Бастауыш сынып оқушыларының интеллектуалдық қабілеттерін арттыру мақсатында оқытудың интерактивті әдістерін қолдану

Бастауыш сынып оқушыларының интеллектуалдық қабілеттерін арттыру мақсатында оқытудың интерактивті әдістерін қолдану [Основы начального образования]

Автор статьи : Асемгуль Ж.
Организация : Астана қаласы «Adam school» мектеп-гимназиясы
Должность : бастауыш сынып мұғалімі
Дата : 11.09.2025
Номер журнала : 19-2025

«Оқыту – бұл жай ғана дағды емес, ол үнемі жаңа нәрселерді ашып отыратын өнер» деп Жүсіпбек Аймауытов атап көрсеткен. Бастауыш сынып оқушыларына білім беруде интерактивті әдістерді қолдану олардың интеллектуалды қабілеттерін дамытуға көмектеседі. Интеллект – адамның ойлау қабілеті, оны табиғаттан берілмейді, өмір бойы дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың интеллектуалдық дамуы – қоғам алдындағы ең маңызды міндеттердің бірі. Қазіргі уақытта біз жоғары технологиялар дәуірінде өмір сүріп жатқандықтан, балалар электронды мәдениет әлемінде дамып келеді. Осыған байланысты мұғалімнің рөлі де өзгеруде. Ол тек ақпаратты беруші емес, сонымен бірге оның дұрыс жеткізілуін үйлестіретін жетекші тұлғаға айналады. Мұғалімге жаңа әдістер мен технологияларды меңгеру, оның ішінде интерактивті оқыту әдістерін қолдану маңызды. Бастауыш мектептің негізгі мақсаты – балаларды қысқа уақытта үлкен көлемдегі ақпаратты меңгеруге, оны түрлендіруге және практикалық тұрғыда қолдануға үйрету. Бұл мақсаттардың жүзеге асуы үшін интерактивті әдістерді қолдану қажет. Сабақ барысында балалардың қызығушылығын ояту, олардың ақыл-ой белсенділігін арттыру үшін тиімді әдістер мен құралдарды қолдану маңызды. Мұғалімнің рөлі – оқушылармен белсенді диалог орнатып, оқу процесін қызықты әрі нәтижелі ету. Интерактивті әдістер оқытуда қарым-қатынасқа негізделген тәсіл болып табылады. Олар білім беру процесін құрылымдық түрде өзгертіп, диалогтық форматқа көшуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ақпарат алмасуды ғана емес, өзара түсіністік пен әрекеттестік тудыратын орта қалыптастырады. Сабақтарда интерактивті әдістерді қолдану мұғалімге оқу материалын тиімді түрде жеткізуге, сонымен бірге оқушылардың өзара әрекеттесуін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мұндай оқыту әдістері оқу қызметінің тиімділігін арттырады, себебі оқушылар тек тыңдаушылар емес, олар сұрақтар қойып, шешімдер ұсына отырып, өз көзқарастарын дамытуға мүмкіндік алады. Білім беру мен түсінік қалыптастыру арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Білімді тек механикалық түрде меңгеру мен оны терең түсіну арасындағы айырмашылық оқушылардың ұзақ мерзімді білім алуына әсер етеді. Интерактивті әдістер білімнің терең әрі саналы меңгерілуіне ықпал етеді, себебі олар оқушыларды тек ақпаратты қабылдаушы емес, белсенді қатысушы етеді. Берілетін білімнің терең негізі мен түсінік қалыптастыру – бұл ең маңызды мақсаттардың бірі, себебі тек жан-жақты тексерілген және толық меңгерілген білім ғана адамға шынайы құндылық болып табылады. «Интерактивті» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «inter» (өзара) және «activ» (әрекет) деген мағынаны білдіреді, яғни өзара қарым-қатынас немесе әрекеттесу деген сөздермен түсіндіріледі. Оқытудың интерактивті әдісі – оқушылардың белсенділігін арттыратын әртүрлі тәсілдер мен әдіс-тәсілдердің жиынтығы. Бұл әдістерге рөлдік ойындар, бірлескен жобалар, топтық жұмыстар, педагогикалық жағдаяттарды талқылау, пікірсайыстар, ой шабуылы, сұхбат және тағы басқа әрекеттер жатады. Сондай-ақ, интерактивті оқытуда түрлі көмекші құралдар – интерактивті тақталар, слайдтар, видео материалдар, үлестірмелі дидактикалық материалдар, компьютерлер қолданылып, мұғалім мен оқушы арасында тығыз қарым-қатынас орнатылады. Мұндай сабақтар өзара әрекеттестікке негізделген, оны біз интерактивті деп атайды.

Интерактивті әдістің негізгі мақсаты – тек ақпаратты беру ғана емес, оқушылардың өз бетімен шешім қабылдап, жауап табуға дағдыландыру. Сонымен қатар, әр оқушы өз ойын еркін жеткізіп, сабаққа деген қызығушылығын арттырып, оның белсенді қатысуын қамтамасыз етеді. Мұның бәрі оқу материалын терең меңгеруге, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, өз пікірін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Интерактивті әдістер келесі міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді:

  1. Әр оқушыны оқу материалын меңгеруге белсенді қатыстыру;
  2. Танымдық әрекеттерін ынталандыру;
  3. Табысты қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру (сұрақ қою, диалог құру, тыңдау);
  4. Көшбасшылық қасиеттерін дамыту;
  5. Топ ішінде тиімді жұмыс істеуге үйрету;
  6. Бірлескен жауапкершілікті сезіну және жалпы мақсатқа жету үшін ұйымдасқан әрекет ету.


Интерактивті әдістерді келесі топтарға бөліп қарастыруға болады:

  1. Оқу процесіне қолайлы атмосфера қалыптастыру және коммуникацияны ұйымдастыру әдістері. Бұл әдістерде мұғалім «коммуникативті шабуыл» арқылы әр қатысушыны белсенді әрекетке шақырады. Атмосфераны құру үшін қолданылатын ойындар: «Пікір қалдыру», «Сөйлемді аяқта», «Гүл сыйлау», «Ауа райы», «Аллитерация» және т.б.
  2. Топтық және жеке белсенділікті арттыруға бағытталған іс-әрекет алмасу әдістері. Бұл әдістер оқушылардың өзара және жеке қарым-қатынасын дамытуға бағытталған. Оларға «Дөңгелек үстел», «Аквариум», «Сұхбат», «Метаплан», «Миға шабуыл» және «124» сияқты әдіс-тәсілдер кіреді.
  3. Оқушылардың шығармашылық ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған белсенді әдістер. Бұл әдістер оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға көмектеседі. Оларға «Логикалық тізбек», «4 бұрыш», «Сайлау», «Таңдап ал» және «10 сұрақ» сияқты ойындар жатады.
  4. Семантикалық әдіс – зерттелетін тақырыптарды, мәселелерді терең талқылауға мүмкіндік береді. Бұл әдіс оқушылардың ойлау дағдыларын жетілдіріп, тақырыпты жақсы түсінуге ықпал етеді.


Семантикалық әдіс арқылы оқушылардың оқу процесіне деген қызығушылықтарын арттыру үшін төмендегі психологиялық тренингтер тиімді қолданылуы мүмкін: «Қауымдастық», «Алфавит», «Интеллектуалдық әткеншек», «Ертегі құрастыру» және тағы басқа әдістер. Бұдан бөлек, педагогикалық процестің қатысушылары өз даму деңгейін бағалауға көмектесетін рефлексивті іс-әрекет әдістері де маңызды. Мұндай әдістерге: «Нысана», «Жұлдыздар», «Арал», «Ринг», «Рефлекциялық дөңгелек» жаттығулары жатады. Сонымен қатар, жоғарыда аталған әдістердің бірігуі арқылы жетекші интерактивті ойындар да қолданылады. Мұндай ойындар қатарында «Қонақ үй», «Мектеп», «Әуе шары», «Өртті сөндір» сияқты әдістемелік ойындар бар.

Оқушылардың интеллектуалдық дамуы негізінен оқу процесінде жүзеге асады. Сабақтарда танымдық іс-әрекетті дұрыс ұйымдастыру, оқушылардың қызығушылық деңгейін арттыру, білім сапасын көтеру және өзін-өзі тәрбиелеуге дайын болуын ескере отырып, олардың интеллектуалдық дамуын оңтайландыра аламыз. Интеллектуалдық дағдыларды дамытуға бағытталған жұмыс сабақтарда ғана емес, сондай-ақ таңдау пәндері кезінде де үздіксіз жүргізілуі керек.

Мұғалім әдебиеттік оқу, орыс тілі, математика, дүниетану, жаратылыстану, өзін-өзі тану сабақтарында логикалық және шығармашылық ойлауды қалыптастыруға баса назар аудара отырып, интерактивті әдістер мен интеллектуалдық ойындарды қолданғаны жөн. Бастауыш сынып оқушыларының интеллектуалды қабілеттерін арттыру мақсатында мұғалімнің алға қойған міндеттері:

  1. Логикалық және шығармашылық ойлауды дамыту;
  2. Пәнді белгілері арқылы анықтау дағдыларын қалыптастыру;
  3. Математикалық логика негізінде «шын» және «жалған» ұғымдарын қолдана білу;
  4. Берілген үзінді бойынша ертегі құрастыру дағдыларын дамыту;
  5. Зейін, есте сақтау, байқау, ойлау процестерін (жалпылау, талдау, синтездеу) жетілдіру;
  6. Логикалық тізбек құру дағдыларын дамыту;
  7. Топпен жұмыс істей білу дағдыларын қалыптастыру.


Интеллектуалды қабілеттер әртүрлі іс-әрекеттерді орындауға негіз болатын маңызды қасиеттер. Бұған зейін, есте сақтау, қабылдау, ерік, қиял, ойлау, сөйлеу қабілеттері, сондай-ақ эмоцияларды басқару, мақсатқұмарлық, жауапкершілікті сезіну және жігерлілік сияқты қасиеттер жатады. Олардың дамуы бастауыш мектеп кезеңінде өте маңызды, себебі бұл жастағы балалардың психикалық үрдістері қарқынды дамиды. Бастауыш сынып оқушыларының оқу тапсырмалары олардың есте сақтау қабілетін нығайтуға бағытталған, бұл өз кезегінде олардың ойлау дағдыларын тереңдетуге септігін тигізеді. Бала жасына сәйкес есте сақтау деңгейі көбінесе оқу материалдарының мазмұнына байланысты қалыптасады. Бастауыш мектеп жасында бала алған білімдерін өз іс-әрекетінде қолдануға үйрене бастайды, бұл оның есте сақтау қабілетінің күрт жақсаруына себеп болады. Әдетте, бала зейінін өзіне қызықты және қажетті нәрселерге аударады, яғни сыртқы тартымдылығынан гөрі, ішкі қызығушылығына негізделген әрекеттерге көбірек назар аударады. Бұл кезеңде баланың психикалық процестері айтарлықтай өзгеріп, оның ақыл-ой еңбегі мен зейіннің тиімділігі артады. Бала тілінің дамуы да осы кезеңде маңызды рөл атқарады, өйткені ол оқу процесінде өз ойларын нақты әрі жүйелі түрде білдіруге дағдыланады. Бастауыш сыныпта оқу үдерісінде баланың тілдік қабілеттері дамып, олар әртүрлі ой операцияларын тиімді қолдануға үйренеді, заттарды дұрыс салыстыру мен елестету арқылы түсінуін тереңдетеді. Ана тілінің табиғатын түсіну және оны еркін меңгеру, әсіресе қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында, балаларға өз ойларын түсінікті әрі грамматикалық тұрғыдан дұрыс жеткізуге мүмкіндік береді. Тілдің дамуы баланың интеллектуалды қабілеттерінің қалыптасуына, шығармашылық ойлау мен өзіндік пікірлерін білдіруге ықпал етеді.

Интеллектуалдық даму адамның барлық қызметінде маңызды рөл атқарады. Адамның әлемді қабылдауы, қызметтің әртүрлі аспектілеріне назар аударуы, ойлануы және есте сақтауы қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін маңызды болып табылады. Осы себептен баланың интеллектуалды қабілеттерін дамыту оның жеке тұлғасы үшін үлкен мәнге ие. Лев Толстойдың сөзімен айтқанда: «Тәрбие дегеніміз – тәрбиеленушінің белгілі бір адамгершілік дағдыларын меңгеруге көндіру мақсатында бір адамның екінші адамға жасайтын ықпалы».

Әр бала – өзіндік дарынға ие, ерекше тұлға. Балалар табиғатынан білуге құштар, оларда зор қызығушылық пен ізденіс бар. Мұғалімнің басты міндеті – баланың талап-тілегін жеделдетіп, оны ары қарай дамытып, оқу үдерісіне ынталандыру. Бастауыш сынып оқушыларының интеллектуалдық қабілеттерін дамыту үшін мұғалім интерактивті әдістерді қолдану арқылы мынадай мақсаттарға жетуі тиіс:

  1. Оқушылардың ойлау қабілеті мен икемділігін дамыту үшін әртүрлі әдістер, соның ішінде ойын әдістерін қолдану;
  2. Оқу процесін жаңашыл, жан-жақты ізденіс пен коммуникативті дағдыларды дамытуға бағыттау;
  3. Оқушыларды ойлануға, проблемаларды жаңа тұрғыдан қарауға, жылдам жауап бермей, ойланып шешім қабылдауға үйрету үшін тиімді әдістер таңдау;
  4. Проблемалық оқыту әдістерін қолдану арқылы балалардың зияткерлік қабілеттерін дамыту.


Әлемдегі көптеген көрнекті педагогтер интеллектуалды дағдыларды қалыптастыруда проблемалық оқытудың маңыздылығын мойындайды, себебі бұл әдіс бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамытып, оларды жаңа білімді терең әрі белсенді меңгеруге ынталандырады. Әрине, барлық оқу материалдары проблемалық сипатта болмайды. Сондықтан мұғалім бұл мәселені өз шығармашылық тәжірибесіне сүйене отырып, тапсырмаларды балаларға функционалды мақсаттарды орындауға бағытталған түрде ұсынуы тиіс. Бастауыш сынып оқушыларының танымдық және интеллектуалдық қабілеттерін қалыптастыру мақсатында тапсырмаларды интеллектуалдық ойын түрінде ұсыну нәтиже беретін тәсіл болары сөзсіз. В.А. Сухомлинский: «Сабақ оқушылардың интеллектуалдық өмірінде жай ғана сабақ болып қалмауы үшін, ол қызықты болуы тиіс. Осыған қол жеткізгенде ғана мектеп оқушылар үшін рухани өмірдің қайнар көзіне айналады, ал мұғалім осы қайнардың қадірлі иесі мен қорғаушысына айналады», – деп жазған болатын. Бұл пікір, әрине, бастауыш мектептің оқу үдерісінде интеллектуалдық ойындардың үлкен тәрбиелік мәні бар екенін көрсетеді.

Интеллектуалдық ойындар оқушыға өзін-өзі тануға, өзіне деген сенімділікті арттыруға және шығармашылық бастамасын дамытуға мүмкіндік береді. Мұндай ойындар баланың ақыл-ой белсенділігін арттыру үшін тиімді құрал болып табылады, өйткені олар зейін, есте сақтау, ойлау, қиял сияқты психикалық процестердің дамуына ықпал етеді. Чех педагогы Ян Амос Коменский: «Танымның негізі – сезімде, бала сезінбейінше, оның ой-өрісінде ешқандай өзгеріс болмайды. Оқытуды тек сөзбен емес, заттарды бақылау арқылы жүзеге асыру керек», – деп атап өткен. Осы тұрғыдан алғанда, сабақ барысында балаларды ақпаратты талдауға, салыстыруға және ойын барысында алған білімдерін тәжірибеде қолдануға үйрету өте маңызды. Интеллектуалдық ойындар мұғалімге осы мақсаттарға жету үшін тамаша мүмкіндік береді. Мұндай ойындар оқушылардың шығармашылық белсенділігін дамытуға ықпал етіп, олардың интеллектуалдық дағдыларын қалыптастыруға жәрдемдеседі. Сонымен қатар, олар ақыл-ой белсенділігін арттырып, зейін, есте сақтау, қиял және сөйлеу қабілеттерін жақсартады, сөздік қорын кеңейтеді. Интеллектуалдық ойындар ұжымдық іс-әрекет болғандықтан, балалардың бірлескен жұмыс жасау дағдыларын да дамытады. Бастауыш сынып оқушыларының интеллектуалдық қабілеттерін арттыру мақсатында интерактивті әдістерді қолданудың тиімділігіне қатысты қорытынды жасауға болады: оқушылар ойын арқылы өмірдің түрлі жағдайларына модельдеу жасап, ұжымға әсер ету үшін өздерінің көмегін ұсынады, қиялды әрі импровизацияны қолдануға үйренеді. Ойын барысында олар дүниетанымын кеңейтіп, білгендерін достарымен бөлісу арқылы қуанады. Ойын, әсіресе, балаға күнделікті өмірде байқалмайтын оң қасиеттерін көрсетуге мүмкіндік береді. Қорытындылай келе, бастауыш сынып оқушыларының интеллектуалдық қабілеттерін арттыруда интерактивті әдістерді пайдалану оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға және қажетті мақсатқа жетуге мүмкіндік береді. Шектеулі уақыт ішінде көптеген міндеттерді орындау оқушыларды жан-жақты дамытуда маңызды құрал болып табылады.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Тойбазарова Н.А. «Интербелсенді оқыту технологиясы». / Оқу құралы. Нұр-Сұлтан, 2019 ж. 42 б.
  2. Блинов А.О., Благирева Е.Н., Рудакова О.С. Интерактивные методы в образовательном процессе. / Учебное пособие. М: Научная библиотека, 2014.
  3. Бабанский Ю.К. Методы обучения в современной общеобразовательной школе. М, Просвещение, 2003 г.
  4. Полат Е.С., Бухаркина М.Ю., Моисеева М.В., Петров А.Е. Новые педагогические и информационные технологии в системе образования. М, Издательский центр «Академия», 2004 г.
  5. Канн-Калик В.А. Педагогическая деятельность как творческий процесс. Грозный, 1996 г.
  6. Әбенбаев С.Ш. Тәрбие теориясы мен әдістемесі. Алматы, 2004 ж.
  7. Байжұманова Б.И. Оқушының психикалық даму ерекшеліктері. // Бастауыш мектеп. №12, 1998 ж.
  8. Байжұманова Б.И. Бастауыш мектеп оқушыларының танымдық қабілетін дамыту // «Қазақстан мектебі» №2, 1999 ж.
  9. Базымова З. Ой белсенділігін дамыту. // Бастауыш мектеп. №9-10, 1997 ж.