Биология сабақтарында оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру [Биология]
Білім беру барысы асқан ұқыптылық, мол тәжірибе мен біліктілікті талап етеді. Ұрпақ тәрбиелеу барысында ұстаздың еңбегі ұшан – теңіз. Еліміздің келешегі кемелдеңген, биіктерді бағындырған мемлекетке айналуы үшін білім беру барысына жіті мән бергеніміз абзал. Сол себепті мен де болашақ мамандығымды мұғалімдік саламен тығыз байланыстырып, ұздік шәкірт тәрбиелеу ісіне етене аралассам деймін.
Мен биология пәні бойынша білімімді тереңдетіп, мамандықтың қыр – сырына үңіліп жатқандықтан, осы салаға деген қызығушылығым ерекше. Жалпы, адамзат баласы қоршаған ортамен біте қайнасып, тіршіліктің тамырына терең бойлап, аспанмен астасып жатыр. Дүниенің қыр – сырын жан – жақты түсіну үшін биология пәні кеңінен қолданылады. Жер бетінің пайда болуынан бастап, барлық тіршілік иесін зерттеуге алған пәннің оқушылар үшін маңызы қашан да зор. Ал, олардың саналарына мықтап байлап, дұрыс білім беру үшін барынша жүйелі әдіс – тәсілдерді қолданып, жаңашылдыққа сүйенген абзал.
Жалпы, оқыту технологиялары дегеніміз – оқу барысын іске асыру барысында алға қойған мақсатқа жету барысында түрлі тәсілдерді қолдану. Оқушылардың жас ерекшелігін ескере отыра, педагогикалық – психологиялық көмек көрсете отыра, біліктілікті дамытудың тәсілі.
Оқу үрдісінде педагогикалық технологиялар бсымдық танытып, қашан да өзінің жақсы нәтижесін көрсете алады. Білім беру барысын дұрыс ұйымдастыру арқылы ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болады. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген тамаша мақал бар. Ең алдымен педагог сауатты, көзі ашық, жаңаша технологиялардан хабары бар, білімі толысқан жан болуы керек. Өзінің бойындағы сан жылдық тәжірибені заманауи әдіс – тәсілдермен ұштастырып, ұлы көштен қалмай, үнемі өзін – өзі қамшылап жетілдіріп отыруы тиіс. Мен де болашақ маман ретінде кез – келген жаңашылдықты жылдам қабылдап, барынша меңгеріп алуға тырысамын. Себебі, уақыт бір орынында тұрмайды, күн сайын жаңа талап пен қажетті алғышарттар еніп, өмірімізге елеулі өзгерістер енгізуде. Олай болса, болашақта білім беру барысында мен тың технологияларды тамаша үйлестіріп, сабақ беру барысында қолданғанды жөн көремін.
Ақпараттық заманда бізге берілген бар мүмкіндікті пайдаланып, оны оқу барысында жүзеге асыру өз жемісін беруде. Қазіргі таңда көрнекіліктердің өзін түрлендіріп, мультимедия көмегімен қызықты етіп дайындауға болады. Бұл ең алдымен уақыт үнемдеуге септігін тигізіп, оған қоса түрлі қызықты суреттер, бейнежазба, ойындар арқылы санада мықтап сақталуға септігін тигізеді.
Биология сабағында оқушылардың танымдық белсенділіктерін арттыру үшін ең алдымен олардың жеке бас қасиетіне, жас ерекшелігіне және тақырыптың күрделігіне мән берген абзал. Танымдық қасиетті арттыру үшін түрлі іс – әрекеттерді басшылыққа ала отыра, ой – сананың тұрақтылығын, шығармашылық қабілеттерін, оқудың мақсаты мен міндетін бірізділікте жүзеге асыра отыра сәтті ойластырған жөн.
Осы орайда ұстаздың басты міндеті олардың біліктілігін арттырып, қосымша дағдыларды қалыптастыру. Барынша жүйені күрделендіріп, тапсырмалар легін тереңдете отыра оқыту. Аталмыш саланың әр адам үшін маңызы ерекше. Олай болса, ұлт ұландарының бойына оның қыр – сырын сіңіру аса маңызды. Тек білім ғана кез – келген мәселенің түйіткілді шешімін тауып, жарқын болашаққа жол бастамақ.Осы орайда ұстаз түрлі әдіс – тәсілдерді басшылыққа алып, сабақ барысын түрлендіріп отырғаны жөн.
Көбіне биология пәні түрлі тәжірибелер жинағынан тұрады. Ұстаз бен оқушы арасындағы байланыс неғұрлым жоғары болса, соншалықты пәнді меңгерудің жолы оңай болмақ. Көбіне шәкірттер мұғалім тарапынан үлкен қолдау күтеді. Оларды мақтап, мадақтап, қолдау көрсетіп отыру өздеріне деген сенімділікті нығайтып, білімге деген құлшыныстарын арттыратыны анық.
Биология сабағында оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру барысында өзіндік жұмыстарға да мән бергеніміз дұрыс. Көбіне ұстаз бағыт беруші, ал шәкірт өз бетімен ақпаратты іздеп, жинақтаушы болуы тиіс. Осы орайда, ғылыми жоба, эссе, реферат, жазба жұмыс және өзге де танымдық – шығармашылық бағытты ұстанып, белгілі бір тақырып аясында қосымша зерттеу жүргізуге баулу қажет.
Білім алушыларға бір ізді тапсырма, күнделікті бір сарынды оқуды ұсынбай, жаңа сабақ пен қайталау барысын байланыстырып, конференция – сабақ, дебат ойыны, саяхат – сабақ, сарамандық күн тәрізді көптеген тәсілдер арқылы бағыттарды ерекшелендіріп, өзгертіп отыру қажет.
Биология пәнін оқыту барысында мына ерекшеліктерге аса мән беріп қарағанымыз дұрыс:
- Ойын технологиясы. Яғни, ойната отыра оқыту, оқыта отыра тәрбиелеу. Оқушыларға қызықты ойын түрлерін таңдап, пәнмен байланыстырып, сабақты қызықты өткізу;
- Жаңа технологияны барынша ұтымды қолдану.
- Көрнекіліктердің сан алуан түрін ұсынып, үнемі алмастырып отыру;
- Өзіндік жұмысты жетілдіру, біліктілікті арттыру;
- Ауызша және жазбаша білім беру барысын дамытып, есте сақтау қабілеттерінің артуына мүмкіндік жасау;
- Түрлі әдіс – тәсілдерге сүйене отыра, шетелдік тәжірибені де ескеріп, ұтымды тұстарын пайдалану.
Еліміздің алға қойған мақсаттарының алдыңғы қатарында – әрбір жас жеткіншектің болашақта тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау тұр. Осы орайда, өздеріне сенімді, ақпараттық жетілген, қоғамдық өмірге жылдам бейімделе алатын, кез – келген ортаға тез сіңіп кететін, өзіндік тұжырымдамасы бар шәкірттер тәрбиелеу қоғамның басты талабы. Педагогикада қабілетсіз бала болмайтыны дәлелденген. Әр баланың өзіне тән қызығушылығы мен бейімі болады. Тек сол ынтаны дамытып, барынша жетілдіруге жол ашқан абзал.
Болашақтың нұрлы болуы үшін ықпал ететін бірден бір күш тек білімде. Оқушылардың мектепте алған біліктілігі нәтижесінде ел іргесі дамитыны анық. Олай болса, олардың танымдық белсенділіктерін арттыра тыра әлеуметтік ортаға икемдеу, функционалдық сауаттылықтарын арттыру, ғылымды дамытуға басымдық беру қажет.
Әрине, сабақ қалай ұйымдастырылса да, ең алдымен басты бір міндет – сапалы білім беру барысын басшылыққа алған жөн. Олай болса, кез – келген маман өз саласына жауапкершілікпен қарап, шәкірт тәрбиелеу ісін жүрекпен атқарғаны дұрыс. Ел болашағы жастар қолында. Бүгінгі таңда мектеп қабырғасында өз білімін толықтырып, біліктіліктерін дамытып жатқан жандар алдағы уақытта мемлекеттің мерейін үстем ету жолында еңбек ететін тұлғаға айналары анық. Олай болса, көзі ашық, көкірегі ояу ұлт ұландарын тәрбиелеу өте мұқият жүргізілуі керек. Білімді ұрпағымыз көп болсын!