Қазіргі Қазақстандағы этникалық жəне этномəдени процестер [Культурология]
Қазақстанның мемлекеттік билігінің тәуелсіздік алған алғашқы күндерінен бастап, оның қалыптасып келе жатқан жаңа мәдени саясатында рухани-мәдени төлтумалылықты қайта түлету мен дамыту, оның ішінде, ең алдымен, қазақ этносының ұлттық мәдениетін, дәстүрі мен тілін қайта өркендету курсы қабылданған болатын. Алайда қазақ мәдениетінің этникалық, құндылықтық, эстетикалық ерекшеліктерін қайта өркендету кезеңі өзінің потенциалды тамырын тереңге жіберіп үлгірген мәдени интеграция үрдісінің объективті уақытымен тұспа-тұс келіп отыр. Оның үстіне әңгіме Жердің жекелеген бөлігін ғана емес, бүгінгі уақытта бүкіл әлемді қамтып отырған этникалық топтар мен ұлттардың жаңа және жоғары деңгейдегі мәдени интеграциясы, яғни жаһандану жөнінде болып отыр. Қоғамның мәдени өмірі мен мемлекеттік мәдени саясаттың өзара әрекетіндегі аса маңызды ерекшеліктің бірі алға қойған мақсаттар мен нақты социомәдени процестер бағытының негізгі векторларының арасындағы түбірлі алшақтық болып отыр. Қазақстандық саясаттанушы Р.К. Қадыржанов айтып өткендей «бұрынғы КСРО-ның титулдық этностарының мәдениеттері арасында қазақ мәдениеті ең орыстандырылған, орыс-кеңес мәдениетімен неғұрлым көп ассимиляцияланған мәдениеттің бірі болып шықты… Қазақтың кеңестік мәдениетінің екіншісі болмауы мүмкін емес еді, өйткені ол Мәскеуде өндірілген мәдениет үлгілерін қазақтың ұлттық топырағына көшіру түрінде дамыды. Бұл әдебиетті, киноны, балетті, музыканы, театрды, теледидарды, қоғамдық ғылымдарды, білім беруді және т.б. қамтыды. Бірақ мұндай идеологиялық тәсілмен айқындалатын мәдени дамудың қазақтың ұлттық-мәдени дәстүрімен, халықтың рухымен ешқандай органикалық байланысы болмады және сондықтан ол халықтың қызығушылығын тудырмады… Қанша дегенмен, қазақтар орыстық-кеңестік мәдениеттің жетекшілігіне бейімделе алғанымен, қазақ тілі мен мәдениетінің бейшара қалпы, олардың жадаулығы мен төмен дәрежесі түбірлі этностың, қалыптасып келе жатқан этникалық элитаның қалыптасқан жағдайға қарсы ішкі наразылығын тудырмай қоймады»
Бұл айтылғандардан мынадай түйін шығаруға болады. Қазақстанның дамуының қазіргі кезеңіндегі мемлекеттік мәдени саясатының міндеті этникалық тиесілікте тәуелді емес жалпы нормалар мен құндылықтар төңірегіне қоғамды рухани және мәдени топтасуды қамтамасыз ететіндей адамдар арасындағы қатынастардың тетіктері мен формаларын даярлау, өйткені этникалық бірегейлік мәдени мағынада әртекті элементтердің келісімі мен интенсивті өзара әсерін қамтамасыз ететіндей қажетті деңгейге жетпеген. Дифференциалдық сипаттағы қақтығыстар мен алшақтық дұшпандық пен зорлықтың өлшемі және себебі болғандықтан неғұрлым жоғары дейгейдегі берік бірлікті қалыптастыру қажет.
Біздің пікірімізше, Қазақстандық қоғамның сақталуы мен дамуы мақсатында Қазақстанның мемлекеттік мәдени саясатының негізіне мәдени плюрализм принципінің қаланғаны дұрыс. Болашақ Қазақстанның мәдени болмысы әртүрлі ұлттық мәдениеттердің механикалық жиынтығы емес,тұтастайжалпықазақстандық мәдениетті құрайтын өзара байланысты, өзара бағынышты мәдени этникалық комплекстердің органикалық қосындысы болуы тиіс. Жаңа ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялардың дамуы және олардың құлаштап қарқын алуының нәтижесінде әлемнің планетарлық «тарылуы» іске асуда. Спутниктік теледидар, интернет, компьютерлік мәдениеттің кәдімгі картинаға айналып кеткені сондай, жер шарының кез-келген нүктесіндегі көптеген адамдар өздерінің күнделікті өмірін оларсыз көзге елестете алмайды. Халықаралық, трансұлттық және ғаламдық бастаулардың бір-бірімен өзара тығыз байланыстылығы және осыдан туындайтын мәдениеттің ғаламдастырылуы әлемдік қауымдастықтың мәндік сипаттамасына айналды.
Олжас Сүлейменовтің дәл тауып айтқанындай, «глобализм — бұл түрдің өзін-өзі сақтауының объективті заңы. Глобализммен күресу өзінді әлемдік контекстен өшіріп тастауды білдіреді. Егер ұлттық мәдениет этностың өзіндік қорғаны болса, ал глобализм «әлемдік мәдениетті» ұжымдық қауіпсіздік жүйесі ретінде түсінуге шақырады. Бұл жалпы ортақ қауіптің алдында халықтарды адамзаттыққа бірігуге шақыру».
Демек, біз оны қалаймыз ба, әлде қаламаймыз ба қазіргі әлемде, ақпараттық-коммуникативтік және өзге әлеуметтік негізде өте шапшаң қалыптасып келе жатқан жалпыадамзаттық мәдениеттің жаңа типі құрылуда.Мәдени мүмкіндіктер, тарихи дәстүрлер, экономикалық ахуалдар, ресурстық негіздер, сонымен бірге логика мен конструктивті негізге көне бермейтін төл немесе ұлттық дүние түйсінулер мен дүниетанымдар дегеннің бәрі демесек те осы сияқты көптеген жағдайлар мен кейде аңғарып болмас факторлар өзгелермен санасуды қажет етеді.
Қазіргі әлемнің нақты болмысы бұл қайшылықтағы жетекшілік ғаламдастыру үрдісі жағында екендігін көрсетеді, ал ұлттық мемлекеттер тарихи аренада жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуына қарай санының өсуіне қарамастан, бірте-бірте кейінге ығыстырылуда. Бұл қайшылықпен барлық елдер бетпе-бет келіп отыр, ал посткоммунистік елдер үшін бұл қақтығыс өте маңызды жөне принципиалды мәнге ие болып отыр.
Сонымен, ғаламдастырудың өн бойында қайшылық бар. Ол тек экономикалық және техникалық мүмкіншіліктері жағынан ғана тең емес, сондай-ақ мәдениеттер мен идеологиялардың ішкі потенциалдары мен оларды әлемдік мәдени кеңістікте тарату мен дамыту мүмкіндіктерінің де теңсіздіктеріне қарамастан мәдениеттер мен идеологиялардың тең бөсекелестігін қалайды.Екінші жағынан, кез-келген ұлттық мәдениет, ең алдымен, ұлттың бірігуі мен топтасуына үміт артады. Топтасу өзгелерден ерекше өзінің төлтумалылығын бекіту жолымен іске асады. Ал ғаламдастыру үрдісі, керісінше, партикулярлық компоненттердің үлестік салмағын төмендету есебінен, әдетте жалпылыққа иек артуға бағдарланады. Ғаламдастырудың мақсаты әр түрлі мәдениеттердің ғаламдық мәдениетке қосатын үлестеріне сәйкес олардың өздерін көрсету мүмкіндіктерін ашуға бағытталғандықтан, бұл интеграциялық процестің объективті логикасына орай мәдени әралуандылықтың редукциясына және ұлттық, мәдени, діни, өзге де тұлғалық типтердің оңтайландыруына әкеледі.
Оның үстіне, даму деңгейі төмен жөне дамушы елдерде бұқаралық мәдениеттің ықпалы дамыған елдерге қарағанда әлдеқайда қайшылықты екенін ескеру қажет. Ол бөтен индивид үшін жеңіл өмір сүрудің елесін қалыптастырып, оның санасында батыстық өмір сүру тәртіптерінің артықшылықтарын идеалдандырып, өз мәдениетіне деген жадау көзқарас сезімін тудырады.
Бұл айтылғандардан Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін алғаннан кейін өзінің бүкіл қуатын көрсетіп үлгірген қазақтың ұлттық мәдениетін қайта түлету мен дамыту процесі үшін ғаламдастыру үрдісінің қандай қатер әкелетінін толық пайымдауға болады.
Өзімен бірге бағдарларды жоғалту, ыдырау элементтерін алып жүретін мұндай сыртқы мәдени орта жаңа өмірлік талаптарға лайықты жауап беретіндей өзінің жеткілікті берік және дамыған мәдениеті жоқ және сыртқы жойқын ықпалды бастан кешіріп отырған, әлі қалыптаса қоймаған ұлттық мәдениеттер үшін ерекше қауіп-қатер туғызады.
Сондықтан, ғаламдастырудың унификациясына қарсы мәденит өзін изоляцияда сақтауға тырысса, бұл сол мәдениеттің өзін-өзі өлтіруіне алып келеді. Белгілі қазақстандық философ және саясаттанушы Ә.Н. Нысанбаевтың пікірінше, Қазақстан үшін оның онан ары тарихи дамуының бірнеше мүмкін баламалары бар. Оның ең алғашқысы, бүгінгі транзиттік жағдайдан шығудың біздің қоғам үшін табиғи жолы біздің қазақ халқының тоталитарлық мемлекет пен коммунистік экспертименттің құрбаны болғанға дейінгі кезеңге, яғни революцияға дейінгі кезеңге қайта оралу болып көрінер еді. Мыңдаған жылдар бойы қазақ халқын органикалық түрде оның мекен ету ортасымен, ұлы даламен және оның төбесіндегі жұлдызды аспанмен біріктірген әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық мәдениет саласындағы өткенге деген бұл ностальгия әрине, түсінікті.
Отандық мәдениет трансформациясының келесі бір табиғи жолы бізді ұлттық түбірдің, тілдің, дәстүрдің, әдет-ғұрыптардың көпғасырлық ортақтығымен байланыстыратын түркі-ислам әлеміне органикалық түрде ену болуы мүмкін. Бірақ, бізде өзіміздің оңтүстіктегі көршілерімізбен салыстырғанда, таза мұсылмандық мәдениеттің формалары жетекшілікке ие болуы қиын. Қазақстан далаларында ғасырлар бойы әр түрлі діндер қатар өмір сүріп, уағыздалды, оның ішінде ертедегі христиандық та, буддизм де бар. Тәңірілік дәстүрге келер болсақ, ол өзінің мәні жағынан қарапайым халық үшін исламнан бірде кем түспейді. Сонымен бір мезгілде жалпыславяндық тұтастық және соборшылдық идеялары сияқты пантүркизм және панисламизм идеяларының да өмір сүруге толық құқылары бар.
Және, ақырында, XXI ғасырдағы біздің мәдениет үшін ең қызықты және сонымен бірге, келешегі бар жолдың бірі — біз шартты түрде «евразиялық мәдени кеңістік» деп атап жүрген жол болуы мүмкін. Тағдырдың еркімен Қазақстан географиялық жағынан болмаса да, демографиялық және мәдени жағынан Европа мен Азияның аралығында орналасты. Біз бұл тарихи айғақты ескермей, біздің ұлттық мәдениеттің одан ары дамуына оның әсерін теріске шығара алмаймыз.
Басқа жағынан алғанда, мәдениеттің ғаламдану процесі кез-келген өмір сүруші және гүлденуші ұлттық мәдениет үшін, шын мәнінде, тарихтың талабы. Және ол әрбір халықтан және мемлекеттен лайықты жауап күтеді. Ең алдымен, біздің пікірімізше, ол қазіргі қазақстандық қоғамнан өз дамуының барлық потенциалды мүмкіндіктерін іске асыруды және өзінің бүкіл әлеуметтік, экономикалық және мәдени мәселелерін табысты түрде шешуді талап ететін сияқты.
Мәдени саясаттың либералдануы, мәдениеттің идеологиялық диктаттан босануы, плюрализмнің легалдануы және өсуі соңғы жылдардағы рухани өмірдің қалыпты құбылысы ретінде әділ бағалануда. Алайда, идеологиялық шектеуді алып тастай отырып, ондаған жылдар бойы құрылған мәдениеттің орасан зор жасампаз потенциалын сақтап қалу маңызды еді.
Сонымен, біз мәдени саясаттың тұтастай алғандағы мемлекеттік саясаттың барлық салаларының ажырамас бөлігі болғанын және осы жүзеге асыруда барлық мемлекеттік басқару құрылымдарының атсалысқанын қалаймыз.
Жалпы жаңа мемлекеттік саясаттың рухани-құндылықтық және адамгершілікті-нормативтік қырын бейнелей отырып, мәдени саясат қоғамды жан-жақты социомәдени модернизациялауға бағытталған идеологиялық көзқарастар мен соған сәйкес шаралардың жиынтығы ретінде корінеді.
Мәдениет — тек сала емес, бүкіл қоғамдық организмді, оның экономикалық, ғылыми-техникалық, саяси және рухани қозғалыстарының энергиясын жетілдіру мен дамытудың келешегін анықтайтын әлеуметтік болмыстың фундаменталды негізі де болып табылады.
Сонымен, Қазақстандағы мәдени саясаттың маңызды басым мақсаттары және осы саладағы мүмкін болатын ұсыныстары елдегі және әлемдегі жалпы әлеуметтік-экономикалық процестерді, ғылым мен техниканың дамуын, тұтастай алғанда бүкіл қазақстандық қоғамның білім беру және жалпысаяси бағдарларын міндетті түрде ескеруді талап етеді. Сонымен қатар, олар тамыры терең мәдени дәстүрлермен және нақты жағдайлардың күрделі жиынтығына сай трансформациясымен анықталады.