Бүгінгі қоғам және отбасы құндылығы [Семейная психология]
Автор статьи : Гүлзира Е.
Организация : Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг Университеті, КЕАҚ.
Должность : аға оқытушы, әлеуметтану ғылымдарының магистрі
Дата : 25.05.2022
Издатель : Римма Е., корреспондент
Номер журнала : 02-15-2022
Организация : Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг Университеті, КЕАҚ.
Должность : аға оқытушы, әлеуметтану ғылымдарының магистрі
Дата : 25.05.2022
Издатель : Римма Е., корреспондент
Номер журнала : 02-15-2022
Семейная психология
Әрбір жеке адам өмірінің маңызды бастауы, рухани өзегі – отбасы. Үлгілі отбасын құрып, адал ұрпақ өсіру – кімнің де болса, ең бірінші алға қойған үлкен мақсаты әрі асыл арманы болса керек.
Әлемдік тарихта өзіндік орны бар, саясат әлеміндегі талай мықтыны еріксіз мойындатқан әрі өзін «темір ханым» атандырған 1979-1990 жылдары Ұлыбританияның премьер-министрі болған әйгілі Маргарет Хильда Тэтчерден бір журналист «Өмірдегі ең үлкен жетістігіңіз не?» деп сұрағанда, ол ойланбастан «Отбасын құрып, ана болғаным» деген екен. Демек, отбасы – барлық адамзат қоғамы үшін теңдесі жоқ құндылық. Отбасы мәселесін жан-жақты қарастырып, оның түпкі мәнін шешу үшін көптеген ойшылдар мен ғалымдар барынша ізденіп, зерттеуге ұмтылды. Әлемнің бірінші ұстазы атанған Аристотель «Отбасы – адамдардың қарым-қатынастарының ең бірінші түрі және ол – мемлекеттің бірінші кішігірім бөлігі» деп санаған. Ежелден күні бүгінге дейін ойшылдар өз еңбектерінде отбасы тәрбиесін жан-жақты талдады. Отбасын қалай құру туралы ежелгі грек ойшылы Платон да «Адамдар отбасын құру үшін болашақ өмірдегі серігінің қандай отбасынан шыққанын, оның әке-шешесі мен ата-бабаларын жақсы білуі қажет» деген өрелі ой айтқан екен.
Отбасы - мемлекеттің іргетасы. Отбасы – адам баласының өсіп- өніп, қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы. Адамзат өміріндегі мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен тектілік секілді асыл қасиеттерді бойына жинайтын жандар, оны ұрпақ санасында қалыптастыратын ардақты әкелер мен аяулы аналар.
Отбасы - отанымыздың ошағы. Өйткені адам ең алғаш дүниеге шыр етіп келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті мектебі. Отбасы мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасындағы бір - бірімен рухани жақындығы, мақсат, ынтымақтастығы бар. Отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс - шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын рәміздері т. б. болатыны сияқты әр отбасы болмыс тіршілігінің де соған ұқсас жақтары бар, оның жаратылысы да басшылық пен қосшылықты қажет етеді. Сондықтан отбасының құрамына зор мән беріп, мәнін қорғаған, отбасының ар - намысын сақтауға, сырын ашпауға, мүшелерін бір - біріне қатысты адалдыққа тәрбиелеген. Отан – отбасынан басталады деген сөздің мәні де осында. Отбасы келесідей төрт сипаттамасы бар күрделі құрылым болып табылады, ол қоғамның шағын əлеуметтік тобы; жеке тұрмысты ұйымдастырудың аса маңызды түрі; ерлі - зайыптылық одақ; ерлі - зайыптылардың туыстармен, яғни бірге тұратын жəне ортақ шаруашылық жүргізетін ата - аналармен, аға - інілермен, əпке - сіңлілермен, ата - əжелермен жəне басқа да туысқандармен, көптарапты қарым - қатынастары.
Отбасылық құндылықтар дегеніміз бір-бірін сүйіп қосылған жанұялардың отбасын сақтау үшін қолданатын ежелден келе жатқан салт-дәстүрі. Әрбір отбасының өз құндылықтары болады. Ол құндылықтар ежелден бері келе жатқан немесе жаңадан шығарылған құндылықтар болуы мүмкін. Бұдан басқа адамдар отбасылық құндылықтарды басты үш топқа бөледі. Олар дәстүрлі, қазіргі, тәрбиелі отбасылық құндылықтар деп аталады. Дәстүрлі отбасылық құндылықтар дегеніміз қарт адамдардың жас отбасыға берген ақыл-кеңестері. Қазіргі таңдағы жас отбасылардың ажырасу статистикасы өскеніне байланысты жас отбасыларға олардың дәстүрлі отбасылық құндылықтары туралы теледидардан, ғаламтордан көруге болады. Әр отбасыда бұл құндылықтар әртүрлі. Бірақ олардың ұқсас жақтары да бар. Мысалы, кез-келген отбасыда дінді сақтау, некені бұзбау, ұрпақ жалғастыру, баларды тәрбиелеу деген дәстүрлі отбасылық құндылықтар ортақ болады.
Қазіргі таңдағы отбасылар бұрынғы салт-дәстүрді ұстануда. Бірақ сол ұстанымның өзгеруіне байланысты олар әр отбасыда әртүрлі. Ол ұстанымның өзгеру себептері заманның өзгеруіне байланысты. Себебі әр замандағы адам әртүрлі. Мысалы, бұрынғы замандағы отбасы құндылықтарымен қазір өмір сүру мүмкін емес. Бұрын адамдар әйелдеріне орамалды сыйға тартса, қазіргі жас отбасылар бір-біріне гүл немесе көйлек сыйлайды. Сонымен қатар қазіргі отбасылық құндылықтарға махаббат, сенім, түсіністік және т.б жатады. Отбасылардың басты мақсаты бақытты ғұмыр кешу. Адамдар некеге тұрғанда көптеген жанжалдарды бастарынан өткереді. Бірақ олар өз қателерін кешіріп, қайта бірге болады. Оларды біріктіретін құндылық тәрбиелік отбасылық құндылықтардың бірі болып табылады. Шаңырақ құндылықтарының екінші бір сатысы жақындарымен жалғасын табады. Мәселен, жанұядағы ата мен әженің рөлі де айрықша. Олардың дүниеге деген көзқарастары мен өзіндік талғамдары жасы кіші балаға өнеге болары анық. Кішкентай кезінен атасының, не болмаса әжесінің айтқандарына құлақ түретін ұрпақ болса, оның арты тек жақсылыққа әкеледі. Тәлім-тәрбиенің негізі ата-анадан кейін қастарындағы жақын адамдардан үлгі алу арқылы қалыптасады, өзіндік жеке ұстанымдарды дамытуға септігін тигізеді. Сол бір сәтте баланың жанына демеу бола тұрып, оған тәрбиенің дұрыс берілуін қадағалау маңызды рөл атқарады. Ұлы Абай атамыз былай деген екен: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі - ата-анадан, екіншісі - ұстаздан, үшіншісі-құрбысынан». Сондықтан қаншалықты шаршап-шалдығып жүрсе де, ата-ана бала тәрбиесіне мән берулері тиіс. Ұрпақтар сабақтастығы тек осылайша жалғасын таппақ.
Отбасы - адамзаттың алтын діңгегі іспеттес, оның ұрпаққа деген ықпалын өмірдегі ешбір күшпен салыстыруға болмас. Жастарды ұлттық нышандағы құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Отбасы — жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін де отбасы. Осы негізде отбасынан жалғасын табатын құндылықтар негіздерін ұмыт қалдырмай, жаңғыра түсейік, рухани болмысымызды жоғалтпайық!
Қолданылған әдебиет:
1. Әбсаттаров Р. Ә. Әлеуметтану.Оқу құралы / Р. Әбсаттаров, М. Дәкенов. Алматы: Қарасай, 2009.- 384б.
2. Әлеуметтану негіздері. Оқу құралы / Ш. Қ. Қарабаев.- Алматы: Экономика, 2008.- 640 б.
3. https://main.ata-baba.kz/2009/12/23/ltty-t-rbie-zh-ne-zha-andanu/