5-6 жастағы балалардың креативті қабілетін зерттеу және дамыту жолдары [Дошкольное образование]

Автор статьи : Гулшешек С.
Организация : Еркінқала орта мектебі
Должность : Мектепалды даярлау сыныбының тәрбиешісі
Дата : 09.12.2017
Номер журнала : 01-07-2017

Мақсаты:

1. Креативтілік жұмыстарды тиімді ұйымдастыру арқылы балалар белсенділігін арттыру.  

2. Білім беру жүйесін жаңарту-сапалы және терең білім беру, ақыл-ой мен ой-өрісін дамыту.  

3. Ойын арқылы балаларды жан-жақты тәрбиелеу. 

Жоспар: 

І. Кіріспе.  

ІІ. Негізгі бөлім. 

2.1. Мектепке дейінгі ойын әрекетінің маңызы.

2.2. Ойын – балалардың креативті ойлау қабілетін арттыратын іс-әрекет.

ІІІ. Қорытынды.

 5-6 жастағы балалардың креативті қабілетін зерттеу және дамыту жолдары

«Барлығы да балалық шақтан басталады, олардың қабілеттерінің көзін ашу, таланттарын ұштау ұстаздарға міндеттелді». Н. Ә. Назарбаев

Қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі, сол қоғамдағы жеке адамның креативтілік потенциалына байланысты. Олай болса, егеменді еліміз Қазақстанда дарынды баланы дамыту мен анықтаудың қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі кезде қоғамдағы қарқынды өзгерістер жыл сайын жаңа өмір салтын құруда. Осыған орай, қоғамның жаңа талап-тілектері мен әлеуметтік сұранысын қамтамасыз ету мақсатында креативтілік тұрғыда ойлаушы, тәуелсіз жеке тұлғаны дербес шешім қабылдауға бейімді етіп тәрбиелеу – бүгінгі күнде аса маңызды мәселе болып отыр. Қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйымдардың дамуында жағымды өзгерістер және оқыту мен тәрбиелеу ісінің ұтымды жақтары ашылып жатқанымен, балалардың жеке басының қабілеттілік жақтарына терең үңіле бермейміз. Бүгінгі күннің негізгі талабы – білімді адамды әлемнің бүтіндей бейнесін қабылдай алатын, креативтілік таныммен тікелей қатынас жасай алатын жаңаша ойлай алатын адамға айналдыру.Балаларда әлемнің көп бейнелі жақтарын креативтілік таным негізінде қабылдай алу қабілетін дамыту қажет. Осының негізінде интеллектуалды, креативті (креативтілік қабілетті), дарынды ұрпақты тәрбиелеп оқыту. Көрнекті психолог Л.Выготский: «Креативтілік» деп − жаңалық ашатын әрекетті атаған. «Креативтілік» сөзінің төркіні  «шығару», «ойлап табу», «іздену» дегенге келіп саяды. Демек, бұрын тәжірибеде болмаған жаңа нәрсе ойлап табу, жетістікке қол жеткізу деген сөз. Қазіргі  таңда баланың креативті қабілетін анықтап, онымен дұрыс жұмыстана білу басты міндеттердің бірі ретінде танылуда. 5-6 жастағы балалардың креативті қабілетін анықтап қана қоймай, оны дамыту жұмыстарын ұйымдастыру өте маңызды. 

Өндіріс процестерінің дамуы, өндірістің жеке сұраныстарға қарай бағытталуы түптеп келгенде еңбек мазмұны мен қызметкерлер біліктілігіне деген талапты да күшейте түспек. Жаңа жағдайдағы жұмыс тиімділігін арттырудың маңызды шарттарының бірі-бұл балалардың шығармашылығы дер едік. Бұған ерекше мән берілуі тиіс [21]. Оқыту және тәрбиелеу процесінде әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, балалардың интеллектуалдық, креативтілік қабілетін арттыруға бағытталған жұмыс түрлерін ұйымдастыру кезек күттірмейтін міндеттердің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда жаңа талап, жаңа заманға сай балаларға тәлім-тәрбие мен білім берудің басым бағыттарында қабілетті айқындау, ақыл-ой, интеллектуалдық шығармашылығын дамытуға баса назар аударылуда. Бүгінгі таңда креативті балалар мәселесін зерттеуге қатысты философиялық, психологиялық, әдістемелік әдебиеттерде маңызды ой-пікірлер жинақталған. Бұл мәселенің түп тамыры ғасырлар тереңінде жатыр. Адамның психологиялық ерекшеліктері жөніндегі идеялар, оның ішінде қабілеттілік туралы ойлар сонау ертедегі грек философтарының еңбектерінде, қайта өрлеу дәуірі ғалымдарының және алдыңғы қатарлы әр елдің озық ойлы педагогтерінің еңбектерінде кездеседі. Бұл орайда баламен жұмыс істейтін тәрбиешілердің атқаратын рөлі орасан зор. Олардың негізгі де басты мақсаты - балалардың креативтілік белсенділігін, рухани мәдениетін, интеллектуалдық дамуын, т.б. оқу пәндерінің мүмкіндігі арқылы қалыптастыру. Еліміз егеменді ел болғалы бері келелі де ауқымды өзгерістер жүруде. Мемлекетті нығайту, көркейту үшін өмірге жаңаша көзқарастағы, білімді, жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу қажеттігі туындады. Сондықтан қандай халықтың даму стратегиясын алып қараса, онда өскелең жас ұрпақты елін сүйетін отаншыл, саналы, тәрбиелі етіп шығару - оның басты бағдарларының бірі. Қазіргі жас- ертеңгі халық тағдырын шешетін азамат. Білім беру ұйымдарының алдында күрделі міндет тұр. Ол саналы ойлайтын ертеңгі күні қоғамда өз орнын табатын жеке тұлғаны тәрбиелеп шығару. Мектепке дейінгі балалардың жан-жақты дамуы үшін ойынның ролі ерекше. Ойын – жалпы адамзат мәдениетінің бірегей феномені, оның қайнар көзі мен шыңы. Мәдениет феномені ретінде ойын оқытады, дамытады, тәрбиелейді, әлеуметтендіреді, көңіл көтертеді, дем алдырады, сонымен қатар күлдіріп, кез-келген әлеуметтік мәртебенің шартты екендігін көрсетеді [9]. Ұлы педагог В.Сухомлинский «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, креативтіліксіз, қиялсыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды» дейді, демек, балалармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады. Ал балаларды қоршаған ортамен таныстыру, тіл дамыту, табиғатпен таныстыру, бейнелеу өнері сабақтарында жанды-жансыз табиғатқа деген сүйіспеншілік, үлкендердің еңбегіне қызығу мен сыйластық сияқты адамгершілік сапалары қалыптастырылады Ойын бала үшін — нағыз өмір. Егер тәрбиеші ойынды ақылмен ұйымдастырса, ол балаларға ықпал жасауға мүмкіндік алады. А.П.Усова былай деп атап көрсетті: «Балалардың өмірі мен іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыру — оларды тәрбиелеу деген сөз. Тәрбиенің тиімді процесі ойын және ойынның өзара қарым-қатынастары формаларында жүзеге асырылатын себебі сол, бала мұнда өмір сүруді үйренбейді, өз өмірімен тіршілік етеді». Ойынды балалардың шығармашылығын ұйымдастырудың формасы ретінде пайдалана отырып, алдымен, солардың ортақ мүддесін бағыттап және дамытып, балалар ұжымын топтастыруға күш салу керек. А.С.Макаренко ойынның балалар өмірін ұйымдастырудағы ролін жоғары бағалай келіп, тәрбиешінің ролі туралы былай деп жазды: «Мен де педагог ретінде олармен аздап ойнауға тиіспін. Егер мен тек қана үйретіп, талап етіп, айтқанымды істетіп тұрсам, онда мен, бәлкім, пайдалы, бірақ жақындығы жоқ бөгде күш қана боламын. Мен міндетті түрде аздап ойнауға тиіспін және мен өзімнің барлық әріптестерімнен осыны талап еттім». Дидактикалық ойын – баланың қызығушылығына негізделген оқыту тәсілдерінің бірі. Дидактикалық ойындарды пайдалану мәселесі педагогикалық теорияда кеңінен қарастырылған. Атап айтсақ, Ахметов С., Алдабергенов А., Ахметов Н.К., Хайдаров Ж.С., Кларин М.В., Қайырбекова А., Төлтаева Г., Әбселемова А., Әбішова А. т.б. ғалымдар дидактикалық ойындардың маңызын, түрлерін қолдану жолдарын көрсеткен. Педагогикалық процесте ойын балалар іс-әрекетінің басқа да түрлерімен, бәрінен бұрын еңбекпен, оқу үстіндегі оқытумен өзара тығыз байланыста болады [10]. Ойын арқылы баланың дене құрылысы жетіліп, өзі жасаған қимылына сенімі артады. Баланың бойында ойлау, тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық, белсенділік қасиеттер қалыптасады. Ойын дегеніміз – жаттығу, ол арқылы бала өмірге әзірленеді. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады [8].Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті – ойын, сондықтан да оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Мектепке дейінгі жастағы балаларды оқытудың ойын әдісі және оқыту түрі, өзбетінше ойын әрекеті баланың жеке тұлға болып қалыптасуының  құралы болып табылады. Оқыту ойын әдісі ретінде екі түрде қарастырылады: дидактикалық және автодидактикалық ойындар. Бірінші жағдайда жүргізуші рөлі тәрбиешіге тиесілі, өйткені, балалардың сабаққа қызығушылығын көтеру үшін әртүрлі ойын тәсілдерін қолданады, ойын жағдайын жасайды, жарыс элементтерін енгізеді. Ойын әрекетінің әртүрлі компоненттерін сұрақтармен, нұсқаулармен, түсіндірулермен, көрсетулермен сәйкес қолданады. Ойын – сабақтар көмегімен тәрбиеші тек қана белгілі білімді бермейді, көріністерді қалыптастырады, сонымен бірге балаларды ойнауға үйретеді. Балаларға арналған ойындардың негізі, олардың ойын барысын құрайтын қалыптасқан көріністері, заттармен жасалатын әртүрлі ойын қозғалыстары болып табылады. Содан кейін бұл білімдер мен көріністерді өздігінен креативтілік ойындарына тасымалдауға жағдайлар жасау маңызды. Дидактикалық ойындар балалардың креативтілік қабілеті мен қарапайым математикалық түсініктерді, ана тілін, қоршаған орта және айналамен таныстыру, сенсорлық мәдениетті дамытуды оқытуда қолданылады. Тәрбиеші бір мезгілде оқытушы және қатысушы болып табылады. Ол үйретеді және оқытады, ал балалар ойнап жүріп, үйренеді. Егер сабақта балалардың білімі кеңейіп тереңдетілетін болса, ал дидактикалық ойындарда (ойын – сабақтарда, дидактикалық ойындардың өзінде) балаларға тапсырмалар жұмбақ, сөйлемдер, сұрақтар түрінде ұсынылады. Дидактикалық ойындар өз бетінше ойын әрекеті ретінде осы үдерісті түсінуге негізделген. Өздігінен ойын әрекеті,мынадай жағдайларда: егер балалар ойынға қызығушылық көрсетсе, оның ережелері игерілген болса жүзеге асады. Ойынның  ережесі мен мазмұны балаларға таныс болса, ойын оларды ұзақ қызықтыра алады. Балалар өздеріне таныс ойындарды жақсы көреді, оларды рахаттанып ойнайды [11]. Бұл ойындар – баланы жеке тұлға етіп жан-жақты тәрбиелеудің қажетті құралдары болып табылады. Дидактикалық ойындардың мазмұны балаларда қоғамдық өмір құбылыстарымен, қоршаған орта заттарымен дұрыс қарым-қатынасты қалыптастырады, Отан, әскер, мамандықтар,еңбек әрекеті туралы білімдерін жүйелейді және тереңдетеді. Қоршаған өмір туралы білімдер белгілі жүйе бойынша беріледі. Сонымен, балаларды еңбекпен таныстыру мынадай реттілікпен жүргізіледі: балаларды алдымен нақты еңбек түрі мазмұнымен таныстырады, сосын еңбекті жеңілдететін,оларды адамдардың еңбегінде жәрдем беретін машиналармен, қажетті заттарды, азық-түліктерді жасаудағы өндіріс кезеңдерімен, содан соң кез келген еңбек түрлерінің мәнін ашады. Сезім және қабылдау үдерістері баламен қоршаған ортаны тану негізіне жатады. Мектепке дейінгілерді заттың түсімен, пішінімен, көлемімен таныстыру- сенсорлық тәрбие бойынша заттардың сипаттамалық белгілерін қабылдауды жетілдіруге бағытталған дидактикалық ойындар мен жаттығулар жүйесін құру. Сонымен қатар, сөздікті толықтырады және белсендіреді, дыбысты дұрыс айтуды қалыптастырады, байланыстырып сөйлеуді дамытады, өз ойын дұрыс айта білуді үйретеді,  балалар тілін дамытады. Кейбір ойындар: «Бір сөзбен ата» немесе «Үш затты ата» балалардан көріністегі ұғымдарды белсенді қолдануды талап етеді. Антонимдерді, синонимдерді, дыбысталуы бойынша ұқсас сөздерді табу – көптеген сөздік ойындардың бастапқы міндеті. Мектепке дейінгілерде қоршаған заттарға ұқыпты қарау, ойыншықтарға ересектер еңбегінің өнімі ретінде, мінез-құлық ережесі туралы, ересектер және құрдастарымен өзара қатынас туралы, жеке тұлғаның жағымды және жағымсыз қасиеттері туралы адамгершілік түсініктері қалыптасады. Жеке тұлғаның адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеуде ойынның мазмұны мен ережелері ерекше рөл атқарады. Көптеген дидактикалық ойындар балаларды еңбек адамына құрметпен қарауға, ересектер еңбегіне қызығушылыққа, өздерінің еңбек етуге ынтасын қалыптастыруға бағытталады. Ойын жақсы көңіл күй береді. Дидактикалық ойындар ақыл-ойдың дамуына мүмкіндік береді. Заттық дидактикалық ойындарда ойыншықтар мен нақты заттар қолданылады. Олармен ойнап, балалар салыстыруды үйренеді, заттардың ұқсастығы мен айырмашылығын белгілейді. Бұл ойындардың құндылығы сонда, балалар олардың көмегімен заттардың қасиеттерімен, олардың белгілерімен: түсі, көлемі, пішіні, сапасымен танысады. Ойындарда салыстыруға, классификациялауға тапсырмаларды шешеді, тапсырмаларды шешуде реттілікті белгілейді. Балалармен заттық орта туралы жаңа білімді меңгеру шамасы бойынша ойындарда тапсырмалар күрделенеді: балалар қандай да бір қасиетімен затты анықтауға жаттығады, дерексіз, логикалық ойлауды дамыту үшін маңызды, заттарды осы қасиеті бойынша (түсі, пішіні, сапасы, міндеті және т. б.) біріктіреді.Тәрбиеші табиғи материалдарды (өсімдіктердің тұқымдары, жапырақтары, гүлдері, тастар, бақалшықтар және т.б.) мынадай ойындар: «Бұл ненің тұқымы?», «Бұл қандай ағаштың жапырағы?», «Күзгі жапырақтардан гүл шоғын жина» өткізуде қолданады. Тәрбиеші бұл ойындарды табиғатпен жанасып серуен мезгілінде ұйымдастырады. Үстел үстінде ойналатын дидактикалық ойындар – балаларға арналған қызық сабақ. Түрлері бойынша олар әртүрлі: сыңар суреттер, лото, домино. Ойындарды ойнаған кезде шешілетін тапсырмалар да әртүрлі. Сыңарын табу ойындарында ең қарапайым тапсырма – алуан түрлі суреттерден бірдей сыңарларын: түстері, үлгілері  бірдейлерін табу. Содан соң тапсырма күрделенеді: бала суреттерді тек қана сыртқы белгілерімен ғана емес, сонымен бірге мағынасы бойынша да біріктіреді, мысалы: барлық суреттердің ішінен екі ұшақты табу. Суретте бейнеленген ұшақтар, түсі, пішіні бойынша әртүрлі болуы мүмкін, бірақ оларды ұқсатып заттардың бір түріне жатқызып, біріктіреді. Жалпы белгісі бойынша суреттерді таңдау ойындары. Мұнда кейбір жалпылау, заттардың арасындағы байланысты белгілеу талап етіледі. Мысалы, «Бақта (орманда, қалада) не өседі?» ойынында суреттердегі бейнеленген өсімдіктерге сәйкес, олардың өсетін жерлеріне қатысты, суреттердің бір белгісі бойынша біріктіріп, таңдайды. Немесе «Сосын не болды?» ойынында, балалар қандай да бір ертегі сюжетінің реттілігіне сәйкес, иллюстрацияларды таңдайды. Суреттердің құрамын, санын, орналасуын есте сақтау үшін мынадай ойындар ұйымдастыруға болады. Мысалы, «Тапшы,қандай суретті жасырдық?» ойынында балалар суреттердің мазмұнын есте сақтауы керек, ал содан соң қай суреттің жоқ екенін анықтау керек. Мұндай ойындардың дидактикалық тапсырмалары: балалар заттардың санын және реттілік есебін, үстел үстіндегі суреттердің кеңістікте орналасуын, олардың мазмұндары туралы білімін бекіту болып табылады. Кейбір ойындардың тапсырмаларының шешілуі күрделірек:кейбір балалар суреттегі салынған қимылдарды бейнелейді, басқалары суретте кім салынғанын, онда адамдардың не істейтінін, мысалы өрт сөндірушілер отты сөндіреді, теңізшілер теңізде жүзеді, құрылысшылар үй салады және т.б. табады.Мұндай ойындарда жеке тұлғаның осындай құнды қасиеттері: қайта түрленуге қабілеттілігі, қажетті бейнені жасаудағы креативтілік ізденушілігі қалыптасады. Сөздік ойындар ойнаушылардың сөздері мен әрекетінен тұрады. Мұндай ойындарда балалар заттар туралы түсініктеріне сүйеніп, олар туралы білімдерін тереңдетіп үйренеді. Балалар өздігінен түрлі ойлау тапсырмаларын шешеді: олардың сипаттамалық қасиеттерін бөліп, заттарды суреттейді; суреттеу бойынша табады; ұқсастық және айырмашылық белгілерін табады; әртүрлі қасиеттері, белгілері бойынша заттарды топтайды, педагогты мұқият тыңдай білуді дамытады, қойылған сұраққа жылдам жауап табады, өз ойын дәл және анық тұжырымдайды, қойылған тапсырмаға сәйкес білімді қолданады. Сөздік ойындарды педагогикалық үдерісте қолдануға қолайлы болу үшін төрт топқа біріктіруге болады.Олардың біріншісіне заттар мен құбылыстардың маңызды белгілерін бөліп қалыптастыра білуде көмектесетін ойындар : «Тапшы?», «Дүкен», «Иә – жоқ» және басқалар кіреді. Екінші топтағы балаларға салыстыру, беттестіру, дұрыс ақыл қорытындысын жасауды дамытатын: «Ұқсайды – ұқсамайды», «Кім өтірікті көбірек аңғарады?» және т. б. ойындар ұсынылады . Үшінші топқа әртүрлі белгілері бойынша заттарды жалпылау және топтастыра білуді дамытатын « Кімге не керек?», «Үш затты ата», «Бір сөзбен ата» және басқа ойындар біріктірілген. Ерекше төртінші топқа зейінді, аңғарымпаздықты, ой ұшқырлығын, байсалдылықты, әзіл оспақты түсіне білуін дамытатын: «Бұзылған телефон», «Түстер», «Ұшады – ұшпайды» және басқа ойындар беріледі. Ойындарда балалардың алдына шешімі шоғырланушылықты, зейінді, ақыл-ой күшін, ережені түсіне білуді, әрекеттердің реттілігін, қиыншылықтарды жеңуді талап ететін дәл немесе өзгеше мақсаттар қойылады. Олар мектепке дейінгілердің сезіміне және қабылдауына, түсініктерінің қалыптасуына, білімді меңгеруіне көмектеседі. Бұл ойындар, балаларды сол немесе басқа ақыл-ой және тәжірибелік міндеттерді әртүрлі үнемді және оңтайлы  әдістерімен шешуді үйретуге мүмкіндік береді. Оқу үрдісінде ойын оқытудың әрі формасы, әрі әдісі де болып табылады, сол себепті ойын әрекеті тәрбиеші мен тәрбиеленушінің іс-әрекетінің бірлескен, өзара байланысты технологиясының дидактикалық категориясы ретінде де қарастырылады. Педагогтар ойын үстінде бала санасын дамыту, тәрбиелеу, оқыту ісін қатар жүргізеді, оны бала белсенділікпен және асқан ыждағаттылықпен қабылдайды. Дидактикалық ойынның ұйымдастырылған оқу әрекеті барысындағы басты мақсаты – тәрбиеленушінің шығармашылығын дамытуды ойынмен ұштастыру. Баланың ойынға белсенді түрде қатысуы оның ұжымдағы басқа да әрекеттерін айқындайды. Ойын бір қарағанда жәй әрекет сияқты болғанымен, ол ұжымдық әрекет. Ойын арқылы бала: - қисынды ой-қабілетін дамытады; - өздігінен жұмыс істеуге үйренеді; - есте сақтау қабілеті дамиды; - зейіні қалыптасады; - байқампаздығы артады; - ойынның ережесін бұзбау, яғни тәртіптілікке үйренеді; - бір-біріне деген сенімдері артады, достыққа, ынтымақтастыққа баулиды; - ең бастысы сабаққа қызығушылығы артады. Балалардың креативтілік жұмыстарын тиімді ұйымдастыру сабақ сапасының артуына септігін тигізеді. Теориялық білімнің терең бекіп, жүйелі қалыптасуы креативтілік жұмысқа берілетін тапсырма мен жаттығулардың дұрыс таңдап алынып, құрастырылуына байланысты болады. Креативтілік жұмыстар ұйымдастыруда мынадай талаптар орындалуы қажет:

  1. Креативтілік жұмыстың мазмұны бағдарламаға қойылатын талаптарға сәйкес келуі керек.
  2. Балалардың ойлау қабілетін дамытуға тиісті.
  3. Креативтілік жұмыстар түрі және мазмұны жағынан әр түрлі болуы керек.
  4. Креативтілік жұмысты сабақтың барлық кезеңдерінде, орынды жерінде өткізу керек.

Креативтілік іс-әрекет креативтілік ойлаудан басталады. Креативтілік ойлау ол кез-келген жағдаятты шешу үшін барлық нұсқаларды ойдан өткізу арқылы жаңа нәтижеге қол жеткізу болып табылады. Креативтілік қабілетті дамыту үшін оқу процесін тиімді ұйымдастыру қажет. «Креативтілік жаттығулар» [47] термині педагогикада екі құрамдас бөліктен тұрады. Балалар дербес, өз бетімен құрастырады, ойдан айтады, себебі жағдай тудырушы, материалдар даярлап, креативтілікке икемдейтін ересек адамның қатысуы қарастырылады. Педагогке жауапкершілік жүктеледі, жұмыс нәтижесі оның іскерлігіне байланысты. В.А.Моляко креативтілік процесте үш маңызды кезеңді атап көрсетеді [48]:

  1. Тапсырма шарттарын түсіне білу (шартын бағалау);
  2. Болжам жасай білу (ниет);
  3. Болжамды алдын ала шешу мен тексеру.
  4. Креативтілік процесс

В.А.Моляко бойынша креативтілік процестің негізгі циклдары Креативтілік жұмыс ұйымдастыру формасы мынадай: жеке баламен, топпен жұмыс, барлық баламен болады. Балалардың шығармашылығын дамыту үшін «Ассоциация» әдісін де қолдануға болады. Балалардың алдына мақсат қойылды: «қоян» деген сөзді естігенде ойларына не келгенін айтады, яғни, ой шақыру кезеңі өтеді. Бұл балалардың толғанысын, қызығушылығын, ойлау қабілетін арттырады. Мағынаны түсіну, ажырату, одан қорытынды шығаруға әрекет жасайды. Балалардың ойлау қабілетін дамытуда салыстыру амалының маңызы өте зор. Салыстыру дегеніміз - объективтік дүниедегі нәрселер мен құбылыстардың ұқсастығын және айырмашылығын анықтаудың логикалық тәсілі. К.Д. Ушинский «Салыстыру - түсінудің, ойлаудың негізі. Дүниеде барлық болып жатқан құбылыстарды салыстыру арқылы ғана білеміз, егер бізге еш нәрсемен салыстыруға болмайтын, еш нәрседен айыруға болмайтын бір жаңа зат кездессе, біз бұл зат туралы бірде бір пікір, бір ауыз сөз де айта алмаған болар едік».        қоян       «Қоян» сөзіне ассоциация Балалардың креативтілік қабілетін дамытуда жоғарыда аталған әдістердің әрқайсысы да тиімді болып саналады. Осы мақсатта төмендегі жасалған жұмыстар тиімді екенін көрсетті. 

  1. «Әңгіме құрастыр»

Мақсаты: 5-6 жастағы балалардың креативтілік қабілетін анықтау.

Мазмұны: Балаға біреу туралы  немесе  бір нәрсе туралы әңгіме  құрастыру , тапсырмасы беріледі, ол  үшін тек 1 минут керек, содан соң ол әңгіме туралы түсінігін, 2 минут ішінде айту керек. Бұл әңгіме болмауы да  мүмкін, мысалыға , қандай да бір ертегі немесе оқиға болуы мүмкін.

2 .  « Бір заттың суретін сал»

Мақсаты: Баланың креативтілік қабілетінің ерекшелігін, соның ішінде жаңа нәрсені ойлап табу икемділігін анықтау.

Мазмұны: Балаға бір парақша  және фломастер жиынтығы  берілді. Ойдан, қиялдау арқылы ерекше бір заттың суретін салуы қажет. Бұл тапсырманың орындалуына 4 минут беріледі. Содан соң суреттердің сапасы бағаланады, төменде берілген өлшемдер бойынша  қорытындысы  шығарылады.

3.«Кімге не жетіспейді?»

Мақсаты: Балалардың креативтілік қабілетін, соның ішінде ойлау икемділігін анықтауға арналған.

Мазмұны: Бұл тапсырманы бастамас бұрын, балаға  сурет көрсетіледі, яғни сол жағында балалар бейнеленген, олардың әрқайсысына  бір нәрсе жетіспейтіндігі туралы түсіндіріледі. Оларға жетіспегендері осы суреттің төменгі жағына бөлек бейнеленген.  Балаға берілген тапсырманың мәні, кімге не жетіспейтінін жылдамырақ ажырата білуі , жетіспеген заттарды көрсетіп және атауы қажет.

Қорытынды Қазіргі таңда елімізде болып жатқан түрлі бағыттағы өзгерістер білім беру саласындағы міндеттерді орындауды жаңаша сипатта қарастыра отырып, қол жеткен жетістіктерді сараптау және оны бағалауда озық технологиялар арқылы балалардың креативтілік қабілеттін дамытуды басты назар етіп алады. Қазіргі кездегі ғылым мен техниканың даму деңгейі әрбір балада сапалы және терең білім мен іскерлігінің болуын, олардың креативтілікпен жұмыс істеуін, ойлауға қабілетті болуын талап етеді. Осындай ерекше мәнге ие болып отырған кезде, бүгінгі таңда, балаларға білім берумен қатар, олардың ақыл-ой белсенділігін, іс-әрекетін дамыту мәселесі алдыңғы қатарда тұр. Осы жерде баланың танымдық сұранысын туғызатын, оның іс-әрекетінің жоғары сипатқа ие болуын қамтамасыз ететін креативтілік тапсырманы берудің мәні зор. Қазіргі замандағы негізгі көкейтесті тақырыптардың бірі бұл – балалардың креативтілік қабілеттерін дамыту және оны арттыру саласындағы бағыттар. Осы мақсатта бала қабілетін арттыратын ойындарды ойнату арқылы олардың білім, білік, дағдыларын меңгертумен бірге табиғат, қоршаған дүние туралы түсініктерін кеңейтуге болады. Балаларды креативтілік бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Мен өз жұмысымда креативтілік туралы педагогтар мен психологтардың зерттеулері мен еңбектеріне психологиялық, педагогикалық тұрғыдан талдау жасадым. Мектеп  жасына  дейінгі  баланың креативтілік қабілетін анықтап, оларды дамыту жолдарын, 5-6 жастағы балалардың креативтілік қабілетін жүйелі  дамыту  мақсатындағы  дамыту  жаттығуларын  іріктеп алдым. Балалардың креативтілік қабілетін  анықтап, әрі оны дамытуға арналған жұмыстарды үйлесімді ұйымдастыру  тәрбиешінің басты міндеті болып табылады.