Қазақстанның рухани өміріндегі Түркістан қаласының рөлі [История Казахстана]
Қазіргі Қазақстантан тарихы ғылымында қалалар тарихына деген қызығушылық күннен-күнге артып барады. Қазақстанның қалалары тарихын зертеуге деген қызығушылықтың артуы мемлекетіміздің тәуелсіздігімен тікелей байланысты. Мемлекетіміз руханияттың, мәдениеттің және тарихтың дамуына үлкен көңіл бөлуде. Соған қарамастан тарихымыздың аз зерттеліп, әлі де күрделі де, өзекті мәселелесі –Түркістан қаласының тарихы және Қазақстанның мәдени, рухани өміріндегі рөлі. Түркістан қаласы Қазақстанның ерте дәуірлерден бері мәдени, рухани, экономикалық және саяси жағынан маңызды қаласы болып саналды.
Бүгінгі тарих ғылымының даму барысында жеке қалалардың тарихын дербес зерттеудің аса маңыздылығы бар. Отандық тарихнамада жеке қалалар тарихын зерттеу жұмыстары жандана бастады. Тарих ғылымындағы осы өзгерістерге байланысты жаңаша тұжырымдар мен деректер ғылыми айналымға енуіне жол ашылды. Бірақ, зерттеушілер тарапынан Түркістан қаласының тарихы, мәдениеті, руханияты әлі де толық қарастырылмаган. Сондықтан Түркістан қаласының мәдени-рухани дамуына басты назар аударылды.
Қазақстан тәуелсіз ел болғанынан бері ғана оның өткен тарихына сын көзбен қайта қарау мүмкіндігіне ие болдық. Бұл еліміздегі тарих ғылымының жаңа тыныс алуына жол ашты. Қазақстан тарихының өзіне ерекше назар аудартатын іргелі тақырыптарының бірі – қалалар тарихы. Қазіргі таңда қалалар тарихы Қазақстан тарихы саласының өзекті мәселелерінің қатарын құрайды. Бүкіл өзгерістер мен жаңалықтардың басталар жері мен үкімет саясатының алғаш жүзеге асар орны қалалар екені баршаға аян. Демек қалалар тарихы – қоғам тарихының өзекті бөлігі болып табылады. Жергілікті жердің даму тәжірибесін терең зерттеу барысында қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси үрдістерден туындаған мәселелердің себептері мен салдарларын терең түсінуге мүмкіндік береді.
Қалалар өз дәрежесіне және тарихи-географиялық орналасуына қарай халықтың экономикалық, саяси және рухани өмірінің орталығы ретінде өркениеттік дамудың қозғаушысы болып табылады. Сонымен қатар қалалар тарихы әлеуметтік және саяси қызығушылықты тудырады, онда үкімет билігінің ұйымдары, түрлі саяси және қоғамдық бірлестіктер, әлеуметтік топтар топтасқанын көрсетеді. Қалалар тарихын зерттеу аталмыш аймақтың жергілікті ерекшеліктерін терең түсінуге мүмкіндік береді. Дүние жүзіндегі түркі жұртының қара шаңырағында орналасқан қазақ халқының кең байтақ даласында қалалар аз болмаған. Атап айтқанда Испиджаб, Отырар, Тараз, Қараспан, Қарнақ, Сунақ, Иқан, Сығанақ, Аққорған, Шолаққорған, Үзкент, Құмкент, Сүткент, Баба-ата, Саудакент т.б.
Тарихи тағдырдың жазмышымен ортағасырлық Қазақстан қалаларының көпшілігі біздің заманға дейін жеткен жоқ. Олардың арасында кейбір қалалар кезеңіне қарай басқыншылар тарапынан талқандалып, енді біреулері сауда жолдарының алшақтығы мен ауа райының өзгеріп тұруына байланысты бос қалып отырды. Көптеген қалалардың тіршілігі тоқтап, олардың атаулары тарихи аренадан өшіп қалды. Дегенмен көптеген жазба деректерінде бірқатар қалалардың атаулары сақталған. Осыған байланысты оларды көне деректермен салыстыру, мекендерін анықтау тарихшы мамандардың міндеті болып табылады.
Ғасырлар бойында ғұмыр кешкен арғы ата-бабалар, тұтас халықтар, кейінгі ұрпақтарына бүкіл адамзат игілігіне айналар төлтума мәдениетін мұра етіп қалдырған. Далалық өлкені Батыспен байланыстырған, Ұлы керуен жолында кент, бекіністер, қамалдар, мазар-кесенелер мен тұтас қалалар кешені бой түзеді. Соның бірі қасиетті – Түркістан қаласы.
Бұл қала тарих тауқыметін бастан кешіріп, гүлдену және құлдырау кезеңдерінен өтіп, бүгінге дейін аман жеткен. Ол Тұран аймағы деп аңыз болып қалған, «тарихи түркілер елі» деп те аталып, Қазақ хандығының тұңғыш астанасы болған. Орта ғасырлық сәулет өнерінің де алып асылы – Қожа Ахмет Иассауидің кесенесінде, қазақтың билеушілері мен бір топ саяси және діни, рухани тұлғаларының денесі жерленген. Сондықтан, мәселені тақырыптық жағынан кеңірек зерттеу үшін Түркістан қаласының тарихына тереңдеп үңілу қажет. Бүгінгі таңда тарихи принцип негізінде Қазақстандағы Алаш қозғалысы мен Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалысты тарихпен сабақтастырып, зерттеу абзал. Себебі Түркістан өлкесіндегі болып өткен ұлт-азаттық қозғалыстар саяси ала-құлалығымен және әлеуметтік белсенділігімен ерекшеленеді. Түркістан қозғалысын өлкедегі азаттық, тәуелсіздік жолындағы күреске ұлттық, мұсылмандық, түркілік бірлік идеясы негізінде топтасқан саяси күштердің ұйымдасқан белсенді әрекеті деп бағалаған жөн.
ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан кейін, яғни Жоңғар хандығы құлаған соң өңірдегі геосаяси ахуалда өзгеріске ұшырады. Ендігі жерде Түркістан қаласы үшін ортаазиялық хандықтар арасында күрес жүрді. Осының нәтижесінде Түркістан қаласы алдымен Ташкентке, сонан соң Қоқан хандығына қарған. ХІХ ғасырдың 60-шы жылдары Түркістан қаласын патшалық Ресей жаулап алды. Осыған байланысты Түркістан Ресей империясының құрамында дамыды.
ХХ ғасырдың басында ұлт-азаттық қозғалыста қалыптасқан түркі халықтарының бірлігі идеясы жаңа ғасырда жаңа міндеттерді алға тартып отыр. Ал, тәуелсіздік жағдайында өткен күннің тарихи сабақтарын зерделеу, бүгінгі күннің нақты іс-әрекеттерін байыта түсері сөзсіз. Жалпы айтқанда, осындай тарихи кезеңдердегі бүгінгі рухани астанамыздың тарихын зерттеуді отандық тарих ғылымындағы өзекті мәселелер қатарына жатқызуға болады.