Бастауыш сынып оқушыларының ғылыми-шығармашылық, зерттеушілік ізденісін қалыптастыру [Основы начального образования]

Автор статьи : Гулмаржан Д.
Организация : "С.Сейфуллин атындағы гимназия" КММ
Должность : Бастауыш сынып мұғалімі
Дата : 01.10.2016
Номер журнала : 01-11-2021

«Елдің келешегі бүгінгі жастардың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында», - деп Елбасы педагогтарға үлкен міндет артып отыр. Егемен еліміздің болашағы мен оның әлемдік өркениеттегі өз орны ұстаз қолынан бастау алады.  Сондықтан да біздің  басты мақсатымыз - білім сапасын жақсарту.

Білім беру жүйесінің қайта жаңартылуы баланың шығармашылық  қабілеті мен дарындылығын тануға және болжам жасауға жаңа көзқарасты талап етуде. Әр баланың  шығармашылық қабілеті мен даындылығын  дамытудың түрлі жолдарының ішінде баланың өзіндік зерттеу тәжірибесі ең тиімді болып есептеледі.

Зерттеушілік, ізденушілік – бала табиғатына тән құбылыс. Білуге деген құштарлық, бақылауға тырысушылық тәжірибеден өткізуге дайын тұру, әлем туралы жаңа мәлімет жинауға талпынушылық қасиеттер балаға тән дәстүрлі мінез.Зерттеу білігі мен дағдысы тек ғылыммен айналысатын адамға ғана емес, сондай-ақ әр адамның түрлі саладағы қызметіне қажет. Оқушының өзіндік зерттеу әрекеті оның өзіндік талабын қанағаттандыруға ықпал етеді. Оқушылар қоршаған ортамен таныса отырып өзіндік зерттеу әрекетінің көмегімен жаңа білімді дайын күйде емес, өзі ашады[1].

Зерттеу ісі қазіргі кезде ғылыми қызметкерлердің белгілі топтарына ғана тән емес, сондай - ақ бүгінгі заман адамының өмір сүру тәсіліне енген, кәсіби шеберлігін танытуда өзіндік көзқарасына сәйкес қызмет болып табылады. Биік танымдық қабілет, тұрмыс - тіршіліктің сырын ұғуға талпыныс баланың ерте жасынан туындайды екен. Сондықтан оқушыны ізденушілікке баулу бастауыш сыныптан басталуы тиіс.Баланы ізденушілікке баулу, оған зерттеу дағдысы мен білігін игерту бүгінгі білім беру саласының маңызды міндеті болып саналады. Дарынды бала қойылған проблеманы тұтастай көре біліп, оған байланысты болмыс сырларын көптеп шешуге, белгісіз нәрселерге зер салып, қызығады, түсініксіз нәрсені білуге ынтазарлық, түрлі сұрақтарға жауап іздеп, ой әрекетімен шұғылдануға бейім келеді[2, б.7]

Қазіргі таңдағы білім беру үрдісінің негізгі мақсаты – оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау, білімді өз бетінше меңгерту, оқушылардың өмірге деген көзқарасын қалыптастыру және интеллектуалдық іс - әрекетке әзірлеу. Сонымен бірге, жаңаша оқыту жолдарын тауып, оны дамыту мен қалыптастырудың алғы шарттарын іске асыру.

«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген ұлағатты сөзге сүйеніп, бар мүмкіндікті пайдаланып, баланың қабілетін, дарынын ашу және әрбір оқушының өз мүмкіндіктерін, қабілет және икемділігін таныта білуіне жағдай жасау – мұғалімнің басты міндеттерінің бірі. Ендеше мектепте оқушыны ізденушілікке баули отырып ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес армандарына жетуге, өз жолдарын дәл табуға, ғылымға жетелеу арқылы өздерінің қабілеттерін ашуларына көмектесу ең басты қажеттіліктің бірі десек артық болмас.

Оқушыны шығармашылыққа баулу үшін оның танымдық қызығушылығын арттыру бағытында төмендегідей  жұмыстар жүргізуге болады[3]:

  • Оқушы қабілетін,  анықтауда психологпен бірлескен жұмыс жасау;
  • Ата-аналармен бірлесіп жұмыс жүргізу;
  • Оқушыларға шығармашылықпен жұмыс істеу үшін жаңа, тың тапсырмалар беру, орындалуына талап қою.
  • Жаңа технология элементтерін сабақта пайдалану.

Оқушыларды ғылыми ізденіске баулу мақсатында «Мен - зерттеушімін», «Мен - жобалаушымын» тақырыбында оқушылармен «дөңгелек стол», әңгімелер өткізуге болады. Алғашқы әңгімелерде «ғылыми жұмыстардың түрлері» сөз болады. Бұл жұмыстың тиімділігі оқушылардың ғылым туралы ұғымдарын кеңейтуге ықпал етіп, іздену, зерттеу жұмыстарының түрлерімен таныстыруға мүмкіндік жасайды.

Жалпы айтқанда, ғылыми-шығармашылық, зерттеушілік, ізденушілік қабілеттерін қалыптастыру әдістері, кез келген жағдайда шешім қабылдай алатын, дүниетанымы терең, жан - жақты дамыған шәкірттер тәрбиелеуді көздейді.

Мектепте балаларды ғылыми - ізденіске, ғылыми жоба қорғауға баулу арқылы білімдерін тереңдету ісі оны - әлемдік білім кеңістігіне ену жолындағы тұлғаны дамыту аймағына кіргізу мақсатындағы бір қадам деп есептеуге болады.

Оқушылардың бойында зерттеушілік  қасиеттерін, ізденімпаздығын қалыптастыруда сыныптан тыс, жеке, ұжымдық жұмыстар ұйымдастыруда шығармашылық ой, пәндік апталықтар мен үйірмелер, факультативтік сабақтардың маңызы зор. Барлық жұмыстарда оқушылардың қалауы, таңдауы мен ұсыныстары ескерілгені жөн.       

Зерттеу әрекеттері бала жаратылысына тән: білуге құмарлық,байқау жасауға талпыныс, өзінше эксперимент жүргізу сияқты табиғи құбылыстарды ынталандыра отырып,олардың жеке қасиеттерін ашуға жағдай жасайды. Алайда,бастауыш сатыда зерттеудің әдістерін қолданудың өзіндік қиындықтары бар.Төменгі жастағы баланы зерттеу тақырыбымен «қинауға» болмайды. Әрине,ол табиғатынан туа біткен зерттеуші, бірақ алғашқыда оған бәрі арнайы түрде үйретіледі:проблеманы қалай анықтауға болады,болжамды калай құрылымдау керек,байқауды,эксперементті қалай жүргізу керек және т.б. қысқасы,оның зерттеушілік табиғаты үнемі педагогикалық қамқорлықты қажет етеді. Баланың айналаны өз бетімен танып білуге деген ұмтылысы негізінде құрылған оқытуда зерттеу тәсілін пайдалану ерекше орын алады.Балаларды оқуда зерттеу тәсілін қолданудың қажеттілігі бола болмысының білмекке құмарлығымен,оны қоршаған дүниені зерделеуге деген қызығушылығымен түсіндіріледі.Оқушылардың өзіндік зерттеулері,олардың жеке қажеттіліктері мен сұраныстарын қанағаттандыруға септігін тигізеді.Сонымен қатар,өзіндік зерттеулер интеллектуалды және зерттеу біліктерін дамытуға мүмкіндік береді. Өзіндік зерттеулердің көмегімен оқушылар қоршаған дүниені тани келе,өздері үшін жаңа білімдерді «дайын күйде»алмай,өз бетімен ашады. Бастауыш сынып тәжірибесінде жеке және ұжымдық зерттеулер қолданылады.

Сонымен ғылыми-зерттеу жұмыстары оқушының:

  • Оқушының ой-өрісі мен рухани жан дүниесінің дамуына ықпал етеді;
  • Өз бетінше жұмыс жасауға үйреніп, зерттеулер жүргізуге бейімделеді;
  • Танып-білу, талдау-жинақтау, салыстыру, бастысын бөліп шығару, өмірде қолдану әдістерін меңгереді;
  • Ой жүйелілігі мен. Шешендік өнер қалыптасады;
  • Оқыту мен тәрбиелеудің тиімділігін арттырып, оқушылардың жоғары шығармашылық деңгейін қамтамасыз етеді.

Жаңа ғасырға қадам басқан жас жеткіншектердің қазіргі өмірге бейімділігі болу керек. Ол өмірдің әр тетігіне үңіліп, тығырықтан шығар жолға даяр болуы қажет. Дарынды да, қабілетті оқушыларды ғылымға баулып, ғылым арқылы егемендігімізді нығайту әр білім беру ұйымдарының басты міндеті болып қала бермек.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Әлімқұлова А.Б.        Бастауыш сынып оқушыларының жобалық-зерттеу әрекетін ұйымдастыру [Мәтін]: Республикалық ғылыми-әдістемелік және педагогикалық журнал /… Әлімқұлова А.Б. // Бастауыш мектеп: ҚР МАжБКМ Алматы, 2014- №7-8- Б.6- ISSN 0207-5474

 2.Айтқалиева Г.   Мектепке дейінгі ересек бүлдіршіндердің зерттеушілік, жобалаушылық дағдыларын дамыту [Мәтін]: Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал / Г. Айтқалиева // Білім кілті- ҚР БжАМ.- Алматы, 2014- №4(70)- Б.7-9

3.Галиева Б.Х.     Ғылыми-зерттеу жұмысын жобалау [Текст] / Б.Х. Галиева // Білім беру мекемесі басшыларының анықтамалығы- 2013- 16-18 б.

 4.Жұмағұлова А.З. Оқушылар арасында ғылыми жұмыстарды қалыптастыру [Мәтін] / А.З. Жұмағұлова // Открытая школа- 2013- №3-13б.