Айтыстың дәстүрлік негізі мен жалғастығы [Казахская литература]
Организация : Семей "Білім-Инновация" лицейі
Должность : қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Дата : 20.05.2021
Номер журнала : 02-12-2021
Дүние жұртының ішінде қазақтың ғана маңдайына біткен, қазақ қана кемеліне жеткізе қалыптастыра алған қос өнер бар. Олардың бірі - күй, енді бірі - айтыс. Әрине, бұл пікір күй мен айтысқа ұқсас пікірлер өзге жұрттарда жоқ дегенді білдірмейді. Дегенмен, ол үлгілердің ешбірі қазақтың күйімен, айтысымен шендесе алмайтыны анық. Өйткені олар өнер деңгейіне жете алмаған үлгілер ғана.
Жер бетінде қанша ұлт болса, сонша ұлттық ерекшелік, дәстүр бар. Әр халықтың туа бітті болмасына, өмір кешу жағдайына орайлас қалыптасқан осы дәстүрлердің тозығын уақыт өзі екшеп, озығын ел кәдесіне жаратып жатса, мұның өзі адамзат көшінің жарасымымен ілгері озуына септігін тигізбек. Үшінші мыңжылдықтың аясында өз кемесінің желкенін керіп шыққан қазақ халқының ешкімге ұқсамайтын бітімі мен болмысын ажарлайтын ұлттық қадір-қасиеті аз емес. Соның бірегейі есте жоқ ерте замандарда туып, қалыптасып, дамып-жетіліп, бүгінгі күннің де қажетіне жарап отырған халық ауыз әдебиеті болса, оның ең бір өміршең жанры – айтыс та ұлттың ескірмес рәміздерінің қатарында жаңа ғасырдың табалдырығынан аттап отырғаны талас тудырмайды.
Ұлы ұстазымыз М.Әуезов: «Айтыс заманында өзге елдерде де болған. Парсыда «мұшайра», арабтарда «мұғалләкәт» деген. Арабтардың көшпенді бәдәуилері қара сөзбен емес, үнемі өлеңмен сөйлескен, қазақ халқының аса бір ұлы қасиеті сол қынаптан суырып алған қылыштай қолма-қол қиып айтатын айтқыштығында, айтыскерлігінде. Бұл қай халықтың алдында да мақтануға тұрарлық өнер» , - деген еді. Осы өнер қазір тек қазақ пен қырғызда ғана қалды. Әсіресе, қазақ ішінде үздіксіз дамып келеді.
Дала демократиясының жүзі қайтпайтын қаруына айналған ақындар айтысы ақиқаттың аузын буған не бір қатаң заманның өзінде хан мен төренің, би мен бектің бетіне қасқайып тұрып тіке айтқаннан айныған емес. Осылай тәрбиеленген халық «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, оны алттық моральдық кодексінің темір қазығына айналдырған. Ақындардың шымырлатып, шыңғыртып шындықты айтқан шумақтары қашанда халықтың рухын асқақтатты.
Айтыстың дәстүрлі өнерге айналуына көшпелі өмір салты тікелей әсер еткені байқалады. Көшпелі елде шілдехана, ойын-тойға ерекше мән беріліп, қонақ кәдеден бастап, кішігірім ауыл айтыстары да өтіп отырған. Бұлар ертеңгі көрнекті айтысқа бастайтын дайындық тәрізді бүкілхалықтық сипат алған. Арқалы айтыс ақындары бірін-бірі іздеп келіп айтысатын дәстүрге жалғасты. Бір де бір үлкен жиын, ас-той ақындар айтысынсыз өтпейтін болды.
Бұл дәстүр айтыстың сан алуан мазмұнды, мол ауқымды жанрға ұласуына қолайлы жағдай жасады. Қазақ қоғамында ақынның ақын болып танылуы да тек айтыс арқылы жүзеге асқан. Көбіне-көп айтыста жеңілген ақын өткен айтысты ел арасына таратуға міндетті саналған.
Сонау Қазтуған, Шалкиіз заманынан бері қарай ақиқатты айнымай айта алатын дәстүр желісі үзілмей жалғасып келіп, Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет, Әсет, Біржан, Шөже, Кемпірбай, Нүрила, Ұлбике, Орынбай, Исаларға ұласса, бұл сол ғасырлар бойы өр рухын түсірмеген дәстүр сабақтастығының жемісі. Кешегі Кеңес тұсының дәмін татып, қызыл саясаттың өтінде тұрған айтыскерлерге де өкпелеудің жөні жоқ. Өйткені олар сонда да атадан балаға мұра болған ақиқатты айту дәстүрінен жаңылған олар сонда да атадан балаға мұра болған мұра болған ақиқатты айту дәстүрінен жаңылған жоқ.
Айтыс қай дәуірде де халық өмірінің айнасындай дидарынан демократиялық табиғатынан таймаған өнер. Қоғамдық-әлеуметтік салада айтыскерлердің назарынан тыс қалатын қалтарыс та, бұлтарыс та болмайды. Баяғыдан келе жатқан айтыстың жазылмаған, бірақ, жұрт мойындаған кодексі осы. Осы ерекшелігі жойылған жерде айтыстың халыққа еш керегі де болмайды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- «Айтыс » жинағы, Алматы 1941.
- Қойлыбаев Ш. Қазіргі айтыстың идеялық-көркемдік ерекшеліктері.
- Айтыс. Т.2. Алматы: Жазушы, 1965