Тәуелсіздікке 25 жыл! [Эссе]
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе. Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып - көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» (Н. Назарбаев). Осыдан 25 жыл бұрын егемендігімізді жариялап, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл ғасырлар бойы қазақ халқының аңсаған арманы еді. Ұлы қазақ елі осы күнге жеткенше үш жүз жылға жуық бодандықтың бұғауында, жетпіс жылдан аса кеңес одағының шырмауында болды. Жер бетінде елдің бостандығын, халқының тәуелсіздігін ойламайтын жұрт жоқ болар. Тәуелсіз Қазақстан! Тәуелсіздік! Яғни егеменді, дербес мемлекет. Бүгінгі күні осы тәуелсіздігімізді алғанымызға 25 жыл уақытта зымырап келіп қалды. Ал осы уақыт тарих үшін қас - қағым - ақ. Қаншама ғасырларды алып құшақтаған тарих қойнау талай үлкен мемлекеттердің тәуелсіздігін көрген. Солай бола тұрса да, біз үшін өзіміздің тәуелсіздігіміз қымбат. Неге десеңіз, мемлекетіміздің сөнген отын жаққаны үшін, ата - бабамыздың рухын көтергені үшін, елімізді әлемге танытқаны үшін, «қазақ» деген атауға жан кіргізгені үшін бізге қымбат. Кей кезде маған осыдан 25 жыл бұрын біздің қазақ елі қандай еді деген сұрақ ойыма орала береді? Әрине, бұдан 25 жыл бұрын алға қойған мақсатымыз даңғыл жол болды, яғни тәуелсіздік даңғылы. Осы тәуелсіздікті алғаннан кейін халықтың басын біріктіріп, өз алдына ел қылуға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ елінің тұңғыш елбасы болды. Елбасының бастауымен қазақ халқы әлемге танылды. Елім ерлігін көрсетті, елдігін танытты. Қазақ халқы тәуелсіздігін алып, егемендігіне қол жеткізгенде өз алдына ел бола алатынына күмәндана қараған жандарда болған екен. Бірақ ар - намысты алға қойған Елбасымыз бен үкімет басында отырған елі үшін еңбек еткен ағаларымыздың аянбай еңбек етуі осы нұрлы күндерге жеткізді. Тәуелсіздік жолы тәуекелді ту етті. Сөйтіп тәуекел қайығына міндік, 25 жыл ішінде басқа халықтар ғасырлар бойы өткен жолдан өттік. Еліміздің рухы күннен – күнге көтеріліп келеді. Жалпы мен үшін тәуелсіздік – Ту, тәуелсіздік - ауа, жер - су, тәуелсіздік ел дәулеті ұғымдары болып табылады. Тәуелсіздік - азаттықтың алтын діңгегі, ұлттық өрлеудің ұлы күші. Тәуелсіз елдің қызы - өжет, ұлы - қайратты, халқы - қаһарман. Тәуелсіз елдің ғана зор, үлкен болашағы болады. Сонау атам заманға көз жүгіртсек, Керей мен Жәнібек қазақ елін құрған сәттен бастап, ең бірінші алға қойған мақсат осы тәуелсіздік болатын. Тәуелсіздіктің сан қырлы жолында қанша көтеріліс, қанша соғыс болды. Осы қанды шайқастардың соңғы нүктесін қазақтың көгершін жастары 1986 жылы қойды. Тәуелсіздіктің таңы атқан сәттен бастап, қазіргі күндерге дейін сол желтоқсанның ызғары лебін есіп тұр. Әр минут сайын, тіпті секунд сайын сол қанды жолдың жолаушылары болған ата-бабаларымызды ұмытпағанымыз жөн. Тәуелсіздік қажырлы күреспен келді. Бостандықтың 25 жылында жүз жылдарға татитын қадамдар жасалуда. Тәуелсіздіктің арқасында елдігімізге құт қонып, ырыс үйіріліп, ортаға үлкен сыбаға түсіп тұр. Қазақстан ертең күн шыға қауызы ашылып, сосын жан - жағына әдемілік, сұлулық сыйлайтын исі жұпар гүлдердей жайнап, құлпырып кетеріне осы елдің азаматы ретінде мен кәміл сенемін. Ендігі ұрпақтың мақсаты мол біліммен қаруланып, кең - байтақ жерімізді теріс пиғылды басқыншылардан қорғау. Тәуелді қазақ жерінен, қазіргі тәуелсіз Қазақстанға көз тіксек, қаншалықты керемет, гүлдей жайнаған жерге айналғанын көре аламыз. Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт - сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Тәуелсіздік – арман! Жер бетінде қанша ұлт болса, сонша арман бар. Сол арманға біздің қазақ халқы жетті.Осының барлығы билеуші билеріміздің, ақын-қайраткерлеріміздің шолпан жұлдыз іспеттес жастарымыздың арқасы. Осы адамдардың барлығы өзі үшін күресті деп ойлайсыздар ма? Жоқ әрине, олар өздерінің жандарын келешек ұрпақ үшін пида етті. Тәуелсіздік жай атау емес, тарихтың бір бөлшегі. Сол бөлшегін көзіміздің қарашығындай сақтап, құрметтейік, дәріптейік!