Ағылшын тілі сабақтарында оқушыларға медиа сауаттылыққа баулу [Английский язык]
Автор статьи : Гаухар З.
Организация : Түркістан облысы Төлеби ауданының мамандандырылған мектеп - интернаты КММ
Должность : Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
Дата : 04.04.2022
Номер журнала : 02-15-2022
Организация : Түркістан облысы Төлеби ауданының мамандандырылған мектеп - интернаты КММ
Должность : Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
Дата : 04.04.2022
Номер журнала : 02-15-2022
Английский язык
Біз білетін сауатты адам әріп танып, қолына қалам ұстай алады. Әріп таныған адам мәтін оқып, оның мағынасын түсіне біледі. Оқыған адам өзі шимақтап, біртіндеп жазуды үйренеді. Бұл – мектеп табалдырығын аттаған кез келген бала машықтанатын қабілеттер. Баршаға аян нәрсені неге тәптіштеп айтып отыр дерсіздер? Сол оқып отырған мәтіннің түрі мен түпкі мағынасын түсіну қаншалықты қиын болуы мүмкін? Бір қарағанда, оп-оңай.
Ең алдымен «медианың» не екенін анықтап алайық. Бірден газет-журнал, радио, телевизия, интернет дерсіз. Қолыңыздағы кітап пен смартфон, көше бойындағы жарнама тақтайшалары, дүкеннің маңдайшасы, фильм, көне ескерткіштер, видео ойындар, музыка, аңыз-ертегілер мен ауызекі сөзге дейін медиаға жатады дегенге не дейсіз? Медиа – ағылшынша «medium» сөзінің көпше түрі, ақпарат жеткізетін кез келген коммуникация құралын осылай атауға болады. Енді технологияның қарыштап дамуымен енген медиасауаттылық ұғымы нені білдіреді?
Жоғарыда айтылған ақпарат құралдары арқылы адам күніне қанша ақпарат алатынын білу үшін, 2020 жылы орташа есеппен күн сайын қанша дерек пайда болғанын қарап көрейік. Бұл сан күніне 2,5 квинтиллион байтты құраған. Квинтиллион деген сан мөлшерін бірінші рет көріп тұрсаңыз, жалғыз емессіз. Салыстырып көру үшін 18 нөлі бар екенін айта кетейік. Әрине, осы секілді адам күніне, секундына қанша ақпарат өңдейтінін көрсететін толып жатқан өзге де статистиканы келтіре беруге болады. Десе де, үй мен жұмыстың арасының өзінде қанша нәрсе көріп, қанша ақпарат оқитыныңызды өзіңіз де біліп отырсыз. Ол мәліметтің барлығына зер салып қарау міндетті емес, миыңыз өзі қабылдап өңдей береді, ал жадыңыз сақтай береді. Бұл ақпараттарға ортақ бір нәрсе бар, ол – авторының болуы. Кез келген ақпаратты таратарда белгілі бір себептің болатынын есте ұстау керек. Ал сол себепті түсіне білу – медиасауаттылықтың негізі.
Бізді қоршаған дижитал заманда ақпараттың қайдан, қандай мақсатпен шыққанын, қаншалықты сенімді екенін анықтау одан сайын қиындай түсті. Дегенмен, мойындағымыз келсе де, келмесе де, бұл бүгінгі күннің ең маңызды қабілеттерінің біріне айналды. Қоршаған ортаны енді танып-біліп, дүниетанымы қалыптасып келе жатқан, болашақта толығымен технология дәуірінде өмір сүретін балаларға бұл, тіпті, өзекті. Медиасауаттылықты балаларды ақпараттан қорғау деп түсінуге әсте болмайды. «Баланың миын улайтын контент көрсетпеймін» деген желеумен теледидарды өшіріп, интернетті шектейтін ата-ананың әрекетімен ақпаратты айыра алатын ұрпақ тәрбиелеудің арасы жер мен көктей.
Медиасауаттылық анықтамаларында бірінші мән беретін нәрсе – адамның сыни ойлай білу қабілеті. Бұл шетінен барлығын сынау емес. Сыни ойлай білетін адам біржақты пікірден аулақ болады, кез келген ақпаратты түрлі ракурстан талдай біледі. Бұл – негізі мектеп жасында қалыптасатын машық. Батыс елдерінде білім алған отандастарымыз біздің білім беру бағдарламамыз осы жерде ақсайтынын жиі алға тартады. Ата-ананың, ұстаздың, не өзінен жасы үлкен адамның айтқанын өздігінен саралап, жеке пікірін білдіру – бұрыс не тәрбиесіздік емес. Кішкентайынан кез келген айтылған нәрсені сұраққа алып, шамасы келгенше талдай білетін балалардың уақыт өте келе сыни ойлау қабілеті қалыптасады. Міне, осы машықты бойына сіңірген бала медиасауаттылықтың негізін меңгерген десек артық емес.
Ақпарат көбейген сайын оның ақиқат не жалған екенін анықтау қиындап кетті. Оған пандемия кезінде толық көз жеткіздік. Коронавирус туралы бұрмаланған ақпараттар әр отбасында талқыланды. Бұған шүбә келтірмейтініміз анық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолданысқа пандемиядан қаупі кем емес «инфодемия» терминін енгізді.
Жалған ақпараттың кең тарағаны соншалық, медиа және коммуникация саласында фактчекиң бағыты пайда болды. Ол бойынша деректерді тексеріп, хабарлардың рас-өтірігі анықталады. Былтыр пандемия кезінде індетпен қатар, ақпараттық вирустың кең тарағаны соншалық, Қазақстан үкіметі арнайы stopfake.kz жобасын іске қосуға мәжбүр болды. Бұл салада жалған ақпарат мәселесінің кезек күттірмейтінін көрсетті.
Қоғамда медиасауаттылықтың деңгейін көтермесек, салдары қандай болатыны туралы журналист, фактчекер, Factcheck.kz онлайн басылымының редакторы Павел Банниковпен бұл мәселенің салдарын қазірдің өзінде байқауға болатынын айтады.
Қоғамда медисауаттылықтың төмендігі үрейге, сенімсіздікке, денсаулық саласындағы жобалардың сәтсіз болуына, әлеуметтік поляризацияға, жек көрушілікке алып келетінін былтырдың өзінде анық көрдік. Бәрімізге айқын күнделікті көріністің бірі – халық алаяқтардың алдында қорғансыз қалады. Былтырғы статистиканың өзінен алаяқтардың арбауына түскен адамдардың қаншалықты көп екенін көруге болады. Алаяқтар келтірген залал 2019 жылмен салыстырғанда 180 млрд теңгеге артқан. Бұл құқық қорғау органдарына шағымданғандардың үлесі ғана, ақшаға алданғанын айтқысы келмейтіні қаншама. Қоғамда медиасауаттылықтың төмендігінен туындайтын ең қарапайым мысал осы. Ал болашақта ең қорқыныштысы – қоғамдағы поляризация дер едім. Халықтың біртұтастығы бұзылғанда, медиасауатсыз қоғамда үлкен ақпарат ағынын радикалды топтардың теріс ойлары оңай жаулап алады. Бұл – Қазақстан үшін де ең қауіпті мәселе.
Расымен, интернет алаяқтарды айыра алмау – қауіпсіздік саласындағы үлкен мәселелердің бірі. Жауапкершілік құқық қорғау органдарының мойнына артылғанмен, бұл да медиасауаттылыққа келіп тіреліп тұр. Осы секілді ақпаратты саралай алмай опық жеген жан қаншама. Бұл, әсіресе, әлеуметтік желі мен интернеттен оқыған кез келген мәліметке сене кететін орта жастан асқан адамдар арасында жиі кездеседі.
Мәселенің өзектілігін анықтадық. Оны шешу үшін не істей аламыз? Дамыған елдердің мысалына зер салсақ, бұл мәселе өткен ғасырдың соңында көтеріле бастаған. Сонда зерттеушілер мен сарапшылар медианың қоғамға теріс әсерін саралай келе, күнделікті тұтынатын ақпараттың қайдан, қалай, қандай мақсатпен тарағанын ажырата білу керек деген тоқтамға келген. Осылайша медиасауаттылық деп аталатын пән Батыста мектеп бағдарламасында оқытылатын болған. Қазір әлемдегі басқа да елдер бұл мәселенің өзекті екенін айтып, көбірек көңіл бөле бастаған. Осында бір қуанышты жаңалықты айтпай кетпеуге болмас. Жақында Қазақстандағы медиасауаттылық бойынша алғашқы оқу құралын мемлекеттік комиссия мақұлдап, білім беру мекемелерінде пайдалануға ұсынды. MediaNet халықаралық журналистика орталығы дайындаған оқу-әдістемелік кешенді еліміздегі оқу орындарында қосымша сабақ ретінде өтуге болады деген сөз.
Адамзатты басқа тіршілік иесінен ерекшелеп тұратын ақылы мен санасы десек, сол екеуінің ортақ жемісі – сөзге келіп түйіседі. «Ақпаратқа кім ие болса, сол әлемді билейді» деген қанатты сөздің бүгінгі шындыққа қаншалықты сай екеніне күнделікті өмірде көз жеткізіп келеміз. Ендеше осы тұрғыдан келгенде медиасауаттылықты арттыру заманның басты талабы екені сөзсіз.
Финляндия елінде оқытуға арналған нұсқаулық бойынша қазіргі және болашақ 11 немесе 12-сыныптағы БАҚ және ақпараттық сауаттылық мұғалімдері пайдаланады деген ниетпен жасалған. Сонымен қатар, барлық білім беру деңгейлерінің барлық мазмұны мен пәндік салаларындағы мұғалімдері де технологияны сынып іс-әрекеттеріне біріктіру үшін нұсқаулық ретінде оны зерттеуге шақырады. Осы оқу құралы арқылы оқушылар мыналарды меңгереді:
- сауаттылыққа басымдық беру;
- конструктивистік көзқарас арқылы медиа және ақпараттық сауаттылықты оқыту және оқыту;
- ақпараттық және медиа ресурстарды сауатты тұтынушылар мен өндірушілерге айналу; және
- цифрлық азаматтықты және өмір бойы білім алуды дамыту.
- - әртүрлі медиа форматтарының ерекшелігін білу;
- - негізгі мәселелерді дәл анықтау;
- - мәселенің тереңдігі мен маңыздылығын түсіну;
- - бір-біріне сәйкес келетін терең қорытындылар жасай білу;
- - шет тілін меңгеру деңгейін арттыру;
- - сыни пайымдаудың, түсіндіру дағдыларының жоғары деңгейін көрсету.
- Жалған ақпаратты тану;
- Түрлі дереккөздерді пайдалану;
- Шет тілін меңгеру;
- Медианы дұрыс қалыпқа салу;
- Дұрыс ақпарат берушіге айлану.