Менің өмірімдегі шынайы көшбасшы [Самопознание]
Ұстаз болу – жүректің батырлығы, Ұстаз болу – сезімнің ақындығы, Ұстаз болу – мінездің күн шуағы, Азбайтұғын адамның алтындығы Ғ.Қайырбеков
Менің өмірімдегі шынайы көшбасшы ол – ардақты ұстаз Күләш Бердікенқызы Мергенбаева. Күләш Мергенбаева Қазалы ауданы № 226 Б.К.Мергенбаев атындағы гимназияда 1993-2009 жж., 2009-2013 жж. № 249 мектеп - лицейде директор болған. Еңбегі де өте жоғары дәрежеде бағаланған. Оған мысал: «Құрмет белгісі» орденімен, Ы.Алтынсарин атындағы медалімен, «Ерең еңбегі үшін» медалімен және ҚР тәуелсіздігінің 10 жылдығына байланысты юбилей медалімен, «Халықаралық Үлкен энциклопедия» медалімен, «Батыр Шапағаты» атындағы Б.Момышұлы медалімен, Европаның ғылыми-өндірістік палатасының алтын медалімен марапатталған. Парижде өткен «Басшыларды ұлықтау» рәсіміне шақырылып, «Үздік басшы» номинациясын жеңіп алған. 2005 жылы Республикалық –халықаралық директорлар конкурсында «Жыл директоры» номинациясын жеңіп алған. Ғылыми- педагогикалық салада еңбектер, методикалық құралдар даярлап, Американдық ғылыми фондының грантын ұтып алған. «Ұстаз» – құрметті сөз. Ол – адамдардың өмірге көзқарасын, бір-біріне деген сый, құрмет сезімін қалыптастыратын, білім мен тәрбиенің ұрығын шашатын, адамгершіліктің нұрын төгетін адам. Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған адам жақсы қоғам қайраткері, ұлы тұлға болып өседі, өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп,көркейтеді. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз де орынды айтылған. Баланың бойындағы шынайы білім, біліктілік дағдылары, мінез-қалпы, шарапаттылығы жақсы ұстаздан қалған әдет болса керек. Күләш апай басшылықпен қоса «Әдеп» пәні мұғалімі мамандығын қатар алып жүрді. Біз апайдың сабағын асыға күтіп жүретінбіз, себебі, апай біздің санамызға әдептіліктің сан түрлі қырларын сіңіріп, рухани білім нәрімен сусындатты. Өзінің бойындағы бар аналық мейірімін, білімін, тәжірибесін алдындағы шәкірттеріне беріп, олардың рухани дүниесін байытты, өмірде неғұрлым адаспай, дұрыс жолмен жүруге дайындады. Халықтың «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» дейтіні де сондықтан. Шәкірт – ұстаздан дәріс қана емес, өмірлік ұлағат, тәрбие алады. Ұстаз бен шәкірт арасындағы осындай өзара қамқорлық, сыйластық сезімі олардың бірлесіп атқаратын білім мен біліктілікті шыңдау әрекетіне жағымды ықпал етері анық. Сондықтан да ұлағатты ұстаз Күләш апай секілді мен де шәкіртке жан - жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялатып, жан - жақты дамыған, рухани адамгершілігі мол, ұлттық құндылықтарымызды құрметтейтін, бір - біріне сүйіспеншілікпен, құрметпен қарайтын, өмір сүруге деген құштарлығы жоғары жеке тұлға тәрбиелегім келеді.