Google Classroom интернет-платформасы кері байланыс құралы ретінде [Технологий образования]

Автор статьи : Айдана Н.
Организация : Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасы ШЖҚ КМК “Жоғары медициналық колледж”
Должность : Оқытушы
Дата : 14.04.2020
Номер журнала : 01-10-2020
Цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанның экономикасын болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму траекториясына көшіруге жағдай жасау [1] мақсатында қабылданған “Цифрлы Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының басты міндеттерінің бірі - халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру (даярлау, қайта даярлау) болып табылады. Цифрлық сауаттылықты арттыруда түрлі нұсқаулықтардың алатын орны ерекше.  “Цифрлы Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының нысаналы индикаторларының бірі 2022 жылы интернет желісін пайдаланушылардың үлесі – 82,3% [1] екені белгілі. Бұл көрсеткіш үлкен көрсеткіш екені сөзсіз. Демек, экономика, өндіріс салаларымен қоса, білім саласының да электронды жүйеге көшуі,  қашықтықтан оқытудың жаңа әдістері мен тиімді платформаларының нарықта көбейе түсетіні белгілі. Біздің басты міндетіміз, ақпараттық технологиялардың дамуымен қатар ілесіп игеріп кету. Жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін тек қана жастар емес, орта буын мен аға буын өкілдерінің кәсіби пайдаланушы ретінде ортасын қалыптастыру болып табылады.  “Бұл өзгерістер түбегейлі болып табылады және бұрынғыдай ондаған жылдар бойы емес, санаулы жылдар ішінде, тіпті санаулы айлар ішінде болады. Бірақ бұл тек бастамасы ғана, ал әлем өзгерістердің негізгі бөлігін әлі де бастан кешеді” [1] - деп жүргенімізде, бүкіл әлем бір уақытта қашықтықтан оқыту жүйесіне көшу керек болғанда, алдымызға жаңа сын-тегеуріндерді қойды. Жылдар емес, тіпті айлар емес, бірнеше апталық мерзімде мектеп, колледж, жоғары оқу орындары, сонымен қатар біліктілікті жоғарылату, тіпті білім саласында басқару жүйесі де қашықтыққа қарамай, үздіксіз білім беруді қамтамасыз етуге бағдарлануына әкелуде. Бұл жағдайда қай платформада жұмыс жүргізудің тиімділігі жөнінде көптеген сұрақтар туындады. Осындай сан қырлы, әрі күрделі мәселелерді жүзеге асыруда оқытушының атқарар рөлі орасан. Оған әрі ауыр, әрі жауапты міндет жүгі жүктеледі: ол курстың бағдарламасының құрылымын дайындап, оны қашықтықтан білім беру жүйесімен астастырып бейімдейді, оқу үрдісінің барысын қадағалап, тапсырмаларды орындау барысында, өз бетімен бақылау-пысықтау жұмыстарын орындау жөнінде ұсыныстар береді. Бұл ретте қашықтықтан оқыту  жүйесінің әдістерінде көрсетілгеніндей, көңіл-күй, психологиялық қарым-қатынас бой көрсетеді. Қашықтықтан оқыту тәсілі бойынша жұмыс істейтін оқытушы оқытудың жаңа технологиясын, оқытудың компьютерлі және тораптық жүйелерін жетік біліп, олармен іс жүргізу ісін орындау шарт[2]. Оқытушы қай әдісті қолданса да, сол әдісті қолдану арқылы білім алушының оқу қабілетін арттырып қана қоймай, ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы өздерінің кәсіби деңгейлерін де жетілдіріп, дағдыларын дамыта алу керек.  Қашықтықтан оқыту дегеніміз — оқытушы мен білім алушы арасында қандай да қашықтықта интернет ресурстарының сүйемелдеуімен өтілетін оқытудың формасы, яғни интернет желілерінің көмегімен белгілі бір арақашықтықта оқыту [2] болып табылады. Сонымен қоса, қашықтықтан оқыту ұйымдастырудың 3 түрлі формасы бар: онлайн (синхрондық) және оффлайн (асинхрондық), және кең таралған үшінші түрі вебинар. Онлайн режимдегі оқыту дегеніміз – интернет ресурстарының көмегімен ағымдағы уақытта белгілі бір қашықтықта мұғалім экранын көру арқылы оқытуды ұйымдастыру формасы. Оффлайн режимдегі оқыту дегеніміз - интернет ресурстарының көмегімен (электрондық пошта) оқытушы мен білім алушы арасындағы ақпарат алмасуды қамтасыз етуге мүмкіндік беретін оқытудың формасы. Вебинар дегеніміз – интернет желілерінің көмегімен семинарлар мен тренинтер өткізу формасы. Мұндай оқу үрдісінің негізінде кейбір білім мекемелерінде өзіндік жекелей оқыту платформасы қарастырылғанымен, көпшілікке қолдануға оңтайлы, қаражат тұрғысынан тиімді және пайдаланушы үшін функциялары күрделі емес  интернет-платформаларында жұмыс жүргізу қажеттілігі туындады. Осы орайда, Google Classroom платформасын қолдану оқытушы үшін де, оқушы үшін де орын мен уақыт, жағдайды таңдамайтын бірден бір платформа ретінде қарастыруға болады. Google Classroom интернет-платформасын пайдалануды толықтай негіз етіп алмаса да, әрбір оқытушының білімді жеткізу, білім алушының қаншалықты деңгейде игергендігін тексеру және бағалау мақсатында осы платформада балама ретінде жұмыс жүргізуіне болады.  “Google Classroom” оқыту және оқу үрдісінде ұсынған функциялары көп-ақ. Соның ішінде кері байланыс құралы ретінде таптырмас интернет-платформасы екенін айта кету керек. Оқытудағы кері байланыс дегеніміз - оқытылатыннан оқытатынған және одан оқытылатынға (сыртқы кері байланыс) немесе өзіне оқытылатыннан баратын, үйрету үрдісі мен нәтижелер барысы туралы ақпарат өтетін байланыстар кері байланыс деп аталады. “Google Classroom”-да Сіз оқытушы ретінде барлық түсіндірме мәліметтеріңізді (презентация, видеоматериал, қарастырылуы керек әдебиеттер) жүктеп қоя аласыз. Білім алушы кез - келген уақытта онлайн, оффлайн режимде сол уақытта және кейін де бұл мәліметтермен таныса алады. Ия, мәліметтерді беруді кез-келген жүйеде жүзеге асыруға болады, бірақ та біз үшін ең маңыздысы білім алушының берілген білімді қаншалықты деңгейде меңгергендігі, игергендігі болып табылады. Сіз талап еткен тапсырмалардың (баяндама, презентация дайындау, ситуациялық тапсырмаларды шешу, тесттік тапсырмаларды орындау) орындалуына ғана қарап бағалау, толыққанды кері байланысты қамтамасыз ете алмайды. Арада қашықтық болғаннан кейін жанында тұрып та бағалай алмайсыз. Бұл орайда, бағалаудың жүйесіне білім алушының өзін өзі бағалау жауапкершілігін жүктеу қажет. Рефлексия білім алушының сабақ бойына білімін қорытып талдау (анализ) жасауына, ақпарат арасындағы үзілістерді толықтыруына мүмкін беретін бірден бір таптырмас құрал. Дәстүрлі оқыту барысында оқытушы рефлексияны сабақ барысында еркін өткізе алатыны сөзсіз. Ал қашықтықтан оқыту барысында арнайы қосымша құралдарды іске қосуымызға тура келеді. Сондықтан әр сабаққа “Кері байланыс күнделігін” (№1 сурет) және “Өзіндік бақылау парағын” (№2 сурет) енгізуді ұсынамын. “Google Classroom”-да “Google Форма”-ны пайдалана отырып, әр сабақ соңында небәрі бес минутта қорытынды бағаланатын “Кері байланыс күнделігін”  және “Өзіндік бақылау парағын” құрамыз.  “Кері байланыс күнделігі” келесідей сұрақтарды қамтиды: өзіңізді бүгінгі сабаққа қаншалықты атсалыстым деп есептейсіз?, бүгінгі сабақ бойынша білім деңгейіңізді бағалаңыз (сабақтың басындағы біліміңіз, сабақтың соңындағы біліміңіз, жалпы тақырып бойынша алған біліміңіз), оқытушыны бүгінгі сабақ бойынша бағалаңыз, бүгінгі сабақты "1" мен "5" аралығында бағалыңыз.         “Өзіндік бақылау парағы” (рефлексия пирамидасына сәйкес) келесідей сұрақтарды қамтиды: Мен үйренген төрт мәлімет, мен білген үш мәлімет, менің көбірек білгім келген екі мәлімет, есте сақтау керек бір маңызды мәлімет. Бұл оқытушы мен білім алушы үшін де тиімді, оңай және тез жүзеге асады. Біріншіден, білім алушының сыни көзқарасын қалыптастырып, осал тұстарын анықтай отырып сапаны арттыруға ықпал етеді. Екіншіден, оқытушы үшін әдіс-тәсілдерді дұрыс таңдап, уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Себебі, әрбір білім алушының күнделігі мен бақылау парағы оқытушының мұрағатында сақталады. Үшіншіден, қорытынды сабақта білім алушының бірінші сабақтан бастап “өсу қисығын” көріп, салыстырмалы талдау жасауға болады. Кері байланыстың  тиімді құралы ретінде қашықтықтан оқытуда “Coogle Classroom” интернет-платформасында “Google Форма” мүмкіншіліктерін пайдалана отырып, оқыту мен оқу сапасын жақсартуға болады деп ойлаймын. Пайдаланылған әдебиеттердің тізімі
  1. “Цифрлы Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы № 827 қаулысы.
  2. Самеков М.Н, Избасаров Е.Х. Оқу үдерісін ұйымдастырудың жаңа формасының бірі - қашықтықтан оқыту технологиясы, Тараз қ. мақала http://zkoipk.kz/2016smart1/2543-conf.html
  3. Сапарова А.Ж., Жупболова У.Т. “Сабақтағы кері байланыстың тиімді тұстары” мақаласы http://zkoipk.kz/kz/2016smart1/2500-conf.html