«Қымызхана» ойын–сауық отауының сценарийі

Тәрбие сағаты
«Қымызхана» ойын–сауық отауының сценарийі

Мақала авторы: Текеева Жанша Тажибаевна
Жұмыс орны: Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі
Лауазымы: қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Порталға жариялану мерзімі: 14.03.2016


«Қымызхана» ойын-сауық отауының сценарийі

  • көрініс

Отаудың іші .Ән айтылып жатады. Столдарды реттеп әндетіп  жүрген жас қыз. Анадай жерде қымыз сапырып тұрған құрбысына көңілді кейіппен.

Айнұр. -Айман, бүгін қонақтардан кімдер келер екен? Бүгін ерекше күн болатын секілді.(Әндетіп қояды)

 Айман. (Ол да көңілді )

  • Құрбым, не болды саған? Бүгін тым қуаншты күйдесің ғой.Әлде…

(Қыздар сықылықтап күліп алады).

Бүгін шынында да, қымызханада бейне той өтетін секілді, а? Қарашы, бүгін бәрі жайнап, құлпырып кеткендей, Қарашы деймін, Айнұр!.

 Айнұр. –Иә, құрбым, бүгін бізге жүрегі пәк, жаны таза, өнер десе ішкен асын жерге  қоятын жастар келетін секілді.Менің арманымдағы адамдар келсе ғой, шіркін!-деп тағы бір назын білдірді де,столдың әр жерін түзетіп, екеуі құшақтаса жүріп, айтылып жатқан әнге қосыла кетті.

  • көрініс

Айнұр: -Сәлематсыз ба, ағай? Қош келдіңіз, төрлетіңіз! Бүгінгі күнгі қымызханамыздың алғашқы қонағы сіз болдыңыз ,аға!-деп құрметтеп жатқанда,екінші қыз қымызды да құйып әкеліп қалыпты.

Айман. –Ән салмаймыз ба, отырысымыз сәнді болсыншы!-деп өтінгенінше болмады.

Айнұр.—  Айман, қалайша танымағансың, бұл біздің  ақын ағамыз Аслан ғой. Ақын аға, сіз келмегелі көп айдың жүзі болып қалды-ау. Біз секілді жаны жырды ұнататын жастар сіздің  жырларыңыздан сусап қалғандаймыз.

Айман. –Қош келдіңіз, ақын аға, қымыздан алып отырыңыз.

Айнұр.- Қымызханаға келіп, бал татыған сары қымыздан сіміре отырып,  қойын дәптеріңізден жаңа жырларыңызды оқи отырсаңыз етті, аға!

(Күй  «Көңілашар» орындалып жатады)

Айман. –Қымыздан алып отырыңыз, Дәмі тіл үйірер тәттілігін де жырға тағы қоса отырыңыз.

 Ақын.-Қалқам,  бері келіп кетші, танысып, білісіп отырайық, атың кім еді өзі? (Ақын аға қымыздан бірер тартып жіберіп, қымызшылардың атын сұрап, әңгімеге тартады.)

 Айнұр. –Ақын аға, көптен бұнда бас сұқпағаныңызды  білдіріп отырсыз,

ұмытып қалыпсыз ғой аға, Менің атым –Айнұр, ал қасымдағы жолдас қызымның аты –Айман. Қойын дәптеріңізге түртіп алыңызшы, аға! -деп өтінішті наз етіп тастайды.

Ақын. –Қандай есім, сұлулық деген осы емес пе, Айнұр- айдан төгілген  нұр қандай, әсіресе, айлы түндегі жарығын айтсаңшы, қалай ғана тауып қойған,

-2-

Айман-  толықсыған айдың  маңғаздана мамырлап, қалып бара жатқан тұсында туған-ау, сірә, Әй, адамға есімді тегіннен тегін бере салмасы анық.

Неде болса, сұлулық дегенді қазағым о баста –ақ танығаны анық.

(Қымызша қыздар келесі келіп жатқандарды қарсы ала жүреді.)

 Айман. –Аға, әңгімеңізді мына жастарға айта  отырыңыз. Бұлар да бізге жиі келетін өнегелі, өнерлі жастар.

Айнұр. Әңгіме –дүкенді қыздырып, көрген- білгеніңізден айта отырсаңыз, ақын аға,

Ақын. Мен алдымен ақиық ақын Мұқағалидің біраз жырларынан үзінділерді оқып берейін.Мұқағалидың асқақ жырлары кез келген жастың жүрегінен орын алатыны белгілі ғой.

(Әуен сазы ойналып, 1-2 өлең оқылады). Манадан мені құрметтеп, сары қымыздан дәм таттырған қарындастарыма дән ризамын. Енді құрдан құр кеткен ұят болар. «Адам сыйлағанның құлы» деген бірер жыр шумақтарын арнайын.

Мұқағали мен үшін биік тұлға

Жырларымен  бөлейді  сұлу нұрға

Бір сәтке көңіл шіркін,алабұртса

Қол созамын өзіңе биік шыңға

Мұқағали  ақыны ақындардың

Сен бірақ  ақынмын деп тасымадың

Арпалысып өмірдің шындығымен

Жарқылдатып өткенсің жасындарын

(Секен Тұрысбектің «Сезім сырлары» күйі жай ғана орындалып тұрады.күйі)

Ішке тағы біраз жастар кіріп отырады.

Алтынбек. –Сәлематсыздар ма, қыздар! Қалдарыңыз қалай? Пай-пай, осы қыздардың жаны мен жүрегі қандай сұлу десеңізші! Арман да, ән де осыларға арналғаны тегін емес қой,а, (ақынның  қасына келіп, амандасып отырады.)-Ассаламағалейкум, Мұқағали ақынның ұрпағы да осында екен ғой, қош келдіңіз, ақын аға, Ауыл-еліңіз аман ба, қыздар қымыз әкеліңдер, ақыннан жырдан шашу шаштырайықшы, тағы да.

(Ән әуелеп, шырқалып жатыр.Жастар ортада билеп  жүр).

3-көрініс

Бауыржан. –Ассалаумағалейкум, ағайын! (Ішке қолында кітабы бар,жас жігіт келеді) Бүгін мен де осы қымызханадан дәм татқалы келдім.

Қымызшы қыздар. — Қош келдіңіз қонағымыз! Төрлетіңіз! деп жатады.

Бұл келген Абай ұрпағы  Бауыржан ақын екен.

 

                                     -3-

Алтынбек. — Қош келдіңіз, Төрлетіңіз, Сіз секілді ақын Абайдың ұрпағы қымызханамыздың қашанда қадірлі қонағы болатыны белгілі.(Абай өлеңінен бір шумақ жыр оқи отырады. «Айттым, сәлем қаламқас» Ән әуелеп естіліп тұрады).

Алтынбек. -Иә, қандай ғанибет десеңізші! Ұлы Абайдың өзі айтқанындай, «Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» ата тағылымын ұрпағы   қашанда  мәңгі ескерері анық.(Екі ақынды бір жерге отырғызып,өздерінің шығармашылығынан жыр оқытады)

Бауыржан. — Қымыздарың балдай тәтті екен, қымызшы қыздар! Халықтың әл аухатын көтеріп,  қызмет ете беріңдер,еңбектерің жансын!(Домбырадан күй төгіліп жатады.)

Әнші қыз. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындап береді.

Қымыз сапырған қыздардың беттері бал –бұл жанып, қымызханаға келгендерді шығарып салып, енді бірін күтіп алуда.

Айман. –Қымыздан алып отырыңыздар, тіліңді балдай үйірген қадірлі асымыздан ішіп, тоқтанып алыңыздар!

Айнұр. Кеш қызығын бір сәт қыздырып қояйықшы, жастар!-деп  жастарды қолқалап жатты.

Алтынбек. Мен бір көңілдің кілтін, жанның рахатын  келтіретін күлкінің думанына қарқ қылатын бір қызық әзілдер айтайын, құлақтарыңызды түріңіздер!-деп бір дауыстап қойды.(Қожанасырдың   бір  әңгімесін бастап кетті)

(Қолында домбырасы бар, сәндене киінген тағы бір жас қыз келеді.)

-Сәлематсыздар ма, имене басып кіріп келе жатқан жасқа  бәрі бұрылып қарап қалады.

Айнұр— Иә, бүгінгі отырыс өте қызықты болатын болды ғой, Манағы саған айтқанымда осы  еді .Ойлаған ойым дәл келді емес пе, Айманжан, деп Айманның құлағына сыбырлай  сөйлеп, сықылықтай күлген Айнұр келген қонақты күлімсірей қарсы алды.

Алтынбек.- Қандай сұлулық, Қарындасым,  қош келдіңіз, бүгінгі кеш бұрынғыдан да жап-жарық боп кеткендей ме, қалай, достар? Тек сіз ғана осы жерге сән бергендейсіз  ғой!-деп өтіне сөйлеп, қолынан ұстап төрге  апарады.

Әсел. Құрбылар, сендер де сұлусыңдар, Мына жігіт қандай көркем, сөзі де әсем екен. (Ортаға отыра сап ән айтады). Менің қолымдағы домбырам  әнімді арқалаған, жүрегімде жырымда бар Сараның ұрпағы боламын. Менімен айтысатын, Біржандай айтыстың көрігін қыздырар жігіт болса, айтысуға мен дайынмын.

                            

                                                      -4-

Өзін Сара айтысының ырғағымен таныстырады…

Алтынбек. Сіз біздің бүгінгі сыйлы қонағы болдыңыз.Әманда жаныңыздан табылайықшы, замандасым,- деп қыз қасына барып  өз ойын айтады.

Сара ұрпағы Әсел. –Ниеттеріңізге рақмет.Ән отауының ордасына қашанда өнерлі жастар жиналатыны белгілі ғой.Киелі өнерді бағалай білетіндер өлең айтудан жалықпасын.

4-көрініс

Махамбет ұрпағы –Мұрат.

-Ассаламағалейкум, ұлы қауым!

Айман. –Сәлематсыз ба, қадірлі мейман, қош келдіңіз қымызханаға!

Алтынбек.

-Уағалейкум, ассалам! Төрлетіңіз, бүгінгі отырыстың қадірлі қонағы болыңыз.

Мұрат. Рақмет жаны жадыраған  жаздай  тәуелсіз елімнің, қазағымның ұл-қыздары!

Алтынбек. –Өзіңізді таныстыра отырсаңыз.

Мұрат.-Мен тауда ойнаған қарт марал ,табаным тасқа тиер деп сақсынып шыққан қиядан  деген  Ұлы Махамбет бабамыздың, мен сол қарт маралдың ұрпағы,егеменді елімнің азаматы, қайратты ұлдарыңның бірі боламын.

Ақ жұмыртқа сары уыз,

Әлпештеп  қолда өсірген

Туған ұлдан не пайда,

Қолына найза алмаса,

Атаның  жолын қумаса, — деп атамыз айтқандай, мен жастайымнан өнерді бойыма серік еткен Махамбеттің жырларын жаттап өскен ұлдарың боламын! Махамбет  бабасынан 1-2 өлеңін нақышына келтіре айтып береді.)

Бәрі. –Мынау кешегі елінің азаттығын аңсап еңіреп өткен ер Махамбеттің ұрпағы ғой.

Алтынбек.

-Па , шіркін! Махамбеттей ардақты ұлдары болған қазағымды айтсайшы!

(Фаризаның өлеңінен 1-2 жол оқылады)

Білмеймін, жел ме, сел ме?

Жырда онымен бір тұлға теңдесер ме?

Әділетсіз дүниенің қабырғасын

Махамбетше сөгер жан кездесер ме?-деп қазақтың айбатты жырларын тудырған ақын Фариза апамыздың өлеңі бізге қашанда рух берері анық.

Мұрат.

                                               -5-

-Қайран  ер, елінің ертеңін ертерек  ойлаған , елдігін сақтап қалуға жанын ауыртқан ата ұрпақ тағдырын бүгінгі жастар біледі, оқиды, оларды құрмет

тұтады.Олар жете алмаған арманға  асау ұрпақ, арынды ұрпақ жетеріне сенім мол. (Күй. «Жұмыр қылыш».ойналады).

(Қымызшылар қымыздарын сапырып, тостағандарды толтыра  құйып,тасып беруде.)

Алтынбек.

-Дархан даланың дауылпаз ақыны Махамбеттің жырына  бала кезден қаныққанымызбен, бүгінгі отырыста ұлының ұлылығын таныта алған  Мұрат  ақынға  құрмет көрсете отырып, бүгінгі жастар арасында  Махамбет жырларын  оқитындар бар ма?-деп дауыстап, өр ақынға бағыштап жыр өлең оқылады.

Екі жыр оқушы (ұл, қыз) ортаға шығып, өлеңдерін оқиды.

Мұрат. «Өлі риза болмай, тірі байымас» демей ме қасиетті  халқымыз. Бүгінгі күні баба рухына бас иіп, өлең  оқып жатқан мына жастарға  бірер

бата- тілек айтсам деп едім. Махамет бабамыздың аруағы қолдасын, ал, әлеумет қолдарыңды жайыңдар:

Әумин десең, міне, бата

Қолдасын қыдыр ата,

Қыдырың қияласын.

Бақыт құсы бастарыңа ұяласын!

Айдан аман сақтасын,

Жылдан есен сақтасын!

Әуелі тәңірім қолдасын,

Еш жамандық болмасын.

Махамбеттің  қайратын берсін!

Байдың дәулетін берсін!

Аспаның ашық , пәлекетің қашық болсын!

Әумин!

Барлығы. –Әумин, деп бет сипасады.

(Ән-күй орындалады. Отан, ел, сәйгүліктер жайлы)

5-көрініс

Шынар. Жұлдыз жорамалшы:

-Амансыздар ма , қарақтарым.Бәрекелді, мына отырыстарың қандай тамаша!Осы жерде жастар жиналады дегенді естіп, өзім бір  қазақтың жақсы бір ырым-жоралғыларын айтып,әңгімелесейік деп келіп қалған жайым бар, айналайындар!

                                              -6-

Айнұр.Қош келдіңіз, қадірлі апа! Сізді бірден таныдық.Бүгінгі  отырысқа жиналған жастарға  сіз секілді болашақтан мол үміт күттіретін, армандарына бір табан жеткізетін, жақсы бір сыр айтатын  ауылдың үлкені керек болып отыр еді.

Айман. -Қош келдіңіз, қадірменді мейман апа, қымыздан ала отырыңыз.

Шөліңізді басыңыз.

Шынар. Ал, қарақтарым, алдыңғы жыл арғымақ жылы болды. Жылқы малы қазағымның  төрт түліктің төресі ғой. Сол арғымақтың асау жалынан мықтап ұстап ем, өмір ағымында кедергісіз өтіп шықтық.Төзімге де адал, шыдамға да берік болуға ұмтылдыратын дүние осы.Қой жарықтық та момын ғой.Ол өз берекесімен қадірлі болды. Әр жыл өзінің берекесімен қадірлі, қарақтарым, Биыл ел қиындыққа кездеспейді. Кейбір айтылып жатқан қиындыққа халық қазірден нық сеніммен қарауда.Болашақ жарқын келбетті байқатып отыр.

Отырғандардан сұрақ қойылып жатады.

-Сіз енді жұлдызбен сырласа жүріп болашақты болжайтын жансыз ғой. Осы аспан денелерінің адамға  әсері бар ма?

Жұлдызшы. –Бұл кезде жұлдыздар шоғарланып, қатары молая бастайды. Шолпан жұлдызы жарқырай түсіп, бәріңнің достығыңа куә болады. Юпитер қарбалас жұмыстың басы-қасында болады. Бастаған істі нәтижелі аяқтағанды

талап етеді. Әр айдың он күні сендердің оқуларыңа  әсер етіп, қиялыңа қанат біттіреді.Осы кезде Марс қатты сақтануды талап етеді. Жолда, көшеде,  әсте сақ болып, ұзақ жолға шықпаудың керектігін ескертеді. Әсіресе, темекі сияқты зиянды нәрселерден аулақ болуды , таңеретең жүгіріп, денені шынықтыруды талап етеді. Қуатты күш жинап, рухани азықтануға жетелейді.

Бұл ай аса қадірлі ай болып есептеледі.Сылбыр денені қуаттандыратын дене тәрбиесі мен өнер тәрбиесін үйрене жүріп,шығармашылық іспен айналысың

дар, қарақтарым, Жақсылық оңынан тусын, айналайындар! Сау  жүріңіздер, ұзақ ғұмыр кешіңдер, қызықтарың таусылмасын!

Бәрі. –(жан-жақтан)

-Рақмет, айтқаныңыз келсін, Деніңіз сау болсын, қадірлі, апа!

-Тағы  келіп тұрыңыз, қымызхананың қадірлі қонағы болуыңызды тілейміз.

Алтынбек. –Рақмет, жұлдызша ана, Сіздің айтқан жақсы ойыңыздан көп  нәрсені ұғып, бойымызға  жиып жүреміз. Қымыз алыңыз, жастардың өнерін көріңіз, тамашалаңыз!

Жұлдызшы. (Рақметін айтып, саушылық тілеп, шығып кетеді.)

(Ән . Қыздар тобы)

6-көрініс 

                                           -7-

Ортада отырғандардың ішінен бір жас ән айтады. Әнді тамаша айтқаны сондай барлығы таң-тамаша қалады.

Әйгерім.Құрметті, қымызханаға келіп отырған қонақтар, менің аяулы құрбыларым, сендердің өнерлеріңді тамашалай отырып, өзегімді жарып шыққан әнге тоқтау  бере алмадым.

Бәрі. Ой, қандай керемет, Ән біткеннің бәрі сізге арналған ба деп қалдық.Расында да  әнді сұлу шырқайсыз екен. Тамаша, тамаша!Тағы бірер ән салсаңызшы!

Айнұр.-Қымыздан алып отырыңыз, әнді де әуелете беріңіз.Отырысты қыздыра түсер ән ғой ,шіркін!

Әйгерім. Иә, қазағымның ән –күйі, сауығы таусылмасын. Мен өзімді таныстырсам, кешегі өткен қазақтың бұлбұлы атанған Күләш апамыз бен бүгінгі Бибігүл апаларымның ізін жалғастырып жүрген осы ортаға ғана таныс әнші қыздарың боламын.Ән айту бала кезімнен басталса керек, Ұлы

ақын Абайдың жары болған Әйгерім әжеміз де ән салып атамыз Абайдың  жан дүниесін баурағанын білесіздер.Анам менің есімімді осындай әнші апаларымыздай болса екен деп қойған екен.Ән айтып алдарыңа келіп қалған екенмін.Тағы бір әнді  шырқап жіберейін.(Абай. «Көзімнің қарасы»)

7-көрініс

Алтынбек. –Құрметті  қымызханаға келіп,көңілді ойын көтеріп отырған көпшілік! Барлығыңызда өнерлі жастарсыздар, өнерлеріңіз өрге жүзсін, көңілдеріңіз ортаймасын!Қымызханаға жиналып, сусыннан дәм татып бір марқайып қалдыңыздар! Ойларыңыздан  жақсы отырыс, тілдеріңізден қымыздың балдай тәтті дәмі кетпесін»-деп тілейміз.

Енді осы отырысты тағы бір қыздырар дүние қазағымның ойын сауығы таусылған ба, таңды таңға жалғастырған айтыс, күрес, жарыстар қаншама?Дегенмен, бүгін біз өз ортамызға лайықты ойынның бірі- «Белбеу тастау» ойынын  ойнайық.Ал, ортаға кімдер шығар екен.(Ойын шарты түсіндіріледі)Ойыннан  озып шыққан жігіт не қызға сый-сияпаттарымыз  бар.

(Ойын ойналып жатқанда  ішке Тазша бала келеді)

Тазша бала.-Ассаламағалейкум, ағайын туыс бауырлар, аман есенсіздер ме?

Бәрі.- Қош келдіңіз, қымызханаға.Кім екеніңді таныстырып отырсаңыз.

Айман. –Қымыз алыңыз,қош келдіңіз, қадірлі мейман.

Тазша бала.(Ойын қызығын көріп шетіне отыра салады да, кірісіп кетеді)

Белбеудің ұшы тиіп, айып алаңына тап болып өнерін көрсетеді.

8 жол өтірік өлеңнен үзінді оқиды да, іле –шала өзінің кім екенін таныстырады.Өз шығармашылығынан да өтірік өлеңдер оқиды.

                                       -8-

Отырғандар. Бәрекелді, мынау нағыз тазшаның өзі ғой, сен мұнда қалай ғана тап  болдың, керемет, Тамаша,Тамаша! десіп жатады.

Қымызшы қыздар. Ойын аяқталысымен, ойнағандарға сый –сияпатына ұсынып жатады.

8- көрініс

Айнұр.-Халайық. Осы жиналғандардың ортасында айтысқа  белсеніп шығар жастар бар ма? Кәне, енді айтыстың көрігін қыздырайықшы, деп қолқалағанда ортаға Сара ұрпағымын деп отырған Әсел мен бүгінгі өнер иесі атанып жүрген Айнұр қызымыз шығып, айтыстың көрігін қыздырады.

Әсел.       Сәлем  бердік ағайын үлкен кіші,

Өздеріңе күлімдесін күннің көзі.

Келіпсіздер бұл айтысқа көрейік деп

Қол соғып  екі ақынды қошеметтеп.

Бастайын құрметпенен бұл сөзімді,

Жалғастырып берейін кезегімді…

Айнұр. Армысың, аға ұрпақ туғандарым,

Бармысың іні-сіңілі бауырларым.

Алдарыңа шығып тұр Айнұр қызың,

Бәйгеге түсетіндей құнан керім.

Есенсіз бе, қалқатай, ақын құрбым,

Атыңды естіп жүрмін талай бұрын.

Алғаш рет айтысуға шығып тұрмыз

Жұрт алдында тамызардай  сөздің майын….

Айтысты тыңдаған ел сөз маржанына қанығып, тағы да  айтысуын талап етіп жатты.

Алтынбек. Құрметті  қонақтар! Бүгін бір жақсы отырыстың куәсі  болдық па деп қалдым. Қош келдіңіздер. Тағы да отырып, жақсы кештің көрігін қыздыра түсіңіздер.. Біздің қымызханамыздың есігі қашан да ашық.Қымызда жеткен секілді.Ойын сауығымыз таусылмасын, ағайын! Күн де келіп ортамызды толтыра беретіндеріңізге шын ықыласпен алғысымды білдіремін.Ендігі де тағы да осындай өнерлі ұрпақтың өкілдерін күтетініміз рас. Рақмет келгендеріңізге, тағы да келіп тұрыңыздар, (Қонақтар  бар ризашылығын білдіріп кетіп жатады)

Қымызшы қыздар да, Алтынбек те оларды ризашылықпен шығарып салып тұрады.(Сахна пердесі жабылады)

Соңы.

                     Құрастырған:  қазақ тілі мен әдебиеті

         пәнінің мұғалімі   Текеева Жанша Тажибаевна

Конкурстар мен олимпиадалар - https://talimger.kz

Республикалық қашықтық олимпиадалар — http://clever.zti.kz

Республикалық конкурстар, курстар, конференциялар мен олимпиадалар — https://ukz.kz

Конкурстар, конференциялар және олимпиадалар — https://tarim.kz

Халықаралық семинарлар, олимпиадалар мен конкурстар — https://mriks.ru

Халықаралық педагогтар ассоциациясы - https://iae.su

Конкурстар мен олимпиадалар - https://kzu.kz