Ақселеу Сейдімбек шығармашылығындағы ұлттық құндылықтардың көркемдік трансформациясы [Казахская литература]

Автор статьи : Гулия Т.
Организация : Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
Должность : Қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының магистранты
Дата : 18.04.2022
Номер журнала : 02-15-2022
Барлық  ғұмырын,  шығармашылығын  қазақ  халқының  мәдениеті  мен  өмір  салтына  арнаған, ұлт  қамын  жеген әйгілі  жазушы, ғалым  Ақселеу  Сланұлы  Сейдімбектің  қазіргі  таңда  оқырман  қауымға, сөз  төркінін  ұғына  білген  адамға қалдырып  кеткен  мұрасы  мол. Зерттеушінің деңгейі  жоғары, тәлімі  мол  туындылары  қазақ  әдебиет  әлемінің даңқын  көтеріп  келеді. Ғалым  творчествосында  «Отан», «ұлтты  сүю», «халық»  атаулары  басымдық  алады.Бұл  ұғымдар  «тарихшы-әдебиетшінің» қазақ  халық  ауыз  әдебиеті, ұлт  тұрмысының  пайда  болу, қалыптасу  тарихына  қатысты  тағылымы  мол  туындыларына  әсер  еткен  еңбегін  айқындады. Туғанынан бекзат  азаматтың  домбыра  аспабын  шертіп, қамшы  өретін таланттары  тағы  да  жетерлік. Жазушының  нақшына  келтіріп  әуелейтін  күйлері -  өнерлі  азаматтың  жан-жақтылығының  бір  бейнесі. Танымдық  көзқараста талқылайтын  болсақ, әңгімешіл, шежіреші тұлғаның  ғалым, яғни, «доктор» дәрежесін  алуы – әмбебаптылығын, жігерлі қайраткерлік  қыр-сырын, қасиетін  анықтайды. Негізінде, зерттеуші-ғалымның  әуелі  шежірелерді  зерттеп  қарастыру, қазақ  ауыз  әдебиеті(қазақ  фольклоры) саласына  еш  кедергісіз  ден  қойып  араласқаны  мәлім. Соның  ішінде, мектеп  балалары  мен  бөбектерге  арнайылап  жазылған  «Алпамыс  батырдың» орны өте  бөлек. Осы  тұрғыда  батырлар  жырының, ғашықтық  жырлардың  негізінде  халық  аузынан  қағаз  бетіне  түсіріп  алған   прозалық  хикаяттары, тау  жыныстары, үңгірлер, жер-су  мекендері  туралы  жазбалары  қазақ  фольклоры  нұсқаларын  құпастырушы  екендігінертеден  анықтаған. Ең  тұңғыш  ғылыми  туындысының  тақырыбы – «Қазақтың  дәстүрлі  халық  лирикасындағы  қара  өлең  жанры» деп  аталады. Бұл  туынды  ғылым  әлеміне барынша өз  жаңалықтарын  алып  келді. Сонымен  бірге  қазақ  халық  ауыз  әдебиетінің  басқа  түрлеріне  қарағанда  күй  туралы пайда  болған  аңыздардың  қатты  көңіл  аударатын  қырлары  жайлы  да қалам  тербеген. Күй  туралы  аңыздар – қоғам арасындағы  салт-санамен, ғұрыптық  фольклормен, адамдық нормалармен(қағидалармен), күнделікті отбасылық  ғұрыптық  тірлікпен, қысқаша  айтқанда, елдің  бүкіл  саяси-тарихи  өмірімен барынша астасып  жатыр. Белгілі  қаламгер , публицист Жұмағали  Ысмағұлов Ақселеу  Сланұлының  күй  туралы  еңбектері  жайында: ғалымның әдебиет, тарих,  музыка  әлемдеріне  әкелген жаңалықтары  мен  ізденіс  жұмыстарының  барлығының  толық  түрде  теория  және  әдістеме  жағынан  биік  деңгейді  көрсеткендігін айтады. Сондай-ақ  ғалым  монографияларының  ғылыми  тұстары  қазақ  ауыз  әдебиетінің,  мәдениеттанудың, тарих  ғылымының  ең  мықты  жаңалықтарын  басты  нысанға  алып  отырып, нақты  дәйектермен  айғақтап, барлық  түйіндеген  тұжырымдарын  анық  дәлелдемелермен  жауып  отыратындығын, жалпы еңбектерінің ғылыми  дәрежесін жоғарылатып, жаңа қорытынды  көзқарастарына  сендіруіне   себепкер болғандығын  оқырман  қауымға баса  жеткізген. Ал  ғылыми  жаңалықтарының  деңгейлері  жайында: ең  әуелі  бұрын болмаған  қазақ  халық  ауыз  әдебиетінде арнайы зерттеу нысаны  болмаған атаудың жоғарғы  теориялық-әдістемелік  дәрежеде жасалғандығынан  айқын  білінетіндігін нақтылап  айтады.  Ғылыми  жаңалықтарының  нәтижесінде   елдің  ғұрыптық мәдениетін  саралаудағы, соның  ішінде, қазақ  халық  ауыз  әдебиетіндегі ірі  жетістік  деп бағалайды. Көркем  әдебиеттегі  прозалық  туындылардың, соның  ішінде, арнайы  қаламгер  ретіндегі басты тұлғамыздың  шығармашылығын  көркемдік  жағынан  қарастырудың  нәтижесі  - мақаланың  өзекті қыры. Күллі  ғаламның өз  руханияттарын  жоғалтпай, осы  кезгі өркендеуіне  дейін  көркем  әдебиет  саласы  мүмкіндігінше  өз  әсерін  тигізді. Әдебиеттің  әр  ғасыр, заманына  байланысты  пайда  болуы  және  шарықтауы – халықтық  әдет-ғұрыптың  басты  қырларын, мәдени-әлеуметтік, рухани тәжірибелерін жиып  береді.Жұмыстың  барлық  нәтижелі  тұстарын   айшықтау  үшін  жазушының  әңгіме-хикаяттарындағы  ұлттық  идеяның  көркемдік  тұстарының  ауысып, трансформацияға  ұшырап  отыруын, яғни, өзгеруін  саралау  мақсатында  біршама  туындыларды  талдау  керек  екендігі  мәлім. Бұл орайда қазақтың талдамалы әңгіме,  хикаяттары — салмақты зерттелген тақырып өзегіне айналуы тиіс. Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің шығармашылығындағы ұлттық құндылықты ақпараттық әлем мен әдебиеттік жанрдың маңызды бөлшегі ретінде қарастыруы өзекті. Бұл ретте қазіргі әдеби шығармалардағы ұлттық танымның көрініс беруі әлдеқайда табысты деңгейді бағындырды. Жазушының лабороториясы ретінде жан-жақтылығы, әмбебап өнер  иесі  ретінде  зерттеліп, еңбектері арқылы ізденістер де жүргізу—болашақ ғалымдардың танымдық қырын ашады.  Ақселеу  Сейдімбек  алпыс  жасында   Қазақстан  Республикасының тұңғыш президенті, елбасы Нұрсұлтан  Әбішұлы  Назарбаевтың  марапатына  ие  болып,  қолтаңбасы  қойылған  құттықтауын  алды. Тұңғыш  президенттің  Ақордаға  кіруімен  байланысты  өткен  салтанатты  шарада  ғалым-жазушының  иығына  шапан  жабылды. Марапаттардың  біршамасы – ғалымның  тікелей  еңбектерінің  жемісі. Бұл  ретте  біз -  кітаптарының  аса  құнды  мұра  екенін  тағы  айтамыз.  Кітапқа  құмар  жан ұлтын  шексіз  сүйіп, қадірлеп, қастерлеп,  бағалайтынын  баса  айтып, дәріптейміз.  Әсіресе, жазбаларының  бірінде: тұңғыш  президентімізді «аға» деп  қастерлеп, өзіне  арнаған  қандай  да  бір  хатында кітаптың  қаншама  аққан  маңдай   термен  қатар идеал  адамның  көрінісі  екендігін, қанша  төгілген  еңбектің  нәтижесі – сол  армандаған оқырманның  сүйіп  оны  оқуымен, оқырманды  авторман  мақсаттас  ететіндігімен  өлшенетінін  айтқан  екен. Әдістемелік  жағынан  Ернар  Құлмағамбет  Ақселеу  Сейдімбектің творчествосына  байланысты мардымды, талқылап, саралауға  арналған  бірнеше  ерекшелік  тұстарын  айтып  көрсеткен. Соның  ішінде  ғалымның  қазақ  руханиятымен  таныс  болуға  шақырған  тұжырымдамаларын  айқын  жеткізгенін айрықша  айтқан. Ол  талдауының  маңызды  көрінісі – қазақ  халқының  отбасылық  ғұрып  дәстүріне айрықша  мән  беріп, әсіресе  мәдениетіне, музыкасына, фольклорына, салт-санасына  ашық  көзбен, ояу  көкірекпен қарап, шебер  де, әсем  тілмен баяндап  беруді  басты  мүдде  етіп  алғандығын айтады. Ғалымның  бұл  зерттеу  туындысы 2005  жылы «Өмір өрнектері. А. Сейдімбектің очерктері туралы ойлар» деген атпен жеке кітапша ретінде баспа  бетіне түсті. Ақселеу  Сейдімбек  еңбектері  Кеңестік  саясатқа  шырмалып, аласапыран  көңіл-күйде  жүрген  ұлтты  оятып, тұңғиық тереңнен  алып  шығуға  үлес  қоса  білді. Әсіресе, бұл  ретте  біз – Сауытбек  Абрахмановтың  мысалын  келтіргеніміз  жөн. Ол  өзінің  мысалында: жазушының  қайтыс  болар  алдын  бір   жыл  бұрын  үйіне  барғандығын; үйінің  ішінде жиған-терген  кітаптарының  кітаптарының  өте  көптігі  соншалық  дәлізге  дейін  арнайы  кітап  сөрелердің  құрылғандығын  көрген. Сонымен  бірге  жоғарыдан  төменге  дейінгі  тұрған  сөрелерде барлығы  ру-тайпаларға  қатысты папкалармен  толған  орындарды  көргендігін, қазақ  ұлтының  шежіресіне  байланысты  мыңдаған  қағазды біршама  жылдар  қажымай  жинап, соның  барлығы  белгілі  бір  ретпен  жүйелегенінің  нәтижесінде  Ақселеу  Сланұлының «Қазақтың  ауызша  тарихы»  атты  ауқымды, көлемді  шығармасының  пайда  болғандығын  баяндайды. Сонымен  қатар  баспа  бетіне  түскен  тағы  бір  мақаласында: көрген  қауымға сал-серідей  боп жүрген  Ақаңның  жазу  келгенде  мәдениеттілігін, сауаттылығын  тілге тиек етеді,  бір  жылдары орталық  архивте жазушының тірі кезіндегі жасаған құжаттардың  галереясы  ұйымдастырылғандығын,  құжаттарының саны  үш  мыңнан  астам  болғандығын,  соның  ішінде жеті  жүзден  астамы жазысқан  хаттар  болғандығын тағы  бір  айтып  өтеді. Ал  келген  халықтың  алдына  екі  жүз  елуі  көрсетілген  екен, үйіндегі  сөрелердің  ауқымды  бір  бөлігі тізбектеліп  тұрып  таңбаланған тақырыптар  екендігін, газеттен,  кітаптан  терген  бар  мәліметі  болса  да  солардың  өзін  ұқыпты  етіп  тігіп  папкаларға  бөліп  қойғандығын, егер  мақала ,яки , қандай  да  бір  зерттеу  туындыларын  жазғысы  келсе,  жаңағы  ұқыптап  тіккен  ақпараттарын  еркін  қолданатындығын  зерттеуші айтып  өткен. Ұлы  тұлға Ақселеу  Сланұлы – ұлтымыздың  қайтпас  қайсар  рухының, үлгілі  ғұрпының, өнегелі бейнесін үлкен  мақтанышпен айтуға  тұратын үлкен  рух иесі  еді. Осындай  үлкен  дара  жолда туған  жұртын, оның  өзіне  ғана  тін  тарихын, әдет-ғұрпын, тілі мен дінін  бар  ынта-шынтасымен  сүйіп, тумысындағы  бар  таланты  мен  қасиетін  халық  мүддесіне  жұмсады. Ұлттың  ескі  мәдениеті мен рухани әлеміне  ықпал  етіп,  және  соның  көмегімен  қазақ  әдебиеті  мен  тарих  саласына  сүбелі  үлесін  қосты. Қазақ  тұрмысының шыншыл  тұстары «Ақ қыз» (1991),«Күңгір-күңгір күмбездер» (1981), «Мың бір маржан» (1989),  «Тауға біткен жалбыз» (1979),  «Кеніш» (1979)  және «Қазақ әлемі»(1997) атты ғылыми-танымдық еңбектерінде  анық  аңғарылады.Ақселеу  Сейдімбек  шығармаларымен қазақтың  әдебиеттану  ғылымы  жаңашылданып, көрнекті  атануға  тырысты. Қаламгер  «Ақиық»  атты  әңгімесінде  киелі  құс  қыран  бүркітті  қалай  ұстап, асырау  керектігі  жөнінде  баян  етеді. Құсшы  Сыздық  атты  саятшы  сияқты, аса  махаббатпен  туындаған  көңіл-күйін, жай-сезімдерін  аса  шеберлікпен  әңгімелейді. Жазушы  бұл  тақырыпты  асқан біліктілікпен  суреттейді. Бір  мысалында Қосбармақтың  жапырағының  үлкен  күлгін  түске боялып, таңғы  араймен  шағылысып, темір  сауыттай  қоңырлау  түске ұқсап  тұрғандығын, құстың тарам-тарам  бармақтарымен егесінің  білегін  қыса  түсіп, өте сергек   отырғандығын  суреттейді. Осылайша  қыран  құстың  өсу  қимылдарына  әбден өанық  болғандығын  білдіреді. Осы  тұста  жазушының   баяндаудың, персонаж  образындағы жасайтын іс-қимылы  да, ойлану,  тұжырым  жасау  өрнектері  хикая  өзіндік  композициясымен  астасып  жатуы  қажет  дегенді  еске  түсіретін  болсақ, қаламгер   туындыларынан  дәл  осы  қабілеттерді  байқайтынымыз  белгілі. Көшпелі  елдің  тыстағы  қорғаныш  құсының бар  қабілет-қасиеттерін  барынша  шебер  білуі, оны тірі  жан  ретінде  сезініп, қадірлеу  үлкен көрініске  ие. Аңшылық туралы баяндарды кез келген қазақтың елеңдей тыңдайтыны ақиқат. Себебі, аңшылықты қызықтау — халқымыздың, менталитетіміздің ежелден қанына сіңген әдеті. Ендеше, саятшылық жайында жазу қалам шеберлігімен бірге, бұл кәсіпті бүге-шігесіне дейін білуді керек етеді.Әңгімедегі  қыран  құстың  көркем  сипатталуы қатты  дәлдікпен бейнеленеді: садақтың жібіндей  иіліп  тұрған шымыр  сандарынан  бастап бүйірінің  қылдары алтындай  жарқырауы, доғалдана  біткен, бойындағы  бар  жүні  тегіс  бұйраланып, мәрмәр тастай  жарқырап, әрбір  талшығы  тарамданып  тегіс жылтырайды.  Сыздықтың аса шеберлікпен түз тағысын қолға баптауы, оған өзінің  достары Файзолла, Рақыштардың тілекші  болуы, бүркіттің Кәрім күзетшінің көк қаншығының көзін ағызып жіберуі, Сыздықтың түз тағысының жасын, айрықшалығын, күтіп-баптауын жетік біліп, соларды білгірлікпен  жүзеге асыруы аса бір  ықыласпен суреттеледі. Осы жерде  Абай  Құнанбайұлының “Қансонарда”  өлеңіндегі құрал-жабдығын сайлап, тұңғыш  сонарды асыға күткен аңшының бүркіті түлкіге тап  берген  мезетін  ішіне ала міз  бақпай бақылап, оны тырнақтарына ілгендегі масайрағаны, “үйірімен үш тоғыз” айтқандарға разы ниет білдіргені күйі есімізге түседі. Ғұмырының  барлығын  саятшылық өнерге арнаған Сыздықтың өмірі көпке үлгі болатындай. Оның түздің тағысын барынша ептілікпен күтіп-баптауы, аялап  әсірелеуі, адамға сөйлескендей есті байланыс жасауы қатты  таң қалдырады.Он  бес  жылдан  бері  дос  болып  келе  жатқан  бауырына  Қосбармақты  берген  кездегі  эмоциясы  мүмкіндігінше дәл  беріледі. Өз  томағасын  алғаннан  кейінгі, ескі  досына  берер  сәтте  ешқашан  танымаған  адам  секілді  үнсіз  қарап  қалғанын, құсына  қайта-қайта  қарап, аса  қимастықпен қарап, қоштасқан  көңілмен көзі жасаурайтындығын,  әрбір  қанаттарына  қарап  өзімен  бірге  өткізген  керемет  сәттерін  есіне  алып  тұрғандығын, үлкен  ,мейірімді  жүрегімен барынша  егіліп, елжірей  қарап, біраз  уақыт  айналып, сипалағанын тамаша  суреттейді. Бұл әңгіме  адамдар арасында болатын мейірім мен жылылықтың табиғатқа да жат еместігін, құстар мен аңдарды да ерекше қадірлеп, жақын тұтуға, оны өмірдің мәніне айналдыруға болатынын дәлелдейді. Сол арқылы табиғаттың көп құбылысын жіті бақылап, қызығы мен кереметін мейілінше бақылаған, көреген халқымыздың ежелгі салтын құрметтеуге баулиды. Сонымен бірге махаббат пен жылулық ол отбасында, соның ішінде үйдегі әйел адамға қатыстылығын  оқырманына ашып көрсетеді. Себебі үйдің бүйкіл тірлігі мен бала-шағаның тәрбиесі , тұлғалық психологиясының шаңырақтағы әйел роліне байланысты екені сөзсіз. Соған орай Гарри Смит,Роберт Дж. Беннетт,Кэрри ван Лисхауттың «History of the Family» журналындағы мақаласы жөнінде де қысқаша айта  өткім  келіп  отыр (Smith, G., J. Bennett, R., Lishaut, K. & Montebruno, P., 2020). Мақалада  1851-1911 жылдары Англия және Уэльстегі  әйел адамдардың  үй  шаруасында жасап  отырған  кәсіптерімен бірге отбасының құндылығын өркендетіп отырған  моральдық  іс-әрекеттері жөнінде  айтылады. Ақселеу  әңгімелеріндегі  ұлттық  сана  тақырыбының  бір  негізі - әйелге, анаға  байланысты екендігі.  «Әйел  адам бір  қолымен  бесікті, бір қолымен әлемді  тербетеді» деген  ғибрат  сөзді  осы  кезде  пайдалансақ  қателеспеген  болармыз  деп  ойлаймын. Қаламгер  табиғаттың  сұлулығын  аса шеберлікпен  бейнелейді. Шығармаларының  барлығында  дерлік  табиғат  сұлулығы  міндетті  түрде  көрініс  табады. Оның  бір  дәлелі – «Атамекен» хикаяты. Қазақ  ұлты туған  ел, жерді бағзы  заманнан-ақ  қадірлеп, жоғарғы мәдениет  дәрежесіне  дейін  көтерген. Хикая  басында ел  тұрғындарына Айнабұлақ  совхозының алыстағы бөлімшесіне  Ертіс  өзенінің суын  бұрып, Сарыбұйраттың  үстімен өткізеді  деген  хабар  жетеді. Сол  арада канал  қазушы  құрылысшылар  үшін  қыр  астынан  Қайнар  поселкесі тұрғызылып  жатады. Сөйтіп  халық  сол  жаққа  қарай назарларын аудара  бастайды. Сол  Сарыбұйраттағы  тракторшылардың бірі  Мұрат - Айтуған  қарияның  үлкен  ұлы  болатын. Ол  жақында  отау  құрған  болатын, енді Қайнарға  құрылыс  жұмысына ол  да  кетті. Қызып жатқан  жұмыстың  ордасы  Сарыбұйратқа  келіп, осы  кішкентай  ғана  ауылды  көшіруге  кіріседі. Ауыл  тұрғындары  жаңадан  өмір  бастаймыз  деген  мақсатта   біртіндеп  қалаға  қарай  орын  тебе  бастайды. Жер-су аймақтарын  зерттейтін  мамандар  келіп, салынуы  керек  су  каналының орнын  белгілеп, өлшейді. Осылайша  ауылда  жалғыз  ғана  үй қалған  ол  Айтуған  қарияның  үйі  еді. Ол  болса туған  жерінің  шетіндегі  қорым-бейіттерді, кіндік  қаны  тамған  атамекенін  қимайды. Жазушының  бұл туындысында қарт  бейіттерді көшірудің жайын  білу  үшін  Мұқаш молдаға барады. Ұлы  Мұраттың көшудің дұрыс екенін жеткізіп, әкесін көндірмек болғаны жай  боп қалады. Айтуған ақсақал оны сөйлетпей қояды. Ақыры  аяғында  жаңа құрылыс жүріп, жаңғырып жатқан жерге  барып өз көзімен көрген соң райынан қайтып, көшуге бел буады. Әрине, ақсақалдың қызғыштай  қорыған  болып атамекенін қорғауы жөнді-ақ. Ертеректе осы жерді, елді қорғаймын, бүтіндеймін деп талай боздақ мерт болмады ма. Бұрыннан  бері қанға сіңген сол мінезінің  Айтуған қарттың бойынан табылып жатса еш айыбы болмас. Ең маңыздысы  туған  жерінен  жырақтамаса, онда өткен тарихтан қалыс қалмаса, ол санадан өшіп  қалмаса болды.Айтуған қария  жұрт  арасындағы  жаңалықты  түсініп, кейін атамекеніне келіп жатқан өзгерісті қабылдап, дұрыс  деп  санайды. Сол  сәттегі  қарияның  жай-күйін жазушы әсем  сезіммен жеткізген: ол  кезде  Айтуған  ақсақалдың  қозғалысында , ажарында,  даусында да  кейінгі  кездегі беймазалықтың, жабырқаулы  көңілдің ізі  де  болмағандығын, қара  торы  ажарында үлкен  қайрат  иесі  екендігі  танылып  тұрғаны, қою  қабағының  жазық  маңдайына  қарай  биіктене  түскендігін, жәудір  көзінде айтпаса  да жазылып  тұрған  ішіндегі қуанышының айдан  анық  көрініп  тұрғандығын нақтылай  бейнелеген. Қаламгердің  қайсыбір  шығармасын  оқысақ  та , оны  жазбай  тұрып  әуелі  сол  жердің  тылсым  табиғатының  жұмбағын  шешіп,  қасиетіне  бас  иіп  алатын  секілді. Сондай  әдемі  құралған  сюжетті  композицияны  бар  жан-дүниесімен  өрбітіп  отырады. Тағы  бір  аңшылық  өнері  жайындағы  туындысы – «Рамазан  мерген». Әңгіме  қара  күздегі  киік  жайында  басталады. Ол – әрбір  қадамын  жіті  бақылайтын  тіршілік  иесі. Бас  кейіпкер  Рамазанның  оқиғасы қызық  баяндалады: екі  қасқыр  қатты  екпінмен  бұлақ  басына  келеді. Шөлдеген  жануарлар су  ішеді. Бұлақ  жағасын  иіскелеп, төменгі  жағынан  тырмалап  жер  қаза  бастайды. Бір  уақытта  қазып  жатқандарын  тоқтатады,  қасқырдың  бірі  сол  орға  түсіп  кетіп,  бауырлай  жатып  қалады,  ал  екінші  қасқыр  болса  оны  баспалап  көме  береді. Осыған бақылап  көзін  алмай  отырған  Рамазан  мерген әліптің  артын  бағады. Сөйтсе, бұл  екі  қасқыр  бұлаққа  құлайын  деп  тұрған  киіктерді  күтіп  тұр  екен, ал  екі  қасқыр  болса  оларға  тап  бергісі  келсе  керек. Сол  сәтте  мерген  екі  қасқырды  да  атып  жіберіп, ол  олжасы  Бәтеш  жеңгесіне  тарту  етеді. Жануарлар  әлемінің өз қағидалары, салты бар. Олар да ұрпақ көбейтіп, солардың  тірі  болуы үшін әрекет етеді. Кейбір  іс-әрекеттеріне  қарасаң  тура  есін  білетін  адамдай.  “Зерде” әңгімесінде осы тақырып  сөз етіледі. Мұнда түлкінің өзіндік  қимылын  міз  бақпай  қарап  отырған  персонаж  бейнеленеді. Ақселеу  Сланұлы  тірі  шағында тынымсыз  ізденістің  үстінде  жүрген қаламгер  болыпты. Оның  музыка  саласына  да  қосқан зор  еңбектері  де  жетерлік. Көне деректерге  сүйене  отырып, біршама  күй  аңыздарын  құрастырған. Жиған  деректерінің  нәтижесінде «Қазақтың  күй  өнері»  атты көлемді  туындысы 2002 жылы  жарыққа  шықты. Бұл  шығармасы энциклопедиялық  туындыдай оқырман  қажетіне жарады. Әйгілі  академик Мұхтар  Әуезовтың  пікірінше: біршама  ұмытылып, ел  құлағынан жойылып  кеткен күйлердің  терең, қызықты тарихи  аңыздары да  музыка мәдениетінің  бағалы қазынасы  ретінде  есептелетінін айтады(Әуезов, 1962). Музыка  мәдениеті  хақында  Ахмет  Жұбанов: әдебиетті  адамтану  ғылымына, ал музыканы адам  жан  дүниесінің баурап  алушысына теңейді . Белгілі аудармашы  ақын Қуанышбай  Құрманғалиев  Ақселеу  Сланұлының  өзінің «Қазақтың  күй  өнері», «Күй  шежіре»  туындыларында  қазақ  мәдениетінің  көне  тарихы  мен қазіргі  кезеңін байланыстырған ерекше  тұжырымдарымен  бөліскендігін, сонымен  қатар қазіргі  кезге  дейінгі  өнерпаз  азаматтардың  өнер  туындыларымен  байланыстырғандығын айтып, өз пікірін  білдіреді. Күйді  аса  шеберлікпен  шертетін өнерпаздарды  халық  та әртүрлі  атаған: «дәулескер», «домбыраның  құлағында  ойнайды», «он  саусағынан  бал  тамған», «жүйрік» және  тағы  басқалары(Джумагалиева, 2016). Сондай  бір  ұлы өнер  туралы, күй  өнері туралы   еңбектердің  тағы  да  бір  авторы және өзі де  кермет  күйші  болып, домбыраның  құлағында  еркін  ойнаған  жазушы – Ақселеу  Сланұлы  Сейдімбек  болатын. Ұлт тарихына тән  етіп көрсеткен ұлттық құндылықтарының, рухани сипаттарын жан-жақты екшеген зерттеулерінің,  танымдық кітаптарының, талдамалы идеяларының, сонымен қатар қазіргі қазақ әңгімелерінің негізгі ойтолғауының көркемдік  тұрғыдан  әр түрлі түсте рең беруі – Ақселеу  Сланұлы  Сейдімбектің  барша  жасаған еңбектерінің нәтижесі  деп білеміз. Ғылыми  мақаланы  жазу аясында шығарылған қорытынды жұмыстар келешекте көркем шығармалардағы, ғылыми зерттеулердегі  рухани дәстүрлер идеясының трансформациялануын(өзгеруін) нақты көрсете алуға бағыт-бағдар беру тұрғысынан үлкен маңызды  деңгейге ие болады деген сенімдеміз. Пайдаланылған  әдебиеттер:
  1. Сейдімбек А. Алпамыс батыр.  Эпостың  ізімен. – Алматы: Жалын, 1979.  - 96 бет.
  2. Ысмағұлов Ж. Текті мұраның  тегі//Қазақ  әдебиеті, 1999.– 18 маусым.
  3. Сейдімбек А. Қазақтың күй  өнері. Монография. - Астана: Күлтегін, 2002.267-279б.
  4. Абдрахманов С. Ақселеу. Егемен  Қазақстан. – Астана, 2011. – 25 мамыр (номер 217/220). -13б.
  5. Сейдімбек А. Аққыз. Повестер мен әңгімелер. — Алматы: Атамұра, 2002.-158-288 б.
  6. Smith G., J.Bennett R., Lishaut K. & Montebruno P. Home Economics and Entrepreneurship in England and Wales, 1851–1911. History of the Family. 26(1), 2020. 100-122р. https://doi.org/10.1080/1081602X.2020.1796750
  7. Әуезов М. Уақыт және әдебиет. - Алматы: Қазақ мемлекеттік  көркем әдебиет баспасы, 1962. -428б.
  8. Жұбанов А. Музыка – жан азығы// Қазақ әдебиеті, 1986. - мамыр.
  9. Құрманғалиев Қ. Күй аңызы — сөз маңызы // Халық кеңесі, 1994. -2 желтоқсан.
  10. Джумaгaлиевa A. «Күй тaртыс»  өнеріндегі  қол  қимылдaрының  көркемдігі  мен көрнекілігі.  ҚазҰУ  хабаршысы.  Филология сериясы,  No1 (159). 2016. –348-353б. https://philart.kaznu.kz/index.php/1-FIL/article/view/1878/1802