Бастауыш сынып оқушыларының табиғи, рухани және шығармашылық мүмкіндіктерінің дамуына жағдай жасау [Основы начального образования]
Организация : Атырау қаласы, №10 С.Мұқанов атындағы орта мектебі
Должность : директордың бастауыш сыныптар бойынша орынбасары
Дата : 01.11.2016
Номер журнала : 01-02-2016
Мақсаты: Оқушылардың ізденімпаздық, зерттеушілік,шығармашылық қабілеттерін дамыту. Ата-ана, мұғалім және оқушы арасындағы ынтымақтастықты қалыптастыра отырып,білім сапасын арттыру және адамгершілік рухта тәрбиелеу.
Міндеттері:
1. Оқушы жүрегіне жол табу арқылы сабақтардың әрбір сәтін қызықты, ұтымды өткізу. Оқушыларды тек берілген мәліметті тыңдаушы емес, ізденуші, зерттеуші, өз ойын еркін дәлелдей алатын, пікірін ортаға сала білетін жеке тұлғаны қалыптастыру. Оқушының бойындағы ынта-ықыласын жойып алмай, жеке дара қабілетінің дамуына мүмкіндік жасай отырып, қабілетін дамытып, шығармашылығын шыңдау.
2. Мұғалім мен оқушының ынтымақтастығын қалыптастыру, оқушылардың ойына ерекше құрметпен қарау. Оқушыларды өзін-өзі қадағалай алатын, іс-әрекетін ретімен орындап, өзін - өзі жетілдіретін шығармашыл, ізденімпаз тұлға қалыптастыру.
Абай атамыздың жетінші қара сөзінде: «Жас бала анадан туғанда 2 түрлі мінезбен туады. Біріншісі-ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды, қуат таппайды. Екіншісі-білсем екен деп ұмтылып, одан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, жыласа да тұрып жүріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі- жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген».Абай атамыздың осы сөздерімен баяндамамды бастағым келеді.
Бала-отбасының, өмірдің жалғасы. Бүкіл қоғам балаға өнер, білім беруге, абзал азамат етіп тәрбиелеуге үнемі көңіл бөліп келген.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Сіздер мен біздер тек болашақ буынды ғана емес, жалпы адамзаттық қадір-қасиеттердің мән-маңызын түсінетін жаны да, тәні де таза, білімді патриот азаматтар буынын тәрбиелеуге міндеттіміз» деп атап айтқан болатын. Осы орайда жалпы мұғалімдер қауымына артылар жүктің көп екені белгілі.
Алтын бесік – отбасы болса, алтын ұя – мектеп. Иә, олардың алтынға бағалануы неліктен? Себебі екеуі де қасиетті де қастерлі. Өйткені, отбасы адамды дүниеге әкеліп, қалыптастырып, дамытып, жетілдіріп жатса, мектеп-ақылы мен білімі, адамзаттық құндылықтармен қоса жан-жақты жетілген, толысқан, өз бетімен өмір сүруге бейім, қоршаған ортамен тікелей байланысқа шыға алатын, толыққанды азамат етіп тәрбиелеп шығарады.
Бүгінгі таңда әлемдік ғылым мен прогресс деңгейіне сәйкес білім мен тәрбие беру, оның рухани байлығы мен мәдениеттілігін ойлай білу мүмкіндігін жетілдіру, әр адамның кәсіби біліктілігін, іскерлігін арттыру қоғамның бүгінгі таңдағы басты міндеті болып табылады. Осы тұрғыдан қоғамға жан-жақты білімді, жоғары мәдениетті, бойында рухани-адамгершілік құндылықтары бар, жұмысты шығармашылықпен істей алатын жеке тұлға қажет. Сол себепті мен де ойы жүйрік, ақылы жетік, бәсекеге қабілетті рухани-адамгершілік тұрғыда жеке тұлғаны тәрбиелеуде өз үлесімді қосудамын деп санаймын. Бұған дәлел, жеке тұлғаны тәрбиелеу жөніндегі өз тәжірибемнен түсінік берсем, сынып жетекшілік ететін сынып оқушыларын тәрбиелеуде жүргізетін жұмыстарымды 2 кезеңге бөліп алды. Яғни, I кезең «Бұлақ көрсең көзін аш» деп атадым. Бұл кезеңде екі бағытта жұмыстар жүргіздім.
Бірінші. Алғаш бірінші сыныпқа келген оқушыларға жан-жақты зерттеу жұмысын жүргіздім. Атап айтсақ, оқушының жанұясын зерттеу, ата-анамен пікірлесу, отбасының әлеуметтік жағдайын, оқушының қабілетін анықтау.
Баланың бас ұстазы ата-ана десек, бала отбасында алғаш рет өмірімен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Ал отбасын зерттеу нені білдіреді?
- Отбасы мүшелері мен отбасының әлеуметтік-материалдық, тұрмыстық жағдайлары мен мектеп ісіне деген қызығушылықтары туралы толық мәлімет;
- Отбасындағы баланың тәрбиелік деңгейі;
Зерттеу нәтижесінде сыныбымдағы 16 оқушы толық отбасынан, 1 оқушы толық емес отбасынан, оның ішінде 1 оқушы аз қамтылған отбасынан, 1 көпбалалы отбасынан екенін анықтадым. Сынып оқушыларының денсаулық жағдайлары да зерттелді. Ата-аналар тарапынан балаларына үнемі бақылау, қолдау көрсетіп отыратындығын анықтадым. Ата-аналармен де қарым-қатынас жақсы жолға қойылды. Алғашқы ата-аналар жиналысында ата-аналармен танысып, жұмыс бағдарламасымен, мақсат-міндеттермен, тәрбие жұмысының жоспарымен таныстырып, өзекті мәселелерді бірігіп талқылауға тартып, мектеп пен ата-ана арасындағы жақсы қарым-қатынас орнатуға тырыстым. Сынып ата-аналарының сабаққа қатысуын қадағалап отырдым.
Екінші. Жеке тұлғаны зерттеу кезеңінен өткізгеннен кейін оқушының жеке қабілеттерін дамыту мақсатында жұмыстар жүргіздім. Яғни, оқушыға білім берумен қатар шығармашылықпен жұмыс жүргізуге, өз бетінше ізденуге жетеледім.Оқушылардың өзіндік жауапкершіліктері артқанын байқадым. Сонымен жекелеген оқушыларға айына бір рет сынып сағаттарының тақырыптары беріліп, өткізіп отырды. Кейбір оқушыларды үйірмелерге қатыстырдым.
Бұл кезеңде жеткен жетістігім сынып оқушылары әрдайым ізденуге тырысып отырады. Әр оқушының өз портфолиосы жинақталды.
Оқушылардың рухани, шығармашылық мүмкіндіктерінің дамуына жағдай жасаудағы II кезеңді «Ізденген жетер мұратқа» деп алдым. Бұл бағытта оқушыларды ғылымға, білімге деген қызығушылығын арттыру мақсатында таңдап алдым.
Дүниетану пәні арқылы оқушыларда табиғатты зерттеу, қоғамдағы қауіпсіздік және әлеуметтік тұрғыда мүмкін болатын мінез-құлық нормаларын қалыптастыруға болады. Мен оқушыларыма 3 сыныптың басында «Жануарлар әлемінің алуан түрлілігі» тарауы бойынша мынадай тақырыптарды зерттеуге ұсындым:
- Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген құстар
- Ит-айнымас досымыз
- Бүркіт-киелі құс
- Жануарларды қорғау шаралары
- Су қоймаларының жануарлары
Осы тақырыптар бойынша көруге, бақылауға, зерттеуге қабілеті бар оқушылар қызықтыратын тақырыпты таңдап, өзбетінше зерттеу жүргізе бастады. Білуге құмарлық, бақылау жасауға талпыныс, өзінше эксперимент жүргізу баланың балалығымен бірге жүретін процесс. Соңында оқушылар дайындаған зерттеу жұмыстарына мына тақырыптар бойынша сынып оқушылары түгел болмаса да жекелеген оқушылар жобаларын баяндама, буклет, альбом түрінде қорғады.
Оқушыларымның бойынан алған білімді шығармашылықпен игеру қабілетінің жоғарылағанын байқадым. Сыныбымның оқушылары түрлі мектепшілік, қалалық спорттық және білім сайыстарына қатысып жүлделі орындар алып келеді.
Оқушыларды рухани- адамгершілік қасиеттерге, шығармашылыққа баулуда жекелеген пәндердің үлесі болатындығын білдім.
Бастауыш сынып оқушысының басты шарты мен құралы өзінше оқу әрекеті болу керек. Осы оқу іс-әрекеті барысында оқушының шығармашылыққа бағытталған іс-әрекет түрлеріне деген көзқарасы мен қарым-қатынасы қалыптасады. Бастауыш сынып оқушыларының қиял ауқымы кең, ерекше болып келеді. Олар күнделікті өмірде немесе оқу үрдісінде қабылдаған әңгіме мен аңыз, ертегілерді ұғынып, талдай алады. Осы шабыт ерекшелігін ана тілі, дүниетану пәндері арқылы дамытуға болады. Шығармашылық тапсырма түрлерін бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшелігіне, қабілет даралығына қарап беру керек. Енді шығармашылық тапсырмалардың бір қатарына мысал келтіріп өтейін.
- Жаңа тақырып беріп, оның мазмұны бойынша өлең құру.
- Мәтінге байланысты сурет салу.
- Венн диаграммасы арқылы салыстыру.
- «Қызықты ертегі» ойлап көр.
- Ойша жалғастыр. т.б.
Оқушылардың қызығушылықтарын қалыптастыру, шығармашылық қабілетін дамыту, қазіргі техниканы пайдалану мәдениетіне тәрбиелеу- ұстаздардың басты міндеті. Сол себепті бастауыш сынып оқушыларын зерттеп олардың қызығушылығын оята отырып шығармашылықпен жұмыс жүргізуге тәрбиелеудің маңызы зор. «Әрбір бала-болашақ данышпан» деген қағидаға ой жүгіртсек, ұстаз атаулының жас шәкірттерді дарынды, дарынсыз деп жіктеуінің үлкен қатілік екенін сеземіз. Табиғи таланттарды ашу-ұстазға жүктелер міндет. Қорыта келе, білім мен ғылымның алғашқы басқышы бастауыш десек жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, ойы жүйрік, ақылы жетік жеке тұлғаны тәрбиелеуде тынымсыз еңбек ету керек деген ой түйдім және де болашақ тәуелсіз Қазақстанның көркеюіне үлесін қосар азаматтар осы шәкірттерімнің арасынан шығар-ау деген сенімім мол.