География пәнінде СLIL әдістемесі арқылы оқушылардың тілдік құзіреттіліктерін арттыру [География]
Автор статьи : Сагыныш К.
Организация : №61 жалпы білім беретін орта мектеп
Должность : география пәні мұғалімі
Дата : 14.01.2019
Номер журнала : 01-10-2020
Организация : №61 жалпы білім беретін орта мектеп
Должность : география пәні мұғалімі
Дата : 14.01.2019
Номер журнала : 01-10-2020
Қазіргі заманғы мектептегі білім беру парадигмасы оқушының жеке тұлғалық қызығушылықтарын есепке ала отырып, оны саналы түрде таңдау жасауға, өз бетінше шешім қабылдауға және қоғам өміріне белсенді қатысуға дайындауды талап етеді. Осындай жағдайда, белсенді азаматтық ұстанымы бар әрі коммуникативтік қабілеті жоғары білімді жастарды тәрбиелеуге мүмкіндік беретін инновациялық білім беру моделін қалыптастырудың өзектілігі артады. Ал инновациялық білім беру моделін қалыптастыру пәнаралық байланыстарды дамытуды және белсенді оқыту әдістерін қолдануды алға тартады.
СLIL немесе пән мен тілді кіріктіріп оқыту әдісі жоғарыда сипатталған заманауи сұраныстарға жауап беретін бірден бір әдіс болып табылады. CLIL терминін көптілді білім беру саласындағы ғалым Дэвид Марш 1994 жылы Еуропадағы тілдік білім берудің жағдайы туралы зерттеулерді үйлестіру жұмысының барысында қолданысқа енгізген. Автордың анықтамасы бойынша, CLIL - тілдік емес пәндерді екінші тіл немесе қосымша тіларқылы оқыту әдістемесі [1]. Басқаша айтқанда, бұл әдістеме пәнді оқыта отырып, оқушылардың тілдік құзіреттіліктерін дамытуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда үш тілде білім беру реформасын жүзеге асыру, әсіресе жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшынша оқытуды енгізу жағдайында CLIL әдістемесінің маңыздылығы артып отыр. Қазіргі таңда, CLIL әдістемесі елімізде үш тілде білім беру моделіен жүзеге асыратын Назарбаев Зияткерлік мектептерінде кеңінен қолданылады [2]. Атап өтерлік жайт, CLIL әдістемесі, негізінен, пәнді шет тілінде немесе екінші тілде оқытуда қолдануға арналған. Алайда, халықаралық зерттеулер көрсетіп отырғандай, пәнді оқушының ана тілінде оқытуда да пән мен тілді кіріктіріп оқыту әдісінің тиімді инновациялық педагогикалық құрал ретіндегі әлеуеті жоғары.
CLIL әдістемелік тәсілін одан әрі жетілдіріп дамытқан шотладиялық ғалым До Койл CLIL әдістемелік тәсілдің негізгі принциптері анықтау кезінде Еуропа елдерінде 4Cs шеңбері деп аталатын төмендегі төрт негізгі аспектіні анықтады[3, с.265 ]:
Content (мазмұны) – бұл оқушылардың ақпараттық құзыреттілігін қалыптастыратын пәндік аймақтағы білім, іскерлік, дағды, яғни, өздігінен іздеу, талдау, таңдау, өңдеу және қажетті ақпаратты жіберу қабілеті мен іскерлігі;
Communication (байланыс) – сабақта шетел тіліне үйренуге емес, шетел тілі білімін қосымша қолдануды ұсынатын тілде оқыту, осылайша, оқушылар шетел тілін оқу кезінде қолданады, сондай-ақ, оны қалай пайдалану керектігін үйренеді. Бұл аспект коммуникативті құзырлықтарды қалыптастырады, себебі тыңдай білу, сұрақтар қоя білу және оларға нақты жауаптар құрастыру, қарастырылатын мәселелерді мұқият тыңдау және белсенді талқылау, серіктесінің пікірін түсіну және оларға сыни баға беру секілді жеке тілдік қатынас қабілетін дамытады;
Cognition (таным) танымдық және ойлау дағдыларын дамытуды жүзеге асырады және бір немесе бірнеше оқу салаларында студенттердің жақсы даярлығын қамтамасыз ететін білім беру құзыретін қалыптастыруға ықпал етеді;
Culture (мәдениет) – мәдениет тілін меңгеруді қамтамасыз ететін, әлемді тану жолдарымен, өзін мәдениет бөлшегі ретінде ұсынумен, балама мәдениетті ұғыну және қабылдаумен жалпы мәдени құзыреттілігін дамыту аспектісі болып табылады.
Енді CLIL әдісін қолдану мұғалімнен нені талап етеді деген практикалық сұраққа келер болсақ, CLIL әдісін мұғалімнен пәндік білімін жетілдіруді, ресурстарды кеңінен қолдануды, сабағын тиянақты жоспарлауды, кәсіби біліктілігін үнемі арттырып отыруды талап етеді.CLIL әдісін қолдану барысында әр сабақтың пәндік және тілдік мақсаттары болуы керек, мұғалім оқушылардың сол мақсаттарға жетуін қадағалауы қажет, сабақта тірек сөздермен жұмыс жасалуы қажет, айтылым, жазылым, тыңдалым және оқылым дағдылары дамытылуы қажет, белсенді оқу әдістерін қолдану қажет.
CLIL әдісін қолдану барысында тапсырмалар мақсатқа бағытталған, оқушылардың тіл деңгейлеріне сай, орындауға қызықты, ынталандыратын, бір-бірімен логикалық түрде байланысқан болуы қажет.
Жоғарыда аталған 4Cs шеңберіндегі барлық принциптер қазақ кластарында география пәнін оқытуда аса маңызды аспектілер болып табылады. Өйткені, сабақты жоспарлау кезінде «барлық мұғалімдер тіл мұғалімдері болып саналады» деген жаһандық ұстаным сақталу қажет[4]. CLIL әдісін басшылыққа ала отырып, қазақ тілінде берілетін география сабағында оның элементтерін қолдануға болады. География сабағында пән мен тілді кіріктіріп оқыту уақыттың көп бөлігі мәтінмен жұмыс істеуге берілсе де, тілдік дағдылардың барлық түрі сақталады. Мәтін материалын таңдаған кезде оқушының жас ерекшелігі мен тіл меңгеру деңгейі ескеріледі.Мысалы, сабақта оқушылардың қазақ тілінде оқу, сөйлеу дағдысын жетілдіру үшін үй тапсырмасы компьютерленген тест тапсырмасы, сөздерді сәйкестендіру немесе кестеде берілген дұрыс сөйлемдерді табу арқылы тексеруге болады. Сабақта тілдің төрт дағдысын басшылыққа алынады. Қажет болған жағдайда, оқушыларға түсініксіз сөйлемдер мен терминдерді бірнеше рет қайталау қажет. Тыңдалым дағдысы үшін Интернет желісінен таңдап алынған географиялық тақырыптарға сай түрлі бейне және аудиожазбаларды тыңдатуға болады.
Оқушылардың оқылым дағдысын жетілдіру үшін қарапайым тапсырмалардан бастап, проблемаға негізделген оқыту тапсырмаларына дейін қамтуға болады. Оқылым дағдысы PISA халықаралық емтиханында тексерілетін аса маңызды дағды функционалды сауаттылықты жетілдіруге көмектеседі. Оқу сауаттылығы оқушыға берген мәтінді түсініп, оған талдау жасап, берілген мәтіннің мазмұнын өмірмен байланыстыра алу дегенді білдіреді. Оқылым дағдысының ерекшелігі, ең бастысы, түсініп оқу, зерттеп оқу, сын тұрғысынан ойлау, аргументтерді келтіріп, оны дәлелдей алу және шолып оқу [5].
Жазылым дағдысы негізінде анализ жасау, пікір, хат, эссе және т.б. тапсырмаларды қолдануға болады. Сонымен қатар сюжетті суреттерді пайдалану арқылы оқушылар тарапынан креативті жұмыстар орындалады. Мысалы: «Берілген суретті пайдаланып, Қазақстандағы табиғаты әсем жерлер туралы туристік блог жаз» - деген тапсырмаларды беруге болады. Кез-келген жазба жұмысын орындау кезінде оқушы жазба жұмысының стилін сақтауды ұмытпау керек. Егер ол жалпы оқырманға арналған ақпарат болса блог үлгісін, хат болса, хат үлгісін сақтауы тиіс.
Жазба жұмыс формаларының ішінде эссе ерекше орын алады. Эссе жазудың өзіндік жүйесі бар және ол тезиске сай аргументтерді келтіру, қарама-қарсы аргументтерді келтіру, себеп, ұсыныс және қорытынды сияқты бөліктерді қамтиды.
CLIL әдістемесін пайдалануда география пәні мұғалім келесілерді ескеруі тиіс:
- қазақ тілі пәні мұғалімдерімен және физика, химия және биология сияқты өзге пән мұғалімдерімен ынтамақтастық орнату;
- әдістемелік бірлестіктердің жұмысын жоспарлағанда, тілдік және тілдік емес пәндер мұғалімдері әдістемелік бірлестіктерінің өзара әрекеттесу жоспарын түзу;
- тілдік және тілдік емес пәндер мұғалімдерінің арасында сабақтарға өзара қатысуды ұйымдастыру.
- Карабасова, Л (2018). Пән мен тілді кіріктіріп оқыту үш тілде білім беру педагогикасы ретінде. Видео дәріс. Назарбаев Университет, Астана.
- Ирсалиев,С., Карабасова Л., Мухаметжанова А., Адиль А., Бекова М., Нурланов Е. (2017). Үш тілде білім беруді ұйымдастыру. Астана: Ақпараттық талдау орталығы.
- Coyle, D. (2007). Content and language integrated learning: Towards a connected research agenda for CLIL pedagogies. International journal of bilingual education and bilingualism, 10(5), 543-562.
- Нуракаева, Л., Шегенова, З. (2013). Пән мен тілді кіріктіріп оқыту әдісін (CLIL) қолдану туралы мұғалімдерге арналған нұсқаулық. Назарбаев Зияткерлік мектептері, Астана.
- Көпжасарова Т.М., Утешева К.Г. Мәтінмен жұмыстың тиімді тәсілдері: әдістемелік нұсқаулық.Астана: «Назарбаев зияткерлік мектептері»ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016.- 60 б.