыға үйретіп болғаннан соң, өзіне орындатар алдында бірінші аңызын айтқызып, содан кейін тыңдауға кіріссек, музыка мектебінің оқушылары қазақ тілінің өркендеуіне де өз үлестерін қосатын болады. Аңыздарды оқып, талдап, түсініп айту арқылы баланың тіл байлығы да артады. Ұлттық тіл – ұрпақтан ұрпаққа дүниетанымы мен дүниені сезінуін, тұрмыс дәстүрі мен мәдениетін, адамгершілік және эстетикалық құндылықтар ерекшеліктерін жеткізудің негізгі жолы. Осындай халық күйлерінің аңыздарын естіп оны домбыра да орындап өскен жас шәкірт, теледидардан небір мән мағынасы жоқ кейбір бағдарламаларды көріп жетілген басқа оқушыларға қарағанда саналары көш ілгері болары да сөзсіз. Міне, осы тұрғыда, халық күйлерінің аңыз әңгімелері музыка мектептерінде оқушыны тәрбиелеудегі ең бір керек әдістеме болып табылады. Осы тұрғыда халық күйлерінің орны қашанда биік болмақ. Ұлы Мұхтар Әуезов «Әнге- әуес, күйге- құмар бала –жаны сұлу, өмірге ғашық болып –өседі»дегендей, жарқын болашақты дұрыс жолға бағыттаудағы мақсатымыз айқын болсын әріптестер.