Мектебіміздің мақтанышы [Казахская литература]
Махамбет Өтемісұлы-халықты патшалық, хандық өкіметке қарсы қарулы көтеріліске шақырған тұңғыш қазақ ақыны. Өзі өмір сүрген заманның ағымына жүйрік, қыр-сырын жетік меңгерген, көзі ашық, көкірегі ояу, білімдар адамы. Махамбет ақынның жастайынан ақындық өнерге құмар болып өскенін, оның әр өлеңі терең мағынаға ие екендігін, сондай-ақ, асқан дарындылық қабілетінің керемет екенін қалың жұртшылық көзбен көріп, болашақ жастар үлгі-өнеге алып өсіп келеді. Махамбет тек от ауызды, орақ тілді сөз шебері ретінде ғана емес, өзінің батырлығымен, даналығымен, адамгершілігімен, досқа адал қасиетімен де бүгінгі ұрпаққа танымал. Ол халық арасында болып жататын келеңсіз құбылыстарды шынайы суреттеп өз өлеңдеріне арқау еткен. Оның бейнелі де жалынды жырларынан кешегі Шалкиіз, Сыпыра, Доспамбет, Қазтуған сияқты батыр жырауларымыз жырлап кеткен көтеріліс туралы толғаулары кез келген адамды толғантпай, тебірентпей қоймайтыны анық. Соның ішінде «Жәңгірге», «Баймағамбет сұлтанға» деген өлеңдерінде үстем тап өкілдерінің бет-пердесін аша шенесе, «Мұнар күн» деген өлеңінде ел басындағы ауыртпалықты күйзеле, жаны қайғыра, ашына айтты. Махамбеттің досы Исатай - ақынның көп өлеңдерінің басты қаһарманы екені сөзсіз. Ақынның «Тайманның ұлы Исатай», «Исатай деген ағам бар», «Исатай сөзі», «Тарланым» т.б өлеңдерінде Исатайдың бойындағы адамгершілігі, азаматтығы, батырлығы, қайсарлығы ерекше жырланғанын бәріміз білеміз. Қазақ халқы сөз өнерін қадір тұтқан халық қой. Қазақ халқында атақты ақындар мен жазушылар, батырлар, данышпандар, ғалымдар, жыршы, жыраулар да көп-ақ. Соның ішінде қазақтың бас ақыны Абай мен тұңғыш батыр ақыны Махамбет салыстыруға келмейтін қазақтың екі ұлы тұлғасы. Біздің санамызда бүгінгі күнге дейін Абай данышпандық ой тереңдігімен, ал Махамбет тәуелсіз күрескерлік рухани рухымен ерекшеленетін тұлғалар болып сақталуда. Бірақ бір-бірін жақындастыратын жағдаяттар да баршылық. Абай мен Махамбет те қазақ халқы үшін жаны ашып күрескен тұлғалар, қазақ қамының ертеңін ойлаған, басты қаруы жырлары арқылы күресе білген данышпандар. Махамбеттің өлеңдері бостандық пен әділдікті, халық көсемдерінің батырлығын қалың халық бұқарасына паш ету мақсатында жазылып отырды. Ол қазақ халқының еркіндікте, бостандықта, тәуелсіздікте өмір сүргенін қалады. Оның өлеңдері бұқара халықтың жүрегіне тым жақын еді... Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен еліміздің тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай әр түрлі іс-шаралар өткізіліп жатқаны белгілі. Бабаларымыздың, соның ішінде тарихта атын қалған бірегей тұлға Махамбет Өтемісұлының қанымен келген егемендікі ұрпақ санасына сіңіру, Махамбет өлеңдерімен келешек ұрпақты тәуелсіз күрескерлік рухани рухымен тәрбиелеу- бүгінгі күнгі міндет деп білемін. Осы орайда, Астана қаласы қаласы Білім басқармасы Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында желтоқсанның 6 жұлдызында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Ұлы дала ұрпағы» атты Махамбеттің жас ұрпақтарының I Республикалық байқауы өтті. Республикалық байқауда жан-жақтан келген өнерлі балалар белсенді атсалысып, қала, облыс абыройын асқата түсті. Соның ішінде Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясының мақтанышы 5-сынып оқушысы Өмірбек Айбар өзінің актерлік шеберлігін сахнада ерекше танытып, Махамбеттің « Мен, мен едім» өлеңін мәнерлеп образға ене айтқанда бүкіл зал тола көрермендер кішкентай ғана театр актерін шынайы көздерімен көргендей болып, құлақ құрыштары қанғандай болып ұйып тыңдады. Айбардың Махамбетше образға еніп жырлауы, көрермендер мен жанкүйерлердің зор қошеметі, әділ қазы мүшелерінің әділ шешімі арқасында Өмірбек Айбар «Ұлы дала ұрпағы» атты Махамбеттің жас ұрпақтарының I Республикалық байқауында Бас жүлдені жеңіп алып, елордамыз Астана қаласының Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясының абыройын асқақтата түсті. Айбардың жетекшісі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Айтакова Анар Бекболатовнаға және мектеп директоры Шаймердинов Гамиль Мағажірұлына алғыс хаттар табысталды. Айбарға тек сәттілік, ақ жол тілейміз. Мектебіміздің мақтанышы болып тек биік белестерден көрінуіне тілектеспіз. Қашанда бағың жансын демекпіз!