Латын әліпбиі – қазақ тілінің жаңа көкжиегі [Казахский язык]
«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», - деп Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Ал ғалымдарымыз осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір айтып, оның тиімді тұстарын дәлелдеп бағуда. Ендігі кезекте, сол ғалымдарымыздың жан-жақты еңбегі сараланып, түрлі әдістемелік жұмыстар жүргізілетінін түрлі ақпарат көздерінен оқып-біліп танысып жатырмыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің кезекті Жолдауларының бірінде: "Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз.Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет.Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманға ақпараттың тіліне айналдырады "-деген болатын. Біз латын әліпбиіне көшу барысында не ұтамыз, латын әліпбиі бізге не береді? Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымызды былайша жіктеп көрсетуге болады: Ең алдымен- тіл тазалығы мәселесі. Қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі бодандық жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза казақ әліпбиін калыптастыру бағытындағы игілікті қадам деп түсінеміз. Сондықтанда тіліміздегі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, латын әліпбиіне көшу - қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Қарапайым ғана мысал келтірер болсақ, қазір ұялы телефондарымыздың өзінде латын қарпінде жазу оңай, ал кириллицада қазақшаны тере алмай қиналып жататынымыз бар. Себебі, латын әліпбиінің базасы қалыптасқан, әрі ауқымы кең. Үшіншіден, бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен.Ал қалған мемлекеттердің көбі толықтай латын әліпбиіне көшкен. Түбі бір түркі дүниесі негізінен латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол-табиғи іс. Сондай-ақ бүгінде әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жуық қазақтар тұратынын ескерсек, солардың 80 пайызы латын әліпбиін қолданатын көрінеді. Демек, біз болашақта латын әліпбиіне көшер болсақ, сол қандастарымызбен жақындаса түсеміз. Түсіне білген қоғам үшін мұның да маңызы зор екенін атап көрсеткім келеді.