Заманауи басшы: табыс формуласы

Білікті басшы
Заманауи басшы: табыс формуласы

Мақала авторы: Мажитова Самал Сактасыновна
Жұмыс орны: Павлодар облысы Баянауыл ауданы №1Майқайың жалпы орта білім беру мектебі
Лауазымы: Мектеп директоры
Порталға жариялану мерзімі: 07.02.2018


Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның

бәрін жете түсінген, көрген, естіген және

аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы

сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да

аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен,

өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ

және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да,

жат адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне…

жақсылық пен ізгілік көрсетіп…қорқыныш пен жасқану

дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.

Әл-Фараби

Ұрпақ… Бала … Бүкіл адамзат болмысының тірлігінің мәні. Қай заманда, қай ғасыр, қай қоғамда болмасын адамдар тірлігінің мақсаты, болашаққа жалғастырар алтын көпірі, аманат етер асылы- оның ұрпағы. Сондықтан да күллі адамзат дүниесіне ортақ мүдде- ұрпақ тәрбиесі.Ал сол ұрпақтың азамат болып шығуына бағыт- бағдар беріп, үнемі қадағалау – бүгінгі ұстаздар қауымының жауапты жұмысы деп білемін.

Қазақтың кемел талантты ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек», -деген. Мемлекет болашағының кепілі- жастарға білім мен тәрбие беру мәселесінен өткір мәселе жоқ екені белгілі. Әр бала-жеке тұлға. Біріне – бірі ұқсамайды, жаңалықты асыға күтетін талант иесі.

Сол талантты бала жүрегіндегі ізгілікті шынайылықпен тани білетін қазіргі заманғы ұстаз қандай болуы керек? деген өзекті сұрақ өз жауабын күтуде.

Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – басшы. Басшы басқару үдерістерінің табиғатын түсінуі, басқару тиімділігін арттыру тәсілдерін, персоналдарды басқаруға қажетті ақпараттық технологиялар мен құралдарды білуі тиіс, ол үшін басшы еңбек ұжымының қызмет етуінің, әртүрлі жағдайлар мен ортада басқарушылық шешімсдерді қабылдаудың, адамдармен жұмыс істеудің психологиялық ерекшеліктерін ескеруі қажет. Басшылардың психологиялық басқарушылық мәдениетін қалыптастыру мен дамытуға, қызметкер тұлғасының ерекшеліктері, тұлғааралық қарым қатынастар мен еңбек ұжымының қызмет ету заңдылықтарын теоретикалық түсіну мен басқаруда қолдануға қажетті негіздерді құруға бағытталған ғылым мен іс-тәжірибе ретінде басқару психологиясы көмек көрсете алады.

Педагогикалық ұжымды басқару ісі ерекше еңбекті қажет етеді. Қызметтестеріңмен тығыз қатынаста болу, олардың күшті немесе әлсіз жақтарын білу, болып жатқан жағдайды түсіну қатаң басқару стилінен арылтады. Байсалдылық пен өзіңе деген сенімділік басшыны тартымды етеді, айналасындағы адамдардың қалыпты еңбек етуіне жағдай жасайды. Қандай жағдай болмасын, істің жалғыз дұрыс шешімін табуға жұмсаған еңбегіңді ешкім білмегені абзал. Себебі, проблеманы шешу барысында өз ой-өрісіңді дамытасың, шыдамдылыққа үйренесің.

Білім беретін мекеменің заманауи басшысы – ерекше шешім таба алатын, ақылымен, мәдениеттілігімен, кәсіби біліктілігімен, тіпті келбетімен де өзіне тартатын, шығармашылық идеялардың, инновациялардың генераторы. Ол халықтың мұқтажын өзінікіндей көреді, адамға қолдау көрсетіп, керек жерде ескертіп, қатаң сұрау сала алады, сонымен қатар мақтау, мадақтау лайық жерде одан да қалыспайды. Сондай атмосферада әріптес ұстаздар өздерінің тәжірибесі, энергиясы, білімі пәрменіне сай бағаланатынына сенімді болады, сондықтан толықтай жұмысына беріліп еңбек етеді.

Заманауи басшы – бұл, ең алдымен, басқару психологиясын меңгерген өз ісінің маманы. Әрбір ұжымда даулы жағдайлар тууы мүмкін. Мұндай кезде жетекші ата-анаға да, тәлімгерлерге де тиімді, қызықты әрі бірегей шешім табуы тиіс. Уақыт өте кәсіби және жекебас мәселелері ажырағысыз болып кетеді. Мектеп  өміріңнің жартысына, сүйікті үйіңе айналады, жұмыс уақыты мөлшермен реттелмейді. Ал басшының ең басты жетістігі деп педагогикалық ұжымның жоғарғы кәсіби біліктілігін атауға болады.

Заманауи басшы — өз әріптестерін жетістіктерге, инновацияларға жетелейтін, балалардың дүниетанымын арттыратын, ата-аналарды ортақ шығармашылыққа шақыратын адам. «Табиғат ана әр адамға әуестігіне қарап қабілет береді. Әуестігі болмаса, күші де болмайды. Өз мүмкіншіліктеріңді көру үшін көрегендік қажет». Оған қосарым – көрегендік басқалардың да мүмкіншілігін бағалауға, олармен ортақ жетістіктерге жетуге септігін тигізеді. Менің ойымша, білім беру мекемесінің басшысы қазіргі өмірдің қойған талаптарын ескере отырып, өзіндік педагог моделін құруы тиіс. Сондағы алдыңғы шарттардың бірі болып педагогика мәселелері шығады.

Табысты көшбасшы алдына мақсат қоя білу керек. Ол болған жағдайды тек ақылға сүйеніп емес, ішкі түйсігімен сезінуі керек. Ішкі түйсігі басшыны алдамайды, себебі ол жылдар бойғы тәжірибесінен жинақталады.

Дегенмен, ішкі түйсігінен басқа, басшы мектептің қалыпты жұмыс істеуі үшін, көбіне қаржы мен шаруашылық қызметке көңіл аударуы тиіс. Бұл да — басшы қызметінің маңызды құрамдас бөлігі. Биік көрсеткіштерге жету үшін, басшының оқушыларға, қызметкерлерге қолайлы тұрмыстық жағдай жасауы қажет. Мектеп ұжымын басқару деген – бұл қырлары көп, қиын, сонымен қатар қызықты әрі шығармашылыққа толы жол.

Осындай қиыншылығы мен қызығы мол мамандықты таңдап келгеніме биыл    24   жыл болды. Еңбек жолымды №1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінде информатика пәні мұғалімі болып бастадым.    2003 жылы мектебімізде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып, оқушылардың мінез-құлық, тәрбие үрдісінің даму жолында талмай еңбек еттім.  2011 жылдан қара шаңырағымыздың басшылық қызметіндемін. Осы жылдан үлкен ұжымды бағыттап басқару-менің басты міндетім болды.

Мектеп басшысы қандай болу керек? Жауапкершілігі зор, өз әрекетінде істі аяқтауға деген ұмтылысы, мақсатқа жетуге деген табандылығы, мәселелерді шешуде сенімділігі, айналасындағыларға әсер ету қабілеті бар, өзгелерге жол көрсете алатын, қиындықты жеңе білетін белсенді тұлға. Осы қасиеттерге сай болуым үшін көп тер төгіп, еңбек етудемін.

Өткен істер мен бүгінгі жұмысыма талдау жасасам,
білім беру мекемеміздің қарамағында 90-ға жуық  ұстаздар қызмет атқарып, 700 шақты оқушылар білім алуда. Осындай үлкен контингентті басқаруда олардың жай-күйі, жағдайлары мектеп басшысы ретінде мені көп толғандырады. Үлкен ұжымды айрандай ұйытып басқару, оқушыларды сапалы біліммен қаруландыруға жағдай жасау-менің басшылық қызметімдегі ең негізгі міндеттерімнің бірі.

«Бүгінгі күн – кешегінің жемісі, ертеңгінің болмысы», — дейді дана халқымыз. Қай мемлекеттің болсын ертеңi – бiлiмдi жастардың қолында. Алдыңғы толқын аға буынның орнын басар, ізін жалғастыратын кейінгі толқын жастар. Елбасымыз  Н.Ә.Назарбаев осындай жан-жақты дамыған білімді, елжанды, еңбекқор, өзінің атқарған ісіне жауапкершілікпен қарауды азаматтық парызы санайтын ұрпақ тәрбиелеуді білім беру саласы қызметкерлеріне жүктеді. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай да жасалуда.

2014 – 2015 оқу жылында Елбасымыздың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Халыққа Жолдауында баса назар аударылған үш ауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында 85 жылдық тарихы бар мектебіміз жаңадан бой көтерді. Жаңадан салынған зәулім мектептегі үлкен ұжымға басшылық жасау жауапкершілігі маған жүктелген еді.

Ұжымымның арқасында әр оқу жылын сәтті аяқтайтын табысты басшының бірімін. 2015-2016 жылдан бастап мектебіміз Республика бойынша 30 пилоттық мектептер қатарында. Назарбаев Зияткерлік мектебімен бірлесе отырып, олардың білім жүйесіне бірте-бірте енудеміз. Қазақстандағы білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы – заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын  қанағаттандыратын тың бағдарлама. Жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты-білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Қазіргі таңда қазақ тілі-мемлекеттік тіл, қарым-қатынас тілі – орыс тілі және ағылшын тілі – әлемдік кеңістікті тану тілін оқытуда жаңа идеяларды әр сабақта жан-жақты қолданып, жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, жүйелі түрде қолдану-заман талабы болып отыр. Оқыту жүйесі өзгерді. Шындығында мұғалімнің алдында оқушыларға білім мен тәрбие беруде үлкен жауапкершілік тұр. Әрбір оқушыны оқытып тәрбиелеуге байланысты мәселелерді өздігімен және шығармашылық ынтамен шешуге қабілетті жаңашыл мұғалім қажет. Осы орайда көптеген ұстаздарымыз жаңартылған білім беру бойынша семинарларға қатысып, оқуларды оқып келді. Жаңартылған білім беру бойынша мектебіміз семинарлар өткізіп, аудан көлеміндегі ұстаздармен өз тәжірибелерін бөлісу-табысты мектептің нәтижелі іс-әрекетіне айналды.

Мен үшін адам баласына берген «бақыттың» бірі осы басшылық қызметтің ұжыммен бірлесе еңбек етуінде деп білемін.

Басшы – ұжымға өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін себуші, жақсы мен жаманды үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, ең жақын жанашыры әрі ақылшысы. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі қоғамды ертең алға сүйрейтін озық ойлы адам және жаңашыл педагог мамандарды тәрбиелеуші, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаушы.        

Халқымызда «Көп жас жасағаннан емес, көп игілікті ісі бардан сұра»-демекші ұжымды жетістікке жеткізуге дем беретін басшының ықпалы мен бала тәрбиесіне үлкен мән беретін жаңа жобалар дүниеге келіп педагогтардың қызу қолдауына ие болуда.

Ал, мен – заман ағысына сай біліммен қаруланған, ой-өрісім жоғары, үздіксіз ізденісте жүрген, жан-жақты дамып келе жатқан қатардағы басшымын. Мақсатым мен міндетімді айқын білетін қарапайым адаммын. Күш-жігер, талабымның арқасында көш басында жүруді және үнемі үш қасиетті бойыма сақтауды мақсат еттім. Олар:талап, еңбек, терең ой… Талабым дұрыс шешім қабылдауға, еңбекқор болуым басшылыққа алып келді, терең ой жаңашыл болуға үйретті.

2011 жылдан бері басқарып, тынымсыз еңбегімнің нәтижесінде көптеген жетістіктерге жеттім. «Білім берудің мазмұнын жаңарту аясында педагогтердің функционалдық құзіреттілігін дамыту» облыстық сайысында ІІ дәрежелі диплом; «Білімді Қазақстан» атты облыстық дөңгелек үстелде іс-тәжірибесімен бөліскені үшін диплом;  2017 жылы «Білім берудің жарқын болашағына арналған құндылықтар, әл-ауқаттылық және инновация» ІХ Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция қатысушысы; 2015-2016 оқу жылында дарынды балалармен жұмысты тиімді ұйымдастырғаны үшін ІІ орын иегері; 2016 жылы «Ең үздік сырттай оқу мектебі» номинациясы; 2016 жылы жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша аудандық «Жаз-2016» конкурсында «Жаңашыл алаң-2016» номинациясы;  2017 жылы АО «Самұрық Қазына» — Менің елім» компаниясының ұйымдастырылуымен өткізілген «Биіктерге бірге» ең үздік спорттық жоба конкурсында спорттық құрал-жабдықтар алу сертификатына ие болды. Мектеп 2015 жылдың 01.09 бастап  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 3 сәуірдегі Жаңартылған білім беру мазмұнын пилоттық енгізу туралы №159 бұйрық негізінде пилоттық мектеп болып табылады.

Жас ұрпақ тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Бізге ой-өрісі жоғары дамыған зерделі, жан-жақты, парасатты, дені сау ұрпақ керек екені бұлтартпас шындық, бұлжымас ақиқат. Тәрбие мен оқу бір-бірінен бөлек алынып қаралмайтын үрдіс. Жаңа заманның жаңашыл басшысы екі үрдісті бірдей теңестіріп алып жүруі оның шеберлігі мен іскерлігін көрсетеді.

Аристотельден кейінгі екінші ұстаз, ғұлама, ойшыл Әл-Фараби айтқандай, «басшыға ынталылық пен табандылық қажет. Өйткені бұлар, жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді».

Халқымызда «Жас келсе  іске» деген керемет сөзі бар. Демек, мен бойымдағы жігерімді, күш қуатымды, жаңашылдығымды ұжымды көтеруге жұмсауым керек. Болашақта өз ұжымымды биік белестерден көрсем, сол үшін өзімнің кішкене де болса үлесім тиген болса, мен өзімді бақытты басшы, бақытты адам деп білемін.

 

 

Конкурстар мен олимпиадалар - https://talimger.kz

Республикалық қашықтық олимпиадалар — http://clever.zti.kz

Республикалық конкурстар, курстар, конференциялар мен олимпиадалар — https://ukz.kz

Конкурстар, конференциялар және олимпиадалар — https://tarim.kz

Халықаралық семинарлар, олимпиадалар мен конкурстар — https://mriks.ru

Халықаралық педагогтар ассоциациясы - https://iae.su

Конкурстар мен олимпиадалар - https://kzu.kz