1870 жылғы Иса-Досан бастаған Маңғыстау қазақтарының көтерілісі [История Казахстана]

Автор статьи : Римма Е.
Организация : Ш. Есенов атындағы Каспий Мемлекеттік технологиялар және инжиниринг Университеті
Должность : аға оқытушы
Дата : 19.12.2020
Номер журнала : 01-11-2021

      Ұлт-азаттық қозғалыс - ұлттық тәуелсіздікті жеңіп алуға, шетелдік  үстемдікті, отарлық езгі мен қанауды жоюға бағытталған күрес. Бұл қозғалыстар орта ғасырлардан бастау алады[1].

       ХІХ ғасырдағы патша отарлаушыларына қарсы көтерілістер ішіндегі елеулісі болған  Досан Тәжіұлы мен Иса Тіленбайұлы бастаған 1870 жылдың көктемінде Маңғыстау қазақтарының патшалық Ресей отарлаушыларына қарсы ұлт азаттық көтерілісі — тарихи маңызы зор оқиғалардың бірі.

      ХІХ ғасырдың 60 жылдарының ортасына қарай Ресей Қазақстанды өзіне толық бағындырғаннан кейін отаршыл әкімшілік қазақ даласында бірыңғай басқару жүйесін енгізуге кірісті. 1886 жылы 2 маусымда  "Түркістан өлкесін басқару туралы" Ереже, 1867 жылы 11 шілдеде "Жетісу мен Сырдария облыстарын басқару туралы" Уақытша Ереже , 1868 жылы 21 қазанда "Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының далалық облыстарын басқару туралы"  уақытша ереже бекітілді.

     Бұдан бұрын бекіністердің салынуы, жайылым жерлердің жетіспеуі, алым-салықтың көбеюі, міндеткерліктердің көбеюі, өзен-көлдерден айырылуы қазақ халқын жоқшылыққа ұшыратып, оның ашу-ызасын тудырған.

     1868 жылы желтоқсанда стихиялы түрде басталған көтеріліс 1869 жылдың наурызында бүкіл Орал облысын , Торғай облысының батысы мен оңтүстігін түгел қамтыды.

      "Уақытша  ережеге" қарсы көтеріліс одан  әрі  Маңғыстау өңірінде өрбіді. Қазақ халқының мұндағы жағдайы да ауыр болатын. Патша үкіметі адайлықтарды өз жайлауларын пайдалануға тиым салды, еріксіз алым-салықтың жаңа жүйесі енгізілді.  40 мыңға жуық шаңырақтан тұратын Адай елі екі жылдың ішінде  160000 мың сом салық төлеуге тиісті болды. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын одан әрі төмендетті. Қазақтардың біраз бөлігі салықты төлеуден бас тартты.  Маңғыстау өлкесінің приставы подполковник Рукин қарамағында 4 офицер, 36 қазак, тілмаш Бекметұлы және 60 адамы бар топпен "Ережені" қабылдатып, салықты төлетпек болды. "Бағынбаған бүлікшілерді" жазаламақ мақсатпен 1870 жылы 15 наурызда жолға шықты.

       Досан Тәжиев бастаған 400-ден астам адам 1870 жылдың  24 наурызында Үшауыз деген жерде Рукиннің тобын қоршады. Көтерілісшілер сойыл, қылыш, найза, аңшы мылтықпен ғана қаруланса да, әскери қаруланған Рукиннің тобын жойды. Бұл шайқаста, Рукиннің өзі, оның көмекшісі, 17 казак әскері, 1 урядник қаза болды. 40 мылтық, қару-жарақ, ат-көлік, азық-түлік қолға түсті. Көтерілісшілер тарапынан шығын болғанымен Досан сарбаздарының даңқы шығып, халық соның туының астына жинала бастады[2]. Сәуір айында көтерілісшілердің саны 10 мыңға жетті.

       Иса, Досан бастаған көтерілісшілер 1870 жылы сәуір айының 5-8 күндерінде порт Александровскіні қоршауға алады. Оларға балықшы Сүгір Шабаев келіп қосылады. Жалпы саны мың қаралы адам бір мезетте екі жақтан лап қойып, армян базарын ойрандап,өндіріс иелері мен саудагерлерді тұтқындайды. Портқа қауіп туғызады. Николаевск станциясын өртеп жібереді.

      Көтерілісшілер бұдан соң әскери бекіністі қоршайды. Бірақ қаншама әрекеттенгенмен оны басып ала алмайды. Іштегі комендант түгелдей қаруланып, артиллериядан оқ жаудырып,қылыш пен найзадан өзге қарулары жоқ көтерілісшілерді жуытпайды. Қолдарында найза–қылыш, балта, арқан, 30-ақ мылтығы бар көтерілісшілер 18 зеңбірек, 800 пұт оқ–дәрі, биіктігі 4 метр қалыңдығы екі метр тас қамалға бекінген 293 солдат, 23 офицер қарсы тұрған. Көтерілісшілер бекіністі қоршаған үш күннің тек соңғы 8 сәуір күні ғана әрбір мылтықтан екі мың патрон, әрбір зеңбіректен 25 снаряд атылыпты. Бұл дүмпуге беттей алмай көтерілісшілер араға күн салып, яғни 10 сәуірде қайта шабуылдауға батылдары бармай амалсыз кейін шегінген.

      3 сәуір күні Петровскіден Александревск портына зеңбірекпен қаруланған екі рота жаяу әскер тобы. Астраханьнан әскери кемелер жіберіледі. 10 сәуір күні порт Александровскіге Кавказдан граф Кутаисов бастаған әскер де келіп жеткен. Сөйтіп көтерілісшілердің 10 сәуірде қайта шабуылдаймыз деген ұйғарымдары іске аспай қалған.

      Кутаисовтың өзі бастаған екі отряд порттан 12 верст жерде бес мың шамалы көтерілісшілермен кездесіп қиянкескі ұрыс болады. Зеңбіректермен қаруланған отрядтардан көтерілісшілер жеңіліс табады. Кутаисовтың отрядынан 10 адам өліп 14 адам жараланған. Ал қазақтардан шығын өте көп болған. Сол ұрыстан өлген қазақтардың мүрделері бірнеше шақырымға созылып жатқан.  Сондай зор шығынға ұшыраса да, Досан қалған сарбаздарын жинақтап, қалай еткенде де портты жаулап алуға қайта-қайта ұмтылыс жасапты. Бірақ бұдан еш нәрсе шықпасына көз жеткізген олар шегінуге мәжбүр болған.

       Досан бастаған көтерілісшілер 1870 жылдың желтоқсан айына дейін Маңғыстауда, Үстіртте патша әскерлерінің бөлек-бөлек отрядтарымен бірнеше рет шайқасқан. Қазан айында бір шайқаста Досанның немере ағасы Алға Жәлімбетұлы бастаған 60 адамды патша әскері ұстап әкетті. Батыс Қазақстан аумағындағы барлық бекіністер патша әскерлерімен толықтырылып, елде жасырын жүру мүмкін болмай қалған еді. Досан батырдың соңына ерткен сарбаздарын жанұясымен жазалаушы жасақтардың тырнағынан аман алып қалу үміті тек Хиуа хандығында еді.1870 жылдың желтоқсанында 3 000 үй болып Хиуа жеріне өтіп кетеді.1874ж. көктемінде Досан батыр ауылымен қайта оралып, сам құмының маңына қоныс тебеді. Алайда, патша тыңшылары оның қайта оралғанын хабарлап, нәтижесінде осы жылы маусымда батырды патша жендеттері қолға түсіріп, түрмеде азаптап өлтіреді [3].

      Досан Тәжіұлы тарихта болған қайраткер, Маңғыстаудың тумасы, халық батыры. Ресей үкіметінің 1868 жылғы  "Уақытша ережесін" әділетсіздік деп бағалап, халықты көтеріліске шығуға үндейді. Онымен бірге Иса Тіленбаев, Алғи Жәлімбетов, Сүгір Шабаевтар халық көтерілісіне шақырады.

         "Досан батыр" тарихи жыр. Ресей үкіметінің 1868 жылғы "Уақытша ережесіне" байланысты жүргізілген реформасының қысымына қарсы Маңғыстау түбегі қазақтарының Досан Тәжіұлы мен  Иса Тіленбайұлы бастаған  наразылық көтерлісін халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлы арнайы дастан етіп жырлаған. Бұл шығарма халық арасына кең таралып, отарлаушылық езгіге қарсы бас көтерудің тарихи шындығын көрсеткен көркем шежіреге айналған[4].

        Жалпы, қазақ тарихын зерттегенде жолды ауырлатып, азаптайтын бiр мәселе бар. Ол – жазба деректердiң жұтаңдығы. Ел аузында қалған сөздердiң құжат күйiнде сақталмауы. Ал Иса көтерiлiсiне келгенде, бiздiң жолымыз болды. Мысалы, мен Ташкент мұрағатынан тек осы кө­терiлiске қатысты 156 бет құжат алып келдiм[5]. Орынбор, Петербор, Мәскеу, Ашхабат мұрағаттарынан да жеткiлiктi жазба деректер шықты. Бiр қуаныштысы, Иса Тiленбайұлының екi фотосуретi табылды. Рихард Карутц деген немiстiң атақты этнографы болған. Кезiнде осы өлкенi зерттеп, «Маңғыстау түрiкмендерi мен қазақтары арасында» деген тамаша кiтап жазды. Осы ғалымның жеке мұрағатында Исаның суреттерi сақталыпты. Деректерге қарағанда, Иса ғалымның жұмыс жасауына, ел аралап, жүрiп тұруы­на көп жәрдемдескен. Онысына алғысы шексiз Р. Карутц болысты суретке түсiрiп, «Бозашы билерi» деп атаған. Онда «Суретте Иса болыс» деп анықтап жазбаса да, оқиға желiсi, ғалымның еңбектерi мен жүрген жолына, сосын Исаның тұқымдарына қарап, екi бидiң ортасындағы Исаны жазбай тануға болады. Екiншi суретте Р.Каруц Исаны ат үстiнде отырғызып түсiрiптi. Белiнде қылышы бар[6]. 

      Жалпы, Иса–Досан көтерiлiсiнен бiр нәрсенi анық байқауға болады. Ол апайтөс батырлардың майдан даласында аруақ шақырып, жауға шабудың уақыты өтiп бара жатқанын, ал мақсат-мүддеге басқа жолмен қол жеткiзу үлкен саясат­қа айналғанын аңғарамыз. Мәселен, Иса орыс патшасының кешiрiмiне келiстi. Ал Досан батыр қасындағы жиырма шақты серiгiмен «бес қаруымды қолымнан түсiрмей, жауыммен алысып өлем» деп серттесiп, бөлек шықты. Алайда, ол уақытта Үстiрттiң мидай жазық даласы ерке батырлар үшiн кiшiрейiп қалған едi. Жан-жақтың бәрiне бекiнiстер салынып, құрық шеңберi тарылып қалған еді. Патша әскерi оларды көтерiлiсшiлер ретiнде емес, «қарақшылық жасады» деген айыппен қолға түсiрдi. Досан батыр сот отырысына жетпей, түрмеде қайтыс болды. Ал Иса батыр 37 жылдай болыс болып, туған елiне шамасы келгенше әдiл қызмет еттi. Кейiнгi ұрпақ үшiн Досан батырдың тағдыры өнеге, Иса болыстың қызметi тағлым болары сөзсiз. 

      Тарихтан хабарсыз адамдар орынсыз жерден рушылдық пен жершiлдiктi қоздырып, босқа даурығып, ел-жұртты ұятқа қалдырады. Жасыратын несi бар Иса мен Досанның арасына ши жүгiрткiсi келгендер де табылды. Бiр айта кететiнi, Иса мен Досан шәй деспеген адамдар. Бiрiн-бiрi қатты құрметтеп, бағалаған. Досан қайтыс болғанда оның денесiн 80 бойдаққа сатып алып, ас шығынын мойнына алған да Исаның өзi[7]. 

      Сонымен көтерілістің зардабына келетін болсақ, әуелi Адай елiн жаманатты қылып саяси тұрғыдан соттаған патша үкiметi әскери дала сотының үкiмiмен материалдық тұрғыдан тағы соттады. Соттың iс сапарына кеткен шығынды өтеу деген желеумен елден 465 мың сом өндiрiлдi. Көтерiлiс кезiнде тоналған орыс балықшылардың мекенжайы, ау-құралдарының өтемi үшiн елден 20 мың сом алынды. Соғыста контрибуция деген бар. Бұл соғысқан елдердiң жеңгенi жеңiлгенiнен өндiрiп алатын соғыс шығыны. Көтерiлiске шыққан Адайлар дербес мемлекет емес едi. Ресей бодандығындағы көп елдiң бiр руы ғана болатын. Демек, мемлекет iшiндегi iшкi тәртiптi бұзғаны үшiн Адай руы соғыс шығынын төлемейдi. Бiрақ, сонда да елге 30 мың сом контрибуция салынды. Ол аз болғандай көтерiлiске қатысқан ауылдың әр үйi 6 жыл бойы құны 3 сомдық бiр қойдан, ал көтерiлiске қатыспаса да оны бiле тұра хабарламағаны, не көтерiлiске қарсы шықпағаны үшiн былайғы ауылдардың әр үйi 3 жыл бойы қой төлеп тұруға мiндеттелдi. Мұның аты ашықтан ашық тонау, талау едi.

     Рукиннiң орнына келген ояз Ломакин өте ақылды адам едi. Ғалым атағы, генералдық шенi болған. Көтерi­лiсшiлерге кешiрiм алып беруге көп үлес қосты. Исаны болыстыққа қойды. Әуелi оған сенбей, iргесiндегi Түпқарағанға болыс қылды. Кейiннен ата-мекенi Бозашыға жiбердi. Жоғарыда Исаның қылыш асынған суретi жайында айтқанбыз. Сол қылыш Рукиндiкi болатын. Ол өлген соң, қылыш Исада қалды. Көтерiлiстен соң Ломакин «Бұл соғыста түскен олжа. Оның иесi ендi сiзсiз!» деп Исадан Рукиннiң, былай айт­сақ, патша әскерiнiң қаруын қайтарып алудан бас тартты. Бұдан оның көшпендi­лердiң салт-дәстүрiнен мол хабардар екенi көрiнедi. Иса да оязды барынша ел пайдасына жарата бiлдi. Мысалы, теңiзден балық аулауда орыстар мен қазақтардың құ­қықтары теңестiрiлдi. Тұщы құдықтардан су алудағы орыстардың басымдығы жо­йылды. Бұл қазақ балықшыларының кәсi­бiн дамытуға үлкен көмек болды. Бiрте-бiрте теңiз жағасында қазақ ауылы көбейдi. Жергiлiктi орыс мектептерiнде қазақ балаларының бiлiм алуына рұқсат берiлдi. Исаның бастамасымен Бозашыда 4 жылдық орыс-қазақ мектебi ашылды. Осы мектеп түлектерiнiң бәрi 1930 жылдардағы солақай саясаттың кесiрiнен Түрiкменстанға босып кеттi.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Қазақ көтерілістері. Энциклопедия. Алматы,2014.
  2. 2.Жамбылов Д.А. Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс. Оқу құралы. Алматы,2001ж.
  3. Жаманбаев Е., Әділханов С. Досан батыр.// Маңғыстау. -1991, 6 тамыз.
  4. Қазақ көтерілістері. Энциклопедия. Алматы, 2014.
  5. Махамбет сыйлығының лауреаты Әбiл­қайыр Спан. Қос батырдың тарихтағы орны, Махамбет пен Исатай секілді, бір-бірінен бөлінбек емес! //Жас Алаш газеті.  01.09.2010ж.
  6. Әбiл­қайыр Спан мақаласы. Қос батырдың тарихтағы орны, Махамбет пен Исатай секілді, бір-бірінен бөлінбек емес! Жас Алаш газеті. 01.09.2010ж.
  7. Әбiл­қайыр Спан мақаласы. Қос батырдың тарихтағы орны, Махамбет пен Исатай секілді, бір-бірінен бөлінбек емес! // Жас Алаш газеті. 01.09.2010ж.