Бастауыш сыныптарда қашықтан оқытуда тапсырмалар құрастырушы және қалыптастырушы бағалау [Основы начального образования]
Бүкіл әлемде болып жатқан төтенше жағдайға байланысты, елімізде карантин жарияланып, оқушылар IV тоқсаннан бастап қашықтықтан білім ала бастады. Бұл білім алу жүйесі бұрынғыдан өзгерек. Қасында бірігіп тапсырма орындайтын сыныптасы, сабақ түсіндіретін мұғалімі жоқ. Бар жауапкершілік оқушының өзіне жүктеледі. Бүкіл әлем бойынша 870 миллионнан астам оқушы қашықтан оқу форматында білім алуда. Әрине, қиындықсыз ештеңе болмайды. Бір үйде бірнеше бала бір смартфонға қарап отыруы мүмкін. Бұл тек біздің еліміздегі емес, бүкіл әлемде бар жағдай. Кез-келген нәрсенің шешімі бар. Бұл мәселені шешу жолдарын қарастырып, мектептерде әлеуметтік жағдайына қарай отбасыларға компьютер берілді.
Қазіргі уақытта ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың заманауи талаптарға сай дамуы білімді бағалау және пайдалану жүйесін уақытылы өзгертіп отыруды талап етеді. Осыған байланысты оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер, әдістемелер, технологиялар білім беру талаптарына байланысты жаңартылып отырады. Сапалы терең білімді меңгеруге талпынған өскелең ұрпақтың жеткілікті дәрежеде сандық сауаттылығы бар, себебі олар өмір жағдайлары барысында жаңа технологияның барлық мүмкіндіктерін пайдаланады. Сол мүмкіндіктерді нәтижелі қолдану мұғалімнің біліктілігіне, біліміне, тәжірибесіне байланысты. Мемлекеттік мекемесінің ұстаздары соңғы технологияларды жақсы меңгерген. Көктемге демалыста дайындықты бастап, оқушыларға арналған 30 бейне сабақ түсіріліп, YouTube каналына жүктелді. Мұғалім мен оқушыға тиімді оқыту жолдарын, «Balapan» телеарнасы, mektep.edu.kz, BilimLand, Daryn.online, MicrosoftTEAMS, GoogleClassRoom оқыту платформаларын пайдалануды бір жүйеге келтірді. Соның нәтижесінде мектеп, оқушы, ата-ана бірлікте жұмыс жасап, қиындықтарды артта қалдырды.
«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі жойылады» деп Ушинский айтқандай мектебіміздің мұғалімдері қашықтықтан түрлі вебинарларға, онлайн курстарға, онлайн олимпиадаларға қатысу арқылы біліктілік деңгейлерін жетілдіріп отыр.
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев жолдауында айтқандай: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет». Сондықтан, еліміздің болашағы үшін мұғалім де, ата-ана да, оқушы да қызмет ету керек.
Қашықтықтан оқыту- бұл ғаламторды пайдалана отырып қашықтықтан оқыту тәсілі. Мұнда мұғалім мен оқушы физикалық тұрғыдан әр түрлі орындардан табылады. Қашықтықтан оқытудың ерекшелігі — бұл сабақты мектептің сыныбында емес, үйде отырып оқу. Қашықтықтан оқытуда сабақ материалдарын өз бетінше меңгеру. Жаңа сабақ материалдары мен тапсырмаларды BilimLand онлайн мектебі, kundelik.kz, вацап, телеграмм мессенджері арқылы алуға болады. Кейбір оқушылардың үйінде ғаламтор болмауы мүмкін, сол себепті олар «Балапан» арнасы арқылы да сабақты қашықтықтан оқуға болады. Негізі оқушыларға барынша білім алуға Білім және Ғылым министрлігі көп жағдай жасап отыр. Бұл оқуда табысты болуың тікелей өзіңе байланысты.
Қашықтықтан оқу дегеніміз — компьютердің алдында отыру деген сөз емес. Ол аз мөлшердегі онлайн сабақ және көп мөлшердегі оқушының жеке оқуы. Қашықтықтан оқу үшін: мұғалім жіберген сабақ кестесімен танысу, ата-ана мен бірлесе күн тәртібін жасау, қажетті арнайы құралдарда дайындап қадағалау, оқу орнын дайындау. Қашықтықтан оқу кезінде мұғалімді мұқият тыңдау, жаңа тақырыпты толық меңгеру үшін өте маңызды. Сабақта өткен жаңа материалға байланысты мұғалімге сұрақтарыңды қою арқылы жауап алуға болады.
Қашықтықтан оқудың тағы бір ерекшелігі — компьютер мен телефонды білім алу үшін қолданылады.
Қашықтықтан оқудың пайдасы мол болды. Өз бетінше оқу материалын меңгеруді, бос уақытты тиімді пайдалануды(онлайн курстар) үйретеді. Елімізде болып жатқан жағдай кезінде қашықтық оқыту ең тиімді болып табылады.
Қашықтықтан оқу кезінде бастауыш сынып мұғалімдері үшін сабақты оқушы санасында ұзақ сақталатындай етіп жоспарлау қажеттігі туындап отыр. Ол үшін бастауыш сынып оқушыларына арналған BilimLand онлайн мектебі платформасының жасақтаған сабақтары мұғалімдерге көп көмегін тигізуде.Оқушы өзіне қажетті пәнді таңдап, тыңдап,өз білімін тексере алады.Сабақ қорытындылау барысында әр оқушы өз білімініің көрсеткішін көре алады. Пайыздық көрсеткіші мен жинаған ұпайын көрген оқушы өз білімін жетілдіру үшін жіберген қателерін түзету мақсатында мұғаліммен кері байланысқа шығады.
Оқу жылы басында бағалау жүйесінде өзгерістер енгені бәрімізге белгілі.
Бұрын қалыптастырушы бағалаудың тоқсандық бағаға еш әсері болмайтындықтан оқушының да, ата-ананың да сабаққа немқұрайлы қарағанын бәріміз жақсы білеміз. Ал қазіргі уақытта балдық жүйемен бағаланатынын , оның тоқсандық қорытынды бағаға әсері бар екенін білген ата-ана да , оқушы да сабаққа деген жауапкершіліктерін арттырды. Мұғалім ендігі жерде оқушыға қашықтықтан оқыту барысында тапсырмаларды жүйелі құрастырып, қалыптастырушы бағалау арқылы білім сапасының артуына үлес қоса алады.
Мысалы , қазақ тілінен «Диалог ,монолог» тақырыбын өту барысында
оқушы мен ата-анадан әр түрлі тақырыпта диалог құрастыруын өтіндім.
Бұл тапсырманы оқушылар қызыға орындады.Екі адамның бір-бірімен сөйлесуін диалог екенін тез меңгерді.
Екінші тапсырманы былайша ұсындым. «Сіздің анаңыз жұмысқа кетті . Жұмысқа кеткен соң , сен сабағыңды орындаудың орнына достарыңмен ойнауға кеттің. Бір уақытта сабағыңды оқымағаның есіңе түсті .Анаңның жұмыстан келетін уақыты жақын.Сенің ішкі ойың,қорқынышың ,анаңа берер жауабың? немесе өзіңнің ісіңе қалай өкініп, өзіңе ұрысар едің?
Сол кезде оқушыдан мынандай жауаптар алдым: «Әй, Ералы, достарыңа еріп ойнағанша сабағыңды оқымадың ба? Енді анаңды ренжітетін болдың!»- деп өз -өзіме ұрсар едім –деп жауап берді. Бұл ішкі ойдың монолог екенін оқушылар меңгеріп, бірінен соң бірі осындай мысалдар ойластыра бастады.
Синхронды немесе асинхронды сабақтарды ұйымдастыруда оқушыны жалықтырып алмайтындай тапсырмаларды ұсынып отырған жөн.
Қашықтықтан оқу кезінде қалыптастырушы бағалау бойынша мына жаднаманы әр мұғалім ескерген жөн. Ата-аналарға ,оқушыларға бағалаудың ерекшелігі туралы айтылу қажет.
- Қалыптастырушы бағалау нәтижелері күн сайын электрондық/қағаз журналға балл түрінде қойылады.
- Қалыптастырушы бағалау үшін ең жоғары балл 2-11 сыныптарда 10 балдан аспайды, бұл ретте 1-3 балл төменгі деңгей критерийлеріне сәйкес келеді, 4-7 балл – орта деңгей, 8-10 балл – жоғары деңгей.
- Мұғалім күн сайын журналда білім алушылардың оқу жетістіктерінің ілгерілеуін келесі саралауға сәйкес балл түрінде белгілейді:
1 балл-10% - ға дейін оқу тапсырмаларын орындады, қателіктер жіберді, сабақта пассивті, мұғаліммен кері байланыс нәтижелері бойынша қорытынды жасамайды, тапсырмаларды орындау кезінде дербестік танытпайды, өткен материалды білмейді;
2 балл – 20% - ға дейін оқу тапсырмаларын орындады, қателіктер жіберді, сабақта пассивті, мұғаліммен кері байланыс нәтижелері бойынша әрдайым тиісті қорытынды жасай бермейді,тапсырмаларды орындау кезінде дербестік танытпайды;
3 балл – 30% - ға дейін оқу тапсырмаларын орындады, қателіктер жіберді, қателіктерін түзетуге тырысады, сабақта кейде белсенділік танытады, оқу тапсырмаларын орындау кезінде мұғалімнің/ата-ананың/құрдастарының қолдауын қажет етеді;
4 балл - оқу тапсырмаларының 40% - на дейін орындады, қателіктер жіберді, қателерді түзету кезінде көмек қажет, әрдайым белсенді бола бермейді, кейде тапсырмаларды орындау кезінде дербестік танытады;
5 балл - 50% - ға дейін оқу тапсырмаларын орындады, бес қате жіберді, мұғалімнің көмегі қажет, сабақта әрдайым белсенді бола бермейді, кейде мүмкін болатын тапсырмаларды орындау кезінде дербестік танытады;
6 балл - оқу тапсырмаларының 60% - на дейін орындады, 4 қате жіберді, мұғалімнің көмегі қажет, сабақта ынталы, орташа күрделі тапсырмаларды өз бетінше орындай алады;
7 балл - 70% - ға дейін оқу тапсырмаларын орындады, 3 қате жіберді, қателіктерді уақтылы жойды, сабақта белсенді, тапсырмаларды орындау кезінде дербестік танытады;
8 балл - оқу тапсырмаларының 80% - на дейін орындады, 1-2 елеусіз қателіктер жіберді, мұғалімнің түсініктемелері негізінде өз қателіктерін түзетеді, Белсенді, өз бетінше жұмыс жасайды;
9 балл - оқу тапсырмаларының 90% - на дейін орындады, тапсырмаларды орындау кезінде шамалы дәлсіздіктерге жол берді, қателермен жұмыс істейді, Белсенді, өз бетінше жұмыс жасайды;
10 балл-оқу тапсырмаларының 100% орындады, қателіктер жібермеді, белсенді, дербес жұмыс жасай алады, өз жауаптарын түсіндіре алады, негіздей алады.
- Кеңейтілген кері байланыс үшін мұғалім оқушының электронды күнделігі арқылы түсініктемелер түрінде ұсынылатын айдарларды қолданады.
- 1-сыныпта бағалау жүргізілмейді.
- ҚО режимінің енгізілуіне байланысты енгізілген электрондық журнал форматындағы өзгерістерді түсіндіру үшін оқу жылының басында ата-аналар мен мұғалімдерге электрондық журналды пайдалану туралы жадынама беріледі.
- қалыптастырушы бағалау қорытындысы қорытынды баға қою кезінде ескеріледі және жалпы балдың ең жоғары 25% - ын құрайды (1 балл 2,5% - ға теңестіріледі). Электрондық журнал қалыптастырушы бағалау үшін орташа балды автоматты түрде шығарады және ТЖБ бағанына дейін орналастырылған жеке бағанға қояды (бұл қалыптастырушы бағалау үшін орташа балды шығаруды жеңілдетеді).
- БЖБ және ТЖБ есептеу қолданыстағы формула бойынша есептеледі.
- Қорытынды баға 25%, 25% және 50% арақатынаста қалыптастырушы бағалау үшін орташа баллды ескере отырып шығарылады.